1.Кіріспе Өсімдік – жер шарының «өкпесі» деп бекер айтылмаған. Тіршілік атаулыны өсімдіксіз елестетуге болмайды. Қазақстан жері ұлан-байтақ. Осындай байтақ өлкенің табиғи жағдайы біркелкі емес, соған байланысты әр аймақтың өзіне ғана тән өсімдігі бар.
Адамдар мен жануарларға оттегі қажет. Жылына бір адам тыныс алу үшін 173 мың литр оттегін қабылдайтыны анықталған. Өсімдіктер ауа қабатына оттегін бөліп шығарады, ауаны шаң мен улы газдан тазартады және ауаға ауру тудыратын бактерияларды жоятын ерекше зат бөліп шығарады.
Өсімдік айналадағы ортаны жақсартады: ауа райын салқындатып, қатты
желге тосқауыл болады; аптап ыстықты қайтарып, қысқы суықтың ызғарын бәсеңдетеді. Өсімдіктердің медицинада алатын орны да орасан зор.
Өсімдіктің 150-ден астам түрлерінен дәрі жасалады. Оларды адам сәндік үшін де өсіріп, эстетикалық ләззат алып, рақаттанады.
Экологиялық таза ортаны қалыптастыру мақсатына жету үшін 2030 жылға дейінгі аралықта 4 аса маңызды бағыттар белгіленген: қоршаған ортаны экологиялық қауіпсіз қалыптастыру, табиғи ресурстарды өз орнымен пайдалану, малдың жəне өсімдіктің түрлерін сақтау, экологиялық білімді нығайту. Флораны қорғау жұмысында ең маңызды мəселе өсімдіктердің эндемикалық түрлерін тұқым түрінде немесе тірі өсімдіктер түрінде сақтау қажет.
1.1. Қысқаша жалпы сипаттама. Жусан деп ел атаған, Шөп ол бойы жатаған. Дауылға, желге көшпеген, Шөлге берік өскелең. Дәрі – түбір бұтағы, Жусан – қырдың жұпары. Бағдат Айтмұқаева Жусан! Осы бір жүрегімізге жылылық сағыныш сезімін ұялатып, жанымызды жадыратып, көңілімізді көкке көтеретін, даламыздың дархандығы мен қадір қасиетін санамызға сіңіп қалған , салиқалы еске түсіретін қасиетті сөзде ерекше құдірет бар десеңізші!...
Қаптап қырда шығатын,
Иісі мұрын жаратын,
Көп шөп демей, жусанды
Біліп ал, шын атын...
І. Шұғаев.
Жусан (Artemisia) – гүлді өсімдіктердің күрделігүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптектес өсімдіктердің туысының атауы. Дүниежүзінде жусанның 500-ден аса түрі кездеседі, оның 81 түрі еліміздің далалы, шөлейтті және шөлді өңірлерінде өседі. Олардың сабақтарының биіктігі жеке түрлеріне сәйкес 10-60 см, кейде 1,5-2 метрден асады. Сабақтары көбіне тік, кей түрлерінің сабағы жерге жайылып өседі. Қауырсын пішінді жапырақтары сабақтарына кезектесіп орналасқан және олардың жиектері тілімденіп келеді. Кей түрлерінің жиектері біркелкі тұтас тілімденбеген. Ұсақ гүлдерінің түсі ақшыл, сарғыш.
Тамыз- қыркүйек айларының аралығында гүлдейді.Жемісі-тұқымша.
Жусан-құнарлы мал азығы, дәрілік,бояғыш, тағамдық, витаминді, эфир майлы өсімдік.
1.2. Тарихы Латындар бұл шөпті артемизия деп атайды. Шөптесін өсімдіктердің дәрілік қасиетін ашқан Артемид құдайдың құрметіне осылай деп атаған. Жалпы ата-бабаларымыз «жусан» деген сөзді естіген кезде жандары ерекше жадырап, туған жерге деген ерекше сағыныш сезімге бөленеді. Қазақ халқы үшін жусан қасиетті өсімдік. Алыс сапарға аттанғанда жусанды өзімен алып жүріп, туған жерге деген сағынышын басады, яғни «Отан» деген ұғыммен пара-пар мағынада айтылады.
Ертеде бір батыр жігіт өз елін тастап жатжұртқа кетіп қалған екен. Оны елге қайтару үшін қаншама рет барған елшілердің сөзіне құлақ аспапты. Сонда бір тапқыр данышпан елде өскен кепкен жусанның бір бумасын апарып иіскеткенде елге деген ерекше сезімі оянып, көзінен жасы тамшылап, жедел туған еліне оралған екен деген аңыз да ақиқатты аңғартса керек.
Тұнып тұр ғой түз деген,
Жусан болып мың аңыз..
Сондықтан да біз деген
Жусан аңқып тұрамыз..
Темірхан Медетбек
Асқан батырлығымен Мысырды билеген Бейбарыс бабамыз туған елден жусан мен жусан иісі бұрқыраған қымызды алдырып ішкен деген тарихи деректер де сақталған.