Гүлмира Әшірбекова,
ф.ғ.к., аға оқытушы
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ
Нұрмахан Елтай – сатира жазудың шебері
Сатира- нақты бір өмір елестерін, болмыс сәттерін суреттеп, жазып, айтып берудің әдіс-тәсілі. Ал сатираны көп зерттеген, бұл түрдің үлкен теоретигі Я.Эльсберг: «Сатира – болмысты әдебиет пен өнерде көрсетудің бір әдіс тәсілі» [1,3].
Ал Д.Н Ушаковтың редакциялауымен шыққан «Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде: Сатира - өмірдің жағымсыз құбылыстарын күлкілі, келемеж түрінде көрсететін әшкерлеуші әдеби шығарма».
Таза сатира туындылардың эпосқа да, лирикаға да, драмаға да жатпай, әдебиеттің өзіндік дербес тегін құрайтындығынан басқа да сырлары бар. Сатирада қаттыссыздық, бейтараптық, объективтілік бола бермейді. Оған дәлел, Л.Н. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», М.Әуезовтің «Абай жолы» секілді эпостық шығармаларын оқығанда, авторда, оқырманда көрінбейді олардың жан дүниесі, күйзелісі сезілмейді. Оқиға оларға тәуелсіз түрде өтіп жатады. Осы эпостық объективтілік сырттай суреттеліп, баяндаушылық сатирада болмайды. Онда сыналып отырған факті мен құбылысқа автордың қатысы, белгілі дәрежеде білдіріледі.
Сатираның теориясын зерттеушілер оны бірде әдебиетке, бірде публицистикаға жақындатады. Бұдан шығатын қорытынды сатира – әдебиеттің бір тегі, екіншіден, өмірдің жеке елестерін суреттеп берудің әдіс-тәсілі, үшіншіден, әшкерелеуші әдеби шығарма, төртіншіден, көркем әдебиеттің өзіндік түрі. Сатира – көркем-публицистикалық жанрлардың бір түріне жатады. Шынайы өмірден алынған дерекке құрылуы мен нақты адреске, өмірде бар адамдарға арналуы, белгілі бір мезгілде жазылуына қарап оны публицистика жанры деп танимыз.
Қазақ әдебиетінде сатира жанрының теориясын зерттеген ғалым Т.Қожакеев оны шартты түрде үш салаға топтастырады. Сатираның поэзиялық шағын жанрлары (мысал, эпиграмма, пародия, сықақ өлең), сатиралық көркем-публицистикалық жанрлары (фельетон, памфлет), сатираның көркем прозалық жанрлары (сатиралық әңгіме, юморлық әңгіме, сатиралық повесть, сатиралық роман). Бұл жіктелу шартты түрде ғана болғандықтан, бір туындының өн бойынан бірнеше белгілердің кездесуі таңқаларлық жайт емес. Н.Елтай публицистикасында ерекше орын алатын жанр – фельетон мен сықақ өлеңдер. Фельетонның әдеби, көркем, сатиралық, публицистік шығарма екендігі дау туғызбаса керек. Оның нақты анықтамасын ғалым Т. Қожакеев: «…шағын көлемді, публицистикалық үнді, әсерлі тілді, сын-сықаққа бай, күлкілі жайлары бар әдеби көркем шығарма» [2, 128 б.] – деп айқындап көрсеткен.
Жалпы, сатиралық жанрлардың алған тақырыбы мен нысанасына қарай шартты және нақты деп екіге бөлеміз. Нақтылық дегенді бәріміз түсінеміз, яғни дәл анық деректерге сүйеніп, нақты адреске бағытталады. Ал «шарттылықта – оқиғаның болған жері, оның алған мерзімі, қатысқан адамдардың нақты аты-жөні, ел тарихы, жер географиясы дәл көрсетілмейді. Бәрі ойдан шығарылады. Шарттылық әдісі қолданылғанда сықақ шығармаға дау айтатын, сойылын сүйретіп «соғысқа шығатын нақты адресті адам болмайды. Яғни шарттылық шығармаға сыйымдылық береді, әлеуметтік жинақтауға көтерілуге жағдай жасайды» [2, 112-113 бб.]. Н.Елтай фельетондарында нақтылық та, шарттылық та кездеседі. Ол көбінесе ел арасында айтылып жүретін жеңіл әзіл әңгімелер мен қалжыңдарды жинап жүреді. Оны орайын тауып, оқырманға ұтымды пішінде жеткізе біледі. Бұл – публицистің ауыз әдебиетіне сусындап өскендігін байқатса керек.
«Байнаш соғыстан соңғы ауыр жылдары колхоздың тоқтысын бағады. Бір күні отарынан бөлінген жеті тоқтысын іздеп жүріп, егінші әйелдерге кезіксе керек. Айдалада кетпен шауып зеріккен олар жоғын сұраған ақынға:
Сонда Байнаш ақын:
-Келіңдер, құтты болсын кетпендерің,
Кемтігің толсын келіп, кеткендерің.
Жоқ малым табылмастан кете берсе,
Қоштасып, өздеріңмен кеткен жерім.
Бөлінді жеті тоқты қатын бағып,
Кетті екен бұл жетеуі қайда лағып
Таптырмай осылайша кете берсе,
Жүрермін бір түрменің отын жағып,-
деп ойланбастан өлеңдетіп жіберіпті.Сонда егін егіп жүрген әйелдер:
Қайнаға,тоқтың ана жыңғылдың арасында жүр,-деп жөнін айтқан екен»[3,11].
«Байшаштың Бұрқы деген ағайынының басласы үйленіп, ол соған құтты болсын айта келеді. Келін шешен ұлтынан болса керек. Аттан түсе бере ақын:
Пернеш апа, Бұрқы ағай,
Мал-жаныңыз есен бе?
Бір жерге көңілім толмайды,
Есенсіз бе десем де,
Қыз таппай қалың қыпшақтан,
Құда бопсың шешенге,
Құтты болсын дейміз-ау,
Өз қолымды өзім кесем бе,-
деп сәлемдескен көрінеді [4,112].
«Бірде Байнаш бағатын қошқарын қырымға айдап келсе, Базарбай деген құрдасының әйелі Балшай:
Жүрсің бе сау-саламат Байнаш ақын,
Ақын деп құрметтейді сені халқың.
Өлеңнің су төгілмес жорғасы едің,
Қор қылды-ау сені босқа соқыр қатын, -
деп ә дегеннен тиісе кетеді. Байнаштың әйелі қисықкөз кісі болса керек, соны тілге тиек етіп, мазақ қылғаны ғой. Ақын іркілмейді:
Балшай-ау белгілі ғой маған жайың,
Жасырын, жалған айтып не қылайың?
Сенің де мақтанатын ештенең жоқ,
Ауру айғыр сияқты сенің байың, - деп уәж айтыпты[5,119].
Н.Елтайдың сатиралық публицистикасында кездесетін эпиграмманың өзі: сатиралық және юморлық болып екіге бөлінеді. Сатиралық эпиграмма тұтастай жағымсыз, мансұқ етпеуге, әшкерелемеуге болмайтын нәрсеге діттеліп жазылса. Ал, юморлық эпираммада объектіге деген іш тартудан, достық әзілден тұрады. «Ара» журналында жарық көрген Нұрмахан Елтайдың «Күндебайдың кіріспесі», «Кенгуру», «Халық байлығы» юморлық эпиграммасында былай жазылған:
«Күндебай ақыннан бір танысы мекенжайын сұраса керек. Сонда әзілқой ақын:
Дуалының жырым-жырым кесегі бар.
Ішінде жауыр ойық есегі бар.
Тұяқтарын ұрғыштап ақырғанда,
Көтереді басына көшені бар.
Төрт аяққа бесінші қосылатын,
Астында сала құлаш несібе бар.
Қолында қырық құрақ төсегі бар.
Қатыным ғой - мың бір түн өсегі бар.
Жазатайым мен жаққа бара қалсаң,
Қақ маңдайдан ұратын көсеуі бар.
Солында адам сояр шешені бар.
Оңында ауруы - арақ деген мешелі бар.
Таң саз бере үйіне бас сұғатын,
Қаңғыбастың жабысқан кеселі бар
Тайғақ таз, Алдар көсе мен боламын,
Оқпан өңеш, желаяқ, көше құмар,-
деп қамшысын домбыра етіп желдірете жөнелгенде әлгі кісі айран-асыр болып, жылыстай беріпті [6].
Н.Елтай фельетондарында кездесетін нақты деректердің өзі әңгіме желісінде байқалмай беріліп отырады. Мәселен «УАЗ», «Елдегі әкім», «Аудандық партия» сынды «Сыпыра сыйлық» кітабына енген Нұрмахан Елтайдың тұспалдап айту ойы көптеп кездеседі.
«Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық кеңес төрағасының орынбасары қызметіне кіріскен Жаңаберген Ақатаевқа ескілеу «УАЗ» көлігі тиеді. Көне болса да көлік. Ауыл-ауылдарды аралап, жұмысын атқарып жүруге ыңғайлы. Бірақ көлікті болдың деп ешкім елей қоймаса керек. Бірде бір топ құрдастарына жолыққан Жақаң:
Біреудің қоя берген қатынын алған кісіге де құтты болсын айтатын еді... қызметтік жеңіл көлігіме ең болмаса біреуің мезіреті жасамадыңдар ғой, - деп әзіл тастапты»[7,1].
«Жаңақорған ауданындағы Төменарық кеңшарының директоры Алтыбаевқа мектеп директоры Базарбай Жаманқұлов жолығып, білім ордасындағы түйткілді мәселелерді айтып, көмек сұрайды.
- Ғимараттың төбесіндегі шифердің жаңалау қажет еді...
- Айта бер, - дейді кеңшар басшысы басын изеп. Қолдау сөз естіген Базекең тағы да күрделі деген екі-үш жағдайды баяндап тастайды.
- Айта бер, айта бер, - дейді тағы да Алтыбаев. - Бұл айтқандарыңды бәрібір мен істетіп бере алмаймын. Күндердің бір күнінде маңдайы жарқырап осында бір директор келер, жаңағы айтқандарыңды мүмкін сол жасатып берер... айта бер, айта бер, - депті басын изеп»[7,12].
«Сөзі мен ісі кереағар келген аудандық партия комитетінің хатшысына наразылығын білдіргісі келген Алтыбаев:
Басыңыз – коммунист, бірақ денеңіз - ыдыс екен. Айтуын айтасыз, алайда құлқыныңыз құрдым секілді, - депті [7,19].
«Кеңестік жүйенің кезі. Ауыл қариялары бір жігітті «есепті білед» деп мақтап жатса керек. Сонда Алтыбаев:
Есебі жоқ болса, «Жигули» алмайды ғой, - деп қосыпты [7,1].
«Алматыға іс сапармен барған «Төменарық» кеңшарының директоры Алтыбаевқа қонақ үйден орын тимесе керек. «Орын жоқ» деп меселін қайтарған қонақ үй меңгерушісінің үстеліне кеудесіндегі орденін шешіп қойыпты. Ананың жаны шығып кете жаздайды:
- Ағай,мұныңыз не ?!
- Орын алуға шарапаты тимесе, орденнің қажеті не? Саған-ақ бердім,-дейді бұл. Меңгеруші дереу бөлме дайындап, жаңсақтығы үшін кешірім сұрапты [7,29].
«Түгіскен» кеңшарының директоры Ниятуллла Қарақожаев өз салмағын өлшетпекші болып, қоймадағы таразығы түседі. Таразбан уақ тастарды олай-бұлай ұрғылап келтіре алмай жатса керек. Сонда шаруашылықтың бас бухгалтері Сәдірқожа:
-Келілік тастарды несіне әуре етесің, біздің Нәкең центнермен өлшенеді. Міне, бір центнер тартты! Ірі кісіні ірі салмақ өлшемімен өлшеу керек,-депті[8,116].
Н.Елтай журналистік қызметімен қатар ел арасында кеңінен таралып кетпесе де, ұтымдық айтылған әзіл әңгімелерді жинап, бас-аяғын көркемдеп жазуға шебер. Оның «деген екен» деген жеңіл қалжыңға құрылған шағын әңгімелері «Айқын» газетіндегі «Бесінші жатақхана», «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Қазақы қалжың», «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Сөз сойыл», «Сыр бойы» газетіндегі «Түрлі-түрлі бастар бар» атты сықақ беттерінде жарық көрген.
Өтеген Жаппарханов Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде бөлім меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінің Жезқазған, Қызылорда қаласындағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарған ардагер журналист. Қазір Қызылорда қаласында тұрады.Табанда тауып айтатын бірқақпайлары ел аузында жиі айтылады. Сонын бір сыпырасы мінекей, Нұрмахан Елтайдың жаңа кітабына енген.
«Журналистке қалалық комитет үш бөлмелі пәтер берді. Енді шаңырақ көтерген, көшіп-қонып жүрген жас отбасында қайдан мүлік болсын. Өтекең қалалық сауда саласын басқаратын Өтежан деген ағасына былай деп хат жазып жібереді.
Жігіттей сүмірейіп ағасы жоқ.
Мен жүрмін келіннің табасы боп.
«Горсовет» беріп еді үш бөлмелі үй,
Ішіне жия тұғын ағашы жоқ.
Текемет анам берген тозып қалды,
Астына төсей тұғын паласы жоқ.
Базына айтқан ағасы да мәрт кісі екен. Ертесіне журналистің жаңа қонысына арзан бағаға гарнитур құрғызып беріпті. Пәтерінің байғазысына палас пен кілем жібертіп, жас отауға қамқорлық танытқан екен. Өтекеңнің бір құрдасы жастау көрінгісі келіп жасын үнемі кішірейтіп айтатын көрінеді. Сол кісіге мынадай әзіл арнапты:
Танимын құрдасымды шақырымнан,
Қағынып біздің Төкең тақымынан.
Кісінеп, кәрі айғырдай байтал көрсе,
Табанда айырылады ақылынан.
Жыл сайын өзгертеді туған жылын,
Бұл күнде бес жас кіші қатынынан...» [9,77].
«Бір мекемеде басшылық қызметте жүрген құрдасының соңынан жеңіл жүріске түсті деген сөз ереді. Сол туралы Өтекеңнің ауылдастарына айтқаны:
Шиеліден Ырза деген сайтан шықты,
Бұл өзі қайдан келіп, қайдан шықты.
«Мен тием, сол жігітке мен тием» деп,
Қысық көздің қыз-қатыны байдан шықты» [9,79].
«Памфлет» деген атау гректің рат (бәрін), phledo (күйдірімін, жандырамын) деген екі сөзінен шыққан. Әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, бұл термин 12-ғасырда Англияда қойылған «Памфилус» деген комедияның атына берілген. Шындығында ол алғаш отты пікірлі, әшкерлеуші пафосты, үгіттік мазмұнды «Ұшпа листок», прокламация деген мағынада қолданылған. Одан жалынды үндеу мақала түріне ауысып, бара-бара сатира тақырыптарына ауысып, сатира жанры болып қалыптасқан. Памфлетте, фельетон сияқты бүгінгі күннің тақырыптарына, көкейтесті проблемаларына килігеді. Ол да халықарлық және ішкі тақырптарға бірдей жазыла берді. Фельетон қоғамның үлкенді-кішілі кез келген мүшесін сын объектісі ететін болса, памфлет белгілі бір құрылыста, системаны мансұқ ету үшін көбіне сол қоғамның ірі қайраткерлерін, тіпті өкілдерін объектіге алады.
Нұрмахан Елтайдың сатирасында да қоғамдаға даңқойлық, өзімшілдік, атаққұмарлық жайында жазылған памфлет-өлеңдер көп-ақ. Мәселен, «Даңқ», «Өлсе кәріс кемпірі өлсін», «Атаға көрсеткен сый құрмет», «Мен, мен», «Әділдік», «Сара жол», «Қақпан».
Н.Елтайдың сатиралық шығармаларын жанрлық тұрғыдан қарастырар болсақ, біріншіден, сықақ өлеңге шебер. Жеңіл юморға құрылғанымен, артында ауыр салмағы бар сықақ өлеңдерінде қоғамдағы келеңсіз құбылыстар сын нысанасына алынады. Публицист шығармашылығынан тағы бір байқағанымыз, бүгінгі күннің тақырыбына, мәселесіне дер кезінде үн қосып отыруы дер едік.
Пайдаланыған әдебиеттер:
Черепахов М.С. Проблемы теории публицистики // Под ред. Г.Я. Солганик.- М.:Изд. МГУ,1990.- 160с.
Поэтика публицистики // Г.Я Солганик.-М.: Мысль,1971. -191с.
Елтай Н. Импорттың жөні бір бөлек, экспорт ше?// Сыр бойы газеті 1қараша, 2004.
Елтай Н. Заман және дәстүр // Сыр бойы газеті, 15 наурыз. 2005.
Елтай Н. Аманат пен парыз. - Алматы: Жалын, 2012. -201б.
Елтай Н. Ауыл зиялысы // Сыр бойы газеті 13 маусым, 2009жыл
Эльсберг Я. Сатира – болмысты әдебиет пен өнерде көрсетудің бір әдіс тәсілі»// Сатираға жанрлық сипат. SAD.MOSKOU.ID128965547 аударма.
Елтай Н. Байнаш ата әзілдері. - Алматы: Жалын, 2010. -114б.
Елтай Н. Ауыл айтқыштары. - Алматы: Жалын, 2009. -308б.
Достарыңызбен бөлісу: |