Кладоксилопсидтер класы (Кладоксилопсиды). Аневрофитопсидтер класының өкілдері секілді девон дәуірінің алғашқы кездерінің соңына таман пайда болған, ал олардың кейбір өкілдері карбон дәуірінің алғашқы кезеңіне дейін өмір сүрген. Бұл кластың өкілдерінің аневрофитопсидтер мен археоптеридосидтерден айырмашылылығы сол, шамасы олардың камбийі болмаған, яғни соңғы сүрек қабаты түзілмеген.
Зигоптеридопсидтер класы (Зигоптеридопсиды).Бұл кластың өкілдері осыған дейінгі үш кластың өкілдерінен кештеу пайда болған және біршама алға жылжыған топ. Зигоптеридопсидтердің геологиялық тарихы девон дәуірінің соңғы кезеңінен басталып, перм дәуірінде аяқталады, шарықтап дамыған кезі карбон дәуірі болған. Өзінің кейбір белгілері бойынша нағыз папоротниктерге біршама ұқсастығының болуына қарамастан, зигоптеридопсидтердің сыртқы кескінінде, осыған дейінгі үш кластың өкілдері секілді нағыз папоротниктерден көптеген айырмашылықтары болған. Зигоптеридопсидтердің ішіндегі ағаш тәрізді формаларының болғанымен, олардың көпшілігі кішілеу шөптесін өсімдіктер.
Офиоглоссопсидтер немесе жылантіл папоротниктер класы (ужовниковые или офиоглоссопсиды).Қазіргі кезде кездесетін папоротниктердің ішіндегі ең қарапайым құрылыстысы. Сыртқы түріне, ішкі құрылысына және тағы басқа бірқатар биологиялық ерекшеліктеріне қарай жылантіл папоротниктерінің басқа папоротниктерден біршама айырмашылығының болатындығын оңай аңғаруға болады. Сондықтан да болар жылантіл папоротниктерінің басқа папоротниктермен байланыспай жеке тұруы.