– Бағила, айтыңызшы, сіздің алған графендеріңіздің өлшемі қандай? – Біздің графеніміздің қалыңдығы 5 микронды құраса, аумағы 5 сантиметрге дейін жетті. Бізге дейін графен алған ғалымдар наноөлшем деңгейінде ғана алған еді. Сондықтан ірі көлемде графен алғанымызбен мақтануға болады. Ең сапалы графен – бір қабатты графен. Біз осыған қол жеткіздік қой. Атомдық микроскоппен алған графеннің сапасын зерттегенде жоғары сапаға қол жеткізгенімізді байқадық. Бұдан кейін бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы жайында мақала жазып, инфакт-факторлық көрсеткіші жоғары ғылыми журналдарға жарияладық. Нәтижесінде дүниежүзінің әр тарабындағы ғалымдар біздің іс-тәжірибемізге қызыққандарын айтып, хаттар жазды.
– Оқырмандарымызға графенді қалай алуға болатынын аздап болса да жеткіздік деп ойлаймын. Енді, маған графеннің адам баласы үшін пайдасы жайында айтыңызшы? Жалпы, графенді өндірістің қай саласында пайдалануға болады? – Графенді көптеген салада қолдануға болады. Дамыған елдер графенді электроника саласында кеңінен пайдалануға күш салып жатыр. Бүгінде электроникалық бұйымдардың көпшілігін шалаөткізгішті элементтерден жасап келеміз. Ал шалаөткізгіш заттарға – кремний, германий, калий, арсений сынды элементтер жататыны белгілі. Алдағы уақытта графен осы заттардың орнын алмастырады. Өйткені графенде электрондар өте жылдам қозғалатынымен ерекшеленеді. Осының арқасында графеннен жасалған ұялы телефондар мен компьютерлер жылдам жұмыс істейтін қасиетке ие болады. Қазіргі таңда АҚШ-тың Apple компаниясы өздерінің өнімдерін жасауда графенді пайдалану мәселесіне күш салып жатыр. Аталмыш компанияның өндірген өнімдерінің сапасы артып, үлкен сұранысқа ие болғанын бәріміз білеміз. Сол сияқты энергетика саласында да графенді кеңінен пайдалануға болады. Графен сутектен қуат көзін алатын арнайы құрылғылар жасауға таптырмас материал. Ол көміртекті элемент болғандықтан оның сорбциялық қасиеті өте жоғары. Ол бойына сутекті сорып алып, оны ғаламат қуат көзіне айналдыратын мүмкіндікке ие. Сутекте энергия қоры өте көп. Болашақта графеннен арнайы құрал-жабдықтар жасап, қуат көзін өндіруге болады. Тағы да айтсақ, графен ғарыш кеңістігін игеруге де кеңінен жол ашып отыр. Графеннен жасалған байланыс құралдары алыс ғарыш кеңістігінен сигналдар қабылдаудың мүмкіндігін арттырған. Сол сияқты медицина саласына да графенді кеңінен пайдалануға болады. Жалпы, графенді көптеген салада пайдалануға болады.
Нұрлан Жұмаханов, “ҰҒТАО” АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі