Қысқаша мазмұны:Қазақ тілінде зат есімдер кім? не? сұрақтарына жауап беруіне байланысты үлкен екі топқа бөлінеді. Зат есімдердің осылай екі топқа бөлінуі басқа тілдердің зат есімдерінен өзіндік ерекшелігі болып табылады. Осымен байланысты А.Ысқақов персондық және бейперсондық деген атаулар енгізді, яғни персондық зат есімдерге кім? деген грамматикалық сұраққа жауап беретін сөздер, ал бейперсондық зат есімдерге не? деген сұраққа жауап беретін сөздерді жатқызды. Ғалым бұл терминдерді "Қазіргі қазақ тілі» оқулығының 1974 жылғы басылымында адамзат есімдері мен ғаламзат есімдері деп өзгертті. Сондай- ақ кім? деген грамматикалық сұрауға жауап беретін зат есімдерді өз ішінде тағы да бірнеше мағыналық топтарға бөліп көрсетті:
а) адамға тән атаулар: бөпе, бала, ұл, қыз т.б. ә) туыс атаулары: аға, іні, нағашы, жиен т.б.
б) іс-әрекетпен кәсіп-мамандық иелерінің атаулары: студент, оқытушы, дәрігер, заңгер т.б.
в) әр алуан қызмет баптары мен лауазым атаулары: ректор, әкім, директор т.б.
г) кісі атаулары: Арман, Дәурен, Әлия, Раушан т.б.
Проф. А.Ысқақов не? деген грамматикалық сұрау, әдетте адамнан өзге барлық жануарлардың және күллі заттар мен нәрселердің атауларына қойылады дей келіп, оларды-деректі я дерексіз заттар мен заттық ұғымдардың атаулары, өсімдік атаулары, ас пен ішімдік атаулары, хайуанаттардың, аң мен құстың атаулары, балық аттары, құрт-кұмырсқа, бақа-шаян аттары, мекен, қопсы, құрал-жабдық атаулары секілді бірнеше түрлерге бөлген.