Поэзияны талдаудың жүйесі 1. Ең әуелі шығарма қайта-қайта оқылып, оның мазмұны терең ұғынылады. Ондағы айтылған ойлар қара сөзбен баяндалады немесе баяндалып жазылады.
2. Өлеңнің лириканың қай түріне жататыны, қандай тақырыпқа арналғаны анықталады. Өлеңнің лириканың төмендегі түрінің қайсына жататыны белгіленеді:
Саяси-әлеуметтік немесе азаматтық лирика
Махаббат лирикасы
Табиғат лирикасы
Көңіл күй лирикасы
Осылардың ішінде саяси-әлеуметтік лириканың тақырыптық ауқымы кең. Өйткені лириканың бұл түрі адам өмірінің алуан жағын қамтиды. Мысал ретінде мынадай тақырыптарды атаған жөн:
Отанды сүю
Ата-анаға махаббат
Бейбітшілік, тыныштық
Интернационалдық-достық
Өнер, талпыныс
Еңбек тақырыбы және т.б.
3. Идеясы анықталады. Идея дегеніміз – автор көзқарасы
4. Өлеңнің жанры анықталады. Өлең мынадай жанрларға бөлінеді:
Баллада – толғау, сюжетті өлең. Баллада итальянша билеу деген мағына береді, яғни лиро-эпостық сипаттағы, шағын сюжетті өлең. Мұнда ақын өзінің көңіл күйін, толғанысын жырлап қана тынбайды, сол сезімді туғызған себептерді оқиғаға айналдыра суреттеп көрсетеді. Мысалы, Қ.Бекхожиннің «Ақсақ Темір мен ақын», Қ.Жармағанбетовтың «Мұғалима» балладасын алуға болады. Әсіресе, «Кекті бала» атты балладасы көтеріңкі леппен жазылған.