Г. Егемен Қазақстан



Дата26.06.2018
өлшемі59,93 Kb.
#44587


г.Егемен Қазақстан

Қазақстан Ғалымдар Одағының Президенті,

ҚРМемлекеттік сыйлығының лауреаты,

ҚР ҰИА академигі

О. СƏБДЕН

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ – ҚАЗАҚСТАН, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН РЕСЕЙДІҢ АСА КӨРНЕКТІ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ

(Т.Рысқұловтың туылғанына 120 жыл толуына орай)
«Тұрар Рысқұловтың асыл аруағы­на тағзым етіп, атын ардақтағанда біздің ойымызға оның ел үшін еткен ең ересен, ең ірі, ең қасиетті еңбегі алды­мен оралады. Қазақ даласына айдың-күннің аманында, қазан ұрмай, қар жаумай-ақ келген нағыз нәубет – алапат ашаршылық тұсында Рысқұлов тұлғасының шын мәнінде ұлы екені айқын көрінді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған, қырына алғанның қабырғасын қақыратып, көлденең тұрғанның бәрін көрде шірітіп жатқан Сталиндей тиранға қарсы шабу, қазақ даласындағы қолдан жасалған қырғынды тоқтаттыруды талап ету өлімге бас тігіп, ажал аузына өзі барумен бірдей ерлік болатын... Осы ұлы еңбегі үшін Қазақ елі Тұрар Рысқұловтың атын мәңгі-бақи ардақтап өтетін болады!».
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев
1994 жылы ұлт қайраткерлеріне арналған

«Тарих зердесі» атты кеште сөйлеген сөзінен.

Бүгін барша әлем мойындап, үлкен беделге ие болып, ертең дамыған мемлекеттердің қатарына енгелі отырған тәуелсіз Қазақстанның тарихы күрделі кезеңдерден тұратыны белгілі. Қазақ халқы арғы заманды айтпағанда өзінің 550 жылғы тарихында аса ауыр саяси, әлеуметтік-экономикалық процестерді басынан кешірді. Ең ауыр кезеңнің бірі – ХХ ғасырдың алғашқы жартысы болғаны күмәнсіз. Ресей империясының отарлық саясатының кесірінен қазақ халқының құнарлы да шұрайлы жерлерінен айырылуы, көшпелі мал - шаруашылығының дағдарысқа ұшырауы, 1917 жылғы орыс революциялары, азамат соғысы, ашаршылық халыққа ауыр тиді, миллиондаған халқымыздан айырылдық. Екінші жағынан, социалистік қайта құрулар нәтижесінде қазақ халқы өз тарихында тұңғыш ұлттық республикасына ие болып, отырықшы өмір салтына өтті.

Өткен жолымызды ой елегінен өткізсек Қазақстан мен Орта Азия халықтарын патшалық Ресейдің отарлық езгісінен азат ету, идеясын жан-тәнімен іске асыруға еңбек еткен қазақ зиялыларының алғашқы легі көрнекті мемлекет қайраткерлерінің мұраларын білудің, оларды қазіргі өмірге пайдаланудың маңызы зор. Бұл әсіресе келешекті жасайтын жастарға өнеге және қайрат жігер береді.

Солардың ішінде Тұрар Рысқұловтың сом тұлғасы ерекше көзге түседі. Ол – Орталық Азия республикалары мен Қазақстанның болашақ саяси және экономикалық тәуелсіздігінің негізін қалаған тарихи тұлғалардың бірі болды. Тұрар Рысқұлов алдымен Түркістан Республикасының Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, артынан Түркістан Халық Комиссарлар Кеңесін басқарды. Орталық Азияның халық - шаруашылығын қалпына келтіру және өркендету, өндірісті дамыту, оқу-ағарту ісі жолға қою, сауатсыздықты жою, халықтардың саяси-экономикалық және әлеуметтік құқығын теңестіру және тағы басқа орасан зор ауқымдағы шараларды іске асырды.

Т. Рысқұловтың Түркістан КП Мұсылман бюросының төрағасы лауазымындағы мемлекеттік қызметі, оның Орта Азия республикаларының экономикалық одағын, Иран республикасымен Кеден одағын құрудағы рөлі, Моңғолияда Коминтерннің желісі бойынша атқарған жұмысы, Моңғолияның тұңғыш Конституциясын талдап-жасауға белсене қатысуы, Т.Рысқұловтың РКФСР Халкомкеңесі Төрағасы, И.Сталиннің орынбасары ретінде 11 жыл қызметіндегі ерен еңбегі - жоғары. Т. Рысқұлов көп жағдайда елдің экономикалық, шаруашылық мәселелерін шешуге тікелей ат салысты, бұл әсіресе І-ІІ бесжылдықтардың құрылыстарымен байланысты болды. Түрксібті салудағы сіңірген еңбегі зор, өйткені ол құрылыс жөніндегі комитетті басқарды.

Тұрар Рысқұловтың қысқа ғұмырындағы ұлан-ғайыр еңбектерінің негізгі кезеңдері мен бағыттарына қысқаша тоқталайық.
1. Т. Рысқұловтың жеке тұлғасы қалыптасуының бастапқы кезеңі туралы
Тұрар Рысқұловтың жеке тұлғасы туралы айтқанда оның кедей шаруаның отбасында дүниеге келгенін, балалық шағынан бастап жоқшылық зардабын тартқанын, анасынан тым ерте айрылғанын және жасөспірім шағында әкесіз қалғанын атап өту қажет. Әкесі өзіне қиянат жасаған болысты өлтіргені үшін каторгаға айдалған. Бұл жәйт ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармасы бойынша түсірілген “Қараш-Қараш” фильмінен белгілі. Тұрардың өмірінде оны туған жерінен басқа жаққа алып кеткен немере ағасы үлкен рөл атқарды. Бірақ кішкентай Тұрарды әрдайым білімге деген құштарлық ерекшелейтін. Революцияға дейін-ақ ол Ташкент мұғалімдер институтына оқуға түседі. Жергілікті отаршыл биліктің жасап-баққан барлық кедергілеріне қарамастан, оған Петербордан Оқу министрлігінің рұқсаты бойынша оқуға мүмкіндік берді. Оның бойында әділеттілік көздеген және адамның ар-намысын қорлауды жеккөрушілік сезімі ерте оянғанын атап көрсету керек.

Жарты ғасыр бойы патша өкіметі аяусыз езіп-жаныштаған жергілікті тұрғылықты халықтың бойында, - деп жазады Т.Рысқұлов, – бірте-бірте осы билікке деген ашу-ыза мен жеккөрушілік қордаланды.

Т. Рысқұлов 1916 жылғы көтеріліске белсене қатысады. Нақ сол 1916 жылы ол оқиғалардан алғаш тағлым алып (ол туралы кейінірек өзінің “Орта Азия тұрғылықты халықтарының 1916 жылғы көтерілісі” деген кітабында жазды), әділеттілік жолындағы күрескер ретінде шыңдалып, толысты. Мұнда Т.Рысқұлов өзін, егер керек болса, баршамен бірге көшеге де, саяси демонстрацияға да шығудан, ал егер қажет болса, баррикадаға да тұрудан тайсалмайтын қалың бұқараның жетекшісі ретінде көрсетеді. Ақпан, қазан революциясына қарай ол тәжірибелі революционер болып қалыптасып үлгерді. 1917 жылы ол “Қырғыз (қазақ) жастарының революциялық одағын” құрады.

1917-1920 жылдар – Т. Рысқұловтың Кеңес өкіметінің белсенді жақтаушысы ретінде қалыптасу жылдары: ол РСДРП мүшесі болады (қыркүйек, 1917 ж.), және қазақтың қалың ортасында қауырт жұмыс жүргізеді, Кеңестердің жұмысын басқарады, қазақ депутаттарының Бірінші уездік съезін өткізеді, Түркістан Республикасы Кеңестерінің ІV Төтенше съезінде ОАК құрамына сайланады. 1918 жылы – (қазан) Түркістан Республикасының денсаулық сақтау комиссары, қарашада – Түркістан АКСР-індегі аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссияның төрағасы болып тағайындалды. 1919 жылы (наурыз) Т. Рысқұлов Түркістан Коммунистік партиясы Мұсылман бюросының төрағасы және мүшесі болып сайланады. Сонда ол бар болғаны 25 жаста еді.

Осы қызметтердің барлығында Т.Рысқұлов өзінің күш-жігерін толық жұмсай отырып жұмыс істеді. Құжаттар айғақтайды, аштықпен күрес жөніндегі комиссия төрағасы Т. Рысқұлов “ ... дұрыс көзқарас ұстанды және ашыққан балаларды балалар жетімханалары мен колониялар ұйымдастыру арқылы құтқаруды бірінші кезекке қойды”.

Сөйтіп кеңес құрылысының түрлі салаларына қатысу және белсенді жұмыс істеу Т. Рысқұловты тек Түркістан Республикасы үшін ғана емес, қалыптасқан біртұтас федерациялық мемлекет үшін де басшы, қайраткер ретінде қалыптастырды.


2. Т. Рысқұловтың мемлекеттік қызметі
Т. Рысқұловтың мемлекеттік қызметі – оның өмірінің аз зерттелген қызықты беттерінің бірі болып табылады. Ол бұл қызметте жаңа экономикалық саясат негізінде өлкені экономикалық қайта түлету шараларын, қалыптасқан дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды ескере отырып, мәдениет пен тұрмысты қайта құруды тез, әрі тиімді жүзеге асырды. Түркістан үкіметін басқара жүріп, ол көп нәрсеге қол жеткізе алды: жергілікті халық арасында мәдени-ағартушылық жұмыстары жүргізілді, диқандарға көмекке астық (12,5 млн. пұт), мал (20 мың бас) бөлінді, жер-су және салық реформалары жүргізілді. Соның нәтижесінде қыстақтар тұрғындарының кедей-орташа бөлігі экономикалық жағынан нығая бастады.

Жаңа экономикалық саясатқа көшуге байланысты ұлттық мәселе РКП(б) ХІІ съезінің күн тәртібіне қайта қойылды. Т.Рысқұловтың съезде ұлттық мәселе бойынша сөйлеген сөзі мәселе қойылысының тереңдігімен таң қалдырады.

Ол өндіріс құрал-жабдықтарын шикізат көздеріне қарай ауыстыруды жақтайды. “Біз теориялық тұрғыда былай дейміз, деп атап көрсетті ол, царизмнің Кеңес өкіметінен айырмашылығы царизм тұсында патшалық капитал, атап айтқанда орталықтың тоқыма өнеркәсібі шет аймақтарды басты шикізат көзіне айналдырды және жергілікті өнеркәсіптің дамуына мүмкіндік бермеді, қайта керісінше, барлық жағынан артта қалушылығын қолдады”.

Т.Рысқұлов Түркістандағы шаруалардың жағдайын экономикалық жағынан бағалай отырып, өлкедегі ауыл тұрғындарының шаруашылық жүргізу жағдайлары жер үлестіріп беруді және суармалық суға қол жеткізуді талап ететіндігі жөнінде тұжырым жасайды. Орта Азияда суармалы егіншілік дамыған болатын. Т. Рысқұловтың тікелей қатысуымен Ортаазиялық ауылшаруашылық банкі құрылды. Түркістан АКСР-і, Бұхар және Хорезм халықтық кеңестік республикалары оған тепе-теңдік негізінде қатысты. Банк басқармасы – Ташкентте, оның бөлімшелері Бұхар мен Хиуада орналасты. Банктің басты міндеті – кредиттік кооперацияны ұйымдастыру мен ауылшаруашылығын дамытуда диқандарға көмектесу болды. Несие негізінен мақта шаруашылығы мен мал өсіретін шаруашылықтарды қалпына келтіруге берілді. Бұл мәселелердің барлығы біздің қазіргі уақытпен үндес жатыр.

Ол өндіріс құрал-жабдықтарын шикізат көздері орналасқан жерлерге ауыстыруға шақырды, бұл экономикалық аудандастыру принциптеріне сәйкеседі.

Т.Рысқұлов назар аударған басты мәселелердің бірі – қаржы мәселесі болды. Ол қаржы мәселесін шешпейінше, басқа міндеттерді орындау мүмкін еместігін айтты. Ақша қаражатын Орталықтан күтуге болмайды, Түркістан өзін салық түсімдерімен қамтамасыз етуі тиіс. Бюджет тапшылығымен күресуге шақырды. Былай деп атап көрсетті: “ ... кіріс қаражаттың үштен бірін жаппайды", - демек, қаржыны немесе мемлекеттік аппараттың жартысын қысқарту қажет.

Біздің кірістерімізді есепке алу мен қадағалау жоқ. Бұған қарсы шара қабылдау және республиканың барлық құндылықтарын есепке алу талап етіледі. Олар Орталықтың қарауында қалып отыр, ал соның бір бөлігін Түркістанға беру қажет. Ішкі займ да маңызды мәселе”.

Бұл тезис біздің бүгінгі болмысымыз жағдайында да көкейкесті болып көрінеді: шығыстарды қысқарту, оларды кірістермен сәкес келтіру, республика мен өңірлердің бюджеттік өзара қатынасы.

1923 жылы Т. Рысқұлов Я.Э.Рудзутакпен бірге Түркістан Республикасында Иран республикасымен Кеден одағын құрды. 1923 жылы Түркістан, Бұхар, Хорезм республикалары арасында экономикалық одақтар құрылды.

1924 жылдан Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметінің жаңа кезеңі басталады, енді ол халықаралық деңгейге шығады, өйткені Моңғолияға жұмысқа жіберіледі, Коминтерннің өкілі болды. Онда болған кезінде саяси мәселелермен қоса (МХР-дің тұңғыш Конституциясын әзірлеуге қатысады), елдің экономикалық проблемаларымен де айналысты. Қызықты бір мысал: 1925 жылы Т.Рысқұловтың белсенді қатысуымен Моңғолияның Қытаймен дипломатиялық қатынасы жолға қойыла бастады, онда Моңғолия делегациясы құрамында Т.Рысқұлов “Қазақбай” деген фамилиямен қатысты. Бұл деректерді мен 1993 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесі депутаттар делегациясын Монғолияға бастап барғанда естідім.

Монғолиядағы ақша айналымы жағдайын талдай келіп, ұлттық валютаның енгізілуін қолдайды. Моңғолия экономикасын зерттей келіп, тап сол уақыттары бұл ел үшін мал шаруашылығының үлкен маңызы бар екендігіне көз жеткізеді, және де мал басын 100 млн. басқа дейін ұлғайтуға және Ресеймен ойдағыдай сауда-саттық жасасып, Сібірді ет өнімдерімен қамтамасыз етуіне болады деген тұжырым жасайды. Одан әрі сауданы, транспортты дамытуды атап көрсетеді. Транссібір магистралі идеясы да осыдан шығады.

Монғолиядан қайтып оралған соң Т. Рысқұлов ауылдағы әлеуметтік-экономикалық процесстер туралы пікір-сайысына белсене қосылады.

1926 жылы Т. Рысқұлов РСФСР Халкомкеңесі Төрағасы И.Сталиннің орынбасары болып тағайындалады. Ол Шығыс халықтарының үкіметтегі бірден-бір өкілі болды. Кәсіпшілік кооперациясы мен қол-өнершілік өнеркәсібі комитетінің басшысы (1932-1934 жж.), коммуналдық шаруашылық бас басқармасының бастығы (1930-1931 жж.), Түрксіб құрылы-сына жәрдемдесу комитетінің басшысы (1927-1930 жж.) болды. 1930-1934 жылдары Ресей Федерациясының Экспорттық кеңесін басқарады, неғұрлым біліктілігі жоғары адам ретінде Т.Рысқұловты КСРО Халкомкеңесі жанындағы Тұрақты мақта кеңесінің төрағасы етіп бекітеді (1926-1930 жж.).

1927-1930 жылдар – Т. Рысқұловтың Орта Азия республикаларының түрлі ведомстволарының, үкіметтері мен жұртшылығының Түркістан – Сібір темір жолы құрылысы жөніндегі жұмыстарын үйлестірумен айналысқан қауырт жұмыстар кезеңі болды. Т. Рысқұлов басқарған Жәрдемдесу комитеті іс жүзінде осынау алып құрылыстың нағыз штабына айналды.

Түркістан – Сібір темір жолы Сібірді Орта Азиямен жалғастырып, соңғысын жақын аудандардан (Сібір, Қазақстан және Қырғызстан) арзан астықпен жабдықтауды қамтамасыз етеді, сөйтіп біздің мақта-мата өнеркәсібіміздің негізгі шикізат базасы болып табылатын Орта Азияда мақта шаруашылығын дамытуға шешуші ықпал етеді. Өз мақта шаруашылығымызды дамыту, – деп жазады Т.Рысқұлов, - Кеңес Одағын шетелден мақта сатып алу қажеттігінен құтқарады, оған жыл сайын жүздеген миллион рубльден астам валюта жұмсалады және де қазір Орта Азияға Солтүстік Қазақстаннан, Украина мен Поволжьеден жеткізілетін астықтың, едәуір бөлігін экспортқа бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл шара біздің сыртқы саудамыздың балансы белсенділігін арттырып, фабрикалар мен зауыттар үшін шетелден құрал-жабдықтар әкелуді кеңейту арқылы елімізді индустрияландыруды күшейтуге жәрдемдеседі. Тоқыма өнеркәсібін өз шикізатымызбен қамтамасыз ету, өз тоқыма бұйымдарымызды жеткілікті өндіру және оларды арзандату – тауар айналымы мен қаланың ауылмен жақындасуының негізгі мәселелері, міне, осылар.

Ғылыми-техникалық мәселелерді талқылауға көптеген ірі ғалымдар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, транспорт мамандары тартылды. Осының бәрі Жәрдемдесу комитетіне ғылыми-техникалық мәселелерді құзырлы, істің байыбына бара отырып және тиісті деңгейде шешуге мүмкіндік береді.

РКФСР ХКК жанындағы Түркістан-Сібір темір жолы құрылысына жәрдемдесу комитетінің алдында тұрған міндеттердің бірі – салынып жатқан магистральға жанасатын аудандарды шаруашылық жағынан дамыту, шараларын талдап жасау және оларды бесжылдық жоспарда көрсету болатын. Комитет осы мақсатта бұл аудандарды кешенді ғылыми зерттеуді жоспарлау, түрлі ғылыми мекемелердің, экспедициялардың күшін біріктіру мен бағыттау, оларды қаржыландыру жөнінде орасан жұмыс жүргізді. Бұл мәселелер комитет мәжілістерінде бірнеше рет қаралды.

Анағұрлым ауқымдысы Балқаш көлін кешенді зерттеу болды, оның аса маңызды нәтижесі М.П. Русаковтың экспедициясының Балқаш көлінің сол жақ жағалауында мыс рудасының ірі кен орнын ашуы болып табылады, бұл сол кездің өзінде-ақ Балқаш мыс балқыту зауытының құрылысы салынатындығын алдын-ала белгілеп берді.

Түркісібті салуда басқа аудандардан жұмысшы күштерін әкелуге пайыздық шектеулер енгізілді. Жергілікті жұмысшы күштерін барынша пайдалануға бағыт ұсталынды, тек білікті жұмысшы күштерінің жергілікті жерде жалдауға табылмайтын бөлігін ғана әкелуге рұқсат етілді. Қазірде біз осы мәселеге қатты мән беруіміз қажет.

Осылайша Қазақстанның жұмысшы табы кадрларын, әсіресе ұлттық теміржолшы кадрларын қалыптастыруда Түрксібтің рөлі зор болды. Егер 1927-1934 жылдар аралығында теміржолшылардың жалпы саны 3,5 есе өссе, олардың ішінде қазақтар 14,6 есе көбейді.

Т.Рысқұлов Түркістан-Сібір темір жолы құрылысына жәрдемдесу жөніндегі комитетті басқара жүріп, НКПС 1928 жылы жол құрылысына 25 млн. емес, 40 млн. рубль бөлуін табанды түрде талап етті. Оның күш салуы арқасында құрылысқа 169 млн. рубль бөлінді және басшылар осы сомаға барлық жұмысты орындап, жолды мерзімінен 17 ай бұрын тапсырды.

БОАК мен РКФСР ХКК РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары Рысқұлов жолдастың басшылығымен Түрксібтің салынуын жоғары бағалады, бірінші бесжылдықтың осынау ғаламат құрылысын ойдағыдай аяқтап шығуда оның едәуір жұмыстар атқарғанын атап көрсетті.

Осы орайда Түрксіб Қазақстанның оңтүстік аудандарын Сібірмен жалғастырған алғашқы магистраль болғанын атап өту керек. Реті келгенде айта кетейік, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2006 жылғы 11 сәуірдегі Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясында былай делінген: “Еуропа мен Азияның тоғысында орналасуымен Қазақстан едәуір транзиттік әлеуетке ие болып отыр, азиялық елдерге Ресеймен және Еуропамен географиялық жағынан баламасыз жер бетіндік көлік байланысын ұсынады”.

Т. Рысқұлов Түрксібті салған кезде бұл жолдың біздің еліміздің экономикалық дамуы үшін маңызын алдын-ала болжай білді. Т.Рысқұловтың экономиканы интернационализациялаудағы қосқан үлесі маңызды, оны ЕурАзЭҚ-ты дамытудың қазіргі тұжырымдамасы тұрғысынан алғанда жаңаша түсіндіруге болады.

Газет былай деп жазады: “Жуырда ұйымдастырылған “Шығыс киносы” акционерлік қоғамы РКФСР ХКК Төрағасының орынбасары Т. Рысқұловтың төрағалық етуімен “Түрксіб құрылыс” мәдени кинофильмін шығаруға, яғни Түрксіб құрылыстың жұмысын көрсету.

Т.Рысқұлов Халкомкеңесі Төрағасының орынбасары бола жүріп, көптеген мәселелермен айналысты: өнеркәсіп кәсіпорындарын үздіксіз өндіріске көшірумен байланысты жұмыстарды ұйымдастыру және басшылық жасау жөніндегі үкіметтік арнаулы комиссияны басқарды. Бұл өндіріс тиімділігін арттыру мәселелерімен байланысты болды. Өзінің бүкіл басшылық қызметі кезінде Т.Рысқұлов Қазақстан мен Ресей экономикаларының ықпалдастық үдерісіне белсенді түрде жәрдемдесті. Ол РКФСР Халкомкеңесінің 296 мәжілісіне қатысты, 34 рет Ресей Федерациясы үкіметінің мәжілістерінде төрағалық етті, РКФСР Халкомкеңесінің 2070 қаулысына қол қойды. Ол бұл қаулыларды ыждағаттылықпен әзірледі және тексерді. Кейде ойлайсың осының бәріне бір адамның қайқарының жеткендігі туралы. Мысалы, 1926 жылы оның бастамасымен Оңтүстік Қазақстанда Ақсу-Жабағылы табиғи қорығын, 1931 жылы Қостанай облысында Наурызым қорығын құру және 1935 жылы Оралда Ильмен қорығын қайта құру туралы РКФСР ХКК-нің қаулысы шықты.

Егер республикада көтерілген мәселелердің барлығы Мәскеуде бекітілгенін ескерсек, онда Т. Рысқұлов білім мен ғылымды дамытуға өте көп жәрдемдесті деп ойлаймыз. Айтар болсақ, оның кезінде институттар ашылды: Қазақ педагогикалық институты (қазір Абай атындағы ҚазҰПУ), зоотехникалық-малдәрігерлік институты, Ташкент, Бішкектегі пединституттар, Түркістан университеті (САГУ, Ташкент қ.). Т. Рысқұлов сондай-ақ Мәскеу қаласында Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін (КУТВ) ашуға қатысты. Ол Мәскеу мен Ленинградтың шығыс-зерттеу институттары мен оқу орындарының қызметін қадағалады. МГУ мен басқа да университеттерде сөз сөйледі. Ол І және ІІ бесжылдықтың барлық құрылыстарында болды, ұзақ іс-сапарларда жүрді. Не деген еңбек, не деген іскерлік, осының бәрін қалай мақтаныш етіп айтпайсың.

1932-1934 жылдары РКФСР ЭКОСО жанындағы қолөнер өнеркәсібі мен кәсіпшілік кооперациясы комитетін басқарды. Біз бұл мини-фабрикалар мен зауыттар өзіндік бір шағын кәсіпорындар болды деп айта аламыз, яғни бүгінгіше айтқанда олар шағын және орта бизнес құрылымдары болды. Кәсіпшілік кооперациясы Кеңес Одағының сыртқы-экономикалық байланыстарында өз рөлін атқарды, экспортқа арнап аң терісін, ағаш және басқа да экспорттық тауарлар жеткізіп тұрды, оларды дайындауда кәсіпшілік кооперациясы белсенді рөл атқарды.

1930-1934 жылдары Т. Рысқұлов Ресей Федерациясының Экспорттық кеңесін басқарды. Т.Рысқұловтың ұсынысы бойынша 1933 жылы экспортқа жұмыс істеген кәсіпорын-дарды мамандандыру жүргізілді (бүгінгіше айтқанда – бұл бәсекеге қабілеттілік). Ол шетелге өткізу үшін аң терісін, зығыр және ағаш материалдарын дайындауға ерекше назар аударды. Ол өнімдердің сапасына үлкен көңіл аударды және былай деп жазды: “Жоспарды бір ғана сандық жағынан орындап қою жеткіліксіз, кей реттерде барлығын сапа шешеді, ал бір ғана сандық көрсеткіштерді қуалап кету нәтижесінде қажетті валюталық тиімділік бермейді. Қазір фин тәжірибесі осындай”,- деді.

РКФСР Халкомкеңесі Төрағасының орынбасары қызметінде шаруасы аса қауырт адам бола тұра, ол туған Қазақстаны туралы көп ойланып-толғанады, туған-туыстарынан хаттар алады, аштық туралы, қазақтардың қоныс аударып кетуі туралы естиді.

Т. Рысқұлов Қазақстанда Голощекиннің басқаруымен жүргізілген жаппай коллективтендірудің тұрғылықты халық үшін сұмдық, қайғылы нәтижелеріне жаны қатты күйзеліп, Сталин мен оның айналасындағыларды бағытты өзгерту қажеттігіне сендіруге тырысты, бірақ ол нәтижесіз болды. Т.Рысқұлов И.Сталиннің қабылдауында болған кезінде ВКП (б) Орталық Комитетінің қарауына ашаршылықты, қазақтардың көшіп кетуін тоқтату жөнінде бірқатар міндеттер қояды және олардың орындалуын бақылап отырады. Бұған Сталинге жазған 3 хаты айғақ, оның басты идеясы қазақ ұлтының гендік қорын сақтау болып табылады.

Ол бұл мәселенің қаралуына қол жеткізеді және ВКП (б) ОК алдына қазақтардың ашаршылыққа ұшырауын, көшіп кетуін тоқтату үшін бірқатар ұсыныс-міндеттер қояды. Атап айтқанда: 1) қазақтарды өнеркәсіп кәсіпорындары жүйесі бойынша және ауыл - шаруашылығында еңбекке орналастыру, 2) Мал дайындау комитетін міндеттеп, ашыққандарға 400 мың пұт астық бөлу, 3) қазақтарды отырықшылдандыру жоспарын қайта қарау, өйткені еңбекке жарамды адамдар мен жұмысқа жегілетін малдың азаюына байланысты 30 млн. рубль еңбек қатысуы халық үшін шама жетерлік емес; 4) Қазөлкекомды бір ай мерзім ішінде Орталық Комитетке қоныс аударушы қазақтарды бұдан былайғы орналастыру туралы дайындалған іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ осы мерзімде Қазақстанда мал - шаруашылығын дамыту жоспарын (өлкеде малдың азайып бара жатқандығына және мал - шаруашылығының бетімен жіберілуіне байланысты) табыс етуге міндеттеу; 5) КСРО ЦУНХУ-ға үстіміздегі жылы халық санағын жүргізу мен негізгі қазақ аудандарындағы шаруашылықтардың жай-күйін есепке алу, сондай-ақ... сол аудандарда көктемгі егіс аяқталысымен егістік алқаптарының есебін жүргізу ұсынылсын.

Т. Рысқұлов ВКП (б) Қазөлкекомға ғана емес, сондай-ақ Қырғыз және Башқұрт АКСР үкімет органдарына да қазақтардың қоныс аударуын тоқтату туралы, оларды жұмыс орындарында қалдыру жөнінде хаттар, телеграммалар салады.

Т. Рысқұлов Халкомкеңесі Төрағасының орынбасары қызметінде орындаған ең соңғы жауапты тапсырмасы мынадай: ол 1937 жылы 18 қаңтарда РКФСР Конституциясының түпкілікті мәтінін әзірлеу үшін редакциялық комиссияға енгізілді. Комиссия құрамына М.И.Калинин, Т.К.Орджоникидзе; РКФСР ХКК-нің Төрағасы Д.Е. Сулимов, Т.Рысқұлов және басқалар сайланды. Бір өкініштісі, Т. Рысқұлов Конституцияға өзінің реформаторлық идеяларын енгізе алмады, өйткені ол Сталин құрған жеке басқа табыну билігі режимінің құрбаны болып кетті.
3. Т. Рысқұловтың экономикалық мұрасы
Т. Рысқұловты біз аса көрнекті қайраткер ретінде көбірек білеміз. Осынау бірегей тұлғаның тағы бір қыры – оның экономикалық мұрасы, халық шаруашылығын дамыту жөніндегі нақты қызметі. Оның тікелей қатысуымен Орта Азия және Қазақстан мемлекеттерінің өнеркәсібі мен транспортының негізі қаланды, мақта шаруашылығы дамытылды. (қазір ол мақта кластері деп аталады).

Атап өту керек, он бір жыл бойы РКФСР ХКК төрағасының орынбасары қызметінде болып жүріп, ол кеңес мемлекетінің бүкіл ұлан-ғайыр аумағындағы шаруашылық құрылыс мәселелерімен айналысты, бұл Т.Рысқұловтың жоғары экономикалық білімдарлығын дәлелдейді. Бұған көз жеткізу үшін Т.Рысқұлов қол қойған ХКК-нің барлық өкімдері мен қаулыларын оқып шықса, жетіп жатыр. Олар өте көп.



Түрксіб құрылысы кезінде “Ол орталық және жергілікті газеттерде ғалым-экономист ретінде Түрксіб бойымен Орта Азия, Сібір, Қазақстан және Қырғызстан арасында жүк тасымалының өсуі, осынау жүк тасымалының аталған аудандар мен республикалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы мәселелерін терең талдап жазды, атап айтқанда, Орта Азияны шаруашылығында мақта өсіру бағыты айқын көрінетін экономикалық аудан ретінде, ал Сібірді – астық пен жем-шөптің, ағаш пен табиғи пайдалы қазбалардың мол қорын бере алатын аудан ретінде қарастырды. Т.Рысқұловтың Сібір өнеркәсібінің, әсіресе металлургия және химия өнеркәсібінің дамуы туралы байқап-түйгендері назар аударарлық. Мұның бәрін ол өзінің 1930 жылы жарияланған “Түрксіб” атты кітабында, көптеген мақалаларында, Н. Григтің “На Турксибе”, З. Островскийдің “Великая магистраль” (Түрксібтің істері мен адамдары туралы) атты кітаптарына алғы-сөздерінде жазды”.

Т.Рысқұловтың қызметінде өңірлік экономика проблемаларын іс жүзінде шешу ерекше орын алады. Жалпы сол бір ауыр кезеңде Т.Рысқұлов 200-ден астам еңбек жариялады, олардың қатарында “Жетісу мәселелері”, “Қазақстан”, “Қырғызстан” атты еңбектері бар.

Бұл еңбектерінде ол алғашқылардың бірі болып Қазақстан мен Қырғызстанның экономикалық тарихы мен экономикалық географиясына толымды сипаттама береді.

“Жетісу мәселелері” атты жұмысында ол облысты негізгі астықты және мал шаруашылық аудандарының бірі ретінде сипаттайды.

Т.Рысқұловтың “Қазақстан” атты монографиялық жұмысы іргелі еңбек болып табылады. Бұл жұмыста республиканың 20 жылдардағы жай-күйі, мал шаруашылығының, өнеркәсіптің, сауданың, транспорттың дамуы, қаржылық жағдайы, оның федерациялық жоспарға бағыныштылығы көрсетіледі.

Қазақстандағы халықтың жалпы саны 6 553 600 адамға жуықтайды, соның 92%-ға жуығы ауыл халқының үлесіне тиеді, ал қала халқының үлесі 8%, оның да бір бөлігі ауыл - шаруашылығымен айналысады.

Қазақтар осылайша ҚазАКСР-нің негізгі халқы болып табылады. Қазақтарды осы уақытқа дейін “қырғыздар” деп дұрыс атамау қабылданған, ал қазақтардың өздері болса өз тарихының басынан-ақ өздерін әрдайым өздерінің төл атауымен, яғни “қазақ” деп атады, керісінше “қырғыздар” деп ең алдымен бұрынғы Сырдария, Жетісу және Ферғана облыстарының, қазір сондай атаумен жеке автономиялық республика болып бөлініп шыққан, таулы аудандарында тұратын қазіргі қырғыз (қара қырғыз) халқын атады.

Қазақстанның шаруашылығында мал - шаруашылығы әзірге бірінші орында тұр. 1900 жылы Қазақстанның (яғни ҚазАКСР бұрын-ғы шекараларында) солтүстік бөлігіндегі малдың жалпы саны 11 477 002 басқа жетті, ал 1916 жылы 20 561 447 бас болды, демек осы уақыт ішіндегі өсім 9 084 455 басты құрады (бұрынғы қоныс аудару басқармасының мәліметтері бойынша).

Малмен айналысатын шаруашылықтардың дағдарысы кезеңінде ең алдымен қой мен жылқының көп азайып кетуі Қазақстанның жалпы шаруашылық жағдайына ауыр әсер етті. Егер Қазақстаннан сыртқа қанша мал-шаруашылық өнімдері әкетілгенін ескерсек, бұл түсінікті болады. Жоғарыда келтірілген цифрлардан малмен айналысатын шаруашылықтар біртіндеп, бірақ үдемелі түрде қалпына келіп жатқандығы анық көрінеді, малдың жекелеген түрлері қайта ішкі топталуда болды. 1925 жылғы мәліметтер бойынша әсіресе төлдің өсімі көбейген. Осы кезең ішінде, соңғы неғұрлым тексерілген мәліметтер бойынша, Қазақстандағы жалпы мал басы 22 000 000-ға дейін, ал 1926 жылы – 26 000 000-ға дейін ұлғайды.

Революцияға дейінгі уақытта бүкіл Қазақстандағы малдың саны 35 млн. басқа дейін жетті (Қазақстанның Түркістандық бөлігін де қосқанда).

Мал-шаруашылығында малдың тұқымын жақсарту мен сапалық құрамын жоғарылату мақсатында асыл тұқымды мал өсірудің үлкен маңызы бар.

Егіншілік Қазақстанның шаруашылығында екінші бір маңызды саланы құрайды. 1916 жылы бүкіл бұрынғы ҚазАКСР-і бойынша егістік алқабы 3 348 000 десятинаға теңесетін, содан орыс шаруаларына – 61%, орыс казактары мен жеке қожайындарға – 19%, жергілікті қазақтарға 20% тиесілі болды. Көрсетілген алқаптан, әр десятинадан орташа алғанда 40 пұттан есептегенде, 133 920 мың пұт астық жинауға болатын еді.

Қазақстанда өнеркәсіп Орталық Ресейдің өнеркәсібі атқаратындай рөл орындамайды, әйтсе де оның болашақта кеңею мүмкіндігі бар. Бірінші топқа мына кәсіпорындар жатады: Ембі өзеніндегі 70 мың шаршы шақырымға созылған, мұнай өндіретін, 1915 жылы 16,5 млн. пұт өндірген, 1921 жылы 500 мың пұтқа дейін берген, ал 1924/25 жылдары 12 млн. пұтқа дейін жоғарылаған. Одан кейінгі орында Риддер руда кен орындары, ондағы руда құрамында мыс, мырыш, қорғасын, күміс және алтын бар. Екі бірдей қуатты түсті металлдар трестері “Алтказполиметалл” және Атбасар тресі құрылды.

Ол тұз кәсіпшілігін қолға алуды айтты: тұз қабаты қоры 100 миллиард пұтқа дейін жететін Елек тас тұз кен орны, Павлодар уезіндегі тұнба тұз, Каспий теңізі, Қарабұғаз шығанағындағы глаубер тұзы. Бір ғана Шығыс Қазақстанда 764 тұзды көлдер бар. Жыл сайын Қазақстан 8 миллион пұт тұз сатады. Қазақстанның балық өнеркәсібі негізінен Арал теңізі мен Каспий теңізі жағалауында орналасқан. Каспий жағалауы бойынша балық аулау 1911 жылы 3 млн. пұтқа дейін жетті, ал 1923/24 жылдары – 576 845 пұт балық ауланды, ал Арал теңізінде 1915 жылы 2 млн. пұтқа дейін балық ауланды. Бұл мәселе бізде Қ.Көшербаевтіың қолдауымен енді ғана жаңа үрдіс тауып дамытыла бастады.

Тоқыма өнеркәсібінен Алматы шұға фабрикасын атап айтуға болады. Ол өзінің өнімділігін 1914 жылы – 240 041 кез, 1921 жылы – 58 542 кез мата шығаруға дейін жеткізді және өнімділігін тағы да арттырып, 1924/25 жылдары 154 543 кез мата шығарды. 1926/27 жылдарға өнімділік 240 мың метр шамасында белгіленді.

Бұдан басқа жергілікті қолөнер өндірісінің өрістегенін айтуға болады. Тағы да бірнеше шағын фабрикалар салу (Семей губерниясында) көзделінеді.

Алтын өнеркәсібі қазақстанның бірнеше жерінде (Қостанай және Семей губерниялары – “Қазбатысалтын” және “Қазшығысалтын” трестері) және басқа да бірқатар жерлерде бар. Қазақстанның қалған аудандарында алтын кен орындары әлі зерттелмеген. 1926/27 жылдары 1177 килограмм өндіру белгіленген.

Жаңа темір жол Сібір, Қазақстан мен Орта Азия арасында экономикалық байланыстар құра отырып, Одақтың Батыс Қытаймен және Батыс Моңғолиямен тауар айналымын дамытуда да үлкен рөл атқаратын болады. Ресейдің Батыс Қытаймен арадағы тауар айналымы 1923 жылы 20 312 000 рубльге, 1924/25 жж. – 7 145 000 руб., ал 1925/26 жж. бірінші жарты жылдықта – 6 083 000 рубльге тең болды [1,б.258-259]. Бұл арада тауар айналымының жылдам өскені айқын көрінеді, әрі оның зор саяси маңызы бар.

Көріп отырғанымыздай, Т.Рысқұлов ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанның экономикасын аса мұқият зерттеген. “Қазақстан” атты монографиясында қаралған көптеген мәселелер біздің уақытпен үндес.

“Қырғызстан” атты жұмыста, архивтік құжаттарға, жарияланған дерек-көздері мен статистикалық материалдарға негізделген ірі, ауқымды еңбекте, сондай-ақ патшалық Ресейдің отарлаушылық саясаты, Қазан революциясының рөлі, Қырғыз АКСР-нің құрылуы, сол уақыттардағы шаруашылық жағдайы көрсетілген.


4. Т. Рысқұлов – азамат, өз Отанының патриоты
Т. Рысқұловтың шығармашылық мұраларын көптеген зерттеушілер оның орасан еңбекқорлығына, азаматтық батылдығына қайран қалады. Ол Түркістан ОАК-ті басқара жүріп, Түркістан Республикасы мен Түркістан Компартиясы атауларын Түрік Республикасы, Түрік Компартиясы етіп өзгерту туралы идеяның авторы болды. Оның Түркі халықтарының конфедерациясы идеясы Орталық Азия өңірі республикаларының барлығын біріктіруі тиіс болды. Оның ұсынысы бойынша РКФСР-дің сол кездегі көрнекті қайраткерлері В. Куйбышевтің, Я. Рудзутактің, Ф. Голощекиннің және басқалардың қатысуымен және солардың мақұлдауымен, М. Фрунзе майданда болатын, Түркістан КП өлкелік конференциясында шешім қабылданды. Т. Рысқұлов бірегей саяси тұлға ретінде жоғарыда аталған Ресейдің белгілі саясаткерлерін сендіре алды. Бұл үлкен саяси жеңіс болатын. Себебі XXI ғасырдың дамуы, жаңа цивилизация бізді әлі қандай интеграцияға, қоғамды ізгілендіру заманына алып баратындығын біз әлі білмейміз. Бірақ кейінірек В.И.Ленин бұл шешімді пантюркистік идеялардың қайта жандануы ретінде бағалап, оны қабылдамай тастады. Себебі В.И.Ленин басқару жүйесін қолдан жіберіп алатынын білді. Соңынан ол Т.Рысқұловты Түркістанда қалдыруға да қорықты. Көп кешікпей орталыққа алып Т.Рысқұловтың потенциалын толық пайдалануға шешім қабылдады. Алайда Т.Рысқұловтың дүниетанымдық көзқарасы панисламдық пен пантюркіліктен аулақ болатын.

Кезінде Т.Рысқұлов моральдық қолдау мен жәрдем көрсеткен адамдарды, зиялы қауымның алғашқы буын өкілдерінің есімдерін де атап өту қажет. Олар: С. Асфендияров, А.А. Диваев, М.О. Әуезов, М.Бағысбаев, К. Сарымолдаев, Ю. Абдрахманов, Т. Жанұзақов, Д.А. Қонаев, Қ.И. Сәтбаев, М. Мырзағалиев, С. Меңдешев, Х. Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, К. Жаленов, М. Есболов, М. Тынышбаев, К. Тыныстанов, М. Жұмабаев, А. Досжанова, Н. Нұрмақов, М. Жылысбаев және т.б. Оны кімге қалай көмек берген деректері де бар. Осы жерде айта кететін сөздің жөні болып тұр. Біздің кейбір адамдар Т.Рысқұловқа күйе де жақпақшы болды. Бірақ одан ештеңе шықпады. Себебі Т.Рысқұловты сынау үшін сол деңгейге жақындау керек. Менің айтарым ел үшін өмірін қиып кеткен бәйтеректерімізді, Алаштың ардақтыларын төмендетпейік. Қазақ деген, Алаш деген ардақты атқа дақ түсірмейік. Олар өз еңбектерін халқы үшін жасады, мүмкін оларда сол заманның аласапыран дүлейінде дұрыс жол таңдауда толқу, дағдаруда болған шығар. Мұндайда оларды айыптамас бұрын біз өзіміз келешекке не берер екенбіз деп ойланып көрейік. Соған қам жейік.



Т.Рысқұлов туралы В.Ленин мен И.Сталиннің жанында жүрген ресейлік мемлекет қайраткерлерінің өздері қалай айтады, қалай жазады. Мысалы, В. Куйбышев РКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы Е.Д.Стасоваға 1920 жылғы 9 тамызда жазған хатында Т.Рысқұловтың Түркістан Республикасында кеңес құрылысына қатысу рөлі жөнінде хабарлай келіп, оған мынадай мінездеме береді: “Т. Рысқұлов – ерекше тұлға және Мәскеуде көрнекті коммуниске айнала алады. Сондықтан Мәскеуге Орталық Комитеттің қарауына келуі қажет деп ойлаймыз”.

Белсенділік, пікірін ашық айту, – деп жазады В.М. Устинов, – жағдайды тез бағалай білу, оқиғалардың даму мүмкіндігін болжай алу Т.Рысқұловқа солшыл демократиялық элементтердің де, әсіресе қазақ жастарының ықыласын аударады”.



Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Н.С. Эпштейннің Түркістан Республикасы Халкомкеңесінің төрағасы Т. Рысқұловқа берген мінездемесінде (1922 жылғы 20 қараша) ол неғұрлым көрнекті партия қызметкерлерінің бірі болып табылатындығы, Түркістанда Кеңес өкіметі мен Коммунистік партияның даму тарихының тұтас бір кезеңі оның есімімен байланысты екендігі айтылады.

Т. Рысқұловқа сипаттама бере отырып, М.В. Фрунзе оны мұсылман коммунистерінің ірі өкілі, ақыл-парасатпен қоса, үлкен ерік-жігер мен мінезге бай адам деп санайды.

Оның саяси өмірбаянын зерттеуші белгілі ресейлік ғалым В.М.Устинов былай деп жазады: “Т.Рысқұлов нағыз жоғары білікті революционер болды. Бұл босаң, ұраншыл интеллигент емес, сөзі мен ісі толық үндесетін істің адамы. Ол теоретик-ғалым, әрі практик-прагматик: оның бойында саяси басшы болуға, халық бұқарасы қозғалысын басқаруға барлық қасиеттер бар”.

Интернационализмге, бірақ көбіне-көп өзі көптеген жылдар бойы жұмыс істеген ресейлік, дәлірек айтқанда орыстық ортасына қарамастан Т.Рысқұлов нағыз қазақ, патриот болды.

Жақын арласатын адамдары мен туыстарының ортасында Рысқұлов барлығын өз жоспарларымен, идеяларымен, ойларымен еліктіріп әкететін. Оның тұлғасы өзінің ерік-жігерімен, мақсаткерлігімен баурап алатын. Ол адамдарға белгісіз бір тылсым күшпен әсер етіп, оларды ақылымен және жігер-күшімен өзіне қаратып ала қоятын. Рысқұлов бойындағы сенім күшін революцияға, социализмге арнаған, сондай-ақ өзіне, өзінің ішкі қуаты мен пайымына сенген ерік-жігері күшті сирек кездесетін адам болды.

Ресейдің ірі мемлекет қайраткерлерінің Т.Рысқұловқа берген жоғары бағасынан кейін Т.Рысқұлов туралы В.Лениннің өзі мен И.Сталин қандай пікір айтты екен деген сұрақ ойға еріксіз келеді? Неге халық жауы деп Т.Рысқұловты атып тастаған И.Сталин оны 11 жыл жанында ұстады, неліктен сол кезде ақ атып тастамады. Бұл сұрақтардың да жауабы табылар.

Академик М.Қ.Қозыбаев өз зерттеулерінде Т.Рысқұловты былайша атап көрсетеді: “20-жылдары сезімтал қазақ зиялыларын ойландырып, іштей наразылығын тудырған мәселенің бірі – Орталықтың Қазақстанның жергілікті ерекшеліктерімен және ұлттық мүддесімен көп жағдайда санаса бермеу саясаты еді. Батылы жетіп, өз қара басының қамын ойламаған Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов сияқты қайраткерлер оған барынша қарсы тұруға тырысты, бірақ, сол үшін кейіннен күйіп кетті”.

Академик былай деп жазады: “Қалай болғанда да Т.Рысқұловты, осы уақытқа дейін ұлтшылдық аясында қарап келген концепция жалған екендігі, оның тек советтік Шығыс емес, әлемдік ұлт қозғалысының көсемдерінің бірі екендігі сөзсіз. Т.Рысқұловтың әлем тарихындағы тұғыры биік, жұлдызы жарық, ол Сүн-Ят-Сен (Қытай), Д.Неру (Үндістан), Мұстафа Кемал-паша (Ататүрік) қатарындағы қайраткер екендігі күмән тудырмайды”. “Рысқұлов Советтік Шығыстың көсемі ғана емес, дүниежүзілік ұлттық қозғалыс көсемдерінің бірі”.

Т.Рысқұловтың саяси, әлеуметтік, экономикалық қызметін оның жалпы қайраткерлігінің бір шыңы деп есептеп, осы саладағы жазған еңбектерін алсақ, бұндағы өзекті мәселелер туралы 250 астам кітап, монография, мақалалар бары анықталып отыр. Егер салыстыра келсек Т.Рысқұлов өз заманында В.Лениннен кейінгі ең көп ғылыми еңбек жазған қайраткер болған екен. Осының өзі де Т.Рысқұловтың тұғыры биік екенін көрсетпей ме. Т.Рысқұлов тұлғасының тұғыры биік екенін көрсетпей ме?! Т.Рысқұловтың гениалды феномені осында емес пе?!
5. Т. Рысқұловтың Қазақстан халқына сіңірген негізгі еңбектерінің қысқаша тізімі мыналар:
- Т. Рысқұлов – Түрксіб құрылысына тікелей басшылық жасағандардың бірі, құрылысты қадағалады. РКФСР ХКК жанындағы Түрксіб құрылысына жәрдемдесу Комитетін басқарды, Қазақстанда пайда бола бастаған жұмысшы табының қалыптасуына көмектесті.

- Ол ұлттық мәселемен айналысты, бұл ретте Қазақстанның РКФСР-мен экономикалық ынтымақтастығына және ұлттық проблемаларды шешуге жәрдемдесті.

- Қазақстан үшін қосымша қаржы бөлінуіне қол жеткізді. Ашыққандарды құтқару үшін жедел шаралар қабылдау және қазақ халқына көмек көрсету қажеттігі жөнінде Сталинге екі рет хат жазып, өтініш білдірді, өзіне де кіріп дәлелдеп шешті.

- Қазақтар туған жерінен қоныс аударып кетіп қалмауы үшін күресті.

- Қазақ зиялылары кадрларын шыңдады, Мәскеу, Ленинград, Свердловск және басқа да ірі қалалардағы жоғары оқу орындарына оқуға жіберуге жәрдемдесті. Жастарды тәрбиелеуге назар аударды.

- Ол 1920 жылғы 25 мамырда елді партиялық басқарудың негізгі принциптеріне қарсы сөз сөйледі.

- Х.Сұлтанғалиевті қорғай отырып, ол іс жүзінде И.Сталиннің, саяси және идеологиялық жазалау шараларына қарсы шықты. И.Сталинге қарсы шабу, қазақ даласындағы қырғынды тоқтатуды талап ету ерлігі үшін ол күйіп кетті.

- 1923 жылғы 12-14 қазанда Т. Рысқұлов националдардың оңаша кеңесінде ұлттық республикалар мен өлкелерді индустрияландыру идеясын ұсынды. Мұнда ол Орталық пен Федерация субъектілері арасындағы өзара қатынастарды талдайды. Қазіргі уақытта орталықтың Татарстанмен қатынасы көрнекі мысал болып табылады.

- Тек Қазақстанда ғана емес, РКФСР-де де қорық ісін ұйымдастыруға қатыса отырып, ол айналадағы ортаны сауықтыруды жақтады. Қазір де экология мәселесі өзекті болып тұр.

- 1920 жылы Баку қаласында өткен Шығыс халықтарының І съезінде ол еуразияшылдық идеясын ұсынды.

- 1921 жылы Әзірбайжанның ІІІ съезінде Наркомнац өкілі ретінде сөйлеген сөзінде ол шаруалар қозғалысының перспективалылығы туралы сөз етті.

- 1921 жылы Баку қаласында сөйлеген сөзінде ол мектептердің материалдық негізін көтеру қажеттігін, жоғары оқу орындарында оқытуды ана тілінде жүргізу керектігін атап көрсетті.

- 1919, 1921, 1923 жылдары ол тілді дамыту туралы айтты. 1923 жылы Түркістан Республикасында тілді дамыту туралы қаулы шықты. Қазақ тілін дамытумен С.Сейфуллин, Н.Нұрмақов айналысты.

- ҚазАКСР Халкомкеңесінің Төрағасы Н. Нұрмақовтың баяндамасын қарай келіп, РКФСР Халкомкеңесі 1928 жылы Қазақ университетін ашу туралы шешім қабылдады, ол кейін 1934 жылы ашылды.

- Т. Рысқұлов, Н.Нұрмақов Қазақстанның геологиялық қызметінің негізін салушылар болып табылады. Олар Қазақ геология тресін ашты, кейінірек ол Қазгеология басқармасы болып қайта аталды.

- Солтүстік Қазақстанда егіншілікті игеру мен мал шаруашылығын дамыту мәселелерін ол 1928 жылы көтерді. Олар 1954-1956 жылдары іске асырылды.

- Қытай және Түркістан Республикасының шекарасы туралы мәселелерді 1919-1920 жылдары көтерді.

- Моңғолиямен, Қытаймен дипломатиялық қатынастарды жолға қою 1925 жылы Т. Рысқұловтың белсенді қатысуымен шешілді.

- Орталық Азия мен Ресей өнеркәсібінің дамуы Т.Рысқұловтың есімімен байланысты: Сталинград трактор зауыты, Капер кен орнын игеру (Саратов обл.), Магнитогорск металлургия комбинаты, Волга-Дон каналы, Қарағанды және Кузбасс көмір бассейндері, Кузбасс металлургия зауыты, Шымкент қорғасын зауыты, Семей ет-консерві комбинаты, Прибалхашстрой, Оңтүстік Қазақстанның, сондай-ақ Түркістан Республикасының суландыру қондырғылары. Кеңес Одағының көшпелі және жартылай көшпелі аудандарында қой шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту да Т.Рысқұловтың есімімен байланысты. Қой шаруашылығын өркендетуде ол Австралия, Жаңа Зеландия, Латын және Солтүстік Американың озық тәжірибесін (мысалы, жайылымдарды суландыру) пайдалануды ұсынды.

- 1928 жылы ауылдықтарды қолдау үшін Ауыл шаруашылық қорын құру туралы қаулы қабылданды.

- 1936 жылы мұғалімдердің жалақысын арттыру туралы, Қарағанды бассейні төңірегінде қосалқы кәсіпорындар құру туралы қаулы қабылданды.

- 1923 жылы Түркістан Халкомкеңесінің Төрағасы бола жүріп, ол студенттерді Германияға оқуға жіберді және оларға материалдық көмек көрсетті т.б.


* * *

Т. Рысқұлов ғұмыры азап пен қиыншылыққа толы күрделі болса да, келешек үшін еткен алуан еңбегі мен отансүйгіштігіның арқасында мәнді де, жарқын өмір сүрді. Оның самғау шақтары мен қанатының қайырылған кездері де болды, бірақ ол әрдайым өз алған бетіне айнымай, сонау жастық шағынан алға қойған – өз халқына риясыз қызмет етсем деген мақсатына адал болды.

Тұрар Рысқұловтың халықаралық деңгейдегі мемлекет және қоғам қайраткерлік тұлғасын ашу, оның панорамалық портретін жасау оңай емес. Себебі Тұрар Рысқұловтың талай жылдар бойғы күні-түнгі еңбектерінің көлемі – ауқымды, тындырған ісі –сан салалы. Ашығын айту керек, бұларды игеру үшін Қазақстанда «Тұрартану ғылыми-зерттеу институтын» құрса, сол институттың терең ізденісінен кейін ғана Тұрар Рысқұловтың кім екендігін, оның мұрасының қаншалықты терең және Орта Азия халықтарына, қазаққа берген пайдасын толықтай анықтауға болар еді.



Ресейдің бір қайраткерінің айтуы бойынша егер Т.Рысқұлов тікелей араласпаса миллионнан астам қазақ ашаршылықтан тірі қалмас еді. Осының өзі қандай баға жетпес ерлік емес пе?!

Ал біз жекелеген ғалымдар шамасы келгенше Тұрар Рысқұловтың әр саласынан ізденіс жасап, тапқандарымызды көрсетудеміз. Тұрар Рысқұловтың мұрасын түбегейлі зерттеулер алда күтіп тұр, оған Мемлекеттік тапсырыс керек. Себебі Ресейде жатқан небір құжаттарды, Т.Рысқұловтың басшылығымен жүргізген комиссиялардың жүздеген отырыстарын, оның баяндамалырын, Ресейдің мүйізі қарағайдай академиктері мен генералдарын мойындатқан Т.Рысқұловтың дәйекті сөздерінің стенограммаларын онсыз ала алмайсыз. Сол уақытта келер.

Жалпы мұсылман түркі халқына риясыз еңбек еткен Тұрар Рысқұловқа бауырлас түркі тілдес елдердің де ықыласы, ризашылығы жоғары деп білеміз.





Каталог: images -> dokumenty
images -> БАҒдарламасы қазақ филологиясы кафедрасы Орал-2014
images -> АҚПараттық хат қҰрметті әріптестер!
images -> Абай Құнанбайұлы (1845—1904)
images -> Автобиография кандидата в депутаты районного маслихата по избирательному округу №5
images -> «Қазақстан тарихы» пәнінен «6М020300-тарих» мамандығына арналған жазбаша емтихан сұрақтары 1 блок
images -> Мазмұны Қазақстандағы жоғары білім, Ғылым және МӘдениет
images -> Үлгілік оқу жоспары
images -> Сембі Жансая Хасанқызы Қазақ тілі мен әдебиеті
dokumenty -> Семинар-тренинг- 2014 «тарму-де ОҚУ Үрдісін модернизациялау»
dokumenty -> М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет