Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Жиембет жыраудың арғы атасы кім болды?
2.Жиембеттің атқарған қызметі қандай болды?
3.Есімге арнаған толғауының себебі не болды?
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 17, 19, 21, 22, 24, 25, 26, 27,28,
29, 30, 31, 32, 33, 34,35, 36.
Дәріс 9 МАРҒАСҚА ЖЫРАУдың өмірі шығармашылығының
зерттелуі
Дәрістің мақсаты:Марғасқаның бізге жеткен жырларының тақырыбын
ашу,шығармашылығын,өмірін толық меңгерту.
Тірек сөздер:Қатаған, Шашышқылы,әмірші,қалмаққа қарсы жорық, жер
тәңірсіп т.б.
Дәрістің жоспары: 1.Марғасқа жыраудың өміріне тоқталу,
шығармашылығының зерттелуі.
2.Марғасқаның ел аузында «бүтін билікке Төле би жеткен,
бүтін хандыққа Есім хан жеткен»! деп атаққа шыққан
Еңсегей бойлы Ер Есімнің тұсында өмір сүргендігі.
3.Марғасқа жырау Есім ханның әрі батыры, әрі ақылшы
жырау болғандығы жайлы.
4.М.Көпеевтің «Ел аузынан жинаған әдебиет үлгілері»
атты қолжазбасындағы Марғасқа жырау туралы
айтылғандарға тоқталуы.
5.Біздің заманымызға жеткен Марғасқа жыраудың «Ей,
Қатағанның хан Тұрсын» жырының шығу тарихы.
Марғасқа жырауды қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны әлі де белгісіз, не тарихи кітаптарда, не көне құжаттарда, немесе ескі шежірелерде мына жылы дүниеге келіп, мына жылы дүниеден өтті деген нақтылы дерек кездеспейді. Ғылымда Марғасқа XVII ғасырда өмір сүрді деп айтылады.
Жыраудың өз дәуірінде әлденеше ұзақ-ұзақ толғаулары да болған шығар. Алайда, соның көбісі бізге жетпеген, кезінде хатқа түспегендіктен ел жадынан шығып, бұл күнде ұмыт болған.
Марғасқа ел аузында «бүтін билікке Төле би жеткен, бүтін хандыққа Есім хан жеткен»! деп атаққа шыққан Еңсегей бойлы Ер Есімнің тұсында өмір сүріпті. Ал, осы атақты Ер Есім жайлы Қазанғап Байболов үлкен дастан жазған. Ол жыр Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында (№513) сақтаулы. Осы аталған еңбекте Ер Есімнің қазақ халқын қырық жыл бойы басқарып, белдеуінен тұлпары кетпегені, білегінен қылышы түспегені, өмірінде бел шешіп тыныш ұйықтамағаны жан-жақты айтылыпты.
Есім ханның үлгілі істерін талай тарихшылар жазған да, айтқан да шығар, бірақ ол туралы XVII ғасырдағы Марғасқа толғауы ерекше бағалы екені даусыз. Өйткені, ол айбынды ханның әрі батыры, әрі ақылшы жырауы болғанға ұқсайды.
Ғалым-жазушы М. Мағауин Марғасқа жырау жөнінде былай депті: «XVII ғасыр әдебиетінен қалған нұсқалар өткен дәуірлермен салыстырғанда біршама аз. Бұл кезде жасаған қазақ ақын-жырауларынан біздің заманымызға шығармалары жеткені – Жиембет, Марғасқа жыраулар. Бұл екеуінің де аты XVII ғасырдың алғашқы жартысында билік құрған хан «Еңсегей бойлы Ер Есіммен» байланыстырылады.
Бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құруға тырысқан Есім ханның өз мақсатын орындау жолында жеке ұлыс-тайпалардың хандары мен ірі феодалдарының қарсылығын тойтарып отыруына, кейде қантөгіске баруына да тура келеді. Есімнің жолына кесе-көлденең тұрғандардың бірі – Қатаған, Шанышқылы руларының ханы, Тәшкентті билеуші Тұрсын еді. Тәуелсіз әмірші болғысы келген Тұрсын Есімнің қалмақтарға қарсы жорыққа кетуін пайдаланып қазақ ауылдарын шабады. Көп жұртты харап қылады. Ұзамай-ақ кезек Қатағандарға келеді. Ызақор, дұшпанына мейірімсіз Есім жорықтан орала салысымен Тәшкентті шауып алып, Қатағандарды қырғынға ұшыратады. Тұрсын ханның өзін өлтіреді. Бұл оқиға Абылғазы баһадүр ханның айтуынша 1627 жылы болған.
Есім ханның батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы Марғасқаның біздің заманымызға жеткен бір өлеңі осы оқиғаға байланысты туған». М. Мағауинның бұл деректері Марғасқаның өмір сүрген кезінен біраз мәліметтер береді.
Жоғарыда айтқанымыздай, XVII ғасырда өмір сүрген Марғасқаның бізге жеткен жалғыз өлеңі ғана бар.
Бұл шағын өлең небары 13 жол. 1627 жылдар шамасында Тәшкенттің сол кездегі әміршісі Тұрсын ханға байланысты туған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының осы уақиғаға қатысты қолжазбасында былай делінеді: «Еңсегей бойлы Ер Есім Түркістанда қазақ ханы болып тұрған күнде Ташкентте Тұрсын хан Қатаған деген жұртты билеп тұрды. Тұрсын хан мен Есім хан ант етісіп, бір-бірімен жау болмасқа бата қылысты. «Күнбатыс Бұқар, Қоқан, Самарқандпен жауласуға мен қарсы тұрайын. Сен күншығысқа қосын қылып аттан. Ұзын аққан Ертістің басынан кір, аяғынан шық», – деп Тұрсын хан кеңес берген соң, мың кісі қосын алып Есім хан күншығысқа бет қойды».
Есім ханның Ташкентті алуы өте шұғыл. Қаланы алу барысында көп қан төгіледі. Мұның себебі, біріншіден, Тұрсын ханның сөзінде тұрмауы болса, екіншіден, Есім ханның Тұрсын хан сілтеген жорықта көп қиындықты басынан кешіргендігі болса керек. Мәшһүр Жүсіп бұл ретте былай деп жазады: «Ол күнде Шу мен Сарысу асқан соң, Ертіске дейін елсіз, жыртылып айрылған аңнан басқа дәнеме жоқ екен. Елсіз-күнсіз далада кім жүруші еді деп Есім хандар аттарын қоя беріпті. Бұлар бейғам жатқанда, көліктерін түп көтере қалмақтар айдап кетіпті. Мың сарбаз шөл далада жаяу қалады:
Мінгені Есім ханның ала белді,
Бойында Шідертінің қара көрді.
Көрінген сол қараны кертағы деп,
Аттарын шідер салып қоя берді.
Есім ханның тобы алыстан көрінген жау жасағын аңдармен шатастырып тағы да алдауға түседі, әрі баспанасыз, әрі азық-түліксіз он күн бой құлан жортпас қу медиенде ауыр қиыншылықтарды бастарынан өткереді. Есім хан жасақтарына: «Азаматтар, шоралар, біз бүйтіп жатпайық. Мен жортар аттың он күнге баратын жеріне бір күнде барамын. Маған еругіе жарайтының бар ма?» – дейді. Хан он күндік жолды бір күнде жүре алмаса да, оның бұл сөзі еңсесі түскен сарбаздардың рухын көтереді.
Есім хан ақыры аттарын айдап кеткен жауды қуып жетеді. Алайда, ол өзінің Көкаласын таба алмай көп іздейді. Есім хан тұлпарының сырына қанық қалмақтар оның ер-тоқымын алмай, күндіз-түні қостың қасында, шылбырын қолдарынан шығармай ұстайды. Мұны көрген хан шылбырды жасырынып келіп, білдірмей кесіп жіберіп, атының үстіне қарғып мінеді де, «аттандап» айғайға басып, өз аттарымен бірге жаудың да аттарын айдап кетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |