Нағыз мүктер класы - Briopsida. Түрлерінің жалпы саны 25 мыңдай болады.
Нағыз мүктер класы үш класс тармағынан тұрады:
1 - андреев мүктері класс тармағы - Аndreopsida,
2 - шымтезек мүктер класc тармағы - Sphaunidаe,
3 - жасыл мүктер класc тармағы - Bryidae.
2 . Плаунтәрізділер (Lycopodiophyta) бөліміне жалпы сипаттамасы, көбеюі, жіктелуі.
Плаунтәрізділер - өте ертеде пайда болған өсімдіктердің бірі. Қазіргі кездегі өкілдері көпжылдық мәңгі жасыл өсімдіктер болып табылады.
Спорофитінің жер беті бұтақтары болады, оны ұсақ, кейде тіптен қабыршақ тәрізді жапырақтары қаптап жауып тұрады. Олар нашар дифференциацияланған, 1-2 тарамдалмаған жүйкелері болады. Буындары мен буынаралықтары нашар жетілген. Спорофиттің жер асты бөлігі тамырсабақ түрінде берілген, одан көптеген қосалқы тамырлары кетеді. Жерасты және жербеті осьтері жоғарғы ұштары арқылы бұтақтанады. Осьтің жоғарғы ұшында спорангилері жиналып, масақ түзеді, сиректеу олар сабақта спора жетілетін аймақ түзеді. Спорангилерді жекелей алып қарайтын болса, олар жапырақтардың үстіңгі жағында орналасады. Споралардың мөлшері бірдей немесе әр түрлі болып келеді.
Гаметофиттері жердің астында жетіледі, ұзындығы 2-20 мм-ден аспайды, сапротрофты қоректенеді. Ұрықтануы сумен байланысты болады.
Шоқпарбас плаун (Lycopodium clavatum). Қылқанжапырақты ормандарда кең таралған өсімдік. Спорофиті жерге төселіп өсетін сабақтан тұрады. Оның вертикаль бағытта көтеріліп тұратын бұтақтары мен төмен қарай кететін қосалқы тамырлары болады. Сабағы мен тамырларының төбелік тармақталған бұтақтары болады. Өткізгіш шоқтары сабақтың ортасында орналасады. Орталық цилиндр сабақтың аз ғана бөлігін алып жатады. Қабық қабатының жалпақ аймағына жапырақтың іздері өтіп жатады. Камбиі жоқ. Сабағы мен жапырағының сыртын эпидермис қабаты қаптап тұрады, онда устьице аппараттары болады. Жапырақ тақтасы таспа тәрізді, шеттері тегіс, ұзын болып келетін жіңішке жіпшемен аяқталады. Вертикаль бағытта тік көтеріліп тұратын сабақтарының ұшында біршама ұзын аяқшаның үстінде екіден спора түзетін масақтары орналасады. Масақтың пішіні цилиндр тәрізді, оның осі болады. Осьті айнала спорофилдері, басқаша айтқанда ұштары үшкір, әрі жоғары қарай қайырылған қабыршақ тәрізді үш бұрышты жапырақтары орналасады.
Спорофилдің үстінде қысқа аяқшасы бар бүйрек тәрізді спорангиі орналасады. Оның ішінде споралар жетіледі. Споралары бірдей, ұсақ, пішіні тетраэдр тәрізді болып келеді. Спородермасы (спора қабықшасы) екі қабаттан тұрады: сыртқы экзиннен және ішкі интиннен. Спорангилері көлденең жарықшақтары арқылы қақырап ашылады. Споралары жерге шашылып, бірнеше сантиметр тереңдікке жайлап (12-15 жылдың ішінде) өсіп, гаметофитке айналады. Пішіні жағынан гаметофит пияздың баданасына ұқсайды, кейін ұлғайып өсіп, оның диаметрі 2 см.-ге дейін жетеді. Бұл жағдайда оның пішіні өзгеріп, астау тәрізді қалыпқа келеді. Гаметофит түссіз болып келеді, ризоидтары болады. Эпидермистің астында жатқан жасушалары саңырауқұлақтың мицелиімен симбиозда болады. Кейбір түрлерінің гаметофиті топырақтың бетінде жатады, бұл жағдайда оның жасушаларында хлоропласттар пайда болады. Антерийдилері мен архегонийлері гаметофиттің үстіңгі бетінде орналасады және паренхималық ұлпаға еніп жатады. Аталық жасушалары көп, екі талшықты болады. Ұрықтануы сумен байланысты болады. Зигота тыныштық қалпына көшпей-ақ бірден өсіп, спорофиттің ұрығын береді. Ол алғашқы кезде гаметофиттің ұлпасына еніп жатады және оның есебінен қоректенеді. Бірақ көп ұзамай ұрықтан тамыр кетіп, жерге енеді, содан соң барып, спорофиттің ұзақ уақыт бойы дербес тіршілік етуі басталады.
Плаунтәрізділер бөлімі (Lycopodiophyta) екі кластан тұрады: плаундар класы (Lycopodiopsida) және полушниктер класы (Isoetopsida).
3. Қырықбуынтәрізділер (Equisetophyta) бөлімінің құрылысы, көбеюі, жіктелуі
Қырықбуынтәрізділердің спорофитінің негізгі ерекшелігі - ол бүйірінен бұтақтанады және бүйірлік бұтақтары топтасып орналасады. Буындары мен буынаралықтары айқын көрінеді. Буынаралықтарының түп жағында қыстырма (интеркалярлық) меристема орналасады. Жапырақтары редукцияға көп ұшыраған. Олар мөлшері орташа жапырақтан бір ғана орталық жүйкесі бар ұсақ жапырақшаға дейін кішірейген. Спорангилері спорангиофораларында - түрі өзгерген бүйірлік өркендерінде орналасады. Қырықбуынтәрізділер тең және әр түрлі споралы болып келеді. Сонымен бірге оларда гетеротализм айқын байқалады. Ол дегеніміз - мөлшері жағынан бірдей споралардан әр түрлі жынысты гаметофиттер пайда болады деген сөз. Спородермасында интиннен және экзиннен басқа тағы да перина деп аталатын сыртқы қабаты болады. Ол экзинге бекіген екі спираль тәрізді бұралған таспадан - элатерадан тұрады. Элатералары екі қызмет атқарады: споралардың шашылуын және споралардың топтасып жинақталуын қамтамасыз етеді. Бұл аталық және аналық гаметофиттердің бір жерде қатар өсуіне мүмкіндік береді.
Гаметофиттері - ұсақ, мөлшері бірнеше миллиметрден аспайтын жасыл түсті, дара- немесе қосжынысты өскіншелер. Ұрықтануы сумен байланысты болады.
Қырықбуындардың қазіргі кезде кең тараған өкілдерінің бірі - дала қырықбуыны (Equisetum arvense). Бұл көпжылдық шөптесін өсімдік. Арамшөп ретінде егістікте және тыңайған жерлерде өседі. Оның 1 метр тереңдікке дейін топыраққа еніп жататын жер асты бөлігі - тамырсабағы болады. Тамырсабақтың кейбір қысқарған жанама тармақтары түйнекке айналады. Олардың іші крахмалдың артық қорына толы болады. Тамырсабақтың буындарында жапырақтың қынапшасы топтасып орналасады. Сонымен қатар осы буыннан төмен қарай қосалқы тамырлары кетеді. Тамырының қабығында ауа қуыстары болады. Жер бетіндегі сабақтары екі түрлі болады: ерте көктемде пайда болатын, спора түзетін және кейін жазда пайда болып, күздің соңына дейін өсуін тоқтатпайтын спора түзбейтін сабақ. Спора түзбейтін сабақтары әдетте топтасып бұтақтанады. Олардың түсі жасыл және қырлы болып келеді. Олардың тіс-тіс болып иректелген ұштарында ақ түсті жолағы болады. Иректелген тістері редукцияға ұшыраған жапырақ тақталары болып саналады. Жапырақтарының редукцияға ұшырауына байланысты фотосинтез үрдісі жасыл түсті сабақтарында жүреді. Сабақтың сыртын бір қабат эпидермис жауып тұрады.
Спора түзетін сабақтары біршама жуан, түсі қоңырлау, хлорофилсіз, бұтақталмаған, биіктігі 15-30 см.-дей болып келеді. Олардың буындары 8-9 иректелген тістері бар түтік тәрізді болып келетін қынапшаларымен жабылып тұрады. Спора түзетін масақтары сабақтың ұштарында жетіледі. Споралары түзілгеннен кейін сабақ солып қурайды. Спорофилдері алты бұрышты қалқаншадан және оны масақтың осіне бекітіп тұратын аяқшадан, қалқаншаның астыңғы бетінің шетінде орналасқан қапшық тәрізді спорангилерден тұрады. Споралардың үлкендігі бірдей болады. Элатералары спираль тәрізді бұралған таспалардан тұрады. Олардың ұштары қасықтың сабы секілді жалпайған болып келеді. Топырақта спорадан хлорофилл дәндері бар гаметофиттер жетіледі. Гаметофиттер - тармақталған жақтаулары бар, физиологиялық жағынан бір-бірінен айырмашылықтары бар тақташалар. Аталық гаметофиттерінде антеридийлері пайда болады, ал олардың ішінде көп талшықтары бар аталық жасушалары жетіледі. Ұрықтануы сумен байланысты болады.
Қырықбуынтәрізділер бөлімі (Equisetophyta) төрт кластан тұрады: гиенилер класы (Hyeniopsida), сынажапырақтылар класы (Sphenophyllopsida), каламиттер класы (Calamitopsida), қырықбуындар класы (Equisetopsida).
4. Папоротниктәрізділер (Polypodiophyta)бөлімінің құрылысы, көбеюі, жіктелуі
Папоротник тәрізділер өзінің жас шамасы жағынан риниофиттерден, псилот тәрізділер және плаунтәрізділерден кейін тұрады. Қазіргі кезде олардың 300-дей туысы және 10000-нан аса түлері белгілі. Папоротниктер жер шарынаң барлық бөліктерінде аса кең тараған өсімдіктер. Көптеген жоғары сатыдағы өсімдіктер секілді (мүктәрізділерден басқасы) олардың өмірлік циклінде спорофит басым фазасы болып келеді, сондықтан да алдымен спорофитін көруге болады. Папоротниктердің барлығында дерлік спорофиті көпжылдық, тек аздаған маманданған формаларында ол біржылдық болады. Қырықбуын тәрізділер мен плаун тәрізділерден папоротник тәрізділер жапырақтарының үлкен болуымен (макрофиллділігімен) ажыратылады. Олардың жапырақтары үлкен, бірнеше рет тілімденген, сиректеу тілімделмеген, бүтін болып келеді. Жапырақтарының мөлшері бірнеше мм-ден 30 м-ге жетеді, тіптен одан да ұзындау болады, жапырақтары екі түрлі қызмет атқарады. Біріншіден оларда фотосинтез процесі жүреді, екіншіден споролар түзіледі.
Папоротниктәрізділердің сабақтары алуан түрлі болады. Көп жағдайда сабақтары жер астында көміліп жататын тамырсабақ түрінде берілген. Папоротниктәрізділердің стельдік құрылысы алуан түрлі. Олардың әр түрлі топтарында стельдің барлық типтері кездеседі (протостель, сифоностель, диктиостель, полициклея, эустель).
Папоротниктердің спорангийлері жапырақтың астыңғы жағында көп мөлшерде жетіледі. Сиректеу олар жалғыздан болады. Көп жағдайда спорангийлері топтасып жиналып сорустар түзеді. Сорустар жапырақтың ерекше индузий деп аталатын жарғақ жамылғымен жабылып тұрады.
Спорангийлері не кәдімгі вегетативтік жапырақтарында, немесе ерекше спора түзетін жапырақтарында (спорофилдерінде) пайда болады. Спорофилдерінің вегативтік жапырақтарға (трофофилдерге) өте ұқсас болуы немесе олардан көлемі және формасы жағынан айырмашылықтарының болуы да мүмкін.
Пісіп жетілген спорангийлер өздерінің ашылуын қамтамасыз ететін қабырғаларында арнайы жетілген өсінділерінің көмегімен жарылады (құрылысы әр түрлі сақиналар, қабырғалары әрқилы болып қалындаған клеткалардың тобы және т.б) Папоротник тәрізділердің қарапайым өкілдерінде мұндай бейімделушілік болмаған.
Әр түрлі споралы папоротник тәріздердің өкілдерінің өте қарапайым болып өзгергендігі (редукцияға ұшырағандығы) байқалады. Әсіресе олардың аталық өскіншелері (гаметофиттері) редукцияға көп ұшырған. Ондай өскіндердің мөлшері микроскопиялық ұсақ болып келеді. Аталық өскіншілер (гаметофиттер) тіптен өз бетінше өмір сүру және қоректену мүмкіндігінен айырылған.
Ертедегі папоротник тәрізділердің спорофиттері, діңдері колоны тәрізді бұтақтанбайтын, радиальды симметриалық ағаштар болған. Кейіндеу қоңыржай және салқын континентальды климаттың әсерінен олардың геофиттік өмірге (жерастында өсуге) бейімделген жаңа түрлері пайда болады. Олар өркендері қысқарған, жерге жайылып өсетін дорзовентральды, қосалқы тамырлары бар шөптесін өсімдіктер. Қазіргі кездегі папоротник тәрізділердің басым көпшілігі көпжылдық шөптесін өсімдіктер.
Папоротниктәрізділердің басқа жоғарғы сатыдағы споралы өсімдіктерден айырмашылығы сол, олар эволюцияның үлкен жапырақты линиясын (мегафилия) береді. Жапырақтары ұзақ уақыттар бойы төбесінен өседі. Мұның өзі жапырақтарды талломдардың жалпаюының нәтижесінде пайда болған деп айтуға негіз болады. Сондықтан да оларды вайялар деп жиі айтады. Көп жағдайда жапырақтар екі қызмет атқарады - фотосинтездік және спора түзу. Кейбір түрлерінде жоғарғы вайялары спора түзуге, ал төменгілері фотосинтезге маманданған болып келеді. Түрлердің көпшілігі тең споралық, алайда әр түрлі споралы түрлері де кездеседі.
Гаметофиті көп жағдайда қос жынысты қоңыржай климатты зоналарды өсетіндерінде ол жүрек тәрізді немесе тропикалық зонадағы түрлерінде жіп тәрізді немесе тармақталған пластинка сияқты.
Гаметофит ылғалды жерде өсуге бейімделген. Ұрықтануы сумен байланысты. Жапырақтың астыңғы бетінде, оның екінші қатардағы сегменттерінің орталық жүйкесін бойлай спорангилердің тобы - сорустары орналасады. Спорангилерінің формасы жасымықшаға ұқсас болады. Спорангилері жапырақтың кіндігіне ұзын аяқшалары арқылы бекініп тұрады. Сорустың үстін жауып тұратын бүйрек формалы жамылғысы (индузий) болады. Спорангидің бірқатар қабырғасын екі түрлі клеткалар құрайды: қабықшасы жұқа және қабықшасы таға тәрізді қалыңдаған клеткалар. Осы клеткалардың бір қатарға орналасқан тізбегі, спорангидің сыртын айналып, шеңбер түзеді. Мұндай шеңберді сақина деп те айтады, бірақ оны түзетін клеткалар еш уақытта қосылмайды. Споралары толық жетілген уақытта, спорангилері қақырап сақина клеткалары жиырылып тартыла бастайды, нәтижесінде сақина қабырғалары жұқа клеткалы бар жерінен сөгіледі де, споралар сыртта шашылады. Споралардың мөлшері бірдей, бірақ формасы бүйрек тәрізді - сопақша және сырты бүртік-бүртік болып келеді. Спора түзілер кезде мейоз процесі жүреді. Қолайлы жерге түскен спорадан гаметофит (өскінше) пайда болады. Өскінше жүрек пішінді, көк жасыл түсті, ені 4 мм-дей болатын табақша, ол ризоидтары арқылы жерге бекінеді. Жүрек пішінді табақшаның ойық жеріне таман, оның астыңғы бетінде архегонийлері, ал ризоидтарына жақын жерде антерийдилері жетіледі. Еркек папоротник тең споралы өсімдік, сондықтан да оның гаметофиті қос жынысты. Әдетте алдымен антеридий (аталық) пайда болады, содан соң барып архегоний (аналық) пісіп жетіледі. Антеридийдің формасы шар тәрізді, ол өскіншенің үстінен көтеріліп көрініп тұрады. Оның ішінен саны жағынан онша болмайтын спираль тәрізді бұралған көп талшықты сперматазоидтары жетіледі.
Архегонийдің құрылысы әдеттегідей құмыра тәрізді, оның төменгі кеңейген бөлігі өскіншенің ұлпасына еніп жатады, ал мойны жоғары көтеріліп көрініп тұрады. Архегонийдің кеңейген құрсағында жұмыртқа клеткасы жетіледі. Антеридий мен архегонийдің екеуі де ылғалды топыраққа байланысты болғандықтан, жұмыртқа клеткасының қозғалғыш сперматазоидпен ұрықтануы, ауа райы жамбырлы кездерде қиынға түспейді. Ұрықтанған жұмыртқа клеткасынан көп ұзамай спорофиттің ұрығы пайда болады. Ол бастапқы кезде өскіншенің есебінен қоректенеді. Қоректік заттарды бойына сіңіруі ұрықтың аяқшасының көмегімен жүзеге асады. Папоротниктердің алғашқы тамыры сабағы және жапырағы пайда болған соң ұрық өз бетімен өмір сүре бастайды. Келешегінде оның тамыры жерге енеді, сабағы түзуленеді, ал жапырағы ұлғайып өседі. Алғашқы жапырақтан кейін, сабақта жаңа жапырақтар пайда болады, содан соң біртіндеп нағыз папоротник өсімдігі қалыптасады.
Гаметофиттері спорангилерінің ішінде пайда болады. Олардың әрқайсысы екі вегетативтік клеткадан және екі антеридийден тұрады. Аталық гаметофиттер ұлғая келіп, спорангийдің қабықшасын жарып сыртқа шығады. Мегаспорангилерден аналық гаметофит пайда болады. Оның түсі жасыл және аталық гаметофитке қарағанда редукцияға көп ұшыраған. Осындай гаметофиттің жоғары бөлігі, мегаспорангиден сыртқа шығып тұрады, оның бетінде үш-бес архегонийлер жетіледі. Ұрықтанғаннан кейін зиготадан және жапырақтан тұратын спорофиттің кішкентай ұрығы өседі.
Бөлім жеті кластан тұрады: аневрофитопсидтер, археоптеридопсидтер, кладоксилопсидтер, зигоптеридопситер, офиоглосопсидтер, маратиопсидтер, полиподиопсидтер. Осы жеті кластың ішінде жергілікті флорада полиподиопсидтер жиі кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |