Немере сіңлісі Айман Мәметова: Невель операциясы кезiндегi ұрыстардың картасында бұл жота 173.7 санымен белгiленген екен. Бiз оны Мәншүктiң атақ-даңқымен бiрге қара жонның да аты бүкiл дүниеге тарады екен деп бiлдiк. Мәншүктiң ерлiк жолын көзбен көрiп, тағзым ету қашаннан берi көкейiмiзде жүрген арман едi.Аудан аумағында 368 көл бар екен. Айнала сыңсыған орман алқаптары. Күмiс көлдер аумағының айналасы аяқ алып жүре алмайтын ну-батпақ. Фашистердiң «тәбетiн» қайтарған да осы батпақ көрiнедi. «Iздегенге табылған» деген. Қала маңындағы деревняда Мәншүктi жерлеуге қатысқан Новикова-Власенкова деген қартаң әйел тұрады екен. Әкiмшiлiктiң қызметкерлерi көлiкпен ол кiсiнi Мәншүк жерленген жерге алып келдi.
« – Мен ол кезде 17 жастағы қыз едiм, – дедi ол әңгiмесiн бiрден бастап жатып, әкем колхоз басқармасының бастығы болатын. Қалада кiлең кемпiр-шалдар қалған едi. Бiздерге қаза тапқан жауынгерлердiң қалталарын қарап, құжаттарын жинау тапсырылды. Мiне, осы жерде қара шашты, қос бұрымды бiр әйелдiң денесi жатты. Ал әрiректе, етекте тағы бiр әйелдiң денесi табылды. Негiзi ол байланысшы болса керек. Жанында сым катушкалар жатыр екен. Ол табылған сары шашты, орыс па әлде белорусь па деп шамаладық. Ал мына жердегi әйел қара шашты, үлкен бұрымы бар екен.
Ерлердiң бәрiн бiр жерге бауырластар зиратына жерледiк. Әйелдердi олармен бiрге қосқан жоқпыз. Екi әйелдi өз алдарына бөлек жерледiк. Оған осы жерде «1943 жылдың қазан айында Мәншүк Мәметова ерлiкпен қаза тапты деген белгiтас қойдық», – дедi қарт ана.
Бүгiнгi зерттеу амалдары көрсеткендей, сол кезде бүкiл Кеңестер Армиясында Мәншүк Мәметова жалғыз пулеметшi қыз болған көрiнедi. Бес сағаттан асқан ұрыс кезiнде Мәншүк жауға қарсы үш пулеметтен де оқ жаудырыпты.
Ол соғысқа шығар күнi ерекше мерекеге дайындалғандай күй кешiптi. Пулеметiн сүртiп-сипап, әбден бабына келтiрiптi. Түн баласын жамылып, пулеметтi орналастыратын орынды дайындаған көрiнедi. Келесi күнi жау шетiне барлау да жасаған көрiнедi.
Ол: «Мынау тұрған бөрiктей шоқ терек – бiрiншi белгi, екiншi белгi, оған дейiн 300 метр» – деп барлау жобасын қағазға сызып көрсетiптi. Атыс схемасын сызып көрсетiп: «бiз жауды аңдимыз, жау бiздi аңдиды. Өзара сырын бiлiп алуымыз керек және оларды алдап жаңылыстыруымыз керек» деп жанындағы жауынгерлердi соғысқа дайындапты.
Мәншүк майданда 418 күн болды. Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылды десек, оның 418 күнiнде қазақтың ержүрек қызының азапты күндерi мен ерлiк iсi қалды. Әлемге даңқы шыққан Мәншүк жұмыр жердiң бетiнде небәрi 21 жыл 13 күн өмiр сүрдi. Бұл көп пе, әлде аз ба?! Әдетте ерлiк жасау үшiн ұзақ өмiр сүру парыз болмаса керек болар!», – депті.
Қазақстанда құрылған 100-шi бригада 1942 жылдың желтоқсан айының соңында Великие Луки түбiне орын өзгертедi. Қала 1941 жылдың шiлде айынан бастап жау қолында қалған екен. Қаланы азат ету үшiн кеңес әскерлерi жауды жан-жақтан қоршауға алады. Құрамында Мәншүк те бар 100-шi бригада кескiлескен ұрысқа бiрден қойып кетедi. Великие Луки қаласын азат ету жолында мыңдаған жауынгер қаза табады. Қаланы азат ету жолындағы 100-шi бригада ерлiгi Дубосеково разъезi түбiнде генерал-майор Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясының ерлiгiнен бiрде-бiр кем болмайды.
Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылдың 1 наурызында неміс басқыншыларымен соғысу майданындағы қолбасшының әскери тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны үшін, көрсеткен ерлігі үшін Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының батыры берілді. Қаршадай қыздың ерлігі көптеген жауынгерге үлгі болды. Бүгінде туған жерінде оған арнап ескерткіш орнатылған.
Әдебиеттер
1. Әдігенқызы С. Қазақтың қайсар қызы – Мәншүк Мәметова. // Жұлдыздар отбасы. – 2014.- № 9. б.48-49.
2. http://alashainasy.kz/alashuni/kazaktyin-batyir-kyizyi-manshuk-mametova-63578/
Достарыңызбен бөлісу: |