Түркия Республикасы Премьер-министрінің жанындағы мемлекеттік архивінің бөлімі Осман архиві. Түркия Республикасы Премьер-министрінің жанындағы мемлекеттік архиві үш бөлімнен тұрады: Анкара қаласындағы республикалық архив, құжаттар басқармасы және Ыстамбұл қаласындағы Осман архиві.
Іссапар барысында Ыстамбұл қаласындағы Осман архивіндегі әріптестер мен үшін мекеме жұмысымен таныстыру мақсатында арнайы экскурсия ұйымдастырды. Экскурсия кезінде маған тарихи құжаттармен жұмыс жасау әдістерін, материалдық-техникалық базасын көрсетті. Фотосуреттер қоры қызметкерлерімен кездесіп, құжаттарды цифрландыру, сақтау және зерттеу жұмыстарымен таныстым. Архивтің жұмысы негізінен Осман империясы және одан бұрынғы кезеңдердегі құжаттарды жинақтау, сақтау, каталогтау, коллекияларды топтастыру, көрмелер ұйымдастыру, ғылыми жобаларды дайындау және оларды басып шығаруға бағытталған. Суреттер топтамасын негізінен тарихи құжаттар арасынан табылған фотосуреттер құрайды. Фотосуреттердің арасынан Осман империясына тиісті алғашқы түрлі-түсті суреттерді де көруге болады. (Фотосурет-7)
Зерттеушілерге арналған оқу залы соңғы технологиялық талаптарға сай жабдықталған. Зерттеушілер жүйеленген ақпарат негізінде компьютер арқылы қорды зерттеп, қажет құжаттарының көшермесіне тапсырыс бере алады. Әр қордың арақашықтығының үлкен болуына байланысты қызметкерлердің құжаттарды көлікпен тасуы ерекше көзге түсті.
Архив ғимаратында орналасқан жеке музей мені өте қызықтырды, онда архив коллекциясындағы ең құнды құжаттар қойылған , музейдің есігі келушілерге әрқашан ашық. Архивтерде музей ашу соңғы жылдарда барлық елдің озық тәжірибелерінің біріне айналып келеді. Бұл зерттеушілерді, жалпы келушілерді архив жұмысымен таныстыру, тартудың жолдарының бірі. Осман архивінде 250ден астам қызметкер жұмыс істейді.
«ТҮРКСОЙ». Анкарада мен «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымы бөлімдерінің басшысы Санжар Мулазимоглумен кездестім. Аталған ұйым 1993 жылы құрылып, түрік халықтарының бауырластығын күшейту, ортақ түрік мәдениетін келесі ұрпаққа жеткізу және әлемге таныту үшін қызмет етіп келеді.
Менің іс-сапарым Анкарадағы «Алтын адамның әлем музейлері бойынша шеруі» жобасы аясында «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесінің ашылуына дайындықпен тұспа тұс келді. Көрменің ашылу салтанаты бойынша фотосуреттер «YERTAD» қауымдастығының архивінен ҚР ОМ КФҚДЖ архивіне тапсырылды. Шараның басты объектісі – сақ мәдениетінің символикасы мен Алтын адамның реконструкциясы. Сондықтан Санжар Мулазимоглун Алтын адамды табу және зерттеу тарихымен байланысты материалдар қызықтырды. 1970 жылы Алтын адам табылған жерде қорық-музей құрудың бастауында өзім тұрғандықтан бұл мәселелер бойынша кеңінен ақпарат бере алдым. Санжар Мулазимоглумен кездесу барысында "Жетісу сақтарының идеологиясы мен мифологиясы" ғылыми-зерттеу жобасының қорытындысы бойынша 2015 жылы менің редакцияммен шығарылған "Алтын адамның құпиясы" кітабын сыйға тарттым. Кездесу соңында біз түркі әлемінің тарихи құндылықтарын насихаттайтын көрмелерді ұйымдастыру туралы келістік.
Достарыңызбен бөлісу: |