ҚОҒАМДЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ САНАНЫҢ МАҢЫЗЫ
Игисинова А.С.- оқытушы (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)
Қоғамдық қатынастар – белгілі бір өндіріс тәсілі негізінде өндірісте және өмірде адамдар арасында қалыптасатын күрделі де сан-қилы қатынастар. Философия тарихты материалистік тұрғыдан қоғамдық қатынастарды материалдық және идеологиялық деп екіге жіктеді. Материалдық қоғамдық қатынас объективті, адамдардың санасы мен еркіне байланысты емес. Материалдық қоғамдық қатынас ішіндегі ең бастысы әрі айқындаушысы адамдардың өндірістік қатынастары болып табылады. Өндірістік қатынастар қоғамдық өндіріс процесіндегі адамдар арасындағы материалдық экономикалық қатынастардың жиынтығы. Өндірістік қатынас – қоғамдық өндірістің қажетті жағы. Жеке адам материалдық игіліктерді өндіре алмайды. Өндіру үшін адамдар белгілі байланыстар мен қатынастар жасайды, сөйтіп осы қоғамдық байланыстар мен қатынастар арқылы ғана олардың табиғатқа қатынасы болады, өндіріс орын алады.
Идеологиялық қатынастар адамның санасына байланысты болады. Оның ең маңыздылары – саяси, құқықтық, моральдық, ұлттық, діни т.б. қатынастар. Қоғамдық қатынастардың барлық жиынтығы – өзара заңды байланысқан реттелген бұлжымас бір ізді жүйе. Қоғамдық қатынастардың жиынынан белгілі бір ізділікті табу, оның ең бастысын, негізін анықтау. Қоғамдық қатынастардың өзара байланысын сипаттайтын зандылықтарды ашу – ғылымның зор еңбегі. Қоғамдық өмірде қарым-қатынастар әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы қатынастар ретінде және сол ұжым ішіндегі қатынастар ретінде де өмір сүреді. Қоғамдық қатынастардың жиынтығы адамдар ұжымдары үшін олардың өмір сүретін белгілі бір әлеуметтік ортасы болып табылады.
Қоғамдық қатынас антагонистік және антагонистік емес болып екіге бөлінеді. Антагонистік қоғамдық қатынастар жеке меншікке және адамды қанауға негізделген қоғамдық-экономикалық формацияда болады. Антагонистік емес коғамдық қатынастар қанаушылық жоқ қоғамда болады. Мәселен, алғашқы қауымдық қоғам марксизм болашақ коммунизм қоғамында да болуға тиіс деп түсіндіреді. Қоғамдық қатынастардағы кез келген түбірлі өзгеріс тек өндірістік қатынастардың өзгеруіне байланысты.
Қоғамдық қатынастардың басым көпшілігі әлеуметтік нормалар арқылы реттеліп, басқарылып жатады. Қоғамның мүдде мақсаттары, саясат, мемлекеттік билік т.б. күрделі мәселелер құқықтық нормалар арқылы реттеліп, басқарылады. Өйткені, бұл бағытта қоғамдық қатынастардың ең маңыздысы, ең күрделі түрлері топтасып, мемлекет пен құқықтың ең жауапты қызметіне айналады.
Құқықтық қатынастар – адамдардың өзара әлеуметтік байланысы, қарым-қатынасы. Адамдар өмір сүру үшін, ұрпақты жалғастыру үшін т.б. басқа себептермен бір-бірімен қарым-қатынаста болады. Бұл объективтік процесс. Қоғамның диалектикалық даму процесіне сәйкес қарым-қатынастар да ескіріп, жаңарып жатады. Бұл процесс әртүрлі жолмен дамиды, адамдардың бостандығының, іс-әрекетінің шеңбері кеңиді. Ғылым мен техниканың дамуы қоғамдағы қарым-қатынастардың түрін шексіз көбейтіп, қарқынды деңгейде дамытты. Бірақ бұл қарқынды даму процесі адамды қоршаған ортаның экологиясын нашарлатты, табиғи ресурстарды, байлықтарды азайтты. Сондықтан адамдардың және қоғамның мүдде-мақсаттары тұрғысынан бостандықты дамыта отырып, кейбір қарым-қатынастарға шектеу қойылды.
Қоғамдық қатынастар әртүрлі болады: саяси, моральдық, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық, діни т.б. байланыстар. Бұл байланыс – қатынастар моральдық, әдет-ғұрып, діни, құқықгық нормалармен реттеледі. Мысалы, отбасы қатынастардың көпшілігі дәстүр, діни нормалармен реттеліп жатады.
Қоғамдағы барлық қатынастар құқықтық нормалармен реттелмейді, тек әлеуметтік, қоғамдық мүдде-мақсаттарды қамтитын қатынастарды реттеп, басқарып отырады.
Құқықтық қатынас дегеніміз – мемлекеттік кепілдіктегі екі жақты құқықтары мен міндеттері бар қоғамдық қатынас. Құқықтық қатынастардың нышан-белгілері:
Бірінші – құқықтық қатынастар тек нормативтік актілер арқылы реттеліп отыратын қарым-қатынастарды біріктіреді. Нормативтік актілерде қатынастың мазмүны, субъектілердің құқықтары мен міндеттері, дұрыс орындалмаса жауапкершіліктің түрлері көрсетіледі. Құқықтық қатынастар арқылы нормативтік актілер іске асады, орындалады.
Екінші – қатынастың субъектілерінің екі жақты құқықтары мен міндеттерінің толық көрсетілуі. Бір жағының құқығы екінші жағының міндеттеріне сәйкес, тең келеді. Субъектілердің бостандығы тең болады.
Үшінші – субъектілер өз еріктерімен, өз мүдде-мақсаттарын іске асыру үшін құқықтық қатынас жасайды.
Төртінші – егер қатынаста нормативтік актінің мазмұны бұзылса немесе субъектілер өз міндеттерін дұрыс, толық орындамаса, мемлекеттің қатынасуымен бұл кемшіліктер түзетіліп, жауапкершіліктің түрін аныкауға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |