Қозы Көрпеш – Баян сұлу кешені Аягөздің оң жақ жағасында, Таңсық деген ауылдың қарсысына салынған.
Жырдағы ең жарқын айтылатын әдемі сурет Қозы Көрпеш – Баян сұлу кешені мен оның ішінде тұрған төрт тас. Аягөздегі бұл кешен мен оның ішінде тұрған мүсін тастар ислам дәуірінене көп бұрын жасалған өте ескі дәуірдің белгілері. Яғни, ҮІ –ҮІІ ғасырлар шамасы.
Мүсін тасты халық сол кезден қадірлеген, тастан қиып адамның суретін салу сол заманнан қалған.
Кешендегі төрт мүсін тас - «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында айтылатын бейнелерді кескіндейді. Олардың үшеуі әйел, біреуі жас жігіт. Халық аңызы оларды Қозы мен Баян және оның апалары Айтаңсық пен Айғыздың суреттері деп атайды.
Кешенді алғаш жарыққа шығарған академик И.П. Фальк (1771ж) Сол кешенде дәл сол жылы Г. Волошин көріп, суретін салып, картасына түсіріп алады. Г.Е.Катанаевтың зерттеуінше Волошин 1771 жылыӨскеменнен шығып, Балқашты жағалап өтіп, Іле өзенін бойлап, Құлжаға барады. Осы жылы ол Жетісудағы атақты Қозы Көрпеш – Баян сұлу кешенін, онда тұрған төрт мүсін тастың суретін қағаз бетіне түсіреді.
Қозы Көрпеш – Баян сұлу кешенін ең алғаш рет жан-жақты зерттеп, ол туралы халық аузында сақталып келген аңыздарды толықтырып жазып алған ғалымдар: П.С. Паллас, И.Г. Андреев, А.И. Левшин.
ХІХ ғасырдың ішінде бұл ешенге орыс ғалымдарының ықыласы артпаса, кеміген емес. Отызыншы жылдары астроном В. Федоров, қырқыншы жылдары А.И. Шренк, елуінші жылдары Н.А. Абрамовтар келіп көріп, ел аузындағы аңыздарды жинап әкетеді.
Қозы Көрпеш – Баян сұлу кешенін , онда тұрған мүсін тастарды тереңірек зерттегн ғалым – Шоқан Уәлиханов.
Шоқанның ең алғаш көруінше «екі ғашыққа арнап салынған атақты белгі күнге дейін Аягөз өзенінің оң жағында. Қызыл қия бекетінен 10 шақырым төменірек, Семейден Қапалға баратын жолдан бір шақырым әрірек тұрады. Күмбезді таспен қалап, арасына балшық құйып отырған. Биіктігі 7 құлаштай. Астын төрт бұрышты қырлап көтеріп, үстін пирамида сияқтандырып, ішінде еңсесі бар күмбез етіп жасаған. Үйдің ішкі қабырғасынеда тастан дөңгелете жасаған кісі отыратын орындықтар бар. Есігі оңтүстік- шығысқа қараған жоғары жиегінде терезе сияқты тесіктері көрінеді...
Күмбездің іргесінде төрт мүсін тас тұр, олардың үшеуін алқамен әшекейлеген. Біреуі өзгесінен көп биік, бірақ басы жоқ бір қара надан қағып түсірген. Ойға жүйрік бір қазақтың айтуынша бұл басын шайтан қағып түсірген Қодар болу керек, - дейді. Бірақ Қодардың мүсін тасы өз қабырының басында тұр.»(Уәлиханов, ІҮ, 417).
Шоқанмен қатар Қозы Көрпеш кешенімен ХІХ ғасырдың орта кезеңінде көп айналысқан ғалымның бірі – П.П. Семенов – Тянь – Шанский. Ол кісі өзінің жол дәптеріне: «Кішкене Аягөз бекетіне таяу жерде қазақ аңызында айтылатын Қозы Көрпеш мұнарасын көрдім.Бір аянышты нәрсе оның ұшар басын біреу зеңбірекпен атып түсірген. Ондай вандализм (бұзақылық) кімге керек болды екен. Мен түсіне алмадым.» деп жазады.
Қозы Көрпеш – Баян сұлу мұнарасын, оның сюжет құрылысын көп жыл бойы қызыға зерттегн аяулы ғалымдардың бірі Г.Н. Потанаин. Бұл жұмысын жақсылап зерттеу үшін ол көп ғалымдармен, қазақ ақындарымен, шежіре айтушылармен тығыз байланысып отырады. Осының нәтижесінде оның қолына Қозы Көрпеш – Баян сұлудың бірнеше варианты түседі. Оларды жіберген атақты Абай ақын(1884 жылы), Е.А. Александров, К. В. Урасов тағы басқалар.
Тарихи заманнан келе жатқан сәулетті құрылыстың ең көрнектісі әрине, Қозы Көрпеш – Баян сұлу күмбезі. Оны төрт бұрышты таспен өріп, ішін жып-жылтыр сыпайы етіп қалаған. Оның биіктігі бұрын 18 метрдей болған. Ішкі ені төрт метр шамасында, еденін таспен қалап, жарты метрдей жоғары көтерген. Күмбездің оңтүстік-шығысында кіретін есік, төбесінде терезе сияқты екі тесігі болған. Алдыңғы биік іргеден жоғары көтеріп күмбез жасау әдісін ескі тайпаның шеберлері үйдің құрылысынан алған. Күмбездің үстен басатын салмағы іргенің бұрыш-бұрышына орнатқан негіздерге сүйенеді де, бірте-бірте жоғары көтеріліп, үскі жағы сүйірлене береді. Күмбез қос еңселі, ішкі еңсе, үстіңгі жабық еңсе. Мұны тек күмбездің мықты болуы үшін істегн. Ерте кездегі қос еңселі құрылыстар тек қана Қазақстан жерінде кездеседі. Мұны әдемілеп пайдаланған қыпшақ пен оғыздар.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры өзінің махаббат толқынымен халықтың жүрегіне қандай толғану, қандай егілмелі ой түсірсе, оның күмбезі де халықтың жан күйіне сондай толқынды сезім түсіріп, баурап алып отырған. Сондықтан жыр да, күмбез де көне дәуірде жасалған өшпес мәдениеттің ұлы мұрасы болып қала береді.
Шоқтеректі
суреттеген алтын қапсырмалар сыры
Жырда айтылатын киелі мотивтің бірі – «Шоқтерек». Ол - Қозы мен Баян сұлудың қызық көріп, ғашықтық өмірін қосқан, махаббат туын тігіп, екі жүректің біріккен жері. Қозы Көрпеш жырында қазақтар бұл Шоқтеректі сондай сәулетті етіп, шалқыта айтып берген. Халық аңызы бойынша ол Шоқтерек кейінгі заманға дейін сақталып келген тәрізді. Шоқтерек Қозы Көрпеш – Баян сұлу мұнарасының солтүстік – батыс жағында 8 шақырымдай жерде тұрса керек. В.В. Радлов жазып алған вариант бойынша бұл Шоқтерекке Айбас талай рет келген. Баян сұлу екеуі өліп жатқан Қозыкені құшақтап, терек түбінде Тайлақ би бастаған көп ел Арқадан Аягөзге келіп, мұнараны тұрғызғанға дейін отырды деседі. Бір таңқаларлық нәрсе Шоқтеректің тұрған жерін өткен ғасырдағы қазақтар жақсы біліп, оны жерді картаға түсіріп жүрген топографтарға айтып берген. Осының нәтижесінде 1909 жылы шыққан Батыс Сібірдің масштабы он шақырымдық картасына «Чок - терек» деген атау кірген. Бұл картада Қозы Көрпештің белгісі екі жерде көрсетілген. Бірі -Аягөз бойында тұрған биік мұнарасы, екіншісі – сол өзеннің төменгі сағасындағы Қозы Көрпештің ағасының тамы, демек, Айбастың бейіті. Айғыздың кешені де сол арада болған.
Бұл жырдың ең ескі заманда (б. з. ІІІ ғасыр бұрын) дүниеге келіп, содан жырға айналғанын дәлелдейтін нәрсе – алтыннан құйылған белбеудегі әдемі эпикалық сюжет. Онда көркем түрде «Шоқтерек» бейнеленген. Оның түбіндегі екі жастың махаббат елестері сақталған. «Шоқтеректі» суреттегн бұл алтын бейне ХҮІІІ ғасырда Ертістің күншығыс жағында жатқан байтақ даладан Алтай тауының ішіне таяу жерден табылған. ОЛ бейне бүгінде Эрмитажда сақтаулы тұр. Ғалымдардың зерттеуі бойынша бұл эпикалы алтын бейне біздің заманымыздан ІІІ – ІҮ ғасыр бұрын жасалған. Ол суретті ескі жазуларда «көшпелі елдің дем алатын ағаш түбі» деп атаған. Шоқтеректің түбінде отырған жігіт пен қыздың суреті белбеуді көркемдеу үшін жасалған алтын ілгектің бетіне түсірілген. Ілгек қос қапталдан, оң жақ, сол жақ болып, бір-біріне өте ұқсас болып жасалған. Екеуіндегі сурет те бір-бірінен аумайды. Суреттің негізгі фоны жапырақ жайған шоқ терек. Оның түбінде бір жас әйел мен бір сақа кісі отыр. Өліп жатқан алып ердің басы жас әйелдің тізесінде, бөксесі сақа кісінің алдында жатыр. Еркектің қолында екі аттың тізгіні бар. Ту сыртында ағашта ілулі тұрған өлген ердің садағы, қорамсақтан толы жебенің қауырсын басы көрініп тұр. Еркектің басында қазақша елтірі бөрік, белінде кәмар белбеу, мұртының қос қияғы тас мүсіндегі мұрттар сияқты екі жағына созыла түскен. Әйелдің басында ерте замандағы төбесі шошайған биік қарқара, үстінде кебенек, бір қолымен өліп жатқан ердің басын жайлап сипап отыр. Әйелдің басындағы қарқарасы Пазырықтан табылған қарқараға өте ұқсас.
Аттың басындағы жүгендері өте сыпайы, үзеңгісіз ер-тоқымы ғалымдардың байқауынша Пазырық қазынасынан шыққан ер-тоқымға өте құсас. Ердің үстінде былғарыдан жасалған әдемі көпшік, алдында өмілдірік, артында құйысқан. Жүгеннің әсем тізгіні мен шылбыры да анық байқалады.
Бұл Шоқ теректі суреттегн алтын ілгектің Пазырық дәуірімен (Ү - ІІІ) замандас болуы өте қызықты. Ол сол дәуірдегі тарихи-мәдени белгілерді еске түсіретін бір сирек жолығатын шындық.
Шоқ теректі бейнелеген белбеудегі сурет көне тарихтың өлмес куәгері.
Белбеудегі алтын бейнеде көрсетілген атақты сюжеттың мотивы қазақтар жырлайтын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырына тура сол қалпында сақталған.
Алтыннан, қоладан құйып мүсін жасау ерлік мотивін ардақтаудың бір түрі. (Ә. Марғұлан)
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында кездесетін жер-су аттары
Қозы Көрпештің жырын, басына қойған мұнарасын тексерумен бірге Г.Н. Потанин оның жүріп өтетін жолына да көп мән берген. Бұл жол – Қарабайдың Аягөзден Арқаға, одан әрі Есіл, Тобыл өзеніне дейін көшіп барып қайтатын жолы. Әрбір вариантта жолығатын жер аттары Аягөз, Жауыр, Меңзек, Тоқырауын, Жәмші, Алтынсандық, Қарқаралы, Баян ауыл, Қараөткел (Есіл бойы) Домбыралы, Моншақты, Түмен.
Қозы Көрпештің жаз отыратын жайлауда әрбір ескі вариант бойынша өте теріскейде, Түменнен әрі, Мұз теңізіне таяу жерде отыратын болған.
Дербісалин вариантында (1834ж) айтылатын:
Бір су бар ұзын аққан теріс түстікте,
Табарсың тап сол жерден Қозы Көрпешті.
Демек, бұл жер ұзын аққан Ертістің Обь өзеніне құйылатын жерлері. Айбас Баян сұлуға еліне қайтқанда, Аягөзден Арқаның барлық жерін оңтүстіктен теріскейге қарай аралап өтеді. Жолында Жауыр, Жамшы, Қарқаралы, Баянауыл, Нұра қалады, Домбыралы, Моншақты, Есіл өзенінен төмен ағып Түменге келеді, содан кейін Мұз тауында отырған үйіне жетеді.
Айбас құл ат тізгінін бір тартып ап,
Мұз тауында отырған үйге барған.
(Радлов варианты)
Баян Қозы Көрпешке арнап Айбастан әртүрлі сәлемдемелер жіберіп отырады. Оның ішінде Алтынсандық (Жәмші өзеніне таяу жердің аты), Қарқара(бас киім), Домбыра, Моншақ(Моншақты) бар. Жырдың әрбір вариантында Айбас ол дүниелерді Қозыкеге жеткізе алмай, жолшыбай жоғалтып отырады. Міне, осы мотивты Г.Н. Потанин «Айбастың іздері» деп атаған.
Жырда былай делінген:
Айбас құл адасқанын енді аңғарды,
Ғарып жанын қыз үшін отқа салды.
Баян туған жерінде демін алып,
Баянаула деген тау содан қалды.
Жәмшіде ақ жәмшісі түсіп қалды,
Домбырасы, моншағы бірге қалды.
Айбас құл адасқанын енді біліп,
Есіл – Нұра бойына қайта оралды.
(Шөже, 1864 ж).
Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырының әр варианты бойынша Қарабай жазда Аягөзден солтүстікке, Түменге қарай көшсе, Сарыбай да Сыр бойынан Арқаға өрлейтін. Екеуі солтүстікте жайлауда жүріп дос болады, ол жақта бұғы өте көп, екеуі аңға шығып, бұғы атып қызық көреді. Аңыздың айтуынша Сарыбайдың Арғы атасы түрікпен еді дейді. Бұл әясана ескі дәуірде Сыр бойына қоныстанған не оғыз, не қыпшақтарды еске түсіреді. ҮІ – Х ғасырларда оғыз бен қыпшақтардың қыс Сыр бойын қоныстап, жаз Сарыарқаға жайлауға шығатынын Жувейни, Рашид-ед-дин, Абулғазы әдемілеп суреттеген. Демек оңтүстік пен солтүстік арасында көшіп жүру тәртібі ту ескі дәуірден келе жатқан дағды. Қысты күні жылы жақты қоныстап, жаз шыға солтүстікке, салқын жайлауға көшіп барып отыру салты ескі сақтарда, ғұндарда, үйсін, қаңлыларда болған. Осының айғақ бір көрінісі және заманның қызық әңгімесі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» аңызында тамаша сақталған.
Бұл жырдың Радлов жазып алған варианты бойынша, Қарабай жазғытұрым Аягөзден шығып, алдымен Жорға, Жауыр, Шұбарайғыр тауларына келіп қоныстайды. (Бұл жерлердің аттары Шұбартау ауданында осы күнге дейін сақталған). Шұбарайғырдан шығып Қарабай қазіргі Ақтоғай ауданындағы Қазанғап өзеніне сәл дамылдап, одан Тоқырауын, Жәмші өзендеріне келіп, малын семіртеді. Ендігі беталысы – Орманбет – Атбасар төңірегіндегі Есіл өзені. Одан әрі Домбыралы, Моншақты тауларын басып өтіп, Түменге, Мұз теңізінің жағасына жетіп жығылады. Жырда бұл сурет өте жарқын түрде айтылған:
Орманбеттен аттанған он сан ноғай,
Біреуінің ақылы он сан қолдай.
Мұз тауына екі хан келді көшіп,
Байлығы шыққан екен талай-талай.
Енді Мұхтар Әуезов жариялаған Жанақ ақын вариантындағы көш сілеміне көз жіберейік. Қарабай Аягөзден шығып тағы да Жорға, Шұбарайғыр тауына келеді, одан Мейзекке өтеді. (Абралы ауданы, Жанақтың туған жері), одан Тоқырауын, Жәмшіні біраз қоныстап, бетін Алтынсандыққа бұрады (Ақшатау төңірегі), Қарқаралы, Баянауыл, Шідертіні басып Қараөткелге (Есіл бойына) еру жасайды. Тағы үдере жол тартқан көш Домбыралы, Моншақты басып, Түменге, Мұз теңізіне жетеді де осы араны жайлап қайтады.
Осы вариант бойынша, Тобыл өзені бойында шалқып жатқан ұлы жайлау Балталы деп атаған. Демек, ағаштан қиылып салынатын жазғы әдемі үй үшін ылғи балтамен жүру әдет болған. Жырда ол туралы:
Тоқтамай күн-түн қатып ұдай көшіп,
Екі бай Балталыға бірдей келді, - делінеді.
Бұл Балталы Мұз теңізіне таяу тұрған салқын жайлаудың бірі. Қарабай осы Балталыны қалдырып Аягөзге көше қашып жөнелгенде екі қыз ол жермен қоштасып, жөргекте жетім қалған Қозыкені есіне түсіріп: т»Балталы, бағаналы ел аман бол» деп зар төгеді.
Халық эпосында Мұз теңізінің маңайы – қыпшақтардың жаз бойы отыратын жайлауы. Екі қыз бұны әдемі суреттеген. Қыпшақтың бұл жайлау, әсіресе олардың атақты «Ақ Көбек» жырында жақсы айтылған. Алып ер Ақ Көбек жаумен алыспайды, оның алысатыны бір ғана теңіздің мұзы, табиғаттың аяусыз күші. Ол мұз аршып, малға жайылым, өріс іздеумен болады.
ІІІ. Қорытынды бөлім
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры өзінің махаббат толқынымен халықтың жүрегіне қандай толғану, қандай егілмелі ой түсірсе, оның күмбезі де халықтың жан күйіне сондай толқынды сезім түсіріп, баурап алып отырған. Сондықтан жыр да, күмбез де көне дәуірде жасалған өшпес мәдениеттің ұлы мұрасы болып қала береді.
Қазақ халқының лиро-эпостық жыры. ХІІІ-ХІV ғасырлардан бастап жырланып, қазақ арасына кең тараған. Жыр Сарыбай мен Қарабайдың түзде жүріп құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруымен басталады. Ары қарай қос ғашық Қозы мен Баян зорлықшыл Қодар, қаражүрек Қарабай арасындағы шиеленіскен оқиғалар негізінде зұлымдық пен махаббат күресі баяндалып, Қозы мен Баянның қайғылы қазасымен аяқталады.
Жырдың негізгі идеясы – мөлдір махаббатты дәріптеу. Тілі көркем, сюжеті шебер құрылған. Жырда айтыс, тұрмыс-салт жырлары: естірту, жоқтау, қоштасу, т.б. кеңінен қолданылады. Бұл жырда Аягөз, Үржар, Лепсі, Қалба тауы т.б. нақты жер-су атауларының кездесуі айқын көрінеді. Дастанның басқа да түркі халықтарынан тараған нұсқалары бар. Мысалы, башқұртта «Қозы Курпәс мәнән Маян сылу», Бараба татарларында «Қозы көрпеш», алтайлықтарда «Қозы Эркеш» деп аталады. Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже т.б. ақындар әр кезде дастан оқиғасын өздерінше жырлаған. Жалпы жиырмаға жуық нұсқасы бар. Ең көп тарағаны – Жанақ нұсқасы. Алғаш ел арасынан жинап, хатқа түсіргендері Г.Саблуков (1830), Ғ.Дербісәлин (1834), А.Фролов (1841), Ш.Уалиханов (1856). Ал М.Путинцев жырдың мазмұнын орыс тіліне аударып бастырған (1856). В.Радлов бір нұсқасын жинағының 3-томына енгізген (1870).
Г.Н.Потанин бұл жырдың «дүние жүзіндегі ең қымбат әдебиет мұраларына жататын шығарма» екенін айтқан. Н.Н.Пантусов, Р.Ш.Әбдірахманов, Е.З.Баранов т.б. зерттеушілер жырды әр кезде орыс тіліне қара сөзбен аударып жариялаған. Ақын Г.Н.Твертин (1889-1921) жырды тұңғыш рет орыс тіліне аударып бастырды (1927-1935). 1878, 1890, 1894, 1905 жылдары Қазан қаласында кітап болып жарық көрді. Кеңестік дәуірде ең алғаш 1925 жылы Мәскеуде шықса, жырдың Жанақ нұсқасын 1936 жылы М.Әуезов Алматыда шығарған.
Жырды М.Ғабдуллин, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Қоңыратбаев т.б. қазақ ғалымдары салыстыра зерттеп, оның тарихи әлеуметтік мәнін ашты. Жыр 2002 жылы Астанада басылып шықса, бір нұсқасы 2003 жылы Мәскеу қаласында «Қозы Көрпеш - Баян сұлу. Қыз Жибек: Казахский романтический эпос» деген атпен 2 тілде (орыс, қазақ) жарық көрді. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының негізінде «Махаббат дастаны» кинофильмі (сценарийін жазған Ғ.Мүсірепов, 1954) түсіріліп, сахналық шығарма (авторы Ғ.Мүсірепов, 1940) жазылған. Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Тансық станциясының маңында Қозы Көрпеш – Баян сұлудың мазары бар.