Мойын арқан– жекпе-жек күш сынасатын ежелгі халық ойыны. Жігіттер тойда, жазғы сауықта сайысқа түседі. Көгал алаң таңдалады. Ұзын арқанның екі ұшы тұйықталып түйіледі. Алаңның ортасынан белгі үшін белдеу сызық сызылады. Қос қанаттан ұзындығы тепе-тең мөлшерде сайыскерлер тұратын меже белгіленеді. Сайысқа қалаушылардың бәрі түседі. Сарапшылар олардың шама-шарқын мөлшерлеп, теңдесімен тартысқа түсіреді. Ойынды басқарушы тұйықталған арқанды сайыскерлердің мойнына кигізіп, екі саласын қолтықтың астынан өткізеді де, тартысушыларды жерге тағандатып қояды. Белгі берілгенде екеуі екі жаққа қарай тартуы керек. Дайындық шаралары біткеннен кейін бастаушы тартысқа рұқсат етеді. Сайыскерлер бірін-бірі шегіншектетіп сүйрей жөнеледі. Алаң ортасындағы белдеу сызықтан қарсыласын шегіншектете сүйреп өткізген сайыскер женеді.
Теңге ілу – бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны. Көбіне қыз ұзатылатын және сүндет тойларының думанындаойналады. Жігіттің атқа мықтылығы, ат үстіндегі самдағай әрекеті, денесін игеріп, билеп алған ептілігі сынға салынады. Теңгені іліп ала алмай, аттан ауып қалып жататындар да көп болады. Кейде бір ауылға келін ұзағырақ жылдардан кейін түсіп, беті ашылғаннан кейінгі сайранда ырым үшін де ойналады. Сонда жас келін өзінің шолпысын не алқа күмістерін орамалға түйіп, бір қарыстай терең қазылған,қолдың басы ғана сиятын шұңқырға салып қояды. Сәйгүлік мінген жігіттер жүз, жүз елу метрдей жерден екпіндете шауып келіп, сол ағынымен шұңқырдағы орамалды іліп әкетуге тиіс. Шұңқыр тұсында іркіліп, тоқтауға не аттың шабысын бәсеңдетуге болмайды. Кімде-кім орамалды іліп әкетсе, оны өзіне тартылған жас келіннің тарту сыйы деп біледі.Оны өзі алып қалмайды, қалаған адамына сыйлайды.
Алтын қабақ (жамбы ату)– шауып келе жатқан аттың үстінен нысананы дәл көздеп, атып түсіру. Бұл ойынның нұсқалары басқа халықтарда да кездеседі. Шығу тегі әскери ойынның пайда болуымен байланысты болған, оның қажеттігі 18 ғасырға дейін сақталған. Мұндай жарыс өткізілетін мерекелерде биік бағана, болмаса ұзын сырық қадалып, оның ұшар басына нысана ретінде жамбы (күміс құймасы) ілінетін болған. Оны қылмен немесе жібек жіппен байлаған. Атпен шауып кележатқан кісі садақпен жамбыны атып түсіріп, жеңіске жетуге тырысқан. Нысананы дәлдеудің басқада түрлері кездескен. Мысалы, жерде тұрып, немесе ат үстінде отырып, мылтықпен атуда қолданылған. Жамбы ату жігіттерді шабандоздыққа, мергендікке үйрету де елеулі рөл атқарған.
Асау үйрету– ел жайлауға шығып, жайғасқаннан кейін бес-алты күн өткен соң, биебау орыны таңдалып, желі тартылады. Бұл уақытқа дейін құлындар жетіліп, ширайды. Жігіт-желең жүйрік атқа мініп, жылқыларды шашау шығармай қайырып тұрады. Қолына құрық ұстаған қарулы жаяу жігіттер құлындарды бұғалықтап ұстайды. Асау құлындарды бұлқынта арпалысып жүріп, басына ноқта кигізеді де, желіге байлайды. Барлық құлын байланып болған мезетте әжелер бастаған қыз-келіншектер желі басына дастарқан жаяды. Әжелер ырымдап, ақ мол болсын деген ақниетпен желі қазығының басына айран құйып, жаманшылықтан аман болуы үшін құлындардың маңдайларына қатық жағады. Қариялар ақ баталарын ақтарады. Ақтілеуге арналған ас ішіліп болғаннан кейін балалар асау тай мен құнандарды үйрету ісіне кіріседі. Үйір ішіндегі асауларды құрық салып ұстайды да, мықты жігіттердің көмегімен шұралап тұрып ерттейді. Өзіне сенімді біреуі мінеді. Арқасына артылған жүкті аударып тастау үшін асау тулай жөнеледі. Аспанға шапшып, басын тұқырта мөңкіп, қайсарлана тулайды. Асауға мінген жігіт осы бір адуын арпалыстың қыбын тауып, құлап қалмаудың амалын жасайды. Батылдығымен елді сүйсінетеді. Асау үйрету әдетте екінің бірінің қолынан келе бермейді. Асау үйретушінің айла-тәсілін үлкен-кіші тамашалайды. Бұл да жігітті сынға салатын қызықтың бір түрі.
Ақ сүйек– ай сүттей жарық түндері, жазды күні қыздар мен жігіттер, балалар араласып ойнай береді. Кешке мал келіп, қораланып болғаннан кейін күзет түрінде ауыл шетінде ойын басталады. Ойынға ерте кезде ірі қараның қу жілігі пайдаланылған. Күн көзінде ұзақ жатқан жіліктің құрап, ақсөнке болып қалатыны белгілі. Ол кезкелген жерден ұшырайды. Соған орай ойын да «Ақсүйек» атанған. Ойынға келгендер екі топқа бөлінеді. Бастаушы ақсүйекті әуелетіп, алысқа лақтырады. Басқалар ай сәулесіне шағылыса жарқылдаған ақ сүйектен көз айырмай қарап, қай шамаға түсетінін бақылайды. Ақ сүйек жерге түскен соң, бастаушы: «Ал, іздеңдер» деп бұйырады. Бәрі іздейді. Ақ сүйекті тапқаны: «Мен таптым!» деп айқайлайды да, ақ сүйекті жоғары көтеріп көрсеткеннен кейін сөреге қарай жүгіре жөнеледі. Қарсыластары оны қуып жетіп ұстап алуға тиіс. Ұсталып қалса, ол ақсүйекті өзін ұстаған ойыншыға береді. Ол әрі қарай жүгіреді. Сөйтіп ақ сүйекті қай топтың ойыншысы сөреге жеткізсе, қарсы топтағылар жеңілген есебінде ән салып береді. Ойын осылайша жалғаса береді.
Сақина салу– жеребе арқылы бір қыз, бір жігіт ортаға шығады. Басқалары екі қолдарын уыстаған күйі тізелерінің үстіне қойып отырады. Қыз қолындағы сақинаны әр ойыншының уысына салғандай ыңғаймен ойынға қатынасушыларды түгел аралап өтеді. Содан кейін жігітке: «Сақинаны тап!» деп бұйырады. Барлық ойыншы сақинаны іздей бастаған жігітке қарап, қуыстанып сезіктегендей кейіп байқатады. Жігіт өзі ұйғарған ойыншыдан: «Сақинаны бер!» деп сұрайды. Тапса, сақинаны ұстап отырған ойыншы айып тартады. Таппаса, іздеушінің өзі айып тартады. Ал айыптың өтеуі көпшіліктің қалауы бойынша орындалады. Оның түрі де ән салу, жұмбақ шешу, жаңылтпаш айту, салмақ көтеру секілді қызықты болғаны жөн. Осыдан кейін ортаға келесі жұп қыз бен жігіт шығарылады. Бұл ойында қыздар жағы тек сақина салушы ғана болады. Іздеуші – жігіт. Ол әр ойыншының алдына барғанда әзіл айтып, күлдіріп жүріу керек. Сол әдіс арқылы сақинаны ұстап отырған ойыншыны сезіктендіріп барып тауып алуыда ықтимал.
Тымпи– ойынға қатынасушылар шеңбер жасап, дөңгелене отырады. Біреуін ойынды жүргізуге белгілейді. Ол: «Ал, ойынды бастаймыз, бәрің түгел тым-тырыс тымпи!» – деп бұйырады. Бұдан кейін бірде-бір ойыншы дыбыс шығармауы, үн қатпауы керек. Алайда бастаушы ғана сөйлеуге ерікті. Ол адам күлерлік қимыл-қозғалыспен әзіл-қалжың сөздерді айтып, қалай да біреуді күлдірудің амалын іздейді. Қалжың жыр да айтады. Ешқайсы шамданбайды. Өйткені ойынға қатынасушылардың аты әлгідей қалжың өлеңге қосылмауы керек. Әзілі де, сықағы да өтпесе, бет-аузын тыржыңдатып, әр түрлі құбылтады. Қолапайсыз қимылдармен құбылыстар жасап қозғалады. Жаңылыстыру үшін неше алуан сұрақтар қойып, көздеріне төнеді. Біреу абайсыз жаңылып сөйлесе не күліп жіберсе, айып тартады. Өлең айтады, ән салады не би билейді. Сондықтан ойынды жүргізуші тілмәр, әзілкеш, күлдіргі болуы керек.
Бастаңғы– ауылдағы үлкен кісілер бір жаққа қонаққа немесе басқа себептермен қотарыла кеткен жағдайда қыз-келіншектер бас қосып, бір үйге жиналады. Қазақ салтында ерулік, ас беру, сүндет тойы секілді кәделер аса қәдірлі іс. Сондай кәденің біріне шақырған кісінің ниетін сыйлап, шақырылған ауылдың үлкен кісілері түгел баруға тырысады. Қыз балалар ондайда оңаша қалады. Сонда бастаңғы ойынын бастайды. Емін-еркін ойнап-күліп, қысылып-қымтырылмай сырласады. Бұл ойынға қыздардың қалауы бойынша жас жеңгелері де қатысады. Қазақтың отбасы тәрбиесіндегі «Қызға қырық үйден тыйым» деген қатал тәртібі қыз баланың айбаты секеңдеп, ербеңдеп жүруіне жол бермейді. Қазақта қыздың ары қатты ардақталады. Ол бүкіл отбасының абройы. Сондықтан қыздың өз үйінен себепсіз не рұқсатсыз ұзап шығуы ата-ананың намысын қорлайды да, оған қатаң тыйым салады. Бойжеткен қыз шешесімен не жеңгесімен үй шаруасымен шұғылданады. Бос уақытында кесте тігеді, ою ойып, терме тоқу өнерін үйренеді. Сөйте жүріп өзінің төсек-орнын, жасауын, үй мүлкін де қамдап алады. Бастаңғы – қыздардың үй іші шаруасында өз бетімен еркін әрекет етуінің бір шарасы. Бастаңғыға жиналған қыздардың әрқайсысы тәтті-дәмдіні, құрт-майды үйден ала келіп, ортақ дастарқанға салады. Тамақты өздері әзірлейді. Бұл ойынның астарында үлкен тәрбиелік мән жатады. Қыздар осы ойын арқылы қонақ күтудің, табақты мүшелеп тартудың жөнін іс жүзінде орындап байқауға бейімделетін түрі бар. Тағы бір шарты – өлең айтылмайды, шу болмайды. Алайда басқа ойын ойнап, көңілдерін көтереді. Үлкен кісілер байқаусыз келіп қалып, көздеріне түспеу үшін құрт-май, тәтті беріп, үй маңында сенімді, тіл алғыш балаларды қарауыл қаратып қояды. Өйткені бұл қылықтарын үлкен кісілердің біліп қоюын әбестік деп ұғады. Бастаңғы – қазақ қыздарының ежелден келе жатқан дәстүрлі ойыны.
Ине жасырмақ– жастардың бас қосуында, көбіне үйде ойналатын ойын. Қажетті бұйымдар: ине және домбыра. Ойын шарты: ойыншылар ең алдымен, бастаушыны сайлайды. Ол, біріншіден, тәртіпті бақылайды, екінші, домбырада, немесе басқа музыкалық аспапты ойнайтын кісіні табады; үшіншіден, ойын ережесін түсіндіріп, екі ойыншыны таңдайды. Ойыншының біреуі бөлмеден шығып кетеді де, үйде қалған екінші инені өз бойындағы киіміне жасырады, немесе басқа біреуге береді. Бастаушының белгісі бойынша үйге қайта оралған іздеуші инені ойынға қатысушылардың жағасынан, бас киімдерінен іздей бастайды. Іздеуді жеңілдету үшін музыкант домбырада ойнап отырады. Егер іздеуші ойыншы нысанаға жақындай түссе, домбыра күмбірлей жөнеледі. Ал, егер нысана тұсынан іздеуші өтіп кетсе, домбыра үні бәсеңси бастайды. Іздеуші инесі бар кісіге жақындаған не алыстаған сайын домбырашы оны әр қилы сарынмен бағыттап, дәлдеп отырады. Нысанға дөп келген іздеуші ине осында-ау деген кісіні әбден тінте тексеріп, инені табуға тырысады. Ине жасыра алмаған, кәде бойынша ән салып, не әзіл айтып айып төлейді. Ал табылмаса іздеушінің өзі айып тартады.
Алты бақан–қатысушылар санына шек қойылмайды. Алты бақан далада, алаңда, алаңқайда көбіне көктем, жаз кештерінде өтеді. Алты бақанды әзірлеу және ойын шарты: тербелетін тұғыр жасау үшін ұзындығы 3,5-4 метрлік алты бақан және үш мықты арқан керек. Алты бақан әрқайсысы үш-үштен мосы тәрізді етіліп ара қашықтығы 50-70 сантиметрге жерге төбелері түйістіріліп орнықтырылады да оған көлденең арқалық ағаш байланады. Ал үш арқанның ұшын сол көлденең арқалыққа бекітеді. Арқанның ұзындауы аяқ тіреуге, қалған қысқалау екеуі – отыруға бейімделеді. Әдетте қыздар мен бозбалалар жұп-жұп болып, алма-кезек ауысып тербеледі де әуелете ән шырқайды. Қалған ойыншылар өз кезектері келгенше әнге қосылып, көңілді күлкі, шат думан түннің біруағына дейін созылды.