Философ Асан Қайғының Ертіс өңіріне берген сипаттамасының бір қыры осы топырақта дүниеге келген даналардың кереметтілігі мен даналық мұхитына жетелейді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев деп ары қарай да тізбелей беруге болатын Дала перзенттерінің қазақ халқына сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Біз, өз тарапымыздан алдағы жылы 150 жылдық мерейтойы болған ғұлама ақын, философ, халық қазынасын көзінің қарасындай сақтаған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қалдырған мұраларынан мына мәселелерді қарастырдық: ертегі, аңыз. Себебі, қазіргі кезде алдыңғы қатарлы филолог, философ, психолог т.б. ғалымдар осындай туындылардың жаңаша бір қырын тануға ұмтылуы кездейсоқтық емес деп санаймыз. Әлем ғылымында да осы мәселе қозғалуда. Мұның бір мысалы «Жүзік билігі» философия тәріздес» («Властилин колец» как философия») атты философиялық эсседе байқалады.
Мұнда он жеті философ, академиктерді біріктіріп: өмірдің мәңгілік тақырыптарын зерделетіп, аталған кітаптың негізгі ұстанымымен қатар пайымдатқан. Яғни, зұлымдықтың табиғатын, зұлымдықтың басқарылуын, өлмес тіршілік пен ажал, адамның тірі табиғатпен қарым-қатынасы, бақыт пен бақытсыздық дегеніміз не деген сұрақтарға жоғарыдағы ертегі авторы Дж.Р.Р.Толкиннің ракусты тақырыбымен өзектес еткен. 1954-55 жылдары ең үздік кітап ретінде дүние жүзіне танымал болған «Жүзік билігі» әлі күнге дейін өзінің айтарын, ұқтырарын тауысқан емес, Питер Джексонның экранизациясынан кейін тіпті жастар арасында әдеби ертегінің модернистік бағытының тынысы ашылды. Нақтырақ айтсақ, бізге, модернистік персонаж Саруман әрекеттері арқылы тұлғаның да, данышпанның да, ғалымның да сана-сезімінің бұрылыстарын көрсетіп, оларды қоршаған түгел дүниені философтар қазіргі нанотехнология, генетика, роботтық техника тұрғысынан түсіндіргені қызықтырақ көрінді. Яғни, физика ғылымының зерттеу орталығында Томас Джей Ватсонның жасап жатырған жұмыстары бойынша бұл наноөлшемнің адам табиғатына философиялық, психологиялық т.б. әсерін жеткізуге тырысқан. Ертегідегі «жүзік билігі» – осы заманғы нанотехнология. Бұл ғылымның пайда болуының өзі «қылыштың жүзіндей қылпып тұрған» мәселе екеніне назар салған. Адамға бақыт та, сор да әкелетініне түсініктеме жасаған. Академиктерді жинаудағы мақсат пен міндеттің бірі – бұрынғы «Жүзік зұлымдығын» салыстыра отырып, жалғастыра «Жүзіктің ақылды билігін» санаға құю деп саналды. Сондай-ақ он жеті ғалымның басын қосқызған Р.Толкиннің көзқарасындағы «шындық өмірдегі адамгершілікті түсіндіру» мәнін жүктейтін шығармалардың қатарын қазақ әдебиеті мен философиясы да өз мойнына жүк етіп алғаны баршаға мәлім. Оның бір мысалы, Мәшһүр Жүсіп секілді бірегей тұлғаның ой-пайымдарынан мынаны толық түсінуге болады: имани тереңдіктің тамырын көктететін, жанға жайлы жететін, жеткіншектердің қиялын, санасын қозғайтын түп қазықтар сөзбен өрілген. Әлем таныған кітаптың үлгісімен балаларға, сонымен қатар ересектердің де өзін ойландыруға кілт болатын пайымдар Мәшһүр шығармашылығындағы мистикалық, аңыздық, ертегілік шығармалардың Жаңа Қазақстандағы экранизациясы болсын т.б. болсын өз кезегі күтіп тұр деген ой қорыттық. Бұл мақалада жазылған пікір-ой екінші бір ойды қозғасын деген мақсатпен жинақталды. Төменде осы бағытты ұстай отырып ақын шығармашылығына назар салдық:
«Патша қызы және тазша»– ертегі. Ертегі кейіпкерлері жетеу: патша, уәзірлері, мыстан, патшаның кіші қызы, тазша бала, байбатша. Басқалары эпизодтық кейіпкер де, бастысы – патшаның кіші қызы. Бір қызығы, басқа тақ мұрагерлері және қыздың тұрмысқа берілуінде ойдың үзілісі ме, әлде бізге жетпеген тұсы ма, бір реттілік бұзылған.
Қысқа жазылса да мазмұны шалқар. Біліммен билікке жеткеннің орны лайықты бағасын алатыны айтылған. Мақалдың қолданысы ойдың әрленген көрінісі, негізгі ойды жеткізуші құрал ретінде пайдаланған. Мысалы: «Есі кеткен ешкі жияды, Ешкіменен есін жияды».
«Еңбекпенен ер көгерер» дейтін халық даналығындай ақсүйек қыз өзінің асылдығын байқатып сыннан мүдірмей шығады. Ертегінің маңызы осында.
Барлық ертегілерде кездесетін халықтық белгі – қарадан шыққан кейіпкердің, бұл жолы тазша хан тағына отырған. Бұған ол ханшайымның ақылымен жеткен. Осы тұста Мәшһүрдің халықты қайткенменде зиялылық пен тектілік имани қалыпқа ұйытатынын ишаралағанын байқаймыз.
«Өтірік өлең» – қазақтың халық ауыз әдебиеті. Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан алынған. Өлең қолданысында ұлттық өрнек молынан кездеседі. Мысалы: «құмырсқаның асауын қойдай бақтым» немесе «Асауын шегірткенің ұстап мініп, Тау-таудан тарбаңдатып түлкі қақтым», сол сияқты «қаншырдың шаңырақтай омыртқасы» және «Бөгелектің биесін байлаймын деп, Өрмекшінің он құлаш желісі бар», «Үйіне инеліктің кіріп барсам, Ас беріп әкесіне жатыр екен». Әдемі теңеу, эпитеттердің біршамасы кездеседі: «Маса деген бір әділ пақыр екен, Имансыз сона деген кәпір екен». Өлеңде: «Өтірік өлең айтсам да, келісі бар»,- деп айтылғандай қиыстырылған әрекеттер астарында батылдыққа, жауаптылыққа, еңбекқорлыққа, адалдыққа т.б. үндейтін өсиет бар.
«Өтірік өлең» В.В.Радловтың 1870 жылы жарияланған кітабында орын алған. Кейін Мәшһүр Жүсіп жинаған нұсқамен салыстырылған. Халық ауыз әдебиеті түрінің бірі «Өтірік өлеңнің» осы екі нұсқасы ф.ғ.д., ұрпағы Н.Жүсіповтің сараптауында жиырма ерекшелікпен көрсетіліп, ақын шығармаларының 5 томында берілген.
«Лашын мен қарға»– мысал өлең, халықтық шығарма. Мәшһүр Жүсіп сақтаған жазбада: «Бұрынғы заманның ескі өлеңі» деп көрсетілген. Жазбаның екі түрлі нұсқасы бар. Кейінгі түсірілген деректе өлеңнің бейнелеу тәсілдері жетілдірілген. Ақын шығармаларының 5 томына енгізіп, олардың арасындағы мәтіндік салыстыру жұмыстарына түсініктеме жазған Мәшһүр шөбересі Н. Жүсіпов.
Алғаш байқалатыны – ауыз әдебиеті үлгісімен кестеленген. Мысалы: «Анаң байғұс аспаннан іліп еді, Бір ерні көк, бір ерні тіреп жерді», «Арасы қырық күншілік (жолдар) шөлдер екен, Түс болмай алып барып (тоғайға ағып) түсті дейді»,- деген жолдар. Лашын қарға, қарғаның «аппағы», қарлығаштың арасындағы басты тартыс – жем болған үйрек. Лашын ілген үйректі шоқыған соң, қалдығы қарғаға бұйырады. Талас төркіні: «Үйрек етін же-дағы қарық бол енді, Не жегізбес бұл анаң саған»,- дегеніне қарсылық білдірген қарғаның шыншыл, ақ жүректі балапандарынан шығады. Өлеңнің: «Шешеке, өтірікшінің өмірі аз. Жын менен, атам жеген, қан шоқымай»,- деп бейнеленген тұстарынан өлексе жеп үйренген қарға тұқымының атадан бергі өмір сүру дағдысы көрінген және мысалдың мәні де осыған жинақталған.
Мұнда басқа шығармаларда бейнеленетін қарлығаштың адал, қайырымдылығынан бөлек мағына жырланған: «Сұм, шағымшы» болған. Қарғаның балапаны керісінше адалдыққа ұмтылған, қара қарғаны дұрыс жолда болуға тәрбиелеген. Жақсы қырынан көрінген: «Лашын, сенің берген балыңнан да, Бір қасық анам берген суы (сүті) тәтті»,- дейтін тармақтар дәлел.
Астарлы қабаты көп, ирония басым.
«Қыз жұмбағының шешуі»– еркін үлгідегі шығарма. Проза тілімен 1905 жылы жазылған. Қазақтың тума таланттық дәстүрінде жұмбақ қоюшы мен оны шешушілердің өзіндік тарихы бар. Олар түрліше жағдайда дүниеге келіп, түрліше жанрда дамып отырған. Сондай шығармалардың бірі – «Қыз жұмбағының шешуі». Ерекшелігі – халық қазынасын қастерлеген, зерттеп-жинаған автордың жұмбақтың шешуін көркем мұра түрінде қалдыруы. Әруақытта жұмбақты құрастыру да, оны одан жоғары деңгейде шешу таланттылықтың бір белгісі болған. Мұндағы Батпаның жұмбағы да, оны философиялық түйінмен шешкен Мәшһүр Жүсіптің қиялы да ғажап өнерді паш еткен. Екі бөлім, бірі – жұмбақ үш жаңа ой қазығын байлау ете жұмбақталған. Шешуінде – үш бала, үш көл, үш балық, үш қазан, үш пышақтың жұмбақталуынан ғана сыр іздемей, оған қоса жұмбақта берілген әрбір сөздің астарына үңіле, дүниетанымдық мән берілген. Негізгі тоқтаған мәселесі мынадай: Абай жырлаған «дүниеге жылап келіп, жылап кету». Дүниеге келеріңдегі жалаңаш күйіңнің, өмірден озарыңда да қайталанарына көңілдің еш сенбеуі айтылған. Жұмбақта қазақы санаға тән, ұлттық өрнекті сөз қиюластырылған: «Суы жоқ көлден жаны жоқ балықты алып, шиі жоқ үйдің ішінде отырып, түбі жоқ қазанға асып жедім, сабы жоқ пышақпен кесіп жедім. Қарыным қабақтай, бұтым таяқтай болды. Сөйтіп отырып, отырған үйімнің жапсарынан шығып кеттім. Есігі ойда да жоқ»,- делінде, Мәшһүрдің шешуінде: «Құдай жолына басын құрбандық қылып, өлімді ойлап, жақсылық жолға шығып, сол жолда жүріп өлгендер. Әнеки, үйдің есігінен шыққан солар. Үйде жатып өлгендер есік ойында жоқ, жапсардан шығып кеткен есепті»,- деп қазақы ойлаудың тамаша жан-жақты танымдығын көрсеткен.
Ақынның бұл шығармасы туралы Е.Жүсіпов: «астарлау, сөз қолдану ерекшелігі оны проза ауқымында ғана қалдырмай, поэзияға тән ерекшеліктерге ұмсындыруымен де ерекше әсер қалдырады»,- деген пікір білдірген.
«Пайғамбардың соңғы тілегі» – аңыз өлең.
Ақынның аңыз рауаятында қазақтың халық даналығында, ғұламалардың өсиетінде, ақын-жырауларының мұраларында қалдырғандай «Ұлық болсаң, кішік бол» тәлімі сөз етілген. Мәшһүр Жүсіптің аталған аңыз өлеңінде осы тақырып діни көзқараспен көмкерілген, әсіресе автор диалогтық бейнелеу құралына негіздеген. Өлең бірден кейіпкер пайғамбарымыз Расулдың сенімді досы Біләлға өзінің халқына ақырғы өсиетін тыңдауға жиналуына бұйрық етуінен басталғаннан алпысыншы шумағына дейін диалогтық сипат ерекшеленген. Аңыз элементі Мәшһүрдің айтайын деген ойының негізгі қазығы ретінде пайдаланылған. Түйіні: ақын адами қасиеттердің ең тамашасы – сабырлылықты өлеңге арқау еткен. Мәшһүр Жүсіптің: «Менен соң залымдардан хакім болып, Әр түрлі жәбір істі қылғай саңа, Алланың тағдырына мойынсұнып, Залымына тұрыңыздар сабыр қылып»,- деген көркемдеуінің астарынан ақынды қоршаған аласапыранды дүниенің келешегінен берілген хабар пайымдалды. Не нәрсенің де соңын күтіп, сабыр сақтасаң: «Дүниеден дін иманын аман етіп»,- деп өзі жырлағандай жақсылық сәулесі төгілеріне сенгені байқалады. Ақынның аңыз өлеңі мазмұндық құрылымы жағынан үш бөлікке бөлінген. Біріншісі – өсиет айтып, арылуы және қарызы барын сұрауы бойынша болса, екіншісі – қысас еттің деген нақақ әрекеттің нәтижесінде пайғамбардың жалаңаш арқасы ашылып, қамшыға бойұсынуында болатын диалогтар қатарымен өрбіген. Мұнда ақын «Мұхаммед Расул Алланың» құдіретіне қарамастан сынға салады, өйткені: «жақсы мінезді асхапларың, баршасы үйренділер сізден көріп»,- деп, оның жанындағылардың сын сағаттағы әрекетіне мән берген. Үшіншісі – Расул пайғамбардың тілек дұғасымен жаман қасиеттерге (еріншектік, өтірікшілік, ұрылық т.б.) жоламауға өсиет етуі. Міне, бұл туындының діни білімді, діни көзқарасты білдірген аңыз өлеңі деп қарағанымызбен, көркемдеу құралында алар үлгі мол деп танылады. Тәрбиелік күші зор.
«Нұх кемесінен кейінгі әңгіме»– Мәшһүр Жүсіптің туындысы. Мәшһүр Жүсіп естіген, оқыған аңыздардың желілерін електен өткізіп, жылдың басы, саналуы, атаулары, оның мәнісі деген тақырыптарды көркем ойлы сөзбен жиектеген, құр баян етпеген. Естіп-білген, тоқығанынан бір тұжырым жасаған. Қазақ арасында осы мәселенің төңірегенде қандай қатыстықты дәрежесін зерделеген. Сол түйінін көркемдеп жеткізген. Бұрынғы қазақ жылдың өтуін астрономиялық атаулармен таразылаған. Малмен байланыстырған. Бұл туралы көптеген ақындар жазып қалдырған. Ал, Мәшһүрде оның солай болуына назар салған. Ақын: «Қазақ айдың, күннің өткен, кеткенімен жұмысы жоқ. Көріп тұрған күнің не күн екенін мыңнан біреу-ақ біледі. Қазақша айдар қойылып, ат тағылған ай аты жоқ»,- деген. Санаудың қазаққа тән түріне нақтырақ дәлелді тоқталған: «Біздің қазақ Айды да білмейді, жұлдызды да білмейді, жылды тоқсан болғанда: «Жер мұз»- дейді»,- деп жақсы белгілеген. Әсіресе, дауыл, бұлт, желдің санау ұғымына сіңісе кіріккенін бақылаған. Оның негізі бар деуге болады, өйткені қазақ ақындарының сөз қолданыстарынан көптеп табылады. Абайды алып қарасақ, «желтоқсан мен сол бір екі ай» деп тоқсан шамасымен, яғни қазақтың өзіне тән күн санауымен сөз безендірген. Осы бақылауларын Құранмен, сонымен қатар Библиядан қараған және: «число есебін солар айтып жүреді»,- деп тіршілік сипатымен де қосақтаған.
Сөз басын Нұх кемесінің судан шыққанынан кейінгі жыл санаудың аңызы бойынша бастап алып, «Наурызға» тоқталуының аңыздық белгісі сақталған. Алайда толық аңыздық құрылым емес, синкретті.
Жоғарыда философ Мәшһүр Жүсіптің жан-жақты гуманистік іліміне аз да болса тоқталдық. Ал жалпы, бұрындары сөз еткеніміздей Мәшһүр Жүсіптің мұраларындағы әдеби, философиялық танымдар сөз өрнегінен танылған. Тек соның ортақ белгісін түрлі ғылым салаларынан жоғарыда мысалға келтіргендей ортаға салу керек, сонда көбірек ұтамыз. Ғалым академик Ғарифолла Есім қазақ әдебиетіндегі сөз қолданысы, оның ішінде философиялық метафораның орнын ерекшелеген болатын: М.Әуезовтің «Қилы заман» ұғымының қай тұрғыдан сараптасаң да мәнді екенін атап айтса, өзіміздің тарапымыздан Мәшһүр Жүсіпте де «Ақылдылар билігіне» сай мағыналы таразыланған Құран аяттарының философиялық метафораға айналғанын байқадық. Мәшһүр Жүсіптегі «жүзік сиқыры» осындай! Сөз ғылымы қай кезде де инженериялық және т.б. ғылымдарға қозғау, ой бастау болатынын ежелден мойындағанбыз. Ендеше Мәшһүр Жүсіп мұрасы басқа да Ұлыларымыздың қазынасындай бағалана, зерттеле түсуі керек. Дәстүр мәнінің модернизмі дегенде осыны түсіндік.
Достарыңызбен бөлісу: |