Филология факультетінің деканы, ф.ғ. к.: Қадыров А. Қ. Мазмұны



бет25/79
Дата06.02.2022
өлшемі0,93 Mb.
#75500
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   79
Дәрістің жоспары: 1.Тәтіқараның азаттық үшін күрес ұраншысы,
басқыншыларға қарсы халықты ұрысқа шақырушы
жауынгер ақын, “жортуыл кернейшісі” екендігі,.
2.Оның өз заманының ең көрнекті, ең қуатты, ең алдыңғы
қатарлы жыршысы, яғни ақыны болғандығы.
3.Ұлы Шоқанның Тәтіқара жырларына назар аударуы.
4.Ақын өмірінен мәлімет.
5.Ақын есімінің әсіресе 1756 жылы қазақ жеріне
басқыншылықпен кірген Цин үкіметіне қарсы күресте
ерекше танылуы.
6.Абылайдың жауынгершілікке аттанғанда жанынан
тастамайтын сенімді серігі, оның сарбасшысына дем берушісі
болғандығы.
7.Тәтіқара жайында таралған әр түрлі аңыздарға шолу.
8. Шығармашылығына талдау:
“ Қамыстың басы майда, түбі сайда”.
Өлеңнің шығу тарихына назар аудару).
Абылай сарбаздарына қауып төнгенде, жігер беру, намыс
қайрау мақсатында туғандығы.
-Абылай заманындағы әр батырға сипаттама, баға беруі.
Тәтіқара – XVIII ғасырдағы қазақ ақын-жырауларының көрнектілерінің бірі. Абылай бастаған сарбаздардың айтулы жырауы. Жалаң қылыштай өткір мінезімен, табан астында суырып салма шапшаң айтқыштығымен жорықтастары алдында үлкен беделге ие болған. Аспаннан бұрқаған қара дауылдай, жерден шыққан қара пәледей жау төнгенде, яғни жасақтардың барар жер, басар тауы қалмай тығырыққа тірелгенде көптің көш бастайтын серкесі іспеттес. Сол себепті де ол:
Алдыңнан – су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда! –
деп, тосылып тұрған сарбаздарға ұран тастайды. Кескілескен бір ұрыста жыраудың осы ұлағатты сөзінен кейін қара түнек бұлттың ішінен күн жарқ ете түскендей жасақтар арындап тасып жатқан судан аман өтіпті деседі.
«Тыңдаусыз болса сөз жетім, іздеусіз болса қыз жетім» дейтін бабаларымыздың ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін есті сөзге тоқтамаған кезі кемде-кем. Өз өмірінің көбін шапқын-сүргінде өткізген қазақ халқы елін жаудың ызғарынан, жерін жаттың атының тұяғынан қорғаштап-ақ баққан ғой. Ол үшін ақау шықпас ауыз бірліктің, мызғымас жігердің қажет екенін өмірдің өзі көрсеткен. Осы орайда сүттей ұйыған татулыққа кім шақырмақ, төмен түскен еңсені кім көтермек? Мұндай кезеңде жыраудың орны өзгеше. Жырау – халықтың қорғаны, ол ең алдымен өзін емес, өзгені ойлаған. Екінші сөзбен айтсақ:
Алдаспан ауыр қылыш суырған,
Ажалға қарсы жүгірген, –
дегендей ел-жұртының қылышы, семсері.
Ел аузындағы деректерге сүйенсек, оның ішінде шежіре қарттардың айтқанына құлақ ассақ, Тәтіқара Сарыкөл маңайындағы Уақ руынан шыққан, Уақ ішінде Қалмақ деген атадан, Ақынның туып-өскен жері – қазіргі Қостанай облысының Урицкий ауданы.
Тәтіқараның саналы өмірінің бәрі дерліктей Абылай ханның төңі-регінде өткен. Оның себебі, жұрттың бәріне билігін мол жүргізу үшін Абылай өз маңына ақын, жырау, шешен, батырларды топ-топ ұстаған.
Тәтіқара жыраудың «Қамыстың басы майда» атты толғауы мен Ер Шобан жыраудың толғауы сырттай бір-біріне ұқсас. Екеуінде де көптеген батырлардың аттары аталып дәріптеледі. Оқиғаның шығу төркіні де екеуінде бір негіздес. Екеуі де жан қысылғанда айтылған мадақ.
Тәтіқара жырында аталатын батырлардың өмірде болған адамдар екені тарихтан белгілі. Айталық:
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза, –
дегендегі Арғын ішіндегі Шақшақ деген кіші атадан шыққан Жәнібек батыр Абылай ханға асқан ержүректілігімен, қара қылды қақ жарып кесіп айтатын әділдігімен, ұсақ-түйекке мән бермейтін еркек мінезді тәкаппарлығымен ұнаған. Ш. Уәлиханов батырдың бір көрінісін былайша суреттейді: «Үнсіз темекі тартып отырған батырға жас жігіт батыл жақындап келіп:
– Жәнібек батыр, темекіңізден мархабат етіңіз, – дейді. Жәнібек жас батырды елемеген кейіппен темекісін өзінің қалтасына салып қояды. Аздан соң қайтадан ұрыс басталып кетеді. Сарбаздар бірі садақпен, бірі айбалтамен, бірі шоқпармен ханның төңірегіне жинала бастайды. «Алғы шепке шығатын кім бар?» деп Жәнібек батыр жар салады. Сонда өзінен темекі сұраған жас жігіт Байғазы бірінші болып саптан алға шығады. Он мың сарбазы бар қалмақтар жан қояр емес, түтіп жеп жылжып келеді. Ақыры қазақтар тым-тырақай қаша жөнеледі. Қалмақ басқыншыларының алдында еңгезердей ірі қалмақ бірнеше қазақты аттарынан аударып тастап, жайпап келе жатады. Сонда Жәнібек ақырып: «Біздің қазақтардан мына бір есерсоқтың басын шауып түсіретін бір еркек кіндікті тумаған ба?» – дейді. Бұл сөзді естіген соң қатты намыстанған Байғозы жаңағы атан түйедей қалмақты садағымен ат үстінен қалпақтай ұшырып түсіреді. Қазақтар бұл уақиғаға қатты рухтанып кетіп, кері соғады да, жеңіске жетеді. Байғозының ерлігіне сүйінген Жәнібек оған шақшасын ұсынады. Байғозы Жәнібек батырға жақындап келіп: «Батыр, темекіні тартатын кез енді келді», – дейді. Осыдан бастап Тарақты Байғозының атын жұрттың бәрі біледі».
Тәтіқара толғауындағы бір топ сарбазды өз басшылығына алған Жәнібек батыр тек ерлігімен ғана емес, өзінің үлкен адамдығымен, зор беделімен де ірі тұлға. Біз төменде тағы алғыр батырлармен жүздесеміз, олар мыналар:
Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,
Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы.
Өзге батыр қайтса да, бір қайтпайтын
Сары менен Баянды айт Уақтағы.
Абылай ханның бірде «Өз батырларыңыздың ішінде қайсысы сіздің жүрегіңізге жақын?», – деп сұрағанда, ол: «Ілгеріде өткен азаматтардың ішінен нағыз таңдануға тұрарлығы екеу-ақ. Қалданның қолынан тоқсан тұтқынын қайтарып алған Қаракесек Қазыбек пен тұтқындарға үйде отырып бостандық алып берген Уақ Деріпсәлі. Алғашқысы Қалданға өзі барып сұрап қайтарып алған болса, кейінгісі өз аулында отырып жаудың зәресін алды. Менің батырларымның ішінен байлығы, ерлігі және мінезі жағынан Бәсентин Малайсары, ал ақылы мен ерлігі жағынан Уақ Баян бәрінен жоғары тұр», – дей келіп, тағы да бірнеше қырағы батырларын қосатынын ескерткен.
Баянды кейде Сары, Баян деп қосарлап атайды, оның себебі, қалмақпен бір қатты ұрыста Баян батыр өзінің бауыры Сарымен бірге қайтыс болады.
Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт.
Найзасының ұшына жау мінгізген
Еменәлі Керейде Ер Жабайды айт.
Бөгембай батыр – қазақ тарихындағы өте ірі тұлға. Ол бар өмірін елі-жұрты үшін сарп қылған аяулы азамат, XVIII ғасырдың 20-30 жылдарында болған жоңғар мен қазақ жасақтарының арасындағы шапқыншылықта қазақ сарбаздарын басқарушы қолбасшы.
Бөгембайдың өз тұсында халқына қандай игілікті еңбек еткені, жұртына қандай қадірменді адам болғаны жөнінде мәліметтер өте мол. Ел ішінде ол жайында дастан, аңыздар мол тараған, ал ерлігі жайындағы әңгімелер өз алдына бір қыруар. Біз оның бәріне тоқтап жатпаймыз.
Тәтіқара жыраудың тағы бір өлеңі Қытай мен Абылай сарбаздарының арасында болған шабуылды сипаттайды. Бұл жырды кезінде Шоқан Уәлиханов орысшаға қара сөзбен аударған. Осы толғаудан бізге жеткен шағын үзінді Шоқан аудармасының дәлдігін көрсетумен бірге, екеуінің негізінде шындық оқиға болғанын анықтай, айқындай түседі:
...Көп қытайдың жылқысы
Тұрымтайдай құнысты.
Жау жағадан алғанда,
Ит етектен алғанда,
Ер Абылай қорыққан жоқ,
Әншейін еңкейе бере жылысты.
Бәсентин Сырымбет
Оқ жіберіп ұрысты.
Ақыр қалмақ қашқанда,
Дегбір қалмас сасқанда.
Баяндай ерді көрмессің,
Бұрылып жауды шанышқанда.
Осы кішкене үзіндіден ұрыс даласының көп шындығы нақты елес береді, ақын өзі көрген, нақ ортасында болған майдан көрінісін оның барша кейіпкерлерімен, олардың әрқайсысына лайық қимыл-әрекетімен дәл бейнелейді. Мұны жырау сөзінің құдіреттілігі, күштілігі, пәрменділігі ретінде атауымызға болады. Ұрыс даласын, батырлар қимылын ақын батырлар жырындағы белгілі дәстүр негізінде бейнеледі. Соның өзінде жыраудың өзіндік сөз нақышын аңғару қиын емес.
Тәтқара Абылаймен бірге жаугершілікте жүріп, оның әрі ақыны, әрі батыры болған. Бұл турасында М. Мағауин: «XVIII ғасыр әдебиеті жайында сөз болса, Тәтіқара ақынның аты аталмай қалмайды. Жұртшылық санасындағы Тәтіқара қазақ халқының тарихындағы қиын кезеңдердің біріндегі сырт жауларға қарсы күрестің ұраншысы, өз отандастарын қайтпай ұрысуға шақырушы жауынгер ақын, жортуыл кернейшісі», – деп, Тәтіқараның тарихи рөлін байыпты бағалаған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   79




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет