Франция Республикасы (фр. République française) — Батыс Еуропадағы ең ірі мемлекет, жерінің ауданы жағынан ол Ұлыбританиядан екі есе үлкен. Францияның құрамына Корсика аралы, Жерорта теңізі мен Бискай шығанағындағы ұсақ аралдар енеді. Француз одағы деп аталатын бірлестікке бес шалғай департамент (Кариб теңізі алабындағы Гваделупа, Мартиника, Оңтүстік Америкадағы Гвиана, Үнді мұхитындағыРеюньон, Атлант мұхитындағы Сен – Пьер мен Микелон) және т.б. жатады. Халық саны 64,6 млн адам(1 шілде 2014). Француздар өз елін «гексагон» (алтыбұрыш) деп атайды. Еуропаның батысында орналасқан елдің негізгі аумағының құрылықтағы шекаралары солтүстікте Бельгия мен Люксембург, шығыста Германия мен Швейцария, ал оңтүстік – шығыста Италия және Монакомен, оңтүстік – батыста Испания және Андоррамен шектеседі.