ҚАЙДАСЫҢ?
Сол бір кез есімде
Жағасы бұлақтың.
Айлы жаз кешінде
Сырласқан ұзақ түн.
Сүйкімді бейнеңді
Жүректе сақтадым.
Арманым, сол жерден
Сен едің тапқаным.
Тағы да сол жерге
Оралдым қайтадан.
Әлі тұр гүлдер де,
Самал жел шайқаған.
Қол бұлғап жырақта
Тау да тұр аңсаған.
Сен жоқсың бірақ та
Қайдасың, қалқажан?!
Көруге жаралған
Сен бейне айнасың.
Өзіңсіз таба алман
Сағыныш айласын.
Көрінші, көңілге
Қуаныш жайласын.
Аңсадым жүзіңді
Қалқатай, қайдасың?!
|
ҚАЙЫҚТА
Болсақтағы жаңа таныс,
Жүзсек те алғаш қайықта.
Ұшқыр қиял кетті-ау алыс,
Бұйырмашы айыпқа.
Самал болар толғандырған,
Айдын шалқар көл бетін.
Сәулем, мені ойландырған
Сенің жарқын келбетің.
Көлдің жүзін нұрландырып,
Тұр ма сенің дидарың?
Сол бейнеңді тұрған күліп,
Су бетіне қимадым.
Ескегіңді берші маған,
Мен есейін, сен еспе.
Су күлкісі сылдырлаған
Сенің күлкің емес пе?
Ашылғандай айдын көлде
Үлкен өмір есігі.
Су бетінде қайық, бейне –
Махаббаттың бесігі.
Жылжы, қайық, осы көлде,
Жыр толтыршы жаныма.
Махаббаттың бесігінде,
Тербелейік тағы да.
|
КЕШІКПЕЙ КЕЛЕМ ДЕП ЕҢ
Аңсаған бақытым сияқтанып,
Ай туып келеді қияқтанып.
Жол жаққа қараймын,
Сен жоқсың, арайлым
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.
Қайтемін кінәлап бұған сені,
Сағатың алдаған шығар сені.
Нұр ойнап көзіңде,
Уәделі кезіңде
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.
Көшеде сырласып , шалқып басып,
Құрбылар барады қолтықтасып.
Тағатым таусылды,
Аңсадым даусыңды.
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен.
|
АҚ БАНТИК
Балауса қыз едің бір кезде
Шашыңа ақ бантик байлаған.
Өзгеріп кетіпсің бұл күнде
Көркіңе көз тастап ойланам.
Қайырмасы
Нұрлы бейнең қандай жарқын!
Арманысың қандай жанның?
Шынарым-ай,
Сен – мөлдірсің, еркем,
Тау бұлағындай.
Жол жатыр шақырып алдыңда,
Өмір тұр ұсынып шаттығын.
Білмеймін бойжетіп қалдың ба?
Шашыңда ақ бантик жоқ бүгін.
Қайырмасы
Жылдардың еркіне бағындың,
Жылдарға қол создың, жан құрбым.
Белгісін балалық шағыңның,
Айтшы, сен қай жерде қалдырдың?
|
ӘНІМ СЕН ЕДІҢ
Құрбым, жан құрбым, бала кезімнен
Бақыт көріп ем қара көзіңнен.
Кеттің ұмытып, мәңгі ұмыттың,
Жібін үздің ғой нәзік үміттің.
Тұрып қасыңда көрдім көктемді,
Сонау күндерден бүгін жоқ белгі.
Шамын басқа үйдің жақтың, аяулым,
Сендей бақытты қайдан табамын.
Әнім сен едің кешке салатын,
Содан жас жаным бақыт табатын.
Тағы келді ғой құстар ән салып,
Тұрмын оларды жалғыз қарсы алып.
Бақтар гүлдеді біздің қырдағы,
Жаңбыр жауды да, көктем жырлады.
Сенсіз атты таң, сенсіз батты күн,
Мәңгі ұмыттың мені, шаттығым.
|
АРЫС ЖАҒАСЫНДА
Өзіңмен Арыстың
Бойында таныстым.
Жайнаған гүлдей құрбым сен,
Жағада тұрдың сен.
Қайырмасы:
Жаз еді – күлкің де,
Қайдасың бұл күнде?!
Сені іздеп, арманым,
Сыр бойын шарладым
Алдыңнан бір бақыт
Тұрғандай тіл қатып,
Толқынға қарап ойлана
Әндеттің жай ғана.
Қайырмасы.
Нұр шашып көзіңнен
Бір нәзік сезіммен.
Жібектей шашың толқындап,
Қалып ең қол бұлғап.
Қайырмасы.
Кете ме осылай
Әніміз қосылмай?!
Аяулы таңым – сен едің
Көрсем деп келемін!
Қайырмасы.
|
Достарыңызбен бөлісу: |