М // б-п. Бұл өзгеріс тек қазақ тілінде ғана емес, башқұрт, түрікмен, тува тілдерінен басқа түркі тілдерінің бәріне дерлік жайылған. Қазақ тілінде түбір мен қосымшаның шегінде бұл өзгеріс, негізінен, мына түрде көрінеді: дауыстылардан соң –м, сонорлардан соң –б, қатаңдардан соң –п. Бірақ кейбір тілдерде бұл заңдылық әр түрлі қалыптасқан. Мысалы, азербайжан тілінде тұйық рай жасайтын қосымша б-дан басталса (оп-бек), болымсыздық аффиксі де б-дан басталады (оп-бе). Сөйтіп түбірдің соңғы дыбысы қатаң болса да, қосымша ұяңнан басталғаны көрініп тұр. Сол сияқты, қырғыз тілінде сұраулық шылаудың екі түрлі фонетикалық варианты бар, бірі б-дан басталады (бы: келди би?), екіншісі п-дан басталады (пы: келип пи?). тіркескен сөздің соңғы дыбысы дауысты сонор балса –бы, қатаң болса –пы. Алтай тілінде де осындай. Ал башқұрт тілінде сұраулық шылаулар тек м дыбысынан басталады.
Байырғы қазақ сөздері ғ, г, х,һ дыбыстарынан басталмайтыны мәлім. Осы дыбыстардан басталатын сөздер қазақ тілінде әр түрлі орныққан. Көп реттерде қазақ тілі өзіне жат құбылыстан «қашып», сөз басындағы әлгі дыбыстарда түсіріп айтқан. Осының нәтижесінде қазақ тілінде Әбдірахман, Әли, Омар, Оспан тәрізді кісі аттарымен қатар әл, әзір, өмір, өкім, әскер, әкім, т.б. сөздер қалыптасты. Сонымен қатар, кей сөздер құрамында бұрынғы басқы дыбыс сақталып, қазақ тілі заңдылығына лайықталып қатаңдап кеткен. Содан барып жаңағы сөздердің кейбірінің қатаң дауыссыздар басталатын варианттары қалыптасқан: Қабдрахман, Қали, Қалима, Құмар, Құспан, қазір, кәзір, хал, т.б. бұлардың ішінде әсіресе қазір (кәзір), кәзір варианттарының мағыналық жіктелісі көңіл аударады. Бұлардың өзара әрі мағыналық, әрі грамматикалық жіктелісі сондай, екеуін екі түрлі грамматикалық топ деп түсінеміз.
Ғ, г дыбыстарының элизиясы сөз ортасында да байқалады. Қазақ тіліндегі мағына, мән, мағлұм, мәлім соның нәтижесі. Ал ғ, г дыбыстарының элизиясы түркі тілдеріне әсте жат емес. Мұндай құбылыс ортағасырлық түркі тілдерінде де кездеседі. Дегенмен, кейбір сөздер құрамында бұрынғы күйінде қалып, қазіргі тіл құрамында түбірлес сөздердің қалыптасуына негіз болады. XI ғасырдың ғалымы М.Қашқари өзінің атақты еңбегінде сол заманғы түркі тайпалары тілдерінде қ мен ч, ғ мен д, ш мен н, ғ мен м, ғ мен л дыбыстарының түбір сөз ішінде метатезалық өзгерістерге түсетінін көрсетеді. Осы айтып отырған пікірді дәлелдеу үшін қарлығаш, қоңсы, жаңбыр сөздерін мысалға келтіреді.
Қорытындылай келе, қазіргі қазақ тілінде сіңісу нәтижесінде қалыптасқан сөздер көп. Олардың қыр-сырын ашу ұзақ ізденуді талап етеді. Қандай морфологиялық форма қандай жағдайда қай формамен кірігіп адам танымастай өзгеріске ұшырап кетті, олардың солай сіңісуіне қандай-қандай сыртқы факторлар немесе ішкі себептер әсер етті деген сұрақтарға жауап қайтару болашақ ізденушілердің міндеті деп білеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Көне түркі ескерткіштері тілінің морфологиялық жүйесі. Түймебаев Ж, Ескебаева М , Алматы 2016 жыл
Түркі тілдерінің салыстрымалы грамматикасы. М. Томанов, «Қазақ университеті» 1992 жыл
Керімұлы Ә. Түркі әдебиеті ескерткіштері тіліндегі сөз жасайтын жұрнақтар. Алматы 1999 жыл
М.Томанов. «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы». Алматы,
2017ж.
Достарыңызбен бөлісу: |