Филология және көптілді білім беру институты



бет6/13
Дата07.02.2022
өлшемі117,24 Kb.
#91868
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Байланысты:
20 ғасыр тапсырма

Өлеңдеріне талдау
«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» ұлы ақын туралы толғаныс
Сұлтанмахмұт Торайғыров — тəуелсіздік ісіне, халықтың прогресс пен мəдениет жолымен дамуына зор үлес қосқан ақын. Ол өткір сыни бағыттағы, əділетсіз өмір бет пердесін ашатын, надандық пен қараңғылықты түйрейтін тамаша туындылар жазды. Торайғыровтың пікірінше, халық өз тағдырын өзі жасайды. Бұл үшін оған ұйқыдан оянып, ілгері жүру жəне басқа халықтар сияқты даму керек.
Ұлы ақын қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында 1893 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Əкесі Шоқпыт кедей, момын, шаруақор болса да, балаларының оқуына жағдай жасаған. Сұлтанмахмұт алты жасында сауатын ашқан.
Ол 1903–1905 жылдары ауыл молдаларынан сабақ алады. Кейін түрлі мектеп, медреселерде оқып, сауаттанады. 1912 жылы қараша айында оқу іздеп, Троицк қаласына барады. Сонда жүргенде
«Айқап» журналында өлеңдері жариялана бастайды. Келер жылы «Айқап» журналының жауапты хатшысы болып қызмет етеді. Сұлтанмахмұттың озық ойлары мен тың идеялары қазақтың оқыған байшылдарына ұнамайды. Ақыры ол солардың қысымымен «Айқап» журналынан кетуге мəжбүр болады.
1914 жылы жазда Торайғыров туған елі Баянауылға оралады. Ел жастарын оқытып, олардың сауатын ашады. Күзде Семейге барады. Орысша оқуға түспек болады, бірақ түсе алмайды. Одан Өскемен уезінің Қатонқарағай маңындағы Шыңғыстай аулында бала оқытып, өзі жергілікті орыс мұғалімінен дəріс алады. 1916 жылдың күзінде Томскіге барады. Онда курста оқып жүріп, орыстың классикалық əдебиеттерімен танысады. Тарих, философия, география пəндерін үйренеді.
1917 жылы Ресейде Ақпан төңкерісі болып, Уақытша үкімет орнаған кезде Торайғыров Семейге келеді. Патша үкіметінің құлағанын қуанышпен қарсы алып:

Құрт аурудай жайлаған,


Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған
Өшті залым қарасы... —
деп, патшашыл озбырлықтарды шенейді.
Семейге келген Сұлтанмахмұт əлеумет өміріне тереңдеу ниетімен Алаш арыстарымен араласады. Қазақ оқығандары құрған Қазақ комитетінің кіші хатшысы болып қызмет істейді. Алашордашылар шығарған «Сарыарқа» газетіне өлеңдерін, мақалаларын жариялайды. Осы уақытта шығарған өлеңдерінде Алаш басшыларын дəріптейді.
1918 жылдың маусым айында С.Торайғыров емделем деп Баянауылға кетеді. Емделеді, үйінде жатып өлең, поэмалар жазады. Елеусіз мұғалім болып қызмет атқарады.

1919 жылы Сұлтанмахмұт ауылдағы мұғалімдікті тастап, Павлодарға барады. Уездік ревком оны Баянауылдың он болыс елінің бес болысына сайлаушы уəкіл етіп бекітеді. Одан Шідерті (Ақбеттау) болыстық ревкомы председателінің бірінші орынбасары болып сайланады. Бұл 1919 жылдың желтоқсаны еді.


Екі-үш ай жұмыс істегеннен кейін, ежелгі сырқаты меңдеп, төсек тартып жатып қалады. 1920 жылдың 21 мамыр күні тоғыз жыл бойы айналдырған көкірек ауруынан қайтыс болады.
Орда бұзар шағы — отызға да жетпей, құйрықты жұлдыздай ағып түскен Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы 1926 жылы Жүсіпбек Аймауытов:

Ақын елінің тілі ғой,


Адал туған ұлы ғой,
Бүлк-бүлк еткен жаны ғой,
Жанын жеген ары ғой,
Айта алмай жүрген зары ғой.
Жаннан, ардан безбесе,
Ақынын қандай ел қастерлемесін, —деген екен.

Ауылдың Келбет өзенін жайлап отырған кезі. Бір күні Шықай мен Шағала деген ағайынды екі адам өзенге қойларын тоғытып шығарады да, өздері қымыз ішпек болып жақын маңдағы ауылға кетіп қалады. Тамақсау Шықай мен Шағала түскен үйіне «ет жеп кетеміз» деп отырып алады. Олар онда қамсыз отырғанда иесіз қойға қасқыр шауып, ойран-топырын шығарады. Ал қомағай Шықай мен Шағала қарындары тойған соң ғана аттарына мініп, қойына қарай тепеңдей жөнеліседі.


Осы ауқытта ауыл сыртындағы ай тақырда асық ойнап жүрген топ баланың ішінен біреуі суырылып шығып бұларға қарап:

Шықай менен Шағала,


Қойың кетті бағана.
Тепең-тепең етесің
Қойыңа қашан жетесің? —деген екен. Бұл өлең сол күні-ақ бүкіл елге тарап кетеді. Ал мұны шығарған Сұлтанмахмұт еді. Сөйтіп, ол алты жасында-ақ ақын атанады.

«Шəкірт ойы» атты өлеңінде:


Қараңғы қазақ көгіне


Өрмелеп шығып, күн болам,
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда, кім болам?! —деп, Сұлтанмахмұт жасынан-ақ алдына биік мақсат қояды. Оған жету үшін оқу-білім керегін ол жас болса да жақсы түсінеді.
Өмір жасының соншалық қысқалығын сезсе керек, ол əрбір күнін, əрбір уақытын бос жібермеуге тырысады. Жас бозбала шағында да ойын-күлкіге, думанды кештерге əуестенбейді.

Дүниедегі қызықтың,


Бəрі де арам мен үшін.
Дауасы жоқ бұзықпын,
Талпынбаймын ем үшін.
Тосқаным — қабір құшағы,
Қашан ол келіп құшады, — деп жазды жас ақын 1914 жылы «Дүниедегі қызықтың» атты өлеңінде.

Ақын — заман перзенті. Сұлтанмахмұттай ірі ойлы, асау жүрек, асқан шабытты, лапылдап жанып тұрған ақын көз алдында болып жатқан ірі өзгерістің қайсысына да бейтарап қарай алмайтын жан еді. Оны біз ақынның «Ендігі беталыс» атты керемет өлеңінің мына бір жолдарын оқығанда түсінеміз


Кірді ғой түстен кейін тентек ақылы,


Сертімнің бұл өмірлік ең ақыры:
«Адам — құл өзін жеңіп ұстамаған»
Деген бір Сократтың бар нақылы.
Тұрмысты үмітім көп жеңем деген,
Жігермен жеңуіме сенем деген.
Ырқыма менің жүрер қай дүние,
Көнбесе өз ырқыма өзім денем?
Əрине, шыдар-ақпын өлуге мен,
Баспасын жаман жолға көнуге мен.
Ақтармын оқып-жетіп адам атын,
Басқаға жоқ ықылас бөлуге мен.
Менде жоқ қажу деген, ашу деген,
Тарығып болымсызға жасу деген.
Ісіне құрт-құмырсқа ілтипатсыз
Ойымда тек сол белден асу деген.
Шындықтың аулын іздеп түстім жолға,
Разымын не көрсем де осы жолда.
Шаршармын, адасармын, шалдығармын,
Бірақ бір табармын деп көңілім сонда.

Заманына лайық С.Торайғыров өмір бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей, өзіне, өз халқына өнер, білім, еркіндік, бақыт іздеді. Отаршылдардың құлдық езгісі қазақты есеңгіреткені соншалық, ол өзін-өзі билей алмайтын, өз денесін өзінің ырқына көндіре алмайтын дəрменсіз болып қалды. Сондықтан да қазағымыздың мəртебесін көтеріп, оның терезесін өркениетті елдермен теңестіру жолындағы ұлы күрес əрбір қазақтың өз бойындағы жалқаулығын, енжарлығын, ынтасыздығын, жаутаңкөз жасықтығын, бір сөзбен, Сұлтанмахмұтша айтқандай, өз денесін өзінің ырқына көндіре білуден басталса абзал.


Ақынның көп өлеңдері халықтың тұрмыстық жағдайына, кедейлікке, əсіресе сол кедейшілікте күн кешкен бейшара жандарға арналған. Оқысам, білсем, «еңбектің жемісін көрем деп емес, кейінгіге бір қолғабыс берем деп» жасаған жалынды жастың жанын қинап, азаптаған да осы кедейлігі еді.

«Кедейлік» атты өлеңінде:


Кедейлік, сен жексұрын, түсің суық,


Іздемес сені адам керек қылып.
Амал жоқ, ықтиярсыз құл қыласың,
Маған салса қасыма келме жуық.
Жанды жеп сен ғой мені арытатын,
Күнің жоқ ат пен асқа жарытатын,
Жыртықтан жылтылдаған жас денемді,
Күнге қақтап, аязға қарытатын.
Жарытпай киер киім, ішер асқа,
Сөктіріп малы барлау надан, насқа.
Жас көңілді қайғымен уландырып,
Сенсің ғой толтыратын көзді жасқа.
Қинайтын жан алғыштай жанды сенсің,
Түсі суық жыланмен бірдей теңсің.
Маған салса кедейлік аты өшкірді,
Дер едім, тұрмастай ғып жерге көмсін, — дейді ақын қажығанда. Бірақ ол кедей болдым екен деп мойымады. Оның рухы биік болды. Ұлттық патриотизмі асқақтаған ол өмірге оптимистік көзқараспен қарады.

«Ел» дейтін адал басшы əзір сирек.


Көпшілігі табансыз, қорқақ, күйрек.
Елі үшін құрбанға шалса разы
Кім бар еді ту ұстаған елін сүйреп?!
Төре көрсе жалаң бас шұлғып, билеп,
Бəйек боп əулиедей ізін сүймек.
Елге келсе, өтірік мақтанатын:
«Қорқайын ба, ұлыққа айттым сөйдеп».
Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек,
«Біз үшін отқа, суға түсіп жүр» деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өшірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек!» — деген жолдар («Оқу» атты өлеңі) ақынның ұлтжанды жүрегінен жарып шыққан жалынды сөздер.
Сұлтанмахмұт болмысының бір ғажап тұсы — ол өзінің тəлкекті тағдыры үшін, тауқыметі ауыр тұрмысы үшін ешкімді кінəлаған жоқ. Байлар кедейлердің есебінен байып жатқанын сезсе де, оларға қызғана да, қызыға да қарамады. «Жақсылық көрсем өзімнен» атты өлеңінде:

Жақсылық көрсем өзімнен,


Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды деулерді
Шығарамын сөзімнен, — деп, пендешіліктен гөрі үлкен адамгершілік, парасаттылық танытты.
С.Торайғыров өмір бойы ақиқат жолы — шындық жолымен жүріп өткен, исламға сеніп өткен дара тұлға. Ақынның бір ғана «Көңілді көндіретін тағдыр» атты өлеңін алайық. Ол:

Жас көңілім өз еркінше жүрмек еді,


Дүниеде солай өмір сүрмек еді.
Бір Алладан басқаға бас имеген,
Қалпынша қара жерге кірмек еді, — деп басталады. Демек, Сұлтанмахмұт — туғанынан ислам дінін қабылдаған, иманды ақын болған азамат.
С.Торайғыров өмірден жапа шегіп өткен жан. Ең өкініштісі, артында ұрпақ қалған жоқ. Махаббатта сəтсіздікке ұшырап, сүйген қызына қосыла алмады. Аяқтан шалған тағы да қу кедейлік болды. Бірақ ақын қажыса да мойыған жоқ. Қайта ашына түсіп, өлеңдерін өзі өмір сүрген қоғамға өшіге жазды («Тұрмысқа» атты өлеңі):

Ден сау болса тағдырдың,


Көкке ұшырам күлдерін.
Түрлентемін гүлдерін,
Жігермен талап еткен соң,
Қоям ба екен сүлдерін.
Аждаһадай ақырып,
Алдымнан қарсы шапса да,
Естімеймін үндерін.
Серпіп тастап түндерін,
Туғызамын күндерін!..
Сұлтанмахмұттың қанша азапты көрсе де, бəрін қайыспай көтеріп, еңсесін тік ұстауға тырысқандағы жебеушісі оның халқының жарқын болашағына деген сенімі еді. «Сөзімен баға бермес бұл халыққа» атты қысқа өлеңінде:

Сөзімен баға бермес бұл халыққа


Іліндім он екімде бұғалыққа.
Елімнің мен шын ұлы екеніме
Тағдырдың өзі берер куəлікті, — дейді ол «шындықтың ауылын іздеп жолға түскен» ең бір қиын да, қастерлі жылдарында.

«Шығамын тірі болсам адам болып» атты керемет өлеңінде Сұлтанмахмұт ақын:


Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл жиһанда жаман болып.Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп, надан болып.
Мен балаң жарық күнде сəуле қуған,
Алуға күнді барып белді буған.
Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,
Болмасам толған айдай балқып туған.
Бұл сөзім асып айтқан асылық емес,
Ойында оты барлар асылық демес.
Тебем деп тірі болсам надандықты,
Серт етіп, өз-өзіме еткем егес, — деп, өз алдына биік мақсат қойып, сара күрес жолын таңдап алды. Сол жолдан ол өмірден неше түрлі таяқ жеп, заман теперішін көрген азапты күндерінде де ешбір таймады.
Айтарға, əттең, сөз жоқ, сом дарын иесі 27 жасында опат болып, қыршын шағында өмірден озды. Дəт дерлік жайт: соңында бүгінгі ұрпақты таңдандырып, сүйсінтер əрі ой салалық асыл жырлары қалды…


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет