1.7. Табиғаттағы су айналымы Су үздіксіз қозғалыста болады. Ол үздіксіз айналым процесінде буға, одан суға айналып отырады. Су айналымының негізгі себепкері күн энергиясы болып табылады.
М.Н. Будыко күн тұрақтысының мәнін 8,2 Дж/(см2∙мин), ал жер альбедосын шамамен 0,33 деп алып, есептеулер нәтижесінде төмендегідей шешімге келген.
Жердің ғаламшар ретінде өз бойына сіңірген күн радиациясының (QSa) мөлшері 700 кДж/(см2∙жылға) тең. Бұл көрсеткіштің 512 кДж/(см2∙жыл) мөлшері жердің беткі қабатымен, ал 188 кДж/(см2∙жыл) - атмосфера арқылы сіңірілген.
Жер бетінің радиациялық теңдестігі (Rж)320 кДж/(см2∙жыл)-ға тең, ал жұтылған радиация мен радиация теңдестігінің айырмасына тең жер бетінен эффективті шағылысуы (Jж)192 кДж/(см2∙жыл) мөлшерінде.
Әлемдік кеңістікке кететін жердің ұзын толқынды шағылысуы (JS) 700 кДж/(см2∙жыл-ға) тең, яғни жұтылған радиацияның мөлшеріне сәйкес.
Jж / JS қатынасы Qa / QSa қатынасынан әлдеқайда аз, яғни жер бетіндегі радиациялық режимге көктеме (парниктік) эффектінің әсерімен сипатталады. Көктеме эффектінің тағы да бір сипаттамасы болып 320 кДж/(см2∙жыл) тең жер бетінің радиациялық теңдестігінің мөлшері есептеледі.
Радиациялық теңдестіктің қуаты судың булануына LE = 270 кДж/(см2∙жыл) және жер беті мен атмосфераның турбуленттік алмасуына (Т=50 кДж/(см2∙жыл)) жұмсалады. Атмосфера жылу энергиясын үш түрлі жолмен алады: қысқа толқынды жұтылған радиация (188 кДж/(см2∙жыл)), су буының конденсацияға ұшырауы кезіндегі жылу бөлінуінен сіңірілген (LС = 277кДж/ (см2∙жыл)), жер бетінен тарайтын турбуленттік жылу ағысы арқылы (50 кДж/см2∙жыл).
Бұл көрсеткіштердің қосындысы жылудың әлемдік кеңістікке жұмсалатын ұзын толқынды шағылысуына тең, яғни JS - Jж=508 кДж/(см2∙жыл).
Жыл сайын жер бетінен 577 мың текше километр су буланады. Оның көбі (505 мың км3) мұхит бетінен, азырағы ( 72мың км3) құрлықтан буланады.
Бу атмосферада белгілі бір жағдайларға байланысты конденсацияланады, яғни жауын-шашынға айналады. Жауын - шашын жер бетіне қар, жаңбыр немесе бұршақ түрінде түседі. Құрлықка жауған жауын-шашын топыраққа сіңу жолымен жер асты суларын байытады, жер беткейлерімен ағып келіп тұрақты немесе уақытша ағын суларды құрайды, ал қалған бөлігі тағы да булануға түседі.
Бұл жер беті мен атмосфера арасындағы үздіксіз жүретін тұйық ылғал алмасу табиғаттағы су айналымы деп аталады (1-сурет). Су айналымының екі түрі болады: 1. Кіші немесе мұхиттық су айналымы, яғни мұхиттар мен теңіздердің бетінен буланған ылғал кұрлықка тасымалданбай, су бетінен аспанға тік көтеріліп конденсацияға ұшырап, теңіздер мен мұхиттардың бетіне жауын-шашын болып қайта оралады.