– Магнетронды тозаңдандыру әдісімен де графен алғаныңызды айтып қалдыңыз. Бұл жағын да түсіндіре кетсеңіз? – Магнетронды тозаңдандыру әдісі ғылымда кең тараған әдіс. Марқұм ұстазым Борис Михайлович екеуміздің бұл тәсілмен графен алуымызға орыс ғалымдарының магнетронды тозаңдандыру әдісімен көміртекті нанотүтікшені алғаны ықпал еткен еді. Әрине, бұл әдіспен жұмыс жасағанымызда өзіміздің жылдар бойы жинаған біліміміз бен іс-тәжірибемізді сарп еттік. Жұмыс камерасының ішінде катод және электрод болады. Катодымыз біздің графит. Бұдан кейін ауасыз бос кеңістікке, яғни вакуумға аргон газын жібердік. Газ вакуумның ішіндегі еркін жүрген электродтармен әрекеттесіп, графиттің атомдарын жұлып алады. Дәл осы сәтті ароматикалық қатты көміртекті нафталиннің атомдары буға айналып, бәрі әрекеттесіп, бір қабатты графен түзді. Патент алғанымызда мұндай тәсілмен ешқандай ғалым графен алмағанын білдік.