и.Фихтенің субъективтік идеализмі және Ф.Шиллингтің объективтік идеализмі
иоганн готлиб Фихте (1762-1814) Йена және Лейпциг университет- терінде білім алған, бірақ оның санасындағы шынайы төңкеріс ол Канттың «Таза ақылды сынау» деген еңбегін оқығаннан кейін орын алды. Ол кантшылдыққа бой ұрып, соның ықпалымен жазған өзінің алғашқы «Кез келген жаңалықты сынау тәжірибесі» деген жұмысын алып, тікелей Кантқа барады. Оған Фихте де, оның еңбегі де жағымды әсер етеді, сол себепті ойшыл бір баспагерді Фихтенің мақаласын
автордың аты-жөнін көрсетпей басуға көндіреді. Ол басылып шыққаннан кейін, жұрт оны Канттың жазғаны деп ойлаған. Мақтау пікірлерде шек болмады. Содан кейін ғана оқырмандарға шынайы ав- тор таныстырылды. Фихтенің ұлы даңқы осылай басталды.
Фихте өзінің басты еңбегі – «жалпы ғылым ілімінің негіздерін» 1794 жылы жарыққа шығарды. Бірақ, одан өзге, оның философиялық идеялары: «Теориялық қабілеттілікке қатысты ғылым ілімінің ерекшеліктері туралы очерк» (1795), «Жаңа философияның шынайы мәні туралы бұқара жұртшылыққа күндей жарық хабарлама» (1800) т.с.с. шығармаларында көрініс тапқан.
Фихтенің философиялық ұстанымдарының қалыптасуына шешуші ықпал еткен екі нәрсе болды: біріншіден, неміс халқын Наполе- он үстемдігінен азат ету, және, екіншіден, іріп-шіріген феодалдық тәртіптің қалдықтарын жою. Тұлға сословиелік тәуелділіктің қандай да бір формаларына байланыссыз толық азаттықты сезінуі үшін, адам- дарды ояту, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру қажет.
Фихтенің адамзат белсенділігінің философиясын құруына осы се- беп болды. Егер Кант адамның танымдағы белсенділігін негіздесе, ал Фихте, бәрінен бұрын, қоғамдық-саяси белсенділікті талап етеді. Неміс халқына қаратып, ол: «әрекет ет, әрекет ет, тағы да әрекет ет!» деген ұран ұсынады. Біздің білетініміздей, Ленин өз ойының желісі бойын- ша Фихтеге жақын болған және ол Ресейдегі революцияның жеңісі- нен кейін: «Оқы, оқы және оқы!» деген ұран жариялаған. Біздің ойы- мызша, бұл ұрандар бүгінгі күні де маңыздылығын жойған жоқ.
Адамның белсенділігі, Фихтенің пікірінше, өзінің терең тамыр- ларымен Әлемнің негізін құрайтын әлеуетті рухани күшке барып тіреледі. Олай болса, оны табу керек.
Фихтеше, ондай бастау – шексіз-шекарасыз, таза, азат, өмірлік күш- қуаты мол, рухтың өз-өзін танып білуіне бағыт ұстаған – «МЕН».
«МЕН», – деп жазады Фихте, – өз ойларында таза «МЕН» дегенге сүйеніп, ол туралы зат арқылы анықталған емес, заттарды анықтайтын мүлдем дербес нәрсе деп ойлауға тиіс». Демек, рух өзінен материалдық дүниені тудыра алады.
Бірақ ол қалай орындалады?
«мен – менмін» дегенді түйсінуге жетіп, өзін дәлелдейді.
Содан кейін «мен» өзінен «мен емес» дегенді тудырып, оны өзіне қарсы қояды; «Мен емес» кішкентай «мендерден» (санасы бар адамдар) және табиғаттан тұрады.
Үшінші сатыда «МЕН» және «МЕН емес» екеуінің арасында, бір жағынан, шексіздікке бағытталған, ал, екінші жағынан, ақырғы диалектикалық қатынастар пайда болады.
Сөйтіп, «үлкен «МЕН» Әлемнің барлық субъектілері мен объектілерін тудырады, бірақ шексіз рух болғандықтан, тұлға болып табылмайды.
Кішкентай «МЕНдер» өздерінің Табиғаттан айырмашылығын түйсінген сәтте ғана пайда болатын сана-сезімге ие. Олай болса, объектісіз субъект жоқ және субъектісіз объект жоқ. Олардың өзара әрекеттерінде, әрине, субъект шешуші рөл атқарады: өзінің рухани күштері мен шығармашылық қызметіне бола ол қоршаған дүниені өзгертеді. Ішкі дарындарын жайып көрсетіп қана тұлға еркін бола- ды. Адамзаттың Табиғатты игеруінің бар тарихы бір мезгілде әлемдік мәдениеттің қалыптасуы үдерісі де болады. Ол кезде адам Табиғатты игеріп және түрлендіре өзгертіп қана қоймай, өзінің табиғи негіздерін де жетілдіруге тиіс.
«МЕН еместің» құрамдас бөлігі болып саналатын Табиғатты ай- тар болсақ, ол – өздігінен жетілген емес, тек нысан, зат, кедергі. Ал
«МЕН еместің» екінші бөлігі – санасы бар адамдар – өзгеше белсенді. Табиғаттың кедергісіне төтеп беріп, «табиғилықтың қабығын» арши отырып, адам оны игеру нәтижесінде өзін жетілдіре түсіп, үлкен
«МЕНге» жақындайды. Осы тұрғыдан алғанда, адамзаттың бар әлемдік тарихы – ол Әлемдік рух – үлкен «МЕНге» үздіксіз жақындай беру болып табылады. Егер олардың қосылуы орын алса, онда бар әлемдік тарих аяқталған болар еді.
Кант бастаған болмыс метафизикасынан еркіндік метафизикасы- на бұрылуды Фихте қорытындылайды. Ойшылдың пікірінше, сана- сезімнің мәні – еркіндік және бар жүйені басынан аяғына дейін ол еркіндік түсінігіне талдау жасау деп қарайды.
«Алайда сын садағы XVII ғасыр рационализмінің алыпсатарлық ру- хына қарсы бағытталған Канттың трансценденталдық философиясы- нан айырмашылығы, – деп атап көрсетіледі «Жаңа философиялық эн- циклопедияда», – Фихте идеализмнің жаңа формасын – алыпсатарлық трансцендентализмді құрды» (Жаңа философиялық энциклопедия. 4-том. М.: Мысль. 252-бет).
Фихте іс жүзіндегі, яғни практикалық философияны уағыздады. Ол қатаң ғылыми болуға және барлық жеке ғылымдар үшін іргетас қызметін атқаруға, ғылымды жалпылай маңызды нақты білім деп негіздеуге, «ғылым туралы ғылымға», яғни ғылым іліміне айналуға тиіс.
Тарихқа субъективтік идеалист ретінде енгенмен, Фихте «идеа- лизм» деген сөзді қолданбайтын, ал өзінің жүйесін сыншылдық (крити- цизм) деп атағанды жөн көретін.
Оның этикасы еркіндік түсінігіне негізделген. Адамның адамгершілік парызы, ойшылдың пікірінше, өзінің белсенділігінің көмегімен еркін болуға, оның үстіне, басқалардың еркіндігін де құрметтеуге тиіс. Оның әлеуметтік мемлекет және құқық мәселелеріне деген көзқарасы да осыдан келіп шығады.
Фихтенің пікірінше, адам – қашанда әлеуметтік тіршілік иесі, ол қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Сол себепті Фихте әлемдік тарихты мемлекетке дейінгі, табиғаттық және мемлекеттік дейтін сатыларға бөлуді қабылдай алмайды. Әлем тарихында мемлекет қашанда болған. Алайда мемлекет адамнан жоғары тұрған әлдебір өзіндік мақсат емес, ол бар-жоғы – қоғамдық өмірді ұйымдастыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ғылым мен білімді дамыту, материалдық игіліктерді өндіру ҚҰРалы ғана.
Олай болса, халықтың мемлекет қызметін бақылайтын құқы бар. Халық тарапынан бақылау әркез мүмкін бола бермейтін шенеуніктердің теріс пайдаланушылықтарын, сыбайластығын сынға ала отырып, ой- шыл мемлекет – ол озбырлық деген ойға келеді. Бірақ ол – қажетті озбырлық, өйткені қазіргі заманғы адамзат онсыз бола алмайды. Ал мыңдаған жылдар өткен соң, яғни адамзат адамгершілік тұрғыда ке- мелденген кезде, мемлекеттің ары қарай өмір сүруі қажетсіз болып қалады. Адамдардың моральдық жетілуі шынайы адамдық ахуалдың орнауына келтіреді және мемлекетке, құқыққа және шіркеуге деген мұқтаждық жойылады.
Шамасы, Фихтенің нақ осы көзқарастары келешек коммунистік қоғамда «жаңа адам» дін, мемлекет, құқық сияқты құбылыстарға мұқтаж болмайды деп санайтын Маркс пен Энгельске де үлкен ықпал еткен болуы керек.
Ойшылдың Германияны қайтадан өркендету үшін «жоспарлы эко- номика» қалыптастыру, адамдардың еңбекке және білім алуға деген құқықтарын қатаң қамтамасыз ету, сыртқы сауда-саттықты мемлекет қолына беру сияқты мәселелерге байланысты идеялары да марксизмнің әлеуметтік теориясына үлкен әсер етті деп жорамалдауға болады.
Өмірінің соңына қарай Фихте әлемді діни тұрғыда түсіну жағына қарай күрт бет бұрады. Егер өз онтологиясын құру барысында бастапқыда үлкен «МЕН» деп мәңгі «ЕРКІНДІКТІ», шығармашылық
«ӨМІРДІ» және т.с.с. түсінсе, енді қазір ол болмыстың адам арқылы
өз-өзін тануы орын алады дегенді айтады. Соған қарап, Гегель өз философиялық жүйесінің негізіне Фихтенің осы идеясын алған бо- лар деп жорамалдай аламыз. Ақыр соңында, үлкен «МЕН» дара
«Болмысқа», Біртұтастыққа», «әлеуетті «Жарыққа» айналып, Құдай идеясына жетеді. Алайда, өкінішке қарай, философтың ауруы мен өлімі болмыстың шекті негіздемелеріне қатысты ізденістерінің ары қарай дамуына мүмкіндік бермеді.
Адамның орасан үлкен шығармашылық, өзгертушілік әлеуетін көрсете біліп, адамзаттың жарқын болашағына нық сене отырып, Фих- те өз философиясы арқылы неміс философиясының дамуына ғана емес, сонымен қатар бүкіл адамзат философиясының өркендеуіне де зор ықпал етті. Бірақ Шеллинг пен Гегель кейіннен Фихтенің идеализмін жеңе отырып, оның философиясын жан-жағынан сынға ұшыратты.
Субъективті идеалист Фихтеден айырмашылығы – Фридрих Виль- гельм Йозеф Шеллинг (1775-1854) философия тарихына объективті идеалист ретінде енді. Ол өте талантты адам еді. Бозбала шағында-ақ ол профессор, тамаша дәрісші болып үлгерді. Оның дәрістеріне сту- денттер ғана емес, қоғамның зиялылары да, тіпті мемлекет басшысы да өз нөкерлерімен келіп қатысатын.
Шеллингтің шығармашылығының бес кезеңін бөліп көрсетуге бо- лады:
табиғат философиясы (90 жылдардың ортасынан бастап);
трансценденталдық немесе эстетикалық идеализм (1800-1801 жж.);
теңбе-теңдік философиясы (1804 жылға дейін);
еркіндік философиясы (1813 жылға дейін);
оң философия немесе «Ашылу философиясы» (соңғы кезең).
Оларды түсіне білу кілтін ойшылдың өмірінен табамыз. Ол өзінің досы, романтикалық «Толқын мен тегеурін» (бұл жерде «сезім толқындары», құштарлықтардың тасқын сияқты ағыны сөз болып отыр) қозғалысының негізін салушылардың бірі Август Вильгельм Шлегельдің әйелі Каролина Михаэлиске ғашық болады. Екеуінің ғашықтығы «асқынып», Каролина Августен ажырасып, Фридрих- пен некелесіп тынады. Бұл Шеллингтің өміріндегі үлкен оқиға бол- ды, өйткені Каролина ол үшін «сәуле шашқан жұлдыз» ғана емес, оның көмекшісі де, ең бастысы, ойы бір серіктесі де болған-ды. Екеуі Шеллингтің жазғандарын бірге талқылайтын; ол күйеуінің хат алы- суын жүргізіп отыратын... Бірақ аяқ астынан Каролина қатты ауырып, көп кешікпей қайтыс болады.
Бұл Шеллингтің өмірін күрт өзгертті. Ол ұзақ уақыт үнсіз қалып, содан кейін діни өмір жолына түседі... Біраз уақыт өткен соң, қайтадан үйленеді. Бірақ енді ол мүлдем басқа: басылып қалған, өң-түсі кеткен, шығармашылығы тұралаған адам еді.
Шеллингтің табиғатқа көзқарасын: «Табиғат философиясы идеяла- ры» (1797), «Әлемдік жан туралы» (1798), «Табиғат философиясының алғашқы көріністері» (1799), «Динамикалық үдерістің жалпы дедук- циясы» (1800) атты еңбектерінен көреміз.
Шеллингтің шығармашылығы жаратылыстануда ашылған ірі жаңалықтармен тұспа-тұс келді: оларды өз шығармаларында көрсетіп қана қойған жоқ, солардың нәтижелерін басшылыққа алып та отыр- ды. Оның бойындағы табиғат түсінігі Канттың, әсіресе Фихтенің ықпалымен қалыптасты.
Шеллингтің табиғат философиясы өзгеше. Әлемнің бастамасын ол болмыс пен ойлаудың, субъект пен объектінің тепе-теңдігі бо- лып табылатын Даралықтан (абсолют) көреді. Ойшылдың өз сөзімен айтқанда, Даралық – бұл мәні бойынша мақсат-мұратқа сай емес, нақты емес, ойлау да, болмыс та емес, – бірдеңе. Алайда оның өмірге деген ішкі талпынысы бар, сол оны: «бол!» қағидасын іске асыруға жеткізеді. Нәтижесінде Табиғат пайда болады. Егер Табиғатты Фихте субъект үшін кедергі, жай ғана бір зат деп түсінсе, ал Шеллингтің ой- ынша, ол – құнарлы, өндіргіш күштері мол – natura naturans. Оны қарапайым жұмсақ негіз – natura naturata деп қабылдауға болмайды.
Бастапқыда Табиғат бейберекет түсініксіз күйде болғанмен, енді ол әлдебір мақсатты нәтижелерге келтіре бастайды. Оларды Шеллинг заттардың өзара тартылуы мен тебуінен көреді (физика терминдерімен айтқанда, – гравитация және магнетизм). Келесі кезеңде Табиғат хи- мизмге дейін көтеріледі, ал олар, өз кезегінде, электр үдерістерімен байланысты. Ақырында, Табиғат көпқырлы, алуан түсті өмірді туды- рады. Адам Табиғаттың ақырғы жетістігі іспетті пайда болады. Бұл тұрғыда «Адам мен Табиғат» субъект пен объектінің тұтастығын көрсетеді. Гравитацияның адам бойындағы бастапқы күші пайымдап қарауға айналады. Соның негізінде адам бойында біртіндеп сана-сезім қалыптасады.
Адамның сана-сезімі, Шеллингтің ойынша, үш сатыдан өтеді:
Көмескі түйсіктерден шығармашылық пайымға дейін. Бұл саты- да ішкі сезімдер мен сезіну нысаны теңбе-тең.
Шығармашылық пайымнан болмыстың мәнін тиянақты ұғынуға дейін (кеңістік, уақыт, себептілік, қажеттілік және басқадай түсініктер пайда болады).
Санаттарды құраудан сана-сезім әрекетіне дейін (субъект өзін Табиғатқа қарсы қояды, сонымен қатар өзін нысан (объект) ретінде қарау арқылы сана-сезімге жетеді).
Сөйтіп, санамен ұғынбаған нәрсе тарихи үдерістерден өте келе, белсенді, еркін және саналы күшке айналады, яғни табиғат қоғамға айналады. Ерте жазылған «Догматизм мен критицизм туралы философиялық хаттар» (1795) деген еңбегінде өзінің «критицизмдегі мақсатын өзгермейтін өзіндікке, даусыз еркіндікке, шектеусіз қызметке ұмтылу» деп санай отырып, Шеллинг Фихтеден кейін қасаң (догматтық) философия қағидаларын сынға алса, көп ұзамай табиғатты түсінуде Шеллинг пен Фихтенің арасында түбегейлі қарама-қайшылық байқалады.
Шеллинг ұғымында табиғат – адамгершілік мақсатты іске асырудың құралы, сыни парасат өз күштерін сынап көретін материал ғана болу- ын тоқтатады және дербес нақтылыққа айналады. «Трансценденталдық идеализм жүйесі» деген еңбегінде Шеллинг жоғарғы мақсатқа жету бағытында табиғат дамуының барлық кезеңдерін жүйелі түрде ашып көрсетуге, яғни «табиғатты ұтымды біртұтас нәрсе, мақсаты – сананы тудыру болып табылатын ақыл-парасаттың ұғынықсыз өмірінің фор- масы ретінде қарауға» әрекет жасайды (П.П.Гайденко).
Физика мен химия саласында Л.Гальвани, А.Вольт, А.Лавузье, биологияда А.Галлер мен А.Браун ашқан жаңалықтар ойшылдың көзқарастарына айтарлықтай ықпал етті. Шеллингтің табиғат философиясындағы антимеханикалық сипат осыдан келіп шыққан.
Шеллинг неоплатониктердің дәстүрін Фихтенің этикалық идеализмімен біріктіруге әрекеттенеді және табиғат философиясын трансценденталдық идеализмнің органикалық бөлігі ретінде қарайды (табиғаттың дамуы саналы «МЕНнің» пайда болуына жеткізеді).
Шеллинг бойынша, «МЕНнің» қызметі теориялық және практикалық салаларға ажырайды.
Ол табиғи күштердің («әлеуеттердің») иерархиясын құрды, ал ол ақырында теңбе-теңдік философиясына айналды: субъект пен объектінің, нақты мен идеалдың, табиғат пен рухтың қарама- қайшылығы Даралық-Абсолютте – идеал мен нақтылықтың теңбе- теңдігінде жойылды.
Адамның «екінші табиғат» жасауынан Шеллинг қоғамның ерекшелігін көреді. Адам өзін қоршаған әлемнің заттарын игереді және оларды шығармашылықпен түрлендіре, өзгерте отырып, өзінің еркіне бағындырады. Осы жерде субъективті және объективті заттар біртұтас
бүтінге айналады. Ол «жасадың – яғни таныдың», «әрекет ет те, – таны» деген қағиданы ұстанады.
Алайда Шеллингтің ойынша, әлемді терең танып білуды басқа жолмен де іске асыруға болады. Бұл – эзотерийлік (грекше ezoterikos – құпия, жасырын) жол, оған парасатты түйсік арқылы келуге болады. Бұған тек таңдаулылар, ерекше дарынды адамдар ғана қол жеткізе алады.
Шеллинг әлемдік тарихты Даралықтың ең құнды жетістігі деп са- найды. Тарих адамзаттың өзгерткіш қызметі арқылы іске асады. Алай- да бұл жолда адамзат Даралыққа толық жете алмайды. Бұл мақсатқа қоғамды шексіз жетілдіру арқылы қол жеткізуге болады. Сондықтан өздерінің алдына адамдар қоғамның қазіргі дамуы сатысында іске асыруға болатын мақсаттар мен міндеттер қоюға тиіс.
Шеллингтің филосфиялық жүйесінде өнер философиясына ерекше орын бөлінген. Егер Кант пен Фихте тарихтың мағынасын адамның моральдық жетілуінен көрсе, ал Шеллинг өнерден көреді.
Ойшылдың пікірінше, әсемдік арқылы Әлемді терең түсінуге және сезінуге болады, өйткені Универсумның1 өзі – «дара өнер ту- ындысы», ал табиғат – «рухтың санамен түйсінбейтін поэзиясы». Күннің шығуы мен батуының ғажаптығы, ара ұяларының ғажайып үйлесімі, гүлдердің алуан түрлері мен иістері, құстардың көктемдегі шықылықтары, тауешкінің сымбаты т.с.с. – осының бәрі бізді шексіз таңдандырады, өйткені әлемдегі әрбір затқа шексіз ақыл-парасаттан туған идея сай келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |