Антикалық философия - бзд. VIғ-да Сократқа дейінгі философиядан басталып, 529 жылы Афинада соңғы философиялық мектепті Император Юстиниан І жарлығымен жабылғанға дейін жалғасқан Ежелгі Грек және Ежелгі Рим философиясы (бзд. VІғ - VIғ). Дәстүр бойынша Фалес алғашқы антикалық философ, ал Боэций соңғы антиккалық философ саналады.
Ертедегі Грекияның алғашқы философтары стихиялы реализмдік бағытты ұстануымен ерекшеленеді. Олар бүкіл дүниені тұтастай алып қарап, әлемнің, дүниенің түп негізін, алғашқы бастамасын, түпнұсқа элементін табуға тырысты. Олар "дүние қалай пайда болды", "неден жаралды", "ең бірінші не пайда болды", "бәрінің негізі не" деген секілді сұрақтар қойды. Антикалық философтарды "натурфилософтар" деп те аталады, олар философиялық ойларын табиғат құбылыстарымен байланыстыра тұжырымдауға тырысты.
Ертегірек (антикалық) философиясы өзінің даму тарихында үш кезеңнен өтті:
Сократқа дейінгі кезеңдік философия (б.д.д. 7-6 ғ.ғ.). Бұл кезеңде натурфилософиялық көзқарас басым болды. Милет, Элей, Пифагоршылдар, Софистер мектебінің қалыптасуымен қатар атомдық көзқарастың негізі қаланады.
Классикалық кезең (б.д.д. 4ғ.). Платон мен Аристотель философиялық еңбектерімен ерекшеленеді.
Римдік-эллиндік кезең (б.д.д 3ғ. соңы мен б.д. 3ғ. басы). Стоиктер, скептиктер және эпикуршілдік мектептер басымдылық танытқан кезең.
Классикалық философия – антика философиясының екінші кезеңі. Ол Сократтың есімімен (б.д.д. 469-399 жж.) тығыз байланысты болғандықтан, «Сократтан кейінгі» немесе «классикалық кезең» деп аталады. Сократ жазбаша еңбектер қалдырмаған, оның философиялық көзқарастары бізге Платон, Аристотельдің еңбектері арқылы жетті. Сократ ауызша пікірталастырып, диалог арқылы өзінің қарсыластарын қарастырылып отырған мәселе туралы жаңа, тың білімге сендіруге тырысты. Оның қағидалары: «Мен өзімнің түк білмейтіндігімді білемін» және «Өзіңді өзің танып-біл». Киниктер философиясының («Киносарг» деп аталған гимназияның атымен аталып кеткен, аудармасы – «көреген ит») негізін қалаушы Антисфеннің (б.д.д. 444-368 жж.) пікірінше, нақты өмір сүретін тек жеке заттар ғана, ал жалпы ұғымдар заттардың қандай зат екенін анықтайтын сөз ғана. Антисфен өзінің ұстазы Сократтың рақымшылық, ізгілік, басқа туралы ілімін ілгері қарай жалғастырып, түкке тұрмайтын құндылығы жоқ байлық, денсаулық, т.б. сияқты игіліктермен салыстырғанда, рақымшылық – ең құнды және жалғыз ғана игілік деп уағыздаған. Себебі, адам өзінің негізгі мақсаты бақытқа тек рақымшылық арқылы жетуге болады. Рақымшыл болу үшін ол туралы көп сөздің, немесе көп білімнің қажеті жоқ, ол – тек іс-әрекет арқылы ғана көрінеді. Материалдық тұрмыс қасиеттерін елемей, қоғамда қалыптасқан әдет-дәстүрлерді мысқылдай отырып, нағыз данышпандық, рақымшылық, бақытты іздеген Антисфеннің ізбасары Диоген Синопский (б.д.д. 412-323 жж.) киниктердің этикалық ілімін өз өмірінің негізгі қағидасы етіп қабылдаған, осыған байланысты өзінің артынан көптеген анекдотқа ұқсас әңгімелер қалдырған ойшыл.