Бұл ғылымдардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты және өлшеу мәселесі коғамның даму тарихымен тікелей ұштасып жатады. Қоғам тарихының әр дәуірінде жермен шұғылдану дәрежесі де әр түрлі сатыда болып келді. Адам коғамының даму дәрежесінің өзі сол жер байлығын пайдалана білу тәсіліне тәуелді. Сол себептен жер өлшеу әдістерінің дәрежесі адам қоғамының даму тарихын көрсететін бір айқын дерек болып табылады. Осы айтылғандарға мысал ретінде геодезия мен маркшейдерия ғылымдарының әрбір тарихи кезендерде қандай орын алып келгендігіне қысқаша токталамыз. Жер өлшеу әдістері мен ірі құрылыстардың көрнекті ескерткіштері дүние жүзінде бірнеше жерлерде бар. Мысалы, біздің заманымыздан бұрынғы VI ғасырда Ніл өзенінің бойында салынған суару жүйелері мен каналдарда геодезиялық өлшеулер қолданылған. Ежелгі Мысыр (Египет) елінде орасан зор құрылыстар салынған. Ал Мысыр патшаларының өздері тірі кездерінде салғызған пирамидаларының ішіндегі ең үлкені-Хеопс пирамидасының төрт қырының әрқайсысы 230,13 метрден де, ал бір—бірінен айырмашылығы 2 см-ден аспайды. Мысыр пирамидалары «Әлемнің жеті кереметінің» бірі болып саналады. Арнаулы геодезиялық өлшеулерсіз мұндай құрылыстар салу мүмкін емес.