Қойбүлдірген сияқты орман жидектерін үйімізге шелектеп теріп әкетеміз



Pdf көрінісі
бет1/14
Дата01.07.2024
өлшемі0,63 Mb.
#203506
түріСабақ
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Байланысты:
тастамашы ана 240321 023536



Хикаят
Меніңше, біздің әкеміз әлемдегі ең жақсы әке. Ешкімге қатты сөйлемейді
ешкіммен ренжіспейді. Біздің сабақтарымызға көмектеседі. Ал жазда біз 
әкемізбен орманға кіріп кетіп, саңырауқұлақтар тереміз, бүлдірген, 
қойбүлдірген сияқты орман жидектерін үйімізге шелектеп теріп әкетеміз. 
Бірде тіпті әкеміз бізге бұғыларды көрсетті! 
Анамыздың бақиға аттанғанына төрт жыл болды. Әкеміздің қолында жеті 
бала қалдық. «Балаларды балалар үйіне өткіз де, үйлен. Ғиззат, өзіңді бекер 
қинама, саған әлі талай жыл өмір сүру керек»,-деп оған көп адамдар ақыл 
айтты. «Сен жалғыз өзің балаларды өсіріп-жеткізе алмайсың, оларды балалар 
үйіне жібер»,- деп барлығы әкемді үгіттеуге тырысты. Әкеміз болса оларды 
тыңдағысы да келмеді. Жауап біреу болды: 

Мен тірі тұрғанда балаларымның бір тал шашы да түспейді! Біз 
оларды дүниеге әкелгенде балалар үйінде өссін деген жоқпыз... 
Осылайша әкемізбен өмір сүріп жатырмыз. Бірақ кейінгі кезде ол жиі ауыра 
бастады. Әрине, сырт көзге білдірмеуге тырысты, бірақ болып жатқан 
нәрсені жасыра алмайсың, — қолдары менікі сияқты кіп-кішкене болып 
қалды. Қақпадан сыртқа шықпай қалғанына бір жылдай болды. Оған не 
болып жатқаны бізге белгісіз. Анамыздың өлімінен кейін көп түндер бойы 
ұйықтамады. Терезенің алдында қозғалыссыз ұзақ тұрды, біреуді күтіп 
тұрғандай. Бір күні түнде мен ыстықтап оянып едім, әкемнің анамның 
суретін құшақтаған калпы отырғанын байқап қалдым. Ол кезде оның не 
ойлап отырғаны маған беймәлім болатын... 
Менің екі үлкен ағам мен әпкем қазір қалада оқиды — училищеде білім алып 
жатыр. Ендігі екі әпкем Алсу мен Әлия, мен, қарындасым Зульфира 
әкемізбен тұрамыз, мектепке барамыз. Кейінгі кезде әкем тіпті тамақ 
дайындауға да әлі келмей қалды. Сондықтан да бесінші сыныптағы Әлияға 
көже қайнатып, нан илеп, оны пісіруді үйренуге тура келді. Оның пісірген 
күлшелері кішкене, ал біз болсақ анамыз пісіретіндей, үлкенін сұраймыз. 

Үлкен болайын, сол кезде үлкенін пісіретін боламын, жарайды ма? Ал 
қазірше маған соншама нан илеп, пісіру өте қиын болып тұр, - деп 
әпкеміз ақталатын. 
Көктемнің шуақты күндерінің бірі еді. Қар баяғыда еріп кеткен. Алғашқы 
гүлдер шыға бастады. Көшеде қандай керемет! Әкеміз ғана үйден шыға 
алмайды, ол күні бойы төсек тартып жатады. 

Балам, маған келші,— деп мені өзіне шақырды. 

Иә, әке... 

Міне, жатып, өткенді есіме алып жатырмын. Неге екенін білмеймін, 
ойым мені жас кезіме қарай ала қашады. Мен сендердің аналарыңды 
осындай тамаша бір күнде кезіктірдім. Содан бері қаншама су 


арнасымен ақты, сол кездегі сәттерді бүгінгі күн сияқты есімде 
қалдырыппын. Сол шақтарда Гүлнұрыма алғашқы рет бәйшешектер 
сыйлап едім. 
Әкем үндемей қалды да, қабырғаға қарай бұрылды, ойланып жатты да, сергек 
үнмен: 

Ұлым, жазыққа барып, бәйшешек теріп келші. Осы көктемде мен 
бәйшешектерді әлі көрген жоқпын. Сен теріп әкелген гүлдерді 
төсегімнің жанына қойып, қарап жатайын! 

Мен тез келем, әке! — басымды изеп, мен бірден үйден жүгіріп шығып, 
тез арада ең әдемі гүл шоғырын алып кірдім. Бөлменің ішінде жұпар 
иіс қалқып жүр. Үйіміз жап-жарық болып, әкеміздің де көңілі бір 
серпіліп қалды. Мен әкемді қуанта алғаныма қуанып, күні бойы 
көтеріңкі көңіл-күймен жүрдім. 
Ұйықтардың алдында әкем мені тағы да өзінің жанына шақырды. 

Сен енді үлкенсің, балам, бәрін түсінесің. Мен де осылай тез қартайып 
қаламын деп ойлаған жоқпын. Сендерді аяққа тұрғызып, оқытам-
тоқытам, үйлендіріп, той жасаймын деп армандадым. Байқаймын, оған 
жете алатын емеспін. 
Оның сөзінен мен өзімді жаман сезіне бастадым. Әкем болса ары қарай 
сөзін жалғады: 

Ешкім де өзін алдыда не күтіп тұрғанын білмейді. Егер кенеттен мені 
ауруханаға алып кетсе, менсіз тіршілік етіп үйреніңдер. Ұсақ-түйекке 
бола ұрсыспаңдар, тату өмір сүріңдер! Өмірде көп қиындықтар болады, 
сен бірақ барлығын жеңе біл. Мен ауруханада болғанда сабақтан қалып 
қойма. Әпкелерің мен қарындасыңа қамқор бол. Сен енді қолыңа балта 
ұстай аласың, үйге, шаруашылыққа қара. Мен сені жаныма жайдан-жай 
шақырмадым, мен үшін құнды бір зат бар еді, соны саған берейін деп 
едім... 
Осы сәтте әкем қатты жөтелге булықты. Мұндай жөтелі ұзаққа барушы еді. 
Сонымен қатар әкем жөтелген сайын жанындағы шелекке қоңыр-қызыл 
сұйықтықты түкіретін. Содан кейін күші қалмай, әлсіреп, басын жастыққа 
сүйеп, үнсіз жататын. Міне, қазір де солай, маған енді бірдеңе берейін деп 
еді, қайтадан жөтелі асқынып кетті. 

Жарайды, балам, ертең жалғастырамыз, — деп, әкем терең демалды, — 
басым қатты айналып кетті. 
Әкем ауырғалы бері мен үлкен төсекте әкеммен бірге ұйықтайтынмын. Түнде 
оған дәрі мен су беретінмін. Бүгін бірақ әдеттегідей емес, басқаша. 



Балам, бүгін мен өзім жалғыз ұйықтаймын, — деді әкем. 
Мен оның жанына жатуымды өтініп қанша сұрасам да ол көнбеді. 
Біз әпкем Әлия екеуіміз мектепке таңертең барамыз, сондықтан ерте 
тұрамыз. Кейде мен қулық жасап, ұйқыдан оянсам да, жылы төсектен тұрғым 
келмей, жатып аламын. Міне, осылайша Әлия тамақты ысытып, шәй 
әзірлегенше жатамын. Үйдің ішін тәтті иістер алып кеткенде ғана төсегімнен 
атып тұрамын. Бүгін де көбірек жатқым келді. Әпкем тұрды, жуынды. 
Шәйнек те қайнады. Ыдыстардың сыңғыры естіле бастады. Мен болсам әлі 
ұйықтап жатқан кейіп танытудамын. Әдетте әкем де бізбен бірге шәй ішетін. 
Сондықтан Әлия алдымен дастарханға әкемді шақырды: 

Әке, мен саған шәй құйып қойдым. 
Жауап болмады. 

Әке, шәй суып қалатын болды... , — деп әпкем шақырса да әкем 
орнынан тұрмады... 
Әлия оның төсегіне жақындады. 

Әке, әке... Әкешім! — жантүршігерлік айқайдан мен төсегімнен құлап 
түстім. Әлия ақ жаймадан да аппақ болып кеткен. Көздерінде 
қорқыныш, өзінен бірдеңені қуып жатқандай екі қолын сермей береді. 
Бұл шудан басқалар да оянды. Әлия болса бір сөзін қайталай берді: 

Біздің әкеміз өліп қалды! Көмектесіңдер! Қайтыс болып кетті! 
Мені ток соққандай. Қалайша қайтыс болды?! Бұл сөздерді менің сәби санам 
қабылдамады. Тісім-тісіме тимей сақылдап, тыныстау тым қиындады. Бір 
орнымда қаққан қазықтай тұрып қалдым,— жылай да алмадым, бір сөз де 
айта алмадым. 
Балалардың ең кішісі, бірінші сыныпта оқитын Зульфира , нәзік дауысымен 
жылап жіберді. Менің құлағымда енесінен алғаш айырылған күшіктің 
өксігіндей сол бір аянышты дыбыс әлі тұрғандай. Кішкентай қарындасымнан 
кейін Алсу да жылап қоя берді. 
Үйіміз тоқтамайтын жылауға, жан күйдіретін өксікке толып кетті. Біздің 
жасымызды тоқтататын әлемде ешқандай күш жоқтай сезілді. Айналамыз 
қап-қара, көңілсіз болып қалды. Әкемнің төсегінің жанында төртеуіміз ұзақ 
жылап отырдық. Әкеміз бізді аяп, орнынан тұрып кетер деп ойладық па екен 
мүмкін? 

Әкетай, ояншы, бізді жылатпа! — деп Зульфира оның қолынан 
тартқылады. Ол болса еш қозғалыссыз жатты. Сөйте тұра оның көздері 
ашық болды. Ал өлгендердің көздері ылғи жабық жатады! Мүмкін, 
әкеміз бізбен ойнап жатқан шығар? Біз оның иықтарынан сілкіледік, 
Зульфира тіпті оның шашынан да тартқылап көрді. Бір кезде біз 


әкеміздің алақанын қатты жұмып бірдеңені ұстап жатқанын байқадық. 
Бұл біздің отбасылық фотосуретіміз болатын. Арамызда анамыз да бар 
еді. Қайда кетті сол бір бақытты күндеріміз?! 
Мен өзімнің орманға қалай кетіп қалғанымды білмеймін. Сірә, биік 
қарағайлардың арасынан жан тыныштығын іздеген болармын. Түске қарай 
үйге оралдым. Қақпалар айқара ашылып, аулаға адамдар лық толыпты, 
барлығының жылаудан көздері ісіп кеткен. Әр жақтан құлағыма әңгімелердің 
үзінділері жетіп жатыр: 

Әй, сорлы, байғұстар. Әлі тіпті кіп-кішкентай ғой. 

Жылытатын бір жақын жандары да қалмады. 

Айтпа, аталары мен апалары да жоқ... 
Қыздар жылай бергеннен ісініп кетіпті. Ақ матаға оралған әкемді бөлменің 
ортасына жатқызды. Үлкендер бізді жұбатып, тыныштандыруға тырысты: 

Иә, жер бетінде ешкім, ештеңе мәңгілік емес... 

Сендерге ауыр тиді, бірақ құдай қаласа, аяқтарыңнан тік тұрып 
кетесіңдер. 

Бұлайша көп жылай беруге болмайды. Көз жастарың әкелеріңнің 
қабіріне кіріп, ол содан кейін сыз жерде жататын болады. 
Кешке қарай қаладан үлкендеріміз — екі ағамыз бен әпкеміз келді. Біреулер 
оларға оқу орындары арқылы хабар бергенге ұқсайды. 
Қайтыс болған адамды бір түнге үйінде сақтау керек екен. Түнге қарай 
әкемнің мәйітінің жанына жасы үлкен көршілеріміз жиналды. Балаларға 
марқұм болған адаммен бір үйде ұйықтау болмайтындықтан бізді қарама-
қарсы үйге алып кетуге бекінді. Мен көршінің үйіне баруға қарсы болдым, 
өйткені әкемнің өліміне әлі сенбеген болатынмын. Әкемнің жанында болғым 
келді. 

Жақсы, ұлына қалуға болады, - деп ақсақалдар маған рұқсат берді. 
Көзімді жұмып қоймайын деп қорқып түні бойы әкемнің мәйітінің жанында 
отырдым. Кенеттен ол терең демалды! 

Әкем тірі, қараңдар! Ол дем алды! Әкем өлген жоқ!— деп айқайлап, 
орнымнан атып тұрдым. Бетінен барып сипадым. Мен бірде естігем, 
біреуді қайтыс болды деп ойлаған екен, ал оның уақытша ғана жүрегі 
тоқтапты. Ол адам өзіне-өзі келіп, орнынан тұрғанда бәрін таң 
қалдырған екен. Мүмкін, біздің әкеміз де өлмеген шығар! 
Үлкендер селт ете қалды. 



Бала шаршады, ұйқыға жатқызыңдар, — деді біреу. Таңертең мен 
көршінің үйінде ояндым. 

Деревняда барлығы әкемді «ағай» дейтін, әдетте өзінен үлкен ер адамды 
солай айтады. Ауылдың ақсақалдары да оны «кустым» демей, «ағай» дейтін. 
Оған себеп те бар еді. Әкемнің техникадан хабары бар еді. Бір күннің ішінде 
тракторды бір бөлшегіне дейін қалдырмай шашып тастап, келесі күні қайта 
жинап алатын. Өзіне өтініш білдірген адамнан ешқашан аянып көрмеген еді. 
Техниканың ақауын қозғалтқыштың дауысынан-ақ білетін. Апталап тұрып 
қалған тракторды бір-ақ күнде қалыпқа келтіріп жөндеп, тракторшыны қатты 
қуантушы еді ғой. 
Бірде әкемді колхоздың бас механигі етіп тағайындады. Жұмысына ақ жейде 
киіп шыққан екен. Қараса, жас механизатор өзінің тракторын жөндеп жатса 
керек. Әкем оған керекті бөлшекті қалай дұрыс шешіп, қайта ауыстырып, 
бекітуді көрсетіпті. Түстен кейін әлгі адамға келіп білсе, ол әлі аяқтамапты. 
Әкем шыдап тұра алмай, өзі кірісіп кетіп, жөндеп тастапты. Жұмыстан 
барлық жері қарамай болып келген екен. Ертеңінде колхоздың төрағасына 
барып: 

Маған тракторымды қайтарып беріңіздерші. Басқаларға үйреткенше 
маған өзім жұмыс істегенім артық, — депті. 
Міне, осындай қарапайымдылығы мен елгезектігі үшін ауылдастар оны 
«ағай» дейтін. 
Әкемізді үйден шығарды. Көше толы әкемді ақырғы сапарға жөнелтушілер 
болды. Тек сол кезде ғана әкемнің үйге қайта оралмайтыны миыма 
жеткендей болды. Біз енді оның үнін ести алмаймыз. «Ұйқыдан тұратын кез 
келді, балам»,- деп мені енді ешкім оятпайды. Сыныптастарымның арасында 
әке әперген жаңа киімдермен де мақтана алмаймын енді. Кім бізді енді 
орманға жидек теруге апарады? 
Мәйітті сыртқа алып шыға бастағанда Зульфира нәзік үнімен: 

Әкемді әкетпеңдерші! Оны үйде қалдырыңдаршы! –деп шырылдап 
жылады. 
Әлия да жасын іркіп тұра алмай: 

Менің өмір сүргім келмейді! Әкесіз қалай енді күн көреміз?- деді. 

Ол бізді тастап кетпеймін, сендер үлкен болып өскендеріңше жүре 
тұрамын деп еді ғой, -деп Алсу да жылады. 
Бейіт басына кіре берісте молда құран оқып, дұға бағыштады. Одан кейін 
мәйітті терең қазылған шұңқырға әкелді. 



Әкелеріңді ақырғы рет бір көріп қалыңдар,- деп молда бізді шақырды,- 
ылғи да осындай мейірімді, тату болыңдар. Тірілерге тіршілікті 
жалғастыру керек. Көп жылауға болмайды, әйтпесе әкелеріңнің жаны 
да қиналады. 
Мен соңғы рет әкемнің бейнесіне үңілдім. Соңғы рет... Оның жансыз денесін 
қазылған көрге ақырындап түсірді. 

Әке, әкешім! – деп мен емес, жүрегім бірге жұлынып кетіп бара 
жатқандай айқайладым. Бізге үш уыс топырақ алып, қабірге тастауды 
бұйырды. 

Әкемді топырақпен көмбеңдерші! — Зульфира жігіттерге жүгіріп 
барып, күректерін тартып алмақшы болып жүр, — Өтінемін, керек 
емес! Кетіңдер, сендер жаман адамдарсыңдар. Анамызды да сендер 
жерге көміп тастадыңдар. Мен білемін, ол жақтан ешкім қайтып 
келмейді. 
Ол кіп-кішкене қолдарымен жігіттердің күректерін тартып алғысы келіп 
жанталасып жүр. Оны қабір басынан алып кетейін деп біреулер ұмтылғанда 
Зульфира қолынан шығып кетіп, шалынып, шұңқырға құлап кете жаздады. 
Үлкендер оны әрең дегенде ұстап қалды. Тез арада әке қабірі төмпешікке 
айналды. Оны ағаштармен қоршап қойды. 

Бұл адам тірі кезінде қандай жан еді? – деп молда салт бойынша 
жиналғандардан сұрады. 

Жақсы! – деп барлығы бірдей жауап берді. 

Ағай қайырымды, ықыласты адам болатын. 

Жаны жәннәттан болсын! 

Топырағы торқа болсын!.. 

Пейіште нұры шалқысын! 

Оның жаны жәннатта дамылдасын. Енді, қадірлі қауым, үйлеріңізге 
қайтыңыздар. Бейіт басында көп тұруға болмайды, - деп молда сөзін 
қорытындылады. 
Жетеуімізді кішкене төмпешіктің жанынан алып кету қиын болды. Біз ол 
жерді айнала тұрып, жылап-сықтап, өксіп, қиын күйге түстік. Әсіресе 
кішкене Зульфираның қайғылы күйін көру бәрімізге ауыр тиді. 

Бұл жерде әкемізді қалай тастап кетеміз? –деп өкірді ол,- Оған бұл 
жерде қорқынышты. Кім оған дәрісін әкеледі? Мен оны бұл жерде 
тастамаймын. Қане, оны үйге алып кетейік. Біз әкесіз қалай өмір 
сүреміз?! 
Біз қабір басында ұзақ тұрдық. Менің жаңа үйілген топыраққа жата кетіп
құшақтап, бар дауысыммен: «Әкетай, мен сені ерекше жақсы көремін! 


Әлемде сенен артық ардақты жан жоқ!» - деп айқайлағым келді. Бірақ ол 
менің кеш айтылған жүрек сөзімді бәрібір естімейді. 
Бұрын тіршілік қайнап жататын біздің үйіміз бірден босап, тып-тыныш 
болып қалды. Теледидар да, шкафтағы әдемі ыдыстар да көңілсіз жағдайды 
өзгерте алмады. Мен әкеме жұлып алып келген бәйшешектер де қурап 
қалды... 
Әкемді жерлеп келген соң оны үйде еске алу үшін адамдар жиналды. 
Әйелдер дастархан жайып, барлығын еске алу асына шақырды. Бәрі 
дастарханға енді отырып жатқанда үйге бір милиционер мен бейтаныс екі 
әйел кіріп келді. Милиционер үлкен әпкемді өзіне шақырып алып, құлағына 
бірдеңелерді сыбырлап жатты. Оған не айтқанын білмеймін, бірақ әпкемнің 
беті бірден бозарып сала берді. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет