Пинатубо жанартауы. 1991 жылдың маусым айында Лусон аралында, Маниланың солтүстігіндегі Пинатубо жанартауы оянады: 10 күн бойы ол қызған күл мен тау жыныстарын атқылады. Бұл елдің тарихындағы ең ірі жанартаудың атқылауы болды. Жанартау шығарындылары жергілікті жерді қалыңдығы 7 метрге жететін қабатпен жауып тастады. Ал қатты нөсер бұл массаны өзендер мен аңғарларды толтырып тастаған қою батпаққа айналдырды. Осы күндері жергілікті аэтатайпасы баспанасыз, жайылымсыз қалды.
Манила. Филиппин астанасының көп бөлігі теңіз деңгейінен төмен жатқаңдықтан онда жаз айларында (жаңбырлы кезеңде) су тасқыны жиі болып тұрады. 1571 жылы Маниланы испандықтар жаулап алады. Олар қаланы қамалмен қоршап, оны өздерінің Азиядағы империясының форпостына айналдырады. Жүздеген жылдар бойы Манила Арабия, Үндістан, Жапония және т.б. елдердің көпестерін қабылдайтын басты сауда порты болды. Бүгін бұл 7 млн-ға жуық халқы бар дамыған қала.
Энергетикасы. Электр энергиясының 53 % - ЖЭС-да, 28 % СЭС-да өндіріледі. Жер қойнауының жылуын пайдаланатын геотермалды стансалар электр энергиясының 19 % береді. 2003 жылдың көктемінде жергілікті халықтың қарсылығына қарамастан Азиядағы ең ірі электр энергиясы көзі - Сан-Роке көп мақсатты су бөгені эксплуатацияға берілді.