Физика пәнін жаңартылған білім мазмұны бойынша оқыту Егеменді елдің ертеңі-бүгінгі күннің білімді жастары. Ортадан озып шығып, «жүзден жүйрік» атанатындардың заманына айналған XXI ғасыр –білім мен біліктің майданы. Мемлекеттің маңызды мәселелерінің бірі-жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Белгілі ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген. Қазіргі таңда елімізде орта білім беру мазмұнын жаңартылған жүйе бойынша оқыту айрықша қарқынмен жүріп жатыр. Жаңартылған білім беру мазмұнының мақсаты-еліміздің білім беру саласын жаңа экономикалық ортаға дағдыландыру. Осы тұрғыда, Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекетімізді әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосу туралы міндет қойғаны баршаға мәлім. Мәдениетті, өркениетті елдер қатарына қосылу үшін оқушыларға қазіргі заман талабына сай білім беру қажет. Жалпы, дамудың негізі білім мен ғылымнан бастау алады. Жастардың сапалы білім алуына саналы түрде жағдай жасап, олардың жан-жақты дамуы мен жеке тұлға ретінде қалыптасуын қамтамасыз етуде педагогикалық, теориялық, ғылыми-әдістемелік инновацияларды меңгеру мен озық тәжірибелерді пайдаланудың маңызы зор.
Білім беру саласындағы бағалау жүйесіне, оқулықтар мен оқыту әдістемелеріне өзгертулер енгізу, оқыту барысында педагогикалық технологияларды көптеп қолдану, жастарды АКТ мен қаруландыру-білім сапасын жақсартып, оқушылардың жалпы үлгерімін арттырады.
Негізгі орта және жалпы орта білім беретін мектептерде «физика» пәні бойынша оқушылардың білім және білік дағдыларын арттыру маңызды мәнге ие.Физика ғылымының мақсаты-заттар мен құбылыстардың физикалық қасиеттерін танып-білу, зерттеу болып табылады. Бұл пәнді табысты меңгерту оқытушының кәсіби құзыреттілігі мен тәжірибесінің нәтижелілігіне тікелей байланысты. Елімізде «физика» пәнін жаңа талаптарға сай оқыту,біріншіден, оқу бағдарламасының құрылымын жаңартудан бастау алды. Соның ішінде:
-Пән бойынша оқытудың мақсаттары мен міндеттері;
-Оқытуды жүзеге асырудағы педагогикалық құралдар;
-Оқыту мақсаттарының жүйесі;
-Қысқа, орта, ұзақ мерзімді жоспарлар.
Екіншіден, оқу бағдарламасын жаңарту пәннің мазмұнын да қамтыды:
-Оқытудағы «спираль» қағидаты;
-Тақырыптың қарапайымнан күрделіге өтудегі бірізділігі;
-Оқушылардың танымдық дағдыларын дамыту және өмірмен байланыстыру;
-Оқытудағы интербелсенді әдіс-тәсілдерді қолдану;
-Пәнаралық байланыс.
Үшіншіден, «физика» ғылымының төмендегідей ерекшеліктеріне баса мән берілген:
-Оқушыларға қоршаған орта мәселелерін шешуде физиканың рөлін түсіндіру;
-Тәжірибеллік, зертханалық жұмыстарды жиі ұйымдастыру арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылықтары мен зерттеушілік қабілеттерін қалыптастыру.
Физика пәні мұғалімнің басты мақсаты-танымдық белсенділіктері мен ғылыми ойлау жүйелерін жетілдіру болып табылады. Оқу процесінде оқушылардың теориялық және практикалық білімдерін жетілдіру үшін салыстыру, сәйкестендіру, абстракцияландыру,қорытынды жасау сынды ойлау амалдарын пайдалануды үйрету қажет. Сондай-ақ, оқушылардың физика пәніне деген қызығушылықтарын ояту оқытушы үшін аса маңызды. Сабақтың қызықты әрі нәтижелі болуы үшін көрнекілік құралдарын көптеп пайдалану, түрлі эксперименттер жасап көрсету, проблемалық жағдаяттар туындатып, оларды шешу жолдарын талқылау, шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды орындату, оқушылардың өз бетінше жұмыс жасауын ұйымдастыру сияқты әркеттер жетекші рөл атқарады.
Білім берудің жаңартылған бағдарламасы бойынша еліміздегі әрбір мұғалімнің мазмұн мен жүйелілікті сақтап, білім саласын дамытуға көмектесетін арнайы педагогикалық тәсілдерді қолдана алатын нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі бар.
Еліміз егемендік алғалы бері жыл сайын білім жүйесіне енгізіліп отырған жаңалықтарды біздің болашағымызға салынып жатқан сара жол деуімізге болады. Себебі, қай мемлекеттің болсын экономикалық-әлеуметтік жағынан дамуы сол елдің білім жүйесімен тығыз байланысты. Яғни, болашақта бәсекеге қабілетті, дамыған елдер қатарына қосылу жас маманға жүктелген абыройлы міндет болып табылады. Бүгінгі жас-ертеңгі ел тұтқасын ұстаушы білімді маман, халық тағдырын шешуші азамат.