«Филология» факультеті


КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК КОМПОЗИЦИЯСЫН ТАЛДАУ МӘСЕЛЕСІ



бет2/3
Дата25.12.2022
өлшемі109,28 Kb.
#164338
1   2   3
Байланысты:
Әдеби теориялық зерттеу еңбектерде
Шешім каз, Шешім каз, ПИЗА ЖОСПАР МАТЕМАТИКА, Балгын, Хир стом тест каз 2021
КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК КОМПОЗИЦИЯСЫН ТАЛДАУ МӘСЕЛЕСІ
Көркемдік уақыт пен кеңістік - әдебиеттану ғылымындағы мәні терең өзекті мәселелердің бірі. Болмыстағы құбылыстардың барлығын біз осы өлшемдер арқылы ғана бағамдай аламыз. Тылсым табиғатта мезгіл мен мекен заңдылығына бағынбайтын еш нәрсе болмас. Кеңес заманында таптық ұстанымға сүйенген зерттеушілер кеңістік пен уақытты тарихи уақыттың ғана ішінде қарастырды. Алайда соңғы жылдары көркем шығармадағы уақыт пен кеңістік мәселесін зерттеген теориялық еңбектер жарық көруде. Орыс әдебиеттануында көркемдік кеңістік пен уақыт турасында алғаш сөз қозғаған ғалымның бірі - М.Бахтин. Ол көркем шығарманың бітіміне лайық өзара байланысқа түсіп, көркемдік қызмет атқаратын уақыт пен кеңістіктің бірлігін «хронотоп» деп атайды. Көркем шығармадағы «хронотоп» немесе «мекеншақ» (Б.Майтанов) ұғымы әлемнің философиялық-логикалық моделін бейнелеу арқылы өтпелі дәуір әдеби процесіндегі терең өзгерістерді пайымдауға мүмкіндік береді. М.Бахтин: «Әдеби көркем шығармадағы хронотоп дегеніміз – уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір бүтіннің табиғатына лайық бірлікте көрінуі. Мұнда уақыт қоюланып тығыздалады, сығылысады. Сөйтіп көркемдігімен көзге түсетіндей дәрежеге жетеді: ал кеңістік болса, шоғырланады, тарихтың, сюжеттің, уақыттың қозғалысына бағындырылады. Уақыт таңбасы кеңістікте белгіленіп көрінеді. Ал кеңістік уақыт арқылы танылып, уақыт арқылы өлшенеді. Мінеки көркем хронотоп қатпарлардың осылай қиысып,белгілердің осылай қосылып, тұтастануымен сипатталады» [1, 235] - деп анықтама береді. 
Аталған уақыт пен кеңістік ұғымдары әдебиет пен өнерге қатысты үш салаға бөлініп қарастырылады: 1.Реалды (физикалық) уақыт пен кеңістік; 2.Концептуалдық уақыт пен кеңістік; 3.Перцептуалдық уақыт пен кеңістік [2, 11].
Уақыт пен кеңістік категорияларының мағынасы, функциялары, құрылымы Б.М.Бахтин, Д.С.Лихачев, Н.К.Гей, Г.М.Фридлендер, А.Я.Гуревич т.б. ғалымдарың еңбектерінде қарастырылады. Осы мәселе З.Қабдолов, З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов, Т.Рахымжанов, А.Ж.Жақсылықов, Н.Джуанышбеков, А.Темірболат еңбектерінде сөз болады.
Реалды уақыт пен кеңістік бізден тыс объективті түрде болып жатқан құбылыстарда, олардың алмасу, орын ауыстыру өзгешеліктеріне қатысты. Адамзаттың ұғымында олар туралы түсініктің болуы да, болмауы да мүмкін. Концептуалдық уақыт пен кеңістік – табиғат, аспан денелері, қоршаған орта туралы біздің заманымызда жинақталған ұғымдар. Бұл іс жүзінде реалды уақыт пен кеңістіктің санамыздағы үлгісі болып табылады. Бұған әр халықтың өзінше қолданатын ай, күн, календарлары, мүшел, жыл санау, жыл қайыру ерекшеліктерін жатқызуға болады. Перцептуалдық уақыт пен кеңістік ұғымы адамдардың сезім-түйсіктерінің, психологиялық суреттерінің өзгеріп отыруымен төркіндес. Мәселен, көркем шығарманың өз ішінде ғана жүріп отыратын уақыт пен кеңістікке қатысты адамдардың көңіл-күйінің өзгеріп отыруы осының айғағы.
Уақыт пен кеңістіктің біздің санамызда бейнеленген қандай үлгісі болса да, олардың өзгешеліктері, өлшем-пішіндері реалды уақыт пен кеңістікке қарап анықталады, барлығы да содан туындайды. Уақыт пен кеңістік жазушының дүниетанымын, дүниені қабылдауын, жазушы стилін қалыптастыруда үлкен роль атқарады, сол арқылы әлемнің жеке-авторлық суретін құру ерекшелігін, көркем шығарманың ішкі заңдылықтарын айқындайды, шығарманың композициялық тірегі болып, көркем образдардың ашылуының ішкі ұйымдастырушысы болады. Уақыт пен кеңістікті зерттеу көркем шығарманың тініне бойлап, оның құрылу спецификасын, жазушының дүние туралы концепциясын айқындауға мүмкіндік береді.
Жазушы өз шығармасында оқиға өтетін белгілі бір кеңістікті жасайды. Ол кеңістіктің ауқымы кеңейіп, оқиғадан да тыс көп дүниелерді қамтуы мүмкін. Авантюралық, саяхаттық немесе фантастикалық, модернистік романдарда оқиға жерден тыс басқа әлемдерде өтуі мүмкін. Сонымен қатар оқиға бір бөлменің ішінде ғана немесе бір күн, бір сағат ішінде өтуі де мүмкін. Кеңістіктің «географиялық орта» ретінде нақты, реалды түрі болады. Мысалы тарихи романдардағы кеңістік. Ол ойдан шығарылған, фантастикалық сипатта болуы мүмкін. Сонымен қатар кеңістік пен уақыттың мифтік түрі де бар.
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ прозасында уақыт пен кеңістік өлшемдері күрделенді. Реалдылық ертегімен, мифпен жымдаса өрілді. Нәтижесінде хронотоп шартты сипатқа ие болды. Мысалы, Дулат Исабеков шығармаларындағы болып жататын оқиғалар кеңістік жағынан әдейі тиянақталмаған. Оқиғаның қандай жерде, қай уақытта болып жатқанын тек адамдар қатынасынан, анда-санда бір көрініп қалып жататын тұрмыстық суреттерден, кейіпкерлердің сөз саптау ерекшеліктерінен ғана жобалай аламыз. Автор үшін ол негізгі максат та емес. Қаламгердің біз зерттеп отырған повестеріндегі трагизм жазушының нақты бір қоғамдағы әлеуметтік шындыққа келіспеу идеясынан, наразылығынан емес, жалпыға ортақ категориялардан туындайды. Сол мақсатты суреткер жеке адамдардың ғұмыры мен тағдырына үңілу арқылы жүзеге асыруға тырысады.
Көркем шығармадағы кеңістік пен уақыт сол шығармадағы оқиға, іс-әрекеттерге қатысты өзгереді. Ал олардың алмасуына, бір-біріне қатысты жүйеге түсуіне әлеуметтік жағдай себепші, іс-әрекеттің мән-мағынасына бағындырылған. Шығармада қаһарманның дүниеге келген сәтінен кемеліне келген шағына дейінгі кезеңді тездетіп баяндау, уақытты сығымдау немесе оны созу, оқиғаны тек соның айналасына жинақтап, дамыту т.б. уақыт пен кеңістік категорияларына да әсер етеді. Реалды уақыт үздіксіз өтіп жатады және үнемі алға біркелкі жылжиды. Бізді қабылдауымызда уақыт кейде ақырын, кейде жылдам ауысқандай болады. Ал көркем шығармадағы уақыт оқиғаның суреттелуіне байланысты бірде жедел, бірде баяу жүріп, кейде үзіліп те отыруы мүмкін. Қайсыбір шығармаларда оқиға аяғынан басталып, суреткер уақытты кейін қарай жылжытып көрсетуі мүмкін. Мәселен, О.Бөкеевтің «Үркер», «Бәрі де майдан» шығармаларында уақыт кейін жылжытылып, негізгі оқиғалар, тартыс лирикалық шегініс арқылы беріліп отырады.
О.Бөкеев шығармаларында уақыт пен кеңістік композициясы үлкен орын алады. Жазушының өзі де «Қар қызы» повесі жөнінде: «Ол повесте менің айтайын дегенім тракторшылар өмірі емес, кеңістік пен жалғыздық мәселесі, адамның кеңістікті түсінуі, қабылдауы, кеңістіктің жалғыздыққа жасайтын ықпалы» - дейді. О.Бөкеев шығармаларында жыл мезгілдері: қыс, көктем, жаз, күз өз кезеңдеріне сай айшықты бедерленіп отыруымен қатар уақыттың да өлшемі болып суреттеледі. Шығармаларда суреттелетін оқиғалардың уақтысы, мезгілі нақтылы көрініс табады. Таңның қылаң беруі, күннің шығуы, сәуле шашуы, талма түс, бесін, өліара бітіп айдың жаңалануы, айдың толысуы, бәрі де мезгілдік қызмет атқарып тұр. Сонымен бірге жазушы шығармаларындағы оқиғалар, іс-әрекеттер нақты сюжеттік уақыт жағынан алғанда екі-үш тәуліктік мерзімді ғана қамтып көрсетеді. Қалғандары кейіпкердің жан-дүниесіне сыналай кіру, ой дүниесін ақтару арқылы лирикалық шегініс, кейіпкер монологтары арқылы беріліп отырады. Жазушының «Мұзтау» повесінде негізгі кейіпкер Ақтанның нақтылы уақыт, үш күнгі елден жырақ тіршілігі суреттеледі. Ақтанның ойы, естеліктері кейін шегіну арқылы ғасырлар тереңінен сыр тартып көркемдік уақыттың танымдық сипатын, әсерлігін арттыра түседі. Автор кейіпкердің дүниеге көзқарасының қалыптасуына ерекше әсер еткен жағдайларды, мәнді кезеңдерді таңдай отырып, шығармадағы тарихи уақыт сыйымдылығын арттыра түседі. Өмірі Аршалының тарихымен сабақтас жазушы өзі «ақ көңіл адам еді» деп сипаттайтын өтірікші Асан шалдың ертегілері арқылы көркемдік уақыттың қаншалықты маңызды, мағыналы болатындығына көз жеткізеді. Осы Асан шалдың өтірігі арқылы шығармада фольклорлық уақыт пен кеңістік те бейнеленеді.
Тәуелсіздік жылдарындағы әдеби процесте мениппеяның кейбір белгілерін бойына жинаған, көркемдік ізденісі, тақырыбы, әдісі тұрғысынан елді елең еткізген, көзге «алабөтен» көрінген шығарманың бірі – М. Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаясы. Шығармадағы фантастикалық, философиялық мотив, жұмбақ жайттар, уақыт пен кеңістіктегі еркіндік бірден зерттеушілердің қызығушылығын тудырды, қызу талқылаудың нысанына айналды. М. Мағауиннің «Қыпщақ аруы» романындағы басты кейіпкер – сұлулық. Айсұлу бегім уақыт пен кеңістікке тәуелсіз сұлулықтың символына айналған. Сюжеттік шырғалаң, шығарманың мазмұндық астарының қалыңдығы, уақыт пен кеңістік аясындағы еркіндік, өткен мен бүгін арасындағы контраст, өткен тарих сілемдеріне назар салу, ретроспективтік ыңғайдың молдығы жазушы шеберлігінің табиғи қуатын танытады.
Қазіргі қазақ прозасында мифтік бастаудың әсері күшті. Қаламгерлер өз шығармаларында аңыз-әңгімелерді, діни көне сюжеттерді кеңінен қолдану үстінде, бұл өз кезегінде олардың шығармаларындағы кеңістіктік-мезгілдік өлшемдердің күрделенуіне әкелді. Бұл ретте қаһармандардың ішкі әлемінің ұңғыл-шұңғылын, олардың жан дүниесінің, санасының, жадының, қиялының кеңістіктерін зерттеуге назар аудара бастады. Бұл бір жағынан адаммен байланысты философиялық мәселенің түп негізіне бойлауға, екінші жағынан жеке уақыт пен кеңістіктің шекарасын жылжытуға мүмкіндік берді.
Әдеби шығарманың композициясы – бейнеленген заттық бірліктердің және тілдік-көркемдік тәсілдердің ретпен орналасуы мен сабақтастығы, шығарма элементтерінің, белгілердің байланысу жүйесі» [3, 150]. Теорияға иек артсақ, сюжет те, композиция да әдеби шығарманың мазмұнын көркем жинақтайтын формаға жатады. Бұлардың бірлігімен қатар өзгешеліктері де бар. Композиция барлық шығармада болады, өйткені композициясыз шығарма көркемдік қасиетінен айрылады. Композиция сюжеттен тыс нәрселерді де қиюластырады, яғни ол - сюжеттен кең ұғым. Әр суреткер шығармасының сюжетін өз қалауынша құрады, белгілі бір қалыпқа бағынбайды. Әр шығарманың архитектоникасы әр түрлі. Сюжет кез келген көркем шығармада бола бермейді (көбіне лирикалық өлеңдерде). Бұл турасында О.И.Федотов: «Толық мағынасында эпос пен драма ғана сюжетті; оқиғалық желісі әлсіз немесе тіпті жоқ лирикалық шығармаларда сюжет болмауы да мүмкін. «Нүктелік» сюжет (В.В.Кожинов) ұғымы да бұл жағдайда жеміссіз» [4, 85] - дейді.
Мысалы М.Жұмабаевтың «Жаралы жан» өлеңін алайық:
Соқпа сорлы жүрегім,
Шірі енді, ақ білегім!
Мынау қара құзғынның
Бердің-ау тәңірім, тілегін!
Сауықшыл есіл елім-ау,
Сарыарқа сайран жерім-ау!
Күмістей таза суы бар,
Айдын шалқар көлім-ай.
Сол жерде ойнап жүре алмай,
сауық-сайран құра алмай,
қарғаға құзғын жем болып,
қалғаным ба, бір алла-ай?!
Бұл өлеңде оқиғалық желі мүлдем жоқ. Шын мәнінде, мұнда еш нәрсе болып жатқан жоқ, тек ақынның жаны мен тәнінің күйзелісі, «қара құзғынға жем болған» трагедиялық ахуалы ғана бар. Лирикалық қаһарман қимыл жасамайды, әрекетке бармайды, тек өзін билеген сезімдердің тылсым құшағында, өміріне налиды, шарасыздықтан мұңаяды, қайғырады. Мұңы ұлы трагедияға ұласады. Дей тұрғанмен, лирикалық өлеңнің көркемдік әлемі жалпы әдеби заңдылықтарға бағынады, ол жанды әрекетке, қозғалысқа, ішкі динамикаға толы. Бірақ ол қозғалыс мазмұндық желімен ғана емес, бейнелеу желісімен байланысты. Қақтығыстың ширығуы сюжет арқылы шешілмейді, лирикалық тақырыптың дамуы арқылы көрініс табады. Түйіндей айтсақ, композиция сюжеттік дамудың кезең-кезеңдерін тәртіпке салып, реттеп, қиыстырып қана қоймай, көркем туынды компоненттерінің бірлігі мен тұтастық жүйесін қамтамасыз етеді. Композиция шығармаға ішкі ырғақ дарытып, оны өз-өзінен (романдар мен повестерді) бөлімдер мен бөліктерге, (драманы) акт, перде, көріністерге, (лириканы) тармақтарға бөледі. Ал, композициялық шеберлік - шығармадағы барлық бөлшекті бір ғана бүтінге тұтастыру, бәрін бір ғана нәрсеге, негізгі идеяға бағындыру болмақ.
Уақыт кеңістігін Әбіш Кекілбайдың «Шыңырау» повесінен анық байқаймыз. Шығармадағы Еңсептің құдық қазу үшін орын алып тұрған кеңістігі – шыңырау түбіндегі тереңдеген сайын салқынның суығы да үдей түседі. Ал сырттағы ыстық аптаптағы дүние өз бағдарында тұр. Қайшылық мәні жоқ. Мәңгілік бағдарлы нәрсе болып адамның қажыр-қайраты жұмсалып біткенше әрекеті мен мұраты баяндалады.

Қазақ әдебиетінің Бахтині



Көркем сөз өнерінің басты құралы – тіл. Тіл­құрал – көркем шығарма арқылы өзінің эстетикалық табиғатын ашып, жарқырап көрінеді. Күнделікті қолданыстағы қарапайым сипатынан айығып, қалай сырбазданып, сымбаттанып, «Патша­сөз» деңгейіне көтерілгенін сезінудің өзі бір ғанибет! Тіл менен әдебиеттің ғылым ретінде тоғысар тұсы да осы арада. Сөз орамдарын тек сөз тіркесі ретінде саралау – құрғақ, мұнда тек тұлғалардың сыртқы сәнсіз, эстетикалық мәнсіз грамматикалық формалары ғана бар. Ал оны көркем шығарма негізінде талдау, көркемдік нәрі мен әрін бағамдау – қазақ сөзінің мәні мен мағынасын терең зерделеуге, мазмұн тереңіне сүңгуге жеткізері даусыз. Ия, маңайын абайлай шолып, өзінің бақытынан гөрі өзгелердің бағын аялай, әдеби сын мен әдебиет теориясының көркемдік деңгейін саялы баққа айналдырып, маңғаз қалпында фәни дүниені мансұқтай, бақиға аттанған Бақытжан Майтанов ағамыз Қазақ сөзін мол зерделеді. Зерделегенде де, сөздің тек сыртқы қабығын аршып алып, нәрін татып көрмейтін грамматистердей немесе тек сұлу сөзге сұқтанып ішкі тереңіне барлау жасауға келгенде құзыреті жете бермейтіндердей емес, Патша сөздің ішкі терең мағыналық құрылымына бойлай, эстетикалық сәні мен нәрін таңдайға салып татып, көркемдік келбетін жаңаша танымдық бағытта талдай, көркем дүниедегі суреткерлікпен салынған кестелі дүниені бөліп, таңдап, оның тіршілік атты мәңгілік қозғалыспен байланысын, күнде түрленіп, жаңғырып жатқан ізгілік мұраттарымен салыстыра отырып, өзіндік ғылыми байлам жасайды. “Күннің нұрына шалқып, айдың сәулесіне қарап, тәубесін ойлаған адамзат әлемдегі шексіз жаңалықтардың нақты куәгері ретінде айналадағы құбылыстардың бәрін де көңіл­кеңістіктің түссіз ауасына жіберіп, қажымас сабырмен тыныстайды, жүректен мекен іздеп, біліп­танығанын зерде бекеттерінде қалдыра бермек” – өзі айтқандай, көркем шығармадағы сұлулықты тануға арналған автордың әрбір сөзін қалт жібермей бағамдап, бағалап, оны үлкен теориялық біліктілік деңгейінде саралап, ерекше шұрайлы тілмен сабырлы талдап, көркемдік семантикасының сырын танытады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Майтанов “Қазақ прозасындағы замандас бейнесі”, «Көркемдік нәрі», Мұхтар Әуезов – суреткер”, “Қазақ романы және психологиялық талдау”, “Мағжан Жұмабаев поэтикасы”, “Монолог құрылымы”, “Пейзаждың көркемдік семантикасы” т.б. сыни зерттеу еңбектері арқылы ХХ ғасыр соңы мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті сыны мен теориясының көркемдік көкжиегін жаңаша теориялық биікке көтерген көрнекті ғалым. Атақты орыс ғалымы Михаил Бахтин Ф. Достаевскийдің поэтикасын талдап, өзіндік жаңаша философиялық позициясын танытса, Б. Майтанов М. Әуезов, М. Жұмабаев, Ғ. Мүсрепов шығармаларын саралай зерделеу барысында қазақ әдебиеті сынында жаңа ғылыми­теориялық бастауды қалыптастырды. Көркем шығармада көрінетін адам жанының сырлы дүниесінің сырын ашуға деген ұмтылыстың психологиялық арналарын танытып, «басты идеялық­эстетикалық факторға саналатын суреткер тұлғасы – жанр, сюжет, стиль принциптерінен туған бейнелеу бірліктері – портрет, пейзаж, диалог, монолог, автор төл сөздері арасындағы қарым­қатынасты реттеп, саралап отыруға тиіс негізгі ұйымдастырушы күшті» ашып берді. Көркем әдебиеттің мақсаты қоғам мен адам, бұқара мен жеке адам арасындағы жанды әлеуметтік­психологиялық байланыстарды шынайы бейнелеу деп таныған ғалым қазақ сөз өнерінде жасалған кейіпкерлердің жан дүниесіндегі психологиялық терең құбылыстарды танытуда, қоғамдық­саяси, моральдық­этикалық ақиқаттарды терең дүниетанымдық позициядан суреттеудегі психологизм принциптерін айқындайтын нақыштарды тану үшін барынша байыпты зерттеулер жасады. Тұңғыш қазақ романы “Бақытсыз Жамалдағы” күрделі әлеуметтік мәселенің күрмеуін шешу жолындағы автор бейнелеген көркем образдардың суреттелуіндегі психологиялық иірімдерден бастап, Ж. Аймауытовтың “Ақбілегіндегі” уақыт қасіреті, қалық қайғысы, әйел трагедиясының суреттелуі, М. Әуезов сомдаған тұлғалар тарихнамасындағы сезімдердің сомдалуы, Еламан басындағы сергелдең мен Ақбала кешкен адасу соқпағына дейінгі көптеген қазақ романында жасалған дара тұлғалардың басындағы сан алуан тағдырды берудің ерекшеліктері Б. Майтанов зерттеулері арқылы ғылыми талданып, оқушы қауымға бағдаршам болады. Ғалымның пайымдауынша, «Адам – тарихи, әлеуметтік объект ғана емес, психологиялық, биологиялық субъект», сондықтан көркем шығармадан ол адамға тән болмыстың суреттелуін: күйінішінің, сүйінішінің, сезімінің, махаббатының, жан әлемінің қалыптасуының, дүниетанымының бейнелену нақышын іздейді. Егер қаламгер дәуір тұлғасына сай адамдар дүниетанымы мен рухани болмысының қалыптасуын көрсетуде көркемдік уақытты терең психологиялық дәлелдеме ретінде пайдалана алса, шынайы жинақтауға, образды даралауға табиғи жол ашқаны деп есептейді. «Психологизм – көркем әдебиеттің тұтас болмысынан ажырамас қасиет», көркем бейнелеудің принципі, ойлау типі, жазушы талантының төл белгісі деп деп таныған ғалым, жазушыны адамның жан сезімін тану өнерін игерген жан ретінде бағалайды. Әлемдік әдебиет теориясын терең меңгерген білімі мен біліктілігі ғалымды классикалық шығармаларға классикалық талдау жасауға жетелегендей. Көркем бейненің әрбір қылығы мен әрекетін жіті бақылай, бағалай отыра, қаһарман бойындағы құштарлық пен тартысқа толы отты тірлік кешуінен әлдебір философиялық түйін түйіп, оның жан әлеміндегі бұлтарыс­қалтарыстардың себебін түсіндіріп береді. Автордың айтқысы келген ойын тереңдете, уақыт философиясына, кеңістік философиясына салып, кең пішеді, мол толғайды. Өзі терең зерттеген М. Әуезов шығармашылығын талдауда уақыт мен кеңістік философиясы тұрғысынан алуы, ғылыми өренің толыққанын, шыққан мәре биігінің жоғарылығын танытса керек. Ондағы оқиға сарынын жалаң саралаудан бас тарта отырып, желідегі әрекеттерді уақыт сыны бойынша жүйелеп береді, бұрынғы шақтың әлеуметтік, эстетикалық болмысын сол сәт емес, бүгінгі дейтін кезеңдік өлшем кеңістігіне тән тарихи, қоғамдық, философиялық межелер таразысы арқылы неғұрлым толық бағамдауға жетелейді. «Ру, жер, туыстық мәселесі – ең алдымен уақыт пен кеңістік мәселесі. Эпопеяда мәселенің саяси­қоғамдық астарына үңілу нәтижесінде шындық моделінің көркемдік­эстетикалық қабатын түзу мақсаты бар. Саяси уақыт жоғарыда А. Байтұрсынов көрсеткен әлеуметтік мекеншақпен төркіндес» – деп жазады ғалым (М. Әуезов ­ суреткер, 41). Хроното́п (көне гректің χρόνος, «уақыт» және τόπος, «орын» деген сөздерінен алынған) – М.М. Бахтиннің “Формы времени и хронотопа в романе” деп аталатын зерттеуінде енгізген әдеби термині. Хронотопты Бахтин “существенную взаимосвязь временных и пространственных отношений” деп түсіндіреді. Бұл терминді профессор Б. Майтанов “мекеншақ” түсінігімен береді. Пікірге толық қосылу жөн. Терминнің дәлдігін, анықтығын, нақтылығын былай қойғанда, Бахтиндік ойдың мазмұнын ашып, қазақ әдебиеті теориясына мекеншақ ұғымы туралы жүйелі де негізді пікір қалыптастырғанын атап көрсету орынды болмақ. Кеңістік – шындық болмыстың нақты көрінер тұсы, мұнда адам өзін­өзі және айналадағы қоршаған ортаны тани бастайды. Кеңістікте берілетін тәжірибе барлық феноменологиялық білімнің негізін қалайды. Ю.М. Лотман бұл жөнінде: «Семиотика пространства имеет исключительно важное, если не доминирующее, значение в создании картины мира той или иной культуры. Природа этого явления связана с самой спецификой пространства. Неизбежным фундаментом освоения жизни культурой является создание образа мира, пространственной модели универсума»– деп жазады. Көркем шығармада әлем бейнесінің көп қырлылығы кеңістіктік бейне арқылы жақсы танытылатыны белгілі жайт. Б. Майтанов мекеншақ ұғымын теориялық тұрғыдан қазақ әдебиетіне орнықтырып, өзі дамытты. Кеңістік концептісіне енетін “дүние” болмысы адам үшін уақытпен мәңгі бірге үйлесімде. Хронотоптық (мекеншақтық) тұтастық құрайтын бұл үйлесімділік адам баласы үшін оның өмірінің әрбір кезеңінде субъективті бағаланады. Бірақ бәрі де осы тұтастықтың жалпы заңдылықтарына бағынады. Көркем мәтінде бұл субъектілік түйсік сезімі әртүрлі қолданылуы ықтимал. Бір сәт ұзақ созылып, уақыттың мәнін анықтауы да, үлкен уақыт мерзімі өтпелі шақ болып суреттелуі де ықтимал. Ғалым үшін ең маңыздысы – көркемдік тұтастық. Бұл тұтастықты табиғат пен адам арасындағы терең тамырластықтан іздейді, әрі табады да. «Табиғат мекендік орта болса, адамдар сан алуан ынтымақтасу шарттары бойынша өзара үндес яки қиғаш сипатты қарым­қатынасқа түсіп жатады» деп танып, шығарманың бүкіл өн бойынан осы үндестікті іздеуге асығады. Кеңістік пен уақыт аралығында күрделі, бірақ көзге көрінбейтін байланыс орнайды. Автор өткен мен бүгінді байланыстырып, ондағы әртүрлі танымдық тағылымды Сіздің қолыңызға шындықтың кілтіндей ұстатады. Көркемдік кеңістік автор қиялының тереңдігінен өзгеріске түсіп отырады да, орын мен уақытты ауыстыру арқылы шағын мәнді әрекеттен ауқымды, ірі танымдық мәселелерді алып шығады. Мәселен, «Абай жол» романының басталуындағы оқиғаларға тоқталған тұсында: «Жазушы айтатын үш күндік уақыт – бұл эпизодтар мәселеге байланысты қайталай тоқталып отыруды талап ететін және сахара өміріне тән серілік, ұрлық, сауық­сайран, әзіл­қалжың іспетті мәдени құбылыстарды еркін аңғартуға жеткілікті», –дей келе, Абайлар мәңгілік қозғалыс үстіндегі көшпенділердің кезекті еруіл шағына асығуда, – деп түйіндейді. Сөйтіп, кеңістік концептінің көркем бейнелілігі арқылы жазушының дүние болмысын тану моделін, үлгісін танытады. Кеңістік пен уақыттың байланысын сезіну тұрғысынан мұндай ғылыми талдаулар жалпы мен жекенің арасындағы қатынасты көрсетуде ерекше үлгіні танытады. Авторлық бейненің жан дүниесі, ішкі сезімі, арманы, түпкі мақсаты мына тіршіліктің қаракөлеңке тұстарын бағалауы арқылы көрініс тауып, рухани алыс пен жақынның таңдауын өз оқырманының ойлауына тастайды. Көркемдік әлем белгілі кеңістікте, уақыт аралығында өмір сүреді. Кеңістік, уақыт және болмыс категориялары – бірінен бірі ажырағысыз. Автор қаласын, қаламасын, ол шығармадан әлем танудың эстетикалық­танымдық моделі ретінде орын алады. “Кеңістік” концепті көркемдік мазмұны кең, өрісті, өз ішіне мәндік үлкен жүк арқалаған сипатында көрініс табады. Ғалым зерттеулерінде кейіпкерлердің психологиялық мінездемесін тануда сөздің контекстік қолданысына ерекше мән беріп, оны тілші ғалымша талдайды. Әр сөздің қолданыстағы мазмұны мен мағыналық құрылымы уәжді, негізді, жүйелі берілу керектігіне көзіңізді жеткізеді, ойландырады. Жұмабайдың «жорға Жұмабай» аталуы – ыңғайсыздау ахуалды тапқыр сөзбен жаймашуақтау үшін расында да ел танып атағандай жорға Жұмабайлық керек десе, «бөрінің бөлтірігі» сөзінің қолданысын былайша түсіндіреді: «Бөрінің бөлтірігі» жас Абай қылығынан исі Тобықты, Ырғызбайға хас тарихи мінез сырын лезде іздестіріп, жинақтап саралау стихиясын байқаймыз». «Бөрінің бөлтірігі» тіркесінің контекстік мағынасының қалайша жұмсалғанын түсініп, автордың ойымен келісесіз. Келісті ойдың келісімді берілуінің басты шарты сөйлемді дұрыс құра білу екенін ғалым Б. Майтанов әсте естен шығармайды. Жазушы сомдаған кейіпкердің дүниетанымы, көңіл сарайындағы жақсы бір өзгерістер мен жан сезімін бейнелер тұстағы сөздің (сөйлемнің) басталуының ерекше мәнді екенін үнемі оң бағалайды. М. Әуезов суреткерлігін танытар тұста жазушының Абай өлеңдері мен қара сөздеріндегі сөйлеу мақамын, пайым, тұжырымның логикалық, стилистикалық ерекшеліктерін сақтап отыратынын нақты деректермен келтіреді. Бұл сөзге деген жауапкершіліктің бір символдық белгісі ретінде танылса керек. Сөйлемнің қалай басталуының жөні айтылар ойдың логикалық пайымдалуымен тығыз қарым-қатынаста. Ғалым былай деп жазады «Алғашқы сөйлем Абайдың адам қасиетін бір нәрсені қалай аяқтауынан емес, қалай бастауынан көретін белгілі пікірін өзгеше ыңғайда өрбіте түспек. Қара сөзінде Абай ақтала тіл қатса, романдағы ішкі сөздерінде күйіне шерленеді. Қаһарман күйзеліп қана қоймаған, жан сырқатын сипаттай да алады. ... Сөйлем ырғақтарына буын, дыбыс толымдылығын дарытатын эпитет, көрініске нақыш-өрнек қосатын теңеулер, интонациялық екпін тынысын ашатын инверсия мысалдары шешендік сұрау тәсілі монологтағы психологиялық шындық болмысын өркештендіре бейнелеген» (110-бет). Яғни көркем шығармадағы монологты талдауда лингвистикалық терең пайымдауларға барып, нағыз филологиялық зерттеу деңгейіндегі күрделі құрылымдық толғамдармен тұжырымдар жасайды. Дана Абайдың: Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да, Алдамаған кім қалды тірі жанда? Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, Жалғыз-жарым болмаса анда-санда, - деген көңіл түкпіріндегі қүңгірт қоңыр сырын ақтаратын өлеңін талдай, ондағы мән берілетін тірек сөздер ретінде ғалым «алыс-жақын», «жалғыз-жарым», «анда-санда» сөздерін атайды. Дала кемеңгерінің мәңгілік айнымас дос табудан күдер үзген сезімінің берілу иіріміндегі психологизмді зерделеп, сөз қолданысындағы сөздердің мағыналық құрылымын атап көрсетеді. Ұсынылып отырған үш тұтқа сөздің терең мағыналық құрылымына назар аударсақ, ойлана алатын адамды бей-жай қалдырмайтыны даусыз. «Алыс-жақын», «жалғыз-жарым», «анда-санда» - жинақтық мағынада жұмсалатын қос сөздердің мағыналары – жалпы, дерексіз, қолға ұстап, көзбен көруге болмайтын, белгісіз, дерегі - беймәлім... Анда-санда жалғыз-жарым болатын шығар деп үміт оты жағылады. Абай даналығы – осы үміт отын алыстан маздатуында да болар бәлкім. М. Әуезовтің автор ретіндегі құдіреттілігін «қаһарман іс-харекетін баяндау мен оны пайымдаудағы тепе-теңдіктің сақталмауын (сақталуын емес) өміршең көркемдік эстетика талғамы», «графико-стилистикалық өрнегі – қос үнді немесе ортақ төл сөздер, ішінара алмастырылған (замещенная) төл сөздер. Қаламгер мұндай оптикалық тәсілдерді тікелей авторлық баяндау барысында персонаж субъектісінің қатысуын арнайы тілдік бедерге көшірмей-ақ, оның аңсарын сездіру немесе сезіну жолымен іске қосып отырады», - деп жазады ғалым. Б. Майтанов сөйлемнің синтаксистік құрылымына ғылыми талдау жасамай-ақ (өйткені мақсатына енбейді), көркем шығарма негізінде субъекті мен объектінің, субъекті мен агенстің арасындағы байланыстың прагматикалық сипатын анықтап, сөз өрнегіндегі қолданысын көрсетеді. Оның «Сілтеу есімдіктері, келер шақ етістік формасының қолданылуы сөз орындарының ой екпінін қузау мақсатымен ауысып келуі, түрлі тыныс белгілері қаһарманның жан толқынысындағы кейіс, реніш табы мен үміт, сенім мақамын шынайы экспрессиялық қуатпен өрнектеген» деп талдауы бүгінгі ізденушілер мен зерттеушілерге жаңа бір белеске көтеріл керектігін, білім мен білікті шыңдай түсу қажеттігін меңзейтіндей, Поэтикалық ой жотасын асқақтатқыңыз келсе, сөйлемді қалай бастауды, етістікті қай тұлғада жазуды, сөз орамдарын орынды пайдалана білуді де нұсқамай ма?! Өмірлік дерек қаламгер қиялы арқылы сырт көрініс пен ішкі әсерді қатар ашу міндетіне себепкер екенін нақты деректермен анықтаған ғалым монологта ортақ төл сөздердің қолданысын үлкен ғылыми ізденіспен талдайды. Ортақ төл сөз – бірінші жақтық баяндау үлгісіне қарағанда, тұспалмен тап баса тіл тартуға қолайлы болған, - дей келе, ортақ төл сөз арқылы берілген сөйлемдердегі сезім сырларын нақтылайды. Көркем шығармадағы авторлық баяндау, суреттеу, кейіпкер тілі, стилі, автор бейнесі, шығарма тіліндегі метафоралық қолданыстар мен теңеулер, символдық бейне т.б. сынды теориялық ұғымдар Б. Майтанов шығармашылығының бүкіл өнбойында филологиялық аспектіден терең ғылыми талдауға түседі. Авторлық баяндаулардың көркемдік-эстетикалық қуатын арттыратын стилистикалық қоспа рөлін троп пен фигура түрлері атқаратынын атап көрсетіп, стильдік өрнек табыстарын деректермен сәтті талдайды. М. Бахтиннің автор мен көркем шығармаға қоятын талаптары мен тілектерін теориялық тұрғыдан тереңдете отырып, Б. Майтановтың өзі де қазақ әдебиетінде М. Бахтин деңгейіне көтерілді. Ғылымның даму эволюциясында синергетикалық заңдылық орындалатынын еске алсақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Майтановтың қаламынан шыққан ғылыми зерттеулер де қазақ әдебиетінің сыны мен теориясынан өзінің ойып орнын алатыны даусыз. Сөзге ғашық, сөздің асылын іздеген ғалым ағаның ғылыми талдауларындағы сөз қолданысының өзі керемет. Талай ғылыми диссертациялар жазуды талап ететіндей артына мөлдір мұра қалдырған екен деп топшыладық.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет