Дәріс №5. Өзін-өзі тексеру сұрақтары
Монотеизм дегеніміз не?
Креационизм дегеніміз не?
Ортағасыр христиан философиясының бағыттары
Номинализм және реализм
Әулие Августин және Ф. Аквинский философиясы
6-дәріс. Ортағасырлық араб – түрік философиясы
Батыс философиясында өнер мен ғылым өз дамуында белгілі бір уақыт аралығында тоқтап қалып, христиандық дінді идеологияландыру жүріп жатса, ал Шығыс философиясында әсіресе VІІ-Х ғасырларда араб ойшылдарының арқасында философия мен ғылым өзінің гүлденген кезеңін бастан кешіреді. Ортағасырлық араб-түрік философиясы деп арабтар мен Таяу және орта Шығыс халықтарының мәдени-саяси әсерімен қалыптаса отырып, Гибралтардан Индқа дейін созылған Араб Халифаты териториясында орналасқан, VIII-XIV ғасырдағы кезеңді қамтитын философияны айтамыз. Ортағасырлық араб-түрік философиясы мен мәдениеті антика мұрасын сақтай отырып, діни сипаттағы дамуды күшейтті. Арнайы білім салаларының дамуына әл-Хорезми, әл-Бируни, Ибн- Сина, Омар Хайям және т.б. ойшылдар өз үлесін қосты. Мұсылман әлемінің философтары мен ғалымдары Батыстың ғылымы мен философиясының қалыптасуына дүниетанымдық және теориялық зор ықпалын тигізді.
Ортағасырлық араб-түрік философиясын екі негізгі кезеңге бөлуге болады:
1.VІІ-ІХ - араб-түрік философиясының пайда болуы.
2.IX- XV- араб-түрік философиясының ерте грек философиясын игеру кезеңі.
Ортағасырлық араб-түрік философиясының негізгі бағыттары:
• Калам - исламдағы діни-саяси ағымдардың пайда болуымен қатар дамыған дискуссиялар, мұсылмандардың басқа сенім өкілдерімен, христиан өкілдерімен пікірталасы. Бұл пікірталаста құдайдың мәні, құранның негізі, құдайдың жазуы, бостандық мәселесі қаралды. Каламда екі бағытты атап көрсетеміз: ерте калам-мутазализм, кейінгі калам - ашаризм.
• Мутазалиттер (ерекше, айрықша) - ХІ ғасырдың бірінші жартысында гүлденген калам мектебінің өкілдері. Олар Алладан басқа ешкімді мойындамайды, ең құдіретті Алла. Сондай-ақ мутазализм-шийттердің идеялық ағымы болып табылады. Мутазализмнің атақты өкілдері ал-Алляф, ан- Наззам, ал-Джахисс.
• Суффизм - исламдағы мистикалық аскеттік ағым. Адам үшін жоғарғы игілік адамның қоршаған ортадан, барлық қызықтан бас тартуы. Өкілдерінің бірі Қожа Ахмет Яссауи.
Ортағасырлық араб-түрік философиясы грек философиясы мен Европа филоссофиясы - схоластика арасындағы байланыстырушы буын болып табылады. VІІІ-ХІІ ғасырдан бастап, шығыста ғылымның дамуына жол ашылады. Алдымен тригонометрия, алгебра, оптика, психология кейіннен, астрономия химия, география, ботаника мен медицина дамиды. Одан кейін біртіндеп діни-филоссофиялық бағыттар алдыға шыға бастайды. Орта ғасырлық араб-түрік философиясының басты бағыты ислам мен мешіттің догматтарын сақтау, оны дамыту болды. Орта ғасырлық араб-түрік философиясының басты өкілдерінің бірі Ибн - Сина (Авиценна) (980-1037). Ол Әл-Фарабидің кейбір идеяларын шығармашылық тұрғыда жалғастырды: эманация идеясы, ақыл-ой туралы идея т.б. Ибн-Сина философиялық білімді екі салаға бөледі: теориялық және практикалық. Оның ойынша, егер теориялық философия ақиқатты игеруге ұмтылса, практикалық философия - игілікке жетуге ұмтылады. Теориялық философияға физиканы, математиканы, ал практикалық философияға саясатты, экономиканы жатқызады. Ал логика ғылымдардың барлығын пысықтайды, ол әлемді тану құралы. Барлық ғылымдардың шыңы метафизика деп аталынады, ал метафизика деп кейде теологияны, кейде философияны атайды. Қорытындылай келгенде, Ибн-Сина өз жауаптарында мынадай идеяларға келеді: егер философия ақыл-ой мәліметіне, дәлелге негізделген шындық туралы білім берсе, ал теологиялық білім сенімге сүйенеді.
Әл-Фараби (870-950) Аристотельдің ізбасары болып табылады. Оның еңбектері «Герменевтика», «Қайырымды қала тұрғындары», т.б. Оның көптеген идеялары батыс европа идеяларымен философиялық концепциялардың дамуына теориялық әсерін тигізді. Фараби ғылыми болжамға, әлемді ғылыми танып білу мүмкіндігіне сеніп, қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қарсы шықты. Жер бетіндегі соғыссыз қоғам идеалын теориялық тұрғыда негіздеді.
«Фусул әл-мадани» еңбегінде Әл-Фараби адамдық болмыс ретіндегі мәдениетті талдауды бірінші ұядан - отбасынан бастайды. Үйдің өзіне тән мақсаттары болғанымен, ол қаланың құрамдас бір бөлігі болып табылады. Қалада отбасылар келісімді, тату-тәтті өмір сүруі керек. Қала ұғымы мемлекетпен жақындастырылады. Тағы бір мағынасында қала ұғымы әлеуметтік-мәдени топ түсінігімен де байланысты қарастырылады. Әл-Фараби 4 түрлі қалалар бар дейді: қайырымдылар қаласы, надандар қаласы, адасқандар қаласы, азғындар қаласы. Бұл әлеуметтік мәдени типтер сол заманның мәдени бағдарларымен сәйкес келеді. Рухани мәдениет бастауларын Әл-Фараби адамдарды өзара байланыстыратын құндылықтардан - жан дүние үндестігінен, әдеміліктен, қайырымдылықтан, бақыттан іздеді. Қайырымды қала тұрғындары ақыл-ой, әділеттілік, теңдік, бақыт бастауларын жоғары бағалайды. Бұларға жету үшін мәдени тәрбиенің маңызы зор. Тәрбиенің негізгі мақсаттарының бірі - білімді қалыптастыру. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгелердің ақылдылығын аңғармайды. Ғылым мен тәрбие ұштаса келе жоғары мәдениеттілікке жол ашылады. Мәдениеттілікке тәрбиелеу мәселесін Әл-Фараби жалпы мұсылмандық білім жүйесі - мағрипатпен үндес қарастырады. Оның басты түйіні - мінсіз ақылды әрі жетілген адамды қалыптастыру (әл-камили әл-инсани).
Достарыңызбен бөлісу: |