Байланысты: «Ғылыми зерттеулер негіздері» пәнінің қосымша емтихан сұрақтары -emirsaba.org
22. Сұрақ проблеманы бағалау əдісі жəне зерттеушілік ойлау формасы ретінде. 23. Терминологиялық жұмыстардың академиялық сипатта өріс алуы жəне салалық терминдердің зерттелу барысы. ХХ ғасырдың 60-80-жылдары қазақ тіліндегі сала терминдерінің зерттелуі мүлде тоқтап қалған жоқ. Бұл зерттеулер өздерінің әдістанымдық негіздерін бұрынғы кеңестік лингвистикалық танымнан алғандығы дау тудырмайды.
Сол кезеңге тән басты идеялар мен әдіснама 1959 жылы Мәскеу қаласында өткен бүкілодақтық Терминологиялық мәжілістен бастау алғандығы шындық.
Бұл терминологиялық мәжілістің Қазақстан ғылымының тарихы үшін де маңызды болғандығын кезінде зерттеушілерміз жазған. Мәжіліске Қазақстаннан қатысқан беделді делегацияның құрамында 30-жылдардан бері термин мәселесімен үзбей шұылданған, терминологиялық сөздіктің авторлары болған Қ.Әбішев, Т.Мұсақұлов, сол кездегі аударма тәжірбиесіне, қоғамдық ғылымдардың терминологиясын жасауға еңбек сіңірген М.Жанғалин, Х.Рахимов, Қ.Жабасов, ҚазССР Ғылым академиясының қызметкерлері, ғалымдар М.Балақаев, А.Әбдірахманов, Ж.Болатов, Ә.Қайдаров, Қ.Садуақасов, Е.Рамазанов болды.
Мұнда қазақ терминологиясының мәселелері тұңғыш рет бүкілодақтық деңгейде сөз етілді. Аталған делегация құрамы бұл алқалы мәжіліске жай ғана қатысып қоймай, белсене араласты. Терминологиялық сөздіктер түзу қағидаларына арналған А.Әбдірахмановтың арнайы баяндамасы, тілші ғалымдар М.Балақаев пен Ә.Қайдаровтың, биолог ғалым Т.Мұсақұловтың, аудармашы Х.Рахимовтың жарыссөздері тыңдалды. Қазіргі зерттеушілер бұларды қазақ терминологиясының даму белестерін танытатын құжат ретінде бағалайды.
Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының құрамында Терминология және аударма теориясы бөлімі құрылды және бұл өз кезегінде терминологиялық жұмыстарға академиялық сипат берді, жұмыс бағыты түбегейлі жаңа арнаға түскендігі шындық. Картотекалық қор жасалды, кейініректе терминологиялық сөздіктер жасау ісіне электронды есептеу машинасын пайдалану көзделді. Терминологиялық зерттеу жұмыстарының бағыт-бағдары да өзгере бастады.
Аталған мерзімде терминология бойынша да орталықтандырылған саясаттың шарпуына қарамастан, ілгеріде де ескертілгендей, бастамашылдығымен танылған оқымысты тұлғаларымыз болды. Ә.Сатыбалдиев, Е.Аққошқаров, И.Нұғыманов, А.Әбдірахманов, С.Аманжолов т.б. мақалалары – соның дәлелі.
Аталмыш ғалымдар терминдерді қалыптастыру барысында өзіндік ойларымен, ең бастысы, ана тіліне деген парасатты түсінігімен ерекшеленді. Олардың пікірлері баз бір тұстарда өз кезеңінің қатаң қағидасына қайшы да келіп жатты. Айталық, И.Нұғыманов «Пәнаралық терминдер жайлы бірер сөз» атты мақаласында терминдерді халықаралық сипатына байланысты мынадай ой айтқан: «Интернационалдық терминдерді бір ыңғай қабылдап алып, сөздік қорымызды молайту жайлы мәселелені түйіндей келіп, Е.Аққошқаровтың (Білім және еңбек, 1971 жыл, №10) «интернационалдық термин ұғымын абсолюттік емес, салыстырмалы ұғым деп қарау қажет» деген пікіріне қосыламыз. Бұдан кейбір баламасы табылатын ғылыми терминдерді батыл аударуымыз керек деген қорытынды шығады» [9, 207-б.]. Кеңестік идеологияның қылышы жерге түспей тұрған қысылтаяң кезеңде мұндай ой айту өз ана тілін шын сүйген адамның ғана қолынан келері хақ.
60-80-жылдардағы қазақ терминологиясының бет-бейнесін аңғару үшін белгілі аудармашы Ә.Сатыбалдиевтің «Терминология принциптері туралы» атты көлемді мақаласын ерекше атап өту керек [10, 160-178 б.]. Бұл мақаланың негізгі идеясы – ана тілінің ішкі мүмкіншілігін термин жасау және қалыптастыру барысында сарқа пайдалану.
Ә.Сатыбалдиев былай деп жазады: «Термин деп аталған сөздерімізге балама іздегенде, ең алдымен, өз тіліміздің қазынасын сарқа пайдалануымыз керек. Өйткені сол айтылған ғылыми ұғымдардың көбі біздің тілімізде ескі заманнан бар. Ғылыми ой, ғылыми ұғым дегендер қазақта тек бүгін ғана туды деп ешкім айта алмайды. Олар тілдік негізінде әуел бастан бірге жаралып, бірге дамып отырған. Сол себепті біз ғылыми ұғымдарын, атауларын саралағанда, өзімізде ежелден бар және күн сайын туындап, толысып жатқан ғылыми атауларды өз орындарына қоя білуді, сондай-ақ орыс сөздерімен салыстыра отырып, кейбір сөздердің ұғымдық шектерін ажыратуды, сонан соң өз тіліміздің заңды жүйелерін пайдалану арқылы оның қазіргі бар мүмкіншіліктерін де болашақ потенциалдық мүмкіншіліктерін де аша білуді бірінші мақсат етіп қоюға міндеттіміз».
Қазіргі түсінік бойынша салалық терминология дегеніміз – ғылым мен техникада, өндіріс пен шаруашылықта және т.б. түрлі салаларда қолданылатын терминдер мен ұғымдар, солардың жиынтығы.
Қазіргі мерзімде салалық терминдер жайындағы көзқарастар ғылымилығы жағынан болсын, зерттелу әдіснамасы жағынан болсын жаңара түскені мәлім.
Терминнің өз ішінде әлденеше қабаттан тұратындығы (жалпығылыми, ғылымаралық және жеке ғылымға тән терминдер) күрделі тілдік категория екендігі ескерілу керек. Осы тұрғыдан келгенде, проф. Ә.Жүнісбектің мына бір ұсынысы назар аудартады. Ғалым: «Біздің ойымызша, ұғым-атаулардың деңгейін алдымен сатылап алған жөн», – дей отырып, оларды үш топқа бөліп қарастыруды ұсынады:
1. Санаулы ғана арнайы мамандар тобы өздеріне ғана тән шағын ортада
2. және өзара ғана пайдаланатын күрделі және сирек кездесетін ұғым атаулар. Бұлар ұлт тіліне аударуға иліге қоймайтын жоғары технологияға қатысты ғылыми, қоғами, техникалық, дәрігерлік т.б. атаулар;
3. Жаппай орта білім деңгейіне лайық, сөйтіп кәмелеттік білім дәрежесін қамтамасыз ететін ұғым-атаулар. Бұлар - әлі мамандығын таңдап ала қоймаған, дегенмен әр саладан хабардар ғана болып отыруға тиіс жастарға, сондай-ақ орта буын кәсіпкерлерге қажет ұғым-атаулар;
4. Жалпы көпшілік күнделікті пайдаланатын бұқаралық ұғым-атаулар.
Осылай терминдердің құрамы мен жүйесін таза ғылыми, орта ғылыми және көпшілік ғылыми деп жіктейді де, “Мұның өзі терминжасам ісін біршама ретке түсіріп, оның желі бойындағы кезегінің басын ашып алуға мүмкіндік берері сөзсіз” – деп түйеді.
Алайда осы жіктеудің өзі айналып келгенде, терминологиялық лексика деп аталатын әдеби тілдің үлкен бір саласын құрайды. Қазіргі зерттеушілер осымен байланысты салалық терминология терминін көп қолданып жүр.
Қазақ терминологиясын кезең-кезеңге бөліп баяндаудағы соны көзқарасты Ш. Құрманбайұлының еңбегінен табамыз. Зерттеуші қазақ тілі лексикасының терминденуін төрт кезеңге бөліп қарастырады: 1) ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың 10-жылдарына дейінгі – І кезең; 2) 1910 жылдан 1930 жылға дейінгі – ІІ кезең; 3) 1930 жылдар мен 1990 жылдарға дейінгі аралықты қамтитын – ІІІ кезең; 4) 1990 жылдан бергі – ІV кезең [17, 118-б.]. Автор аталған кезеңдердің әрқайсысының ерекшеліктеріне тоқталады.
60-80-жылдардағы терминологиялық зерттеулер А. Тәжімұратовтің [23], Р.А. Өрекенованың, М.Р. Насырованың , Ж.М. Молдажаровтың, Ш.Б. Бәйтікованың [27] т.б. ғалымдардың еңбектерімен толыққаны мәлім.
Қазақ терминологиясында сол мерзімдегі ең үлкен ғылыми жаңалық болып табылған еңбек академик Ө. Айтбаевтың «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» атты (1988) монографиясы. Бұл еңбек кезінде зерттеушілеріміз тарапынан жоғары бағасын алды. Тәуелсіздіктен сәл бұрынырақ жарық көрген бұл кітап қазіргі зерттеушілеріміз әлі күнге пайдаланып келе жатқан құнды зерттеу болып табылады. Қазақ терминологиясының жасалу көздері, терминология мен аударманың байланысы, термин жасаудың негізгі деген амал-тәсілдері, терминнің практикалық мәселелері (Терминком жұмысы т.т.) басқа да көптеген мәселелер аталған монографияда тиянақты қарастырылады. Біз осы орайда осы еңбекке тұрақты түрде сілтеме жасап отыратынымызды ескере отырып, оған жан-жақты тоқталмаймыз.
Сөйтіп, 60-80-жылдарда салалық терминдердің зерттелуіндегі, сондай-ақ терминнің басқа да мәселелерін көтерудегі академиялық сипат осындай еңбектерден бастау алады. Бұл мерзім Тәуелсіздіктен кейінгі термин мәселелерінің қауырт зерттелуіне іштей дайындық мерзімі болды десе болады.