Білім беру ұйымындағы жобалау әрекеттері және оны басқарушылардың құзыреттіліктері. Білім беру ұйымдарында қоғам мен әлеумет сұраныстарына жауап беру үшін жүйелі инновациялық өзгерістер қажеттігі дәстүрлі басқару мазмұны мен басқару әрекеттерін өзгертуді талап етеді. Соған орай басқарушылардың іс – әрекет мазмұны мен бағыттарын, басқару тетіктері мен ресурстарды пайдалану жолдарын, әдістерін өзгерту қажеттігі туындауда. Дәстүрлі қызметтік басқаруда ұйымның дамуын қамтамасыз ететін негізгі ресурстар ретінде қызметтік –жоспарлау, материалдық – техникалық, қаржылық және әкімшілік ресурстарға басымдылық беріліп, адам ресурстарының ұжымды дамытудағы ролін тиісінше бағаланбай келгені белгілі. Бұл жерде адам ресурстары ретінде басқару субъектілері (басқарушылар мен басқарылушылар) де, білім беру субъектілері (педагогтар мен білім алушылар) алынып отыр.
Бүл үрдіс білім беруді басқаруда ғана емес, жалпы бизнесті басқаруда ғасырлар бойы қалыптасып келді, өйткені, өндірісті тиімді басқару өнеркәсіпті жетілдіруге, сапалы өнім шығару жолдарын жақсартуға бағытталып, басқарушылардың құзыреттіліктері осыған байланысты бағаланып келгені белгілі. Ол туралы Гарвард университеті ғалымдары «осы күнге дейін ең жоғары деңгейдегі басқарушының бейнесі мықты стратег ретінде қалыптасты, өйткені, олар бизнестің синергетикасы мен стратегиялық инвестицияларды байланыстыруға күш салуда. Ал қазіргі қоғам талабы бойынша олар өз ұйымдарының даму перспективасын анықтауға ерекше күш салуы тиіс» деген.
Бұл басқаруда стратегияның қажеті жоқ деу емес, тек стратегияның ғана болуы жеткіліксіз деген сөз. Стратегия қаншалықты дәл құрылып, орындалуы нақты қадағаланса да, ол ұжымдағы адамдарды өз жұмысының тиімділігін арттыруға жұмылдыра алмайды. Өйткені стратегия «не істеу керек?» басқарушылар үшін маңызды деген сұраққа жауап бергенімен, «оны неліктен істеу керек?» орындаушылар үшін маңызды сұраққа жауап бере алмайды. Сондықтан, бүгінгі басқарушылар алдында қарауындағы адамдардың күнделікті қызметтік міндеттерін орындауын қадағалау ғана емес, өзінің ұйымына шын берілгендікпен қарай білуін, ұйым алдындағы мақсатты орындауға деген жауапкершілігін жоғарылату жолдарын ұйымдастыру міндеті тұр.
Көптеген шетелдік басқару теориясында, соның ішінде, білім беру ұйымдарының болашақ өзгерістерін анықтау және оны жүзеге асыру үшін педагогикалық ұжымдағы адам ресурстарын дамытудың қажеттігі, ол басқарушылардың белгілі бір құзыреттілігін талап ететіні туралы жаңа көзқарастар қалыптасуда. Жаңа құзыреттілік сапаларын білім беру құндылықтары өзгеруімен, өркениеттің дамуымен, ғылымдағы парадигмалық өзгерістермен байланыстыра қарастыратын зерттеулер пайда болуда.
Білім берудегі «құзыреттіліктер», «түйінді құзыреттіліктер» деген ұғымдар халықаралық деңгейде жаңа нәтижелер ретінде қарастырылып, көптеген елдерде стандарттары мен білім беру бағдарламаларына енгізілуде.
Білім берудің сапасын дамыту туралы ЮНЕСКО құжаттарында күтілетін нәтиже ретінде жалпы қарастырылатын құзыреттіліктер белгіленген. XXI ғасырдағы білім беру туралы «Білім беру: әлі ашылмаған қазына» атты Халықаралық комиссияда жасалған Жак Делордың баяндамасында қазіргі білім берудің сүйенетін төрт тұғыры бар, олар: танып үйрену; жасап үйрену; бірлесіп өмір сүруді үйрену; өмір сүруді үйрену» деп белгіленген.
Бұлар халықаралық білім беру құзыреттіліктері ретінде анықталып отыр. Жак Делордың айтуынша, олардың бірі – «жасап үйрену деген тек кәсіби біліктілік алу үшін емес, одан әлдеқайда кең мағынадағы, өмірдегі түрлі жағдайлардан жол табатын, басқа адамдармен бірлесе жұмыс жасауға мүмкіндік беретін құзыреттіліктерге ие болу».
Джон Равеннің зерттеулерінде 30 –дан астам құзіреттіліктер талданған, олардың ішінде құзыреттіліктердің өзі де, оларды құрастыратын компоненттер де қарастырылған. Құзыреттіліктердің төмендегідей сипаттамалары бар:
өз құзыреттіліктерін көрсетуге даярлық (мотивациялық жағы);
құзыреттіліктердің мазмұнын меңгеру (когнитивтік жағы);
түрлі стандарттық және стандартқа сыймайтын жағдайларда құзыреттіліктерді көрсету тәжірибесі (іс әрекеттік жағы);
құзыреттіліктердің мазмұнына және оны қолдану объектісіне қатынасы (құндылықтық-мәндік жағы);
құзыреттіліктерді көрсету нәтижесі және үрдісті эмоциялық –еріктік реттеу жағы.
Сонымен қатар, Джон Равеннің құзыреттіліктердің өзін және олардың компоненттерін талдаған зерттеулерінде әрбір компоненттің ерекше жақтары (аспектілері) көрсетілген. Олардың негізгілері ретінде мотивациялық, когнитивтік, іс- әрекеттік, құндылықтық - мәндік, эмоциялық – еріктік жақтары қарастырылып, әрбір құзыреттіліктің адам әрекеттеріндегі алатын орны белгіленген.
Жалпы білім беруді жаңарту барысын талдау бүгінгі реформаларға байланысты мазмұнының білім беру мекемелері басшылары мен педагогтардың кәсіби ойлауы мен кәсіби іс–әрекеттерін дамытуды қажет етеді.
Жаңа парадигмаға сай басқару теориясы негізінен:
а) білім беру жүйесі мен мектептің өз ерекшеліктерін ескере отырып, менеджмент идеяларына сүйенуі қажет;
б) кәсіби басқарушыларды даярлауға бағыт алу, олардың құзыреттілігін қалыптастыруға және басқару қызметін тиімді ұйымдастыруға жағдай туғызуға;
в) басқару объектісін, яғни жалпы білім беретін мектептің педагогикалық жүйесін тануға негізделуі қажет.
Жалпы менеджмент теориясы бүгінгі таңда постиндустриалдық, постмодерндік қоғам бағытына қарай елеулі мәдени бұрылыстар жасауда. Білім беру де осы салалаға қарай бағдар алуда, сондықтан жалпы менеджмент теориясының кейбірін сыни тұрғыдан қарастыра отырып, білім беру саласында қолдану әбден мүмкін. Ол туралы ресейлік ғалым И.Д. Фрумин педагогикалық емес салалардағы ұйымдастыру теорияларын пайдалаудан педагогтар бас тартпауы қажет дейді. Өйткені, қазіргі менеджерлер арасында кең тараған жалпы сапаны басқару теориясының «қызметкерлерді дамытуға», «қызметкерлерді қатыстыруға» бағытталуына негіз болады және осы теорияда берілген техникалық нұсқауларды білім беру мекемесіне қатысты қолдануға да болады.
Білім беру мекемесі басшыларын оқытатын ұйымдар қажеттігі тууына не себептер бар деген сұраққа Элмордың «жетілдіру – бұл оқытудың өзіңіздің жұмыс жасайтын жеріңізде отырып дұрыс жұмыс жасауға үйрету қызметі». Оның ойынша, адамдар тиісті міндеттерді орындау үшін бірге жұмыс жасауы керек, өйткені олар «ішкі процестерді қозғалысқа келтіреді, сол арқылы адамдар өздері айналысып жатқан жұмысты одан да жетілдірудегі жаңалықтарды, жоғары деңгейдегі жетістіктерге жетуді үйренеді».
Әлемдік білім реформаларын зерттеуші М.Фуллан былай дейді: «егер біз нәтижелі мектеп басшыларын дайындағымыз келсе, онда біз оларға мектепті алға тарту мақсатында өз жұмысын жақсартатын, және дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беретін қабілеттерін дамытуға барлық жағдайды туғызымыз керек, өйткені, «білім беру ұйымы басшысынан барлығы да инновациялық өзгерістердің қозғаушысы және оның бастушысы болады деп күтеді. Тәжірибеден белгілі, көбінесе тек басшының өзі ғана мектептің табысты болуының негізгі күші болып табылады, сонымен қатар, оларды осы рольге дайындау үшін жасалған мүмкіндіктер де өте көп емес».
Басқару теориялары мен тәжірибелері туралы шетелдік, отандық зерттеулердегі басқарушылардың біліктілігі мен қабілеті, құндылықтары мен ұстанымдарына қойылатын талаптарды жүйелеу және қазіргі білім беру жүйесін басқарудың жаңа талаптарына сай білім беру ұйымдарын басқарушылардың құзыреттілігін төмендегі сапалармен белгілеуге болады:
карым - қатынас құзыреттілігі (сыртқы, ішкі байланыстар, өзара қарым - қатынастар, өзара әрекеттесу, , т.б.);
ақпараттық құзыреттілік (ақпарат алмасу, ақпараттарды өңдеу және пайдалану, ақпарат көздерімен жұмыс, т.б.);
кызметтік басқару құзыреттілігі (проблеманы анықтау, мақсат қою, жоспарлау, шешім қабылдау, ұйымдастыру, бақылау, т.б.);
адам ресурстарын дамыту құзыреттілігі (ұжым мүшелерін қолдау, кадрлармен жұмыс, педагогтарды дамыту, ынталандыру, т.б.).
Шетелдік зерттеушілер еңбектерінде қазіргі заман басшылардың құзыреттілігіне берген сипаттамалары, әсіресе, адам ресурстарын басқару құзыреттілігін дамыту туралы еңбектер көбірек кездеседі.
Зерттеушілер еңбектерінде берілген тұжырымдар бойынша посткеңестік елдердегі білім беру ұйымдарын басқарушыларға тән құзыреттіліктерді талдау барысында олардың көбіне басқарушылық қызметтің іс- әрекеттік компоненттерін қамтитынын байқауға болады. Соған орай, бүгінде түрлі деңгейлердегі білім беру ұйымдарын басқарушылардың қарым - қатынас, ақпараттық және қызметтік басқару құзыреттіліктерін дамыту қажетті үрдіс екенін көрсетіп отыр.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, білім беру ұйымдарында көбінесе, басқарушылардың өзіндік дамуын және оған өзі басқарып отырған педагогикалық ұжымның инновациялық мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін тиімді құралдарды бірі – жобалау технологиясы жеткіліксіз дәрежеде пайдаланылады. Оның себебі, жобалаудың өзіне тән ерекшеліктері бойынша оны нәтижеге бағытталған әрекеттер және ресурстарды анықтай отырып, белгілі бір логикамен ұйымдастыра білу керек. Соған орай, оны жүзеге асыру басқарушылар мен педагогтардың жоба жетекшілері ретіндегі арнайы құзыреттіліктері болуын қажет етеді.
Педагогикалық жүйелердің барлық құрылымдарында өзгерістерді жүзеге асыратын түрлі деңгейлердегі басқарушылар мен педагогтар екенін белгілі, сонымен қатар, өзгерістердің тиімділігі мен нәтижесі олардың жобалау қызметін ұйымдастыра білу деңгейіне байланысты.
Білім беру ұйымдарын басқарушылар мен педагогтардың жоба жетекшілері ретінде жобалау әрекеттерін меңгеруі педагогикалық әрекеттерді сапалы және түбегейлі өзгертуге, педагогтар мен білім алушылардың тың идеялар мен жаңа іске ынталануына, жаңа жобаларды белсенділікпен жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды. Сондықтан, бүгінгі таңда түрлі деңгейлердегі басқарушылардың жоба жетекшілері ретіндегі құзыреттіліктерін арнайы қалыптастыру қажеттігі бар.
Жоба жетекшілерін арнайы даярлау оқу зертханалары арқылы жүзеге асырылады. Жобалауды үйренуге арналған оқу- тәжірибелік зертханасының мазмұны мен әдістемесін құрастыру, жүзеге асыру, қорытындылау, немесе, жоба жетекшілерін дайындау сатысы болып табылды.
Педагогтар мен басқарушылардың жобалауға қатысуы оларды ізденіске, өздерінің зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, білім беру мазмұнын жаңартуға ықпал етеді. Жобалауды ұйымдастыра білу инновациялық өзгерістер жағдайында педагогтардың кәсіби әрекеттерінің маңызды бөлігіне айналатыны сөзсіз.
Оқу зертханаларындағы мақсатты бағдарлы үйрету жобаларын жүзеге асыруда басқарушылар мен педагогтардың өздерінің іс - әрекет барысында құзыреттіліктерін дамыту, олардың оқу тәжірибелік әрекеттерін ұйымдастыруға назар аударылады. Оқыту мазмұнын айқындау үшін жобалауды басқарушылардың бойында дамытуды қажет ететін сапалары, өзгертетін және қайта құратын сапалары анықталады, сөйтіп, аталған сапалар жобалаудың объектілері болып белгіленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |