Г. Б.Қозғамбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, т.ғ. к., доцент



Дата25.12.2016
өлшемі121,09 Kb.
#4847




Г.Б.Қозғамбаева

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, т.ғ.к., доцент
ӘЗІРЕТ-СҰЛТАН МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҚ КЕШЕНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫНАН
Тарихи-мәдени және рухани мұраларымызды түгендеп, есепке алып, зерттеп дәріптеу егемендік алған соң ғана кең көлемде қолға алынып, зерттеу жұмыстары жаңа дәрежеге көтерілді. Ғасылар бойында ғұмыр кешкен арғы ата- бабалар, кейінгі ұрпақтарына бүкіл адамзат игілігіне айналар төлтума мәдениетін мұра етіп қалдырды. Сондай мәдени мұралардың бірегейі –«Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи – мәдени қорық кешені.

XIV ғасырдың аяғында салынған бұл ғимарат әлемдегі миллиондаған адамдар үшін талай ғасырлар бойы тәуап етер рухани орталық болды. Ахмет Ясауи кешені, аумағы 46,5х65,5 м болатын порталды-күмбезді үлкен ғимарат болып табылады. Үйдің аралық ені 50м үлкен порталы мен аралығы 18,2 болатын аркалары бар. Үйдің еденінен орталық залдағы күмбезінің ең биік жеріне дейінгі биіктігі 37,5 метрге тең. Кесененің ішінде әдетте екі қатарлы оюлармен және сүйектен ойылған өрнектермен безендірілген аспалы есігі бар басты орталық есік арқылы кіретін болған. Табалдырықтан аттаған бойда, келуші кешеннің ең үлкен, орталық бөлмесіне кіреді, оның көлемі 18,5х18,5м.Залдың ортасында адамның бойындай үлкен қола қазан тұр, сондықтан зал қазандық деп аталады. Онда қазанды құйған шебердің есімін-тавриздік Сәруар аддиннің баласы Абды әл-Әзиз есімін және құйылған уақыты 139 9жылғы 25 шілде екенін сақтап қалған бедерлі жазуы бар. Орталық залдың айналасында түрлі мақсаттағы 35 жай салынған, олардың арасында осы күнге дейін жеткен аңызға қарағанда кітапхана орналасқан.

Қ.А. Ясауи жерленген бөлме торлап жасалған есікпен бөлінген. Қабірдің үстінде жасыл түсті яшманың жылтыр тақта тасынан құлпытас қойылған. Кесененің сырты құйма кірпіштермен және майоликамен қапталған олар геометриялық өсімдікті және эпиграфиялық өрнек құрайды [1,257 б.].

Темірдің ресми тарихы – «Жеңістер кітабында» үйдің салынуы туралы әңгіме 1397 жылғы оқиғалармен байланыстырылады. Моғолыстан ханы Қызыр-Қожа ханнын қызы Тәуекел ханымға Темір үйленген кезі болатын. Темір қыркүйекте Қожа Ахметтің бейітіне тауап ету үшін Ясы қаласына барған, құрылысты бастауға бұйрықты ол сол кезде берсе керек. Темірдің ғимараттың жалпы жоспары мен негізгі көлемі жайлы жарлығы бекітілген: «Басты күмбездің диаметрі қырық бір кезге тең болуға тиіс. Алдыңғы жағынан екі мұнарасы бар биік аркалы портал көзделген.Оның арғы жағында айналасы отыз кез және және ортасында есік оюлары сияқты жеті металдың қорытпасынан құйылған хауізі бар үлкен күмбезді шаршы жай болады. Одан әрі айналасы он екі кез бөлме, онда кішірек күмбез астында Тавризден әкелінген мәрмер тақталардан шейхтың өзінің сағанасы салынған...»[2,49б.].

Массон бұл ескерткіш туралы былай деп жазды: «Жасалған құдіретті кесененің жоспары жағынан да, түпкі ойы жағынан да Орта Азияда ұқсасы жоқ, ол – бірегей. Бірақ оның көк тіреген зәулім тұрпатындағы ислам өнері жасап шығарған дәстүрлі сипаттың арғы жағынан дәуірге үндес пиғылдың сарыны еріксіз сезіледі, ол сасанилер дәуіріндегі Персеполдың аса салмақты стилі мен императорлық Византия сәулет өнерінен түйсік арқылы алынған болуы мүмкін Ктесифон мен Фурузабад сарайлары П - әріпі түріндегі жоспардың сипатты тұрпатынан өз көрінісін тапқан, сасанилер патшаларының қабылдау залының алып күмбезі айбынды порталға үлгі болған. Көк тәңірсінің және жер патшасы дара билігінің бірлігін сәулет өнерінде жүзеге асыру идеясы сасанилік Персияның кезінде-ақ орын алған Византияның неғұрлым айқын ықпалы гүлденіп, Константинопольдің Әулие София ғибадатханасында бай көрініс тапқан. Даңқты шығыстың ғана емес, мұсылмандық Түркияның да сәулет өнерінде,едәуір дәрежеде сан ғасырларға озып кеткен сол дүниежүзілік ескерткішке тәуелділіктің Қожа Ахмет кесенесінде айқын көрінгені сонша ,оны мұсылмандардың Айя – Софиясы деп толық негізбен атауға болады» [3,98б.].

Түркістан қаласында орналасқан Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи – мәдени қорық кешенінде ұзақ жылдар бойы зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл тарихи –мәдени кешенді зерттеу жұмыстары кеңестік дәуірге дейінгі уақытта XIX ғасырда орыс саяхатшылары, офицерлері және шығыстанушы тарихшы –географтардың назарын аударған еді. Ал XIX ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасынан бастап Түркістан қорымдарын зерттеуге деген қызушылық оянды, оның басты себебі – Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи – мәдени қорық кешенінің тарихы болды. 1865-1866 жылдар аралығында Түркістанға келген Уфалық сот қызметкері М.Бекчуринің «Әзірет Сұлтан мешіті» жайында қалдырған мәліметтері аса құнды деректер береді. Бұл еңбекте алғашқылардың бірі ретінде Қожа Ахмет Ясауидің кешенінде жерленгендердің жатқан орнын көрсетеді [4,55б.].

XIX ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап Түркістанның өткен тарихын зерттеуді, Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшелері П.Н. Ахмеров «Надписи мечети Ахмеда Ясави», Диваевтың «Бакси как лекарь и колдун», Н.С.Лыкошин «Очерк археологических изысканий в Туркестанском краее до учреждение Туркестанского кружка любителей археологии» деген еңбектерінде Қ.А.Яасауи кесенесі және онда жазылған жазбалар жайында құнды мәліметтер береді [5,38 б.]. Жоғарыда көрсетілген ғалымдардан басқа кесененің зерттелу тарихында өзіндік үлес қосқан Ресейлік алдыңғы қатарлы зерттеуші ғалымдар: В.В.Радлов (1837-1918), С.Е.Малов (1880-1957), А.А. Семенов (1873-1958), Н.Г. Маллицкий (1873-1947), М.Е.Массон және тағы басқалары. Бірақ XIX ғасырдың өң бойында Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи – мәдени қорық кешеніне және оның маңындағы тарихи ескерткіштерге археологиялық тұрғыдан зерттеулер жүргізілмеді.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Түркістан қаласының тарихы негізінен Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи – мәдени қорық кешенін қалпына келтіру мен қорғауға байланысты зерттелді. Ол туралы мәліметтер негізінен А.А.Семеновтың «Мечеть Ходжи Ахмеда» деген еңбегінде көрсетілген [6, 78 б.]. Қ.А.Ясауи кесенесін қорғау мен жөндеу шараларын жүзеге асыру үшін 1922 жылы арнайы экспедиция құрылды. Экспедиция құрамында А.А. Семенов, Д.И. Печкин, А.Э. Шмидт және инженер С. Орбели қызмет етті. Экспедиция кесенені суретке түсіріп, оның архитектуралық өлшемдерін жасады. Алғашқы археологиялық зерттеулер 1928 жылы Массонның басқаруымен цитадельде жүргізілгендігін К.Байпақов пен М.Елеуовтың «Средневековые горада Казахстана на великом шолковом пути Туркестана» деген еңбегінде, қазіргі Түркістан қаласының орнында Ақсақ Темір дәуіріне дейін-ақ XII-XIII ғасырларда үлкен қала болғандығын айқындады [7,99б.]. Кесененің қабірхана бөлмесінде Қожа Ахмет Ясауидің қасында оның әйелі мен баласы жерленгенін көпшілік біле бермейді. Әулие қасында оның ханымы жатқанын ХІХ аяғында белгілі шығыстанушы академик Веселовский, 1930 жылы атақты археолог М.Е. Массон жазып кеткен болатын. Алайда аталған зерттеушілер, не басқа ғалымдар Қожа Ахмет Ясауидің әйелінің атын көрсетілмеген, кейінгі жылдары жарияланбаған шежіреден Қожа Ахмет Ясауидің әйелінің есімі Айша Қуш Тадж бибі екені мәлім болды. Түркістаннан Шәуілдірге барар жол бойында Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһар Құш Тадж бейітінің барын көпшілік білетіні мәлім.

Ұлы Отан соғысы нәтижесінде тоқтап қалған зерттеулер 1947-1951ж.ж. Н.А. Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмысымен қайта жанданды.1958 жылы Қ.А. Ясауи кесенесінің айналасында Н.Б. Немцова қазба жұмысын жүргізді. Оның зерттеуі нәтижесінде «Археологические раскопки у комплекса Ходжа Ахмеда Ясави» деген еңбегі жарияланды[8,103б.].Археологиялық қазба мен зерттеу жұмыстары нәтижесінде тарихи момериалдық кешенде қазақ хандарының мазарларының орны туралы тың мәліметтер келтіріледі.

1972 – 1977 жылдары Түркістан қаласында Қаз КСР ҒА-ның Тарих, археология және этнография институты мен Қаз ССР Мәдениет министрлігімен бірлесе отырып кең көлемдегі археологиялық зерттеу жұмыстары басталды. Алынған мәліметтерді жинақтап және оған ғылыми талдау жасап өңдеген Сенигованың «Керамика городища Туркестана из верхного стройтельного горизонта»(17-18в.в.) (Археологические памятники Казахстана) еңбегі жарық көрді [9,173 б.].

Кейінгі қазба жұмыстарын Б.Х.Адильгереев пен А.О. Итенов жүргізді. Қазба жұмыстарының нәтижесінде «Исследовательские работы по изучению археологических памятников материальной культуры», «Археологические исследования в охранной зоне музея-заповедника » еңбектері жарияланды. Жарияланған еңбектерінде Түркістан қаласы тарихы мен Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі жайындағы мәліметтердің баюына өз үлестерін қосты[10].Ортағасырлық қала мен сәулет кешенінің тарихын тыңғылықты зерттеуге алған Е. Смағұловтың «Очерки по истории и археологии средневекового Туркестана» деген еңбегінде ортағасырлық Түркістан қаласының тарихы жайлы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттай деректер негізінде мәліметтер береді [11,52б.]. М.Тұяқбаевтың «Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар» деген еңбегінде мавзалей маңына жерленген қазақтың игі жақсылары туралы мәліметтер береді [12,96 б.].

Түркістан тарихы тереңінен басталғандығын деректер негізінде сараптай отырып, ондағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі жазуларын оқып мәліметтердің тың көзін ашқан. Бұл саладағы ірі еңбектердің бір ретінде Б.Т.Тұяқбаеваның «Эпиграфический декор архетектурного комплекса Ахмеда Ясави» деген еңбегі жарияланды. Эпиграфикалық мәліметтердің құндылығын аша отырып, оларды Түркістан қаласы қорымдарында жерленген адамдардың ата -тегін анықтауға, пайдалануға, қала тарихындағы рөлін сипаттауға қажет мәлімет көзі ретінде қарауда аталмыш еңбектің маңызы зор[13].

Қ.А. Ясауи кесенесі мен қала тарихына байланысты қаншама археологиялық қазба жұмыстары мен зерттеу жұмыстары нәтижесінде жарияланған және де жариялануға дайын еңбектер бар, соның жоғарыда көрсетілгендерінен ғана мәліметтер берілді.

Ясауи кесенесі түркі әлемінің рухани орталығы, талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады.

Әзірет – Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі 1978 жылдың 30 қыркүйегінде Қазақ КСР министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша Қожа Ахмет кесенесі негізінде «Республикалық Ахмет Ясауи сәулет кешені музейі» болып ашылып, 1989 жылдың 28 тамызындағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №265 қаулысы бойынша «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі болып қайта құрылды[14, 56 б.].

Түркістан Қазақстан тарихында ерекше орын алатын қала. Түркістандағы Қ.А. Ясауи кесенесі төңірегіндегі қабырстанды зерттеу, онда жерленген тарихи тұлғалардың, қазақ хандары мен би батырлардың молаларын анықтау жұмыстары Түркістан қаласының 1500-жылдық мерейтойына дайындық кезінде қарқынды түрде жүргізілді.

Кеңестік кезенде Ясауи кесенесі төңірегіндегі жүргізілген қазба жұмыстары барысында мәдени қабаттардың бұзылғанын ескеріп, соңғы кезде жүріп жатқан реставрациялық жұмыстарда бұл қайталанбауы ескерілді. Осыған орай ҚР-сы Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, тарих ғылымының докторы О.Ысмағұлұлы басшылық ететін зерттеушілер тобы құрылды. Сөйтіп аталған мақсатта біршама жұмыстар атқарды. Реставрация барысында кесене ішінен алынған мәйіттерді антропологиялық тұрғыдан зерттеу, Әзірет Сұлтан кесенесі төңірегінде хандардың күмбез сағаналарын іздеу, қазу жұмыстарын жүргізді.Қазба объектісі ретінде ескі Түркістан қалашығының цитадельге таяу бөлігінде орналасқан Әзірет Сұлтан кесенесін жөндеу-өңдеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан «Иншаат» түрік фирмасының бас мекемесі алдындағы алаң таңдап алынды. Қазба жұмысы жүргізілген қабаттан орыс үлгісіндей қыштар кездеседі. Ауданы 13х6 см. Яғни бұл құрылыс қабат ХІХ- ХХғ.ғ аралығына жатады. Қазу барысында үш құрылыс қабаты анықталды. Ең төменгі қабатта бұл жерде керамикалық шеберхана болғаны анықталды. Қазып алынған керамикалық пеш құрылысы керамикалық өндіріс технологиясының танып білу үшін аса маңызды болып табылады. Бұл қабатты ХVIII ғасырға жатқызды. Түркістан қаласының қолөнер орталығы болғанын қоштайтын жаңа деректер табылып отыр.Екінші құрылыс қабаты кезінде бұл орын қаланың тұрғын жай орналасқан бір орамы болса керек. Оған осы арада екі ташнау табылуы дәлел. Бұл қабат ХІХ ғасырға жатады. Орыстарға тән материалдардың болмауына қарағанда бұл қабаттың хронологиялық тұрғыдан жоғары межесі 1860 жылдар. Соңғы құрылыс қабаты ХІХ - ХХғғ. қамтиды [15,25б.].

Өзінің «Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие бабамыз Ясауидің есімін Түркістаннан немесе керісінше, Түркістанды Ясауи есімінен ажыратып қарау мүмкін емес. Өзінің сопылық идеясын қалыптастыру, уағыздауды осы Түркістанда отырып жүзеге асырды. Ясауи идеясын кең байтақ қазақ даласына тарап, олардың рухани өмірінде берік орын алуы қазақ халқының қалыптасуының, қазақ хандығының кұрылуының алғы шартының рөлін атқарды. Тарихы тереңде жатқан Ясауи тарихи мемориалдық кешені материалдық, рухани-мәдени құндылықтар қордаланған орталық.

Ясауи кешені ірге көтерген кезден бастап мұнда елге елеулі, халыққа қалаулы хан-сұлтандар, би-батырлар жерленіп, қазақ халқының киелі қорымына (пантеон) айналды. Ясауи кешені исі мұсылман елдері үшін айрықша киелі. Осы қасиеттеріне қоса шығыстағы Ұлы Қытай қорғаны мен батыстағы Жерорта теңізінің арасын мекен еткен түркі тілдес халықтар Түркістан өңірін өздерінің киелі кіндік жұрты санаса, соның ішінде Ахмет Ясауи кешенін әулиелі мінәжат орыны деп біледі. Талай тарихи тұлғалар мен беделді адамдардың денесі жерленген Түркістан қаласының қасиетті рухани орталыққа айналуын кездейсоқтық емес, қайта занды құбылыс деп айта аламыз.Түркістан мен Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық кешенінің ұлы ғимаратын бүгінгі ұрпақ қазақ мемлекеттілігі тағдырымен тығыз бірлікте қарастырады. Ұлттық бостандығымыз бен іргелі елдігіміздің ақ ордасы, асыл көзі деп ардақ тұтады. Киелі Түркістан тағдырының бүгінгі адамзат қауымдастығына да, ол орналасқан Еуразия кеңістігіңдегілер де, өзара тектес түркі әлемі жұрт басына тәу етуді қажылықпен қатар бағалап, өздері пір тұтқан, әділет пен ақиқаттың атасы атанып кеткен Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық кешені тұрған киелі қала.

Адамзат баласы өзінің даму барысында көптеген тарихи – мәдени құнды мұраларды жасап, ұрпақтан-ұрпаққа беріп келеді. Өркениетті елдердің даму тарихы сол елдің тарихи-мәдени қорық кешендерінің қорларында сақталып, қорғалып, экспозициясында көрсетіліп, насихатталады. Қазақ елінің тарихы Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық кешенімен тығыз байланыста, онда көнеден келе жатқан құнды жәдігерлерге тола. Тарихи, рухани құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде беріліп, насихатталып, білім мен тәрбие және мәдени-ағарту көздеріне айналып отырғаны белгілі.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін) 5томдық.– ІІ т., – 636 б.

2.Фазлаллах Ибн Рузбихан Исфихани. Михман-Намети Бухара (Записи Бухарского гостя). Перевод, предисловия и примечания Р.П. Джалиловой. Под ред. А.К. Арендса. – М., 1976.

3.Путешествия в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. Серия: Путешествия. Открытия. Приключения. - Алматы: Ғылым, – 1993 – С. 248.

4.Бекчурин М. Туркестанская область. Заметки статического советника Бекчурина. Москва, 1972, с. 55-56.

5.Қожа Мұхтар Иассы – Түркістан тарихы. Ерте заманнан XVIII ғасырға дейін. Алматы: Қазапарат – 2000., – 89 б.

6.Берденова Х. Түркістанның шығу тарихы. //Қазақ тарихы,2004. №3.,77-79б.

7.Берденова Х. Түркістанның дүниеге келуі //ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының ғылыми журналы 1999ж №2 (4) 96-100 беттер Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Хабаршы» №4. 116-118 беттер.

8.Немцова Н.Б. Археологические раскопки у комплекса Ходжа Ахмеди Ясави (1958 г.) // Известия АН КазССР. Серия истории, археологии и этнографии. Вып.1.(15), – 1961., – С. – 91 – 104.

9.Сенигова Т.Н. Керамика городища Туркестан из верхного строительного горизонта (ХҮІІ-ХУШ вв.) //Археологические памятники Казахстана. – Алма-Ата, – 1978. – С. – 171 – 187.

10.АдильгиреевБ.Х.Исследовательские работы по изучению археологических памятников материальной културы.Инв.96,–С.–13;Итенов А.О. Археологические исследования в охранной зоне музея – заповедника «Азрет – Султан» в г. Туркестане. Фрагменты застройки некрополя. Отчет. – Алма-Ата. – 993. Рукопис. Архив НИПИ памятников материальной культуры. Инв. № 6.

11.Смағулов Е., Тұяқбаев М. Түркістанның ортағасырлық тарихы. Түркістан: Мұра, – 1998. – 52 бет.; Смағұлов Е., Григорьев Ф., Итенов О. Очерки по истории и археологии средневекового Туркестана. – Алматы: Ғылым, – 1998. – С.232.

12. Тұяқбаев М. Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар. – Алматы, – 2000. –96-бет.

13.Тұяқбаева Б.Т. Эпиграфический декор архитектурного комлекса Ахмеда Ясави. – Алма-Ата: Өнер, – 1989. – С. – 176.



14.Мұстапаева Д.Ө. Қазақстандағы музей ісінің тарихы. –Түркістан: «Тұран» баспахансы, – 2011. – 200 бет.

15.Исабеков З. К. Ескі Түркістан қалашығындағы 1996 жылғы қазба жұмыстары. //Хабаршы – №6., – 23– 28беттер.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет