Георг Вильгельм Фридрих Гегель немістің идеалист философы (1770 – 1831 жж.). 1801 жылы Иен университетінде жоғары лауазымға ие болып, «Фихте мен Шеллингтің философиялық жүйелерінің айырмашылығы» атты еңбегін жазды. 1807 жылы «Рух феноменологиясы» туындысын жариялады. 1812-1816 жылдары «Логика ғылымы» еңбегін жазып шықты. Ал Берлиндегі кафедрада жұмыс жасаған кезінде ол «Құқ философиясының очерктері», 1827-1830 жылдары энциклопедиялар өнімдерін тудырды.
Гегель жүйесі 3 бөліктен тұрады: 1) Логика (онтология) әлемді жаратуға дейінгі Құдай болмысы; 2) Натурафилософия – материалдық әлемдегі құдайдың жатсынылуының мазмұны; 3) рух философиясы –Құдайдың өзінің жаратуынан адамдық рухта өзіне қайта оралуы, өзге болмыстан рухтың қайтып оралуы тек адамда ғана, субъективті рух өзінің танылған санасын, өзінің жеке рухани субстанциясын сәйкес деп танымайды, объективті рух қоғам құрған құқ, мораль, құлықтылық арқылы өзінің құрылуында осындай эволюцияны бастан өткізеді. Сондықтан объективті рухтың құрылуында абсолютті рухтың үш формасы бар; байыптау, елестету, білім. Тарих еркіндіктің санадағы прогресімен бірге әлемдік рухтың өзін тану процесі.
Георг Вильгельм Фридрих Гегель, Кант пен Фихтенің ерекше дара идеяларын шығармашылық тұрғыда танытуға тырысты, сонымен қатар өз құқығында ақыл-ойды негіздемекші болды, яғни жаңа заман философтарының шығармашылық жетістіктерін жалғастырды. Кантпен салыстырғанда Гегель трансценденталды алғышарттарды тарих құрастырады деп санады, өйткені ол Абсолюттік Идея дамуының интерсубъективті процесі болып табылады. Абсолюттік Идеяның өзіндік дамуын Гегель өзінің “Рух феноменологиясында” (1807 ж.) түсіндіреді. Ол бойынша бұл процесс екі деңгейде көрінеді: индивидтің санасы деңгейінде (сезімталдықтан философиялық білімге дейінгі сананың қозғалысында) және тарих деңгейінде (антикалық дәуірден Наполеон заманына дейін). Гегель әр түрлі формалар арқылы өзіндік санаға қарай бағытталған сананың салтанатты шеруін көрсетеді. Абсолюттік Идеяның өзіндік дамуының бүкіл осы күрделі драмалық жолын индивидтің қалыптасуы мен даму процесі ретінде қарастыруға болады және оның барысында индивидтің көзқарасы, санасы, тәжірибесі өзгеріп, оның болмысының “негіздері шайқалады”.
Сананың өзгерісі процесінде Гегель гносеологиялық теориялардың мазмұнын, олардың шектеулілігін анықтай отырып, сыни тұрғыда қарастырады. Сонымен қатар ол танымның әр түрлі формалары арасындағы өткелдерді сипаттай отырып танымды қалай пайда болғаны тұрғысынан баяндайды. Сананың пайда болу процесін анықтай отырып, Гегель ақиқат пен өзін-өзі тану күрделі диалектикалық процесс деген тоқтамға келеді. Ақиқат өзгермейтін нәрсе емес және абсолюттік біліммен мәңгіге берілмейді, оған таным процесінде жетуге болады және ол әрекетпен байланысты.
Гегель бойынша адам әлемі өлі, дайын, өзгермейтін және абсолюттік заттардың жиынтығы емес, өзінің адами әрекетінің нәтижесі болып табылады. Адамды қоршаған нәрсенің бәрі—өзгертілген әлем, адамның әрекетінің барысында қалыптасқан әлем.
Гегельдің пікірінше, тарих—бұл адамның адам болу, әлеуметтену процесі және адамзаттың өткен жолы. Бұл оған өзін-өзі тану үшін қажетті негіз болып табылады. Сонымен, тарих адамға қатысты алғанда сыртқы, онан тыс нәрсе емес, нақты тірі адамдар онда өмір сүретін, болатын, ойлайтын, сезінетін нәрсе. Адам тарихи өзіндік дамудың нәтижесі болғандықтан, осы алғышарттың негізінде тарихты зерттеумен айналысады. Гегельдің түсінігінше тарих рефлексия процесі сияқты, оның барысында адам белгілі бір негізге келіп тоқтайды. Бұл рефлексия дамудың диалектикалық заңдарына бағынады.
Ақиқатты толығымен меңгеруге жете отырып адам жоғары рационалды танымға ие болады, базистік негіздердің мәнін игереді.
Егер Гегельге дейінгі ойшылдар тарихты қателіктер мен адасушылықтардың тарихы деп есептесе, Гегель салыстырмалы шындық ұғымын енгізе отырып, ақиқатты салыстырмалы шындықтарды анықтау және олардың даму процесі деп есептеп, ақиқаттың осы түсінігінсіз ғылымның мүмкін болмайтындығын айтады.
Гегельдің ойынша жоғары ақиқатты философия ашады, өйткені ол өзінің жеке даму жолына рефлексия жасай отырып болмыстың шынайы мәніне қол жеткізеді. Ал өнерге, дінге және ғылымға келер болсақ, олар бізді ақиқатқа тек қана жақындатады. Тек философия, Гегельдің түйіндеуінше, болмыстың шынайы картинасын беріп, әлемнің негізін игереді. Ал әлемнің негізі болмыс пен ойлаудың бірегейлігі болып табылады. Ол "Логика ғылымында” (1812-1814 ж.ж.) болмыстың идеалды негізі мен оның өзіндік даму тәсілдерін ашады. Гегель бойынша дамушы ойлау мәнділіктің нақты негізі. Ақыл-ой танымының құралы - ұғым. Ұғымның қозғалысы қайшылықтар арқылы жүзеге асады. Қоғам қозғалысы процесінің өзі қарапайымнан күрделіге қарай жүріп, абстрактылыдан нақтылыға, бүтіндікке немесе категориялар жүйесіне шығуымен сипатталады. Білімнің жүйесін қалыптастыруға септігін тигізетін логиканың формасы (мұнда таным теориясы мен диалектика қосылады) диалектикалық логика болып табылады. Диалектикалық логика, деп түйіндейді Гегель, әлемді қарапайым тұрғыда бақылаудан оның мәнін ғылыми түсінуге дейін көтерілуге мүмкіндік береді. Сонымен, Гегель өзгерістер философиясын ойлап тауып, алғаш рет тарихты диалектикалық секіруші процесс ретінде танытты және ол туралы білім үнемі өзгерістегі нәрселер біткеннен кейінгі ой толғаулар нәтижесінде жинақталады. “Даналықтың күні бататын мезгіл” жетті.