Халел досмұхамедов



бет2/5
Дата23.10.2016
өлшемі0,77 Mb.
#91
1   2   3   4   5

Жер мәселесі туралы нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бұл мәселемен мүлдем таныс емеспін. Ал жастармен Жәленов пен Әділев тікелей жұмыс істеді. Олардың нақты міндеттері болды. 25-жылға дейін комсомол ұйымы құрылғанша жұмыс істеді...

13) ...Сәдуақасов пен сәдуақасовшыларға біз іштарта қарадық, әсіресе, жер мен ауыл мәселесі жөніндегі көзқарасы бізге барынша жақын болды. Шындығында мен бұл мәселелер жөнінде онымен пікір бөліскемін жоқ, бірақ та сөйлеген сөздері мен газеттегі мақалаларынан білуге болатын. Біз ол кезде Ташкентте болғандықтан да істің жайынан тыс қалдық. Сәдуақаосовшылармен және Сәдуақасовпен ешқандай байланысымыз болмады. Ол кісімен Ермеков, Байтасов, Байтұрсынов, Дулатов, Ғаббасов жақсы таныс болатын, әр тақырыпта пікір бөлісетін. Сәдуақасов солардың ықпалында болды деп ойдаймын.

14) Коммунистердің ішінен Қожановпен етене таныспын. Қожанов біздің ұйым туралы ештеңе білген жоқ. Өткен жылы менен ұйым жөнінде сұрағанында: ешқандай да ұйым болған жоқдеп жауап бердім. Сұлтанбековті Ермеков жақсы біледі. Орынбордағы ұйымға мүше болуы мүмкін, оның тізімі бізге белгісіз. Байтұрсыновтың тұтқындалуына байланысты Ермеков менен біздің ұйым туралы сұрады. Асфандияровпен таныспын, тек университеттегі жұмыс жөнімен ғана қарым-қатынас жасадық, ұйым туралы ол ештеңе білмейді. Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ол бізден саяқсынып кетті. 29-жылы кездескенімізде біздің сақ жүруімізді емеуірінмен білдірді. Ораз Жандосовпен оқу-ағарту комиссариятында істеген кезінен 28-жылдан бастап көрші тұрдық. Біз оны нағыз берілген коммунист деп есептейтінбіз. Байділдинмен таныспын, оны 28-жылы Орынбордан қызмет бабында байланыс орнату үшін Ташкентке келгенінде көрдім. Ол көз алдындағыдан алысты болжай алмайтын адам, байқауымша, ол тез өзгеріпті, өзінің шын берілгендігін танытуға тыраштанған жолбике коммунист болып шығыпты.

15) ...Университетте әшкерелеу науқаны жүріп жатқан кезде маған Асфандияров та көмектесе алмады. Менің туысқандық жақындығым бар Құрмановты байдың тұқымы деп университеттен шығарып жіберді. Нағында оның әкесі тақыр кедейдің нақ өзі болатын. Ал оны растайтын құжаттарды табан астында қайдан таба қойсын. Дәл осындай сылтаумен тағы бір студентті шығарып жіберді. Құрғақ ақылдан басқа еш көмегіміз тимеді. Ташкенттен қоныс аударғанда Қожановпен, Рысқұловпен бір еп. кездестім. Баспахананы Ташкентте қалдыру туралы Қожановты көндірдім. Ол өтінішім орындалды ма, жоқ па, білмеймін. Мен астананы Ташкентке көшіру туралы пікірді жақтадым. Көпшілік адамдар қалыптасқан дәстүрі бар, мәдениеті жоғары Семей қаласын астана ету керек десті. Шымкент қаласы да ұсынылды. Ходжаев астананы ауыстыруға келісті. Оның алдында Ходжаев: Қазақтар мен өзбектер бітеқайнасып араласып кетті. Оларды бөлудің қажеті жоқ, халқы да, территориясы да Өзбекстанның құрамында қала берсін – деп жүрген болатын. Қазақстан мен олардың байланысы шамалы болатын. Ол Түркістанның құрамындағы Жетісу автономиясын құрайық деп ұсыныс жасаған еді. Ақырында Түркістанның құрамындағы «Қазақстанды» үлкен Қазақстанмен біріктіруге келісті. Оны үгіттеп көндірдім деп айта алмаймын, бірақта әкімшілік бөліс кезінде ол белсенді түрде араласты. Үкімет өкілі ретінде мәдени құндылықтардың қайда қалатыны туралы пікір-таласқа қатысып, мәлімдеме жасадым. Соның нәтижесінде мәдени мұралардың біразы Қазақстанға берілді. Бұл мәселе жөнінде Қожанов дұрыс пікір ұстанды. Бөлінуге, мысалы Төреқұлов қатты қарсылық жасады. Ол ақыры өзінің пікірінен қайтпады. Бұл туралы Рысқұлов пен Әділев, Тынышбаев 1922-23 жылдары пікір алысып, тапсырма алған болуы тиіс. 1922-23-24 жылдары астыртын ұйымда бұл мәселелер қызу талқыланды. Кіші Қазақстанды үлкен Қазақстанға қосуды қолдау, сол бағытта халық арасына үгіт-насихат жұмысын жүргізу, халық ішінде қарсылық пікір туғызу, олардың намысын ояту керек деп шештік. Ұйым мүшелері үкіметтің алындына: бөліну мәселесіне бізді де қатыстырып, ұсынысымызды айтуға мүмкіндік беріңдер деп өтініш жасадық. Бұл ретте мені Қожамқұлов пен Қожанов қостады. Ұйымның өзге мүшелері де осындай тілек білдірді. Олардың кімдермен сөйлескенін анық білмеймін.

16) Заки Валидовтің Ташкентке келуі туралы айтарым мынау. 1922 жылы күзде Ташкентке келгенімде: Заки Валидов бізбен кездескісі келетінін маған жеткізді. Ол кезде біздің ұйым құрылған болатын. Өзге ешкім болмағандықтан өзім жалғыз бардым. Кездесу Қашқынбаевтің үйінде жасырын өтті. Бұл туралы… (танылмады – Т.Ж.) Мен, Қашқынбаев, Әділев қана білді. Басты мақсатымыз: 1. Заки Валидов пен Әнуар пашаның нақты бағдарламасын, 2. Олардың күрес нәтижелерін, 3. Ташкентке не үшін келгендігін білу еді.

Жасырын кездесу ақшам кезінде өтті. Мен контрреволюциялық көтерілісшіл қозғалыстың жетекшісі Заки Валидовпен кездесуге бара жатқанымды толық жауапкершілікпен сезіндім. Заки Валидовтің қасында бейтаныс бір адам болды. Ол қасымнан өтіп бара жатып мені байқап қалды. Әңгімеміз қызу өтті. Мен одан: мұнда қалай тап болғанын, неге келгенін сұрадым. Ол: Әнуар паша жараланып қалғандығын, сондықтан да кеңес өкіметіне қарсы күресті тоқтатуға шешім қабылдағанын, енді ұлттық мүдде үшін күресетінін айтты. Мен оның бұл ойының дұрыс еместігін, кеңес өкіметі жағына шығуының жазамен аяқталатынын айттым. Анықтап білгенімӘнуар паша Түркістанда, оның ішінде Бұқара мен Қазақстанда біріккен мұсылман мемлекетін құрмақшы екен. Бұл мәселе жөніндегі көзқарастарымызда біраз келіспеушіліктер болды. Бұдан кейін ол өзінің кеңес үкіметі жағына шыққысы келетінін, үкімет мүшелерімен, Қожановпен тілдесіп беруді өтінді. Мен бас тарттым. Кеңес өкіметі оған кешірім жасай қоймайтындығын ескерттім. Сонымен біздің әңгімеміз аяқталды.

17) 1924 жылдан кейін контрреволюциялық әрекетпен шұғылданған жоқпын. Кеңес үкіметіне қарсы шықпасам да «Алашорда»» идеясынан бас тартқам жоқ. Мұны іскерлік-төңкерістік идея десе де болады. Ресми аты болмаса да, біз оны өзара «ұйым» және өркениетті ұлтшылдар партиясы деп атайтынбыз.

Д.Әділев (жалғасы): «Тағы бір жайтты айта кетейін. Рысқұлов Түркістан республикасының төрағасы кезінде Мәскеуден Сарымолдаевқа Жаһанша Досмұхамедовтің үйінің адресіне хат жолдайды. Өйткені Жаһанша Досмұхамедов екеуі бажа болатын. Хат орыс тілінде жазылған. Мазмұны: Қожановтың бір тыңшысы мұны Ақмешітке ме, Қазалыға ма, әйтеуір екеуінің біріне дейін аңдып жүріпті. Тыныштық бермеген Қожановпен күресу үшін оның «Алашордамен» байланысын әшкерелеуге шақырыпты. Мен ол хатты түпнұсқасынан оқыдым. Жаһанша Досмұхамедов бұл хатты Халел Досұхамедовке көрсету керек деді. Осы жолмен ол хат Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолына тиді. Қожановқа көрсетуге ұсыныс етіп еді, Жаһанша бас тартты. Тінту жүруі мүмкіндігінен сескенді. Ташкенттегі ұйым мен Рысқұловтың арасы осылай суысты. Сарымолдаев ол хатты алды ма, жоқ па, оны білмеймін. 1922 жылы Жаһанша Досмұхамедовтің үйінде Рысқұлов әйелімен, мен, Жаһанша әйелімен және Сарымолдаев бас қостық. Сонда Рысқұлов: Ағылшынның бір жазушының кітабін оқыдым. Россия социализмнен алыс жатыр депті. Соның жазғаны дұрыс деді».



Х.Досмұхамедов (жалғасы): 18) Рысқұловтың жолдаған хаты Жаһанша Досмұхамедовтің қолына тиді. Хат Сарымолдаевқа жолданған. Ол кезде тұрақты мекен-жай болмағандықтан да Жаһанша Досмұхамедовтің қолына кездейсоқ түскен.

19) Астана Қызылордаға ауысқаннан кейін мен ол ұйыммен (Орынборлық? – Т.Ж.) байланыс жасауға тырыстым. Ол жөнінде Бөкейхановқа хабарласып ем, ол жауап қатпады.

20) «Тұтқындалғанға дейін «Алашорданың» мүддесі үшін қандай іс-әркет жасадыңыз деген сұраққа айтарым мынау: Ташкенттегі № 2 баспахананы Орынборға ауыстыруға қарсы болдым. Баспаханың Ташкентте қалуы пайдалы екендігіне көздерін жеткіздім. Жалпы алғанда мен Орынбордың астана ретінде қабылдануына қарсы болатынмын. Сонымен баспахана Ташкентте қалдырылды. Бұл ұлттық бағыттағы кітаптарды өзіміздің бақылауымызға алып, басып шығаруға мүмкіндік берді. Сондықтан да мен жоғарғы оқу орындарына арналған ғылыми кітаптарды шығаруға және баспахананы техникалық тұрғыдан жабдықтауға жан-тәніммен кірістім. Қазақстанның өзіндік дербес оқу жүйесі болуына бар жігерімді жұмсадым.

21) Араб әліпбиін қалдыруға мен ешқашан қарсы болаған емеспін. Араб қаріпімен қоса латын әрпін қатар пайдалану мүмкін емес деп есептеймін. Төреқұловтың: бұл мәселені революциялық жолмен шешеміз, араб әліпбиі мен ұйымның көзін жойып, коммунизмге барамыз дегені бар. Мұны естіп мен барлық жұмыстан бас тарттым. Ол туралы: азған адамның тозған ісі деген пікір білдірдім.

22) Егерде төңкеріс бола қалған жағдайда, онда біздің ұйымның дәргейімен жалпыға ортақ әскери міндетті енгізу керек – деген ұсыныс жасалды.

23) Біз Кеңес үкіметін жақтырмаймыз және оның жазалау саясатынан үрейленеміз.

Сұрақ-жауаптың мазмұны дұрыс жазылған, сол үшін қолымды қойдым …(Халел Досмұхамедов)».
Азамат және «Алашорда» көсемі ретіндегі қайраткерлік өмірбаяны мен көзқарасының барлығы да осы көрсетіндіде қамтылған. Тергеу барысындағы бетбұрыс бір жылдан кейін ғана басталғаны байқалады. Ендігі қойылатын жауаптар кейбір жайларды анықтауға және жеке адамдарға қатысты берілген. Оның барлығын қамту мүмкіндігі бізде шектеулі болды және қажеті де жоқ сияқты көрінді. Сонда да М.Тынышбаевтің серігі, З.Валидовтің Ташкенттегі құпия кездесулеріне жауапты болған, 1931 жылдың 8-тамызында ұсталған Алдаберген Үмбетбаев туралы көрсетіндісін келтіруді орынды санадық. Өйткені бұл азаматқа қарасты деректер өте қат.

«1931 жылы 10 қыркүйек күні айыпкер Халел Досмұхамедовтен алынған қосымша тергеудің хаттамасы.

Берілген сұраққа қайтаратын жауабым төмендегідей: Үмбетбаев Алдабергенді 22-жылдан білемін. Онымен Ташкент қаласында таныстым. Қазақ тілінен дәріс беретін маман ретінде әңгімелестік. Бөкейханов оған қандай мақсатпен, қандай тапсырма бергенін мен білмеймін. Үмбетбаевтің ұйымға ешқандай қатысы жоқ. Ал Заки Валидовті кім ертіп келгені есімде емес. Ермековпен арадағы араздығымыз 29-жылы орын алды. Ордабаевтің айтуынша, мені семейлік топ ГПУ-дің тыңшысы деп санайды екен. Бұл өсек Сәрсенов Дәлелден тарады. Мұны маған Селебаев пен Ордабаевтің біреуі жеткізді. Сондықтан да мен өзімнің ренішімді Ермековке білдірдім. Ол: Сендердің Ташкентте жасырын ұйымдарың бар екен, сол туралы айт. Ал сені ГПУ-дің тыңшысы деген сөзді бірінші рет естіп тұрмын – деді. Мен: Бізде ұйым болды, бірақ оны ұмыту керек, сондықтан да ол туралы саған ештеңеде айтпаймын – дедім».

Бұл жауабында , көріп отырғаныңыздай, Х.осмұхамедов Алдаберген Үмбетбаевтің еш «қылмысын» білмейтін болып шығады. Тергеушілердің ендігі нысанаға алған адамы «Алаштың» жас жолбарысы Әлімхан Ермеков екені осы хаттамадағы қойылған сұрақтан-ақ аңғарылады. М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовтен Ә.Ермеков жөнінде жарыстыра «сыр» суыртпақтайды. Мұның алдында М.Тынышбаев: Халел Досмұхамедов пен Әлімхан Ермеков бір-бірімен араз. Сондықтан да олардың арасында ұйымдық байланыс болуы мүмкін емес – деген мазмұнда жауап берген болатын. Әрине, бұл қалайда Ә.Ермеовтің атын хаттамаға түсірудің амалы. Әйтпесе екі адамның арасындағы қарым-қатынасты реттеу төтенше комитеттің міндеті болмаса керек-ті. Сөйтіп, М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов беттеседі.



«Айыпталушы Тынышбаев пен Досмұхамедовтің беттесуінің хаттамасы:

Тынышбаевқа сұрақ: Досмұхамедов пен Ермековтің араздығына не себеп болды?

Жауап: 28-29 жылдары біздің достарымыз Дулатов, Байтұрсынов және басқалар тұтқындалғанда Досмұхамедов: бұған Орынбордағы контрреволюциялық ұйым мен «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесі кінәлі – деді, ал Ермеков: бұған Ташкент тобі кінәлі деп есептеді. Екеуінің бас араздығы осыдан барып туындады.

Досұхамедовке сұрақ: Бұл туралы сіз не айтасыз?

Жауап: Ермековпен екі арадағы түсініспеушілік 29-жылы ол ауырып жатқан кезде туды. Әрі таныс, әрі дәрігер ретінде оның көңілін сұрай бардым. «Мені семейліктер ГПУ-дің тыңшысы деп өсек таратыпты. Оны таратқан Сәрсенов. Семейліктер мені аңдуын неге тоқтатпайды?» дедім сабырлы қалыппен. Ермеков: Мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрғанын және мұның арандату екенін, семейліктердің мені аңдымайтынын, оған Байтұрсыновтың да, Ташкенттік топтың да жазығы жоқтығын, өзіне беймағлұм ташкенттік топ туралы баяндап беруімді өтінді. Мен:Ташкенттік топ туралы оған ештеңе де айтпаймын, оны еске алудың қажеті жоқ, ұмыту керек – дедім. Бұл 29-жылдың желтоқсан айы болса керек. Ермеков: маған сенімсіздік көрсеттің деп ренжіді. Ермековтің төсек тартып ауырып жатқанын ескеріп, тынышсыздандырмас үшін дауысымды бәсеңсітіп, оны жұбата сө йлеп,бұл тақырыпты енді қозғамайық деп келістік. Арада аз уақыт өткен соң Ермековпен арадағы болған бұл жайды Тынышбаевқа айттым. Әңгіме барысында екеуміз де: «Бұған пәлендей мән берудің қажеті шамалы, ол мәселе өзінің маңызын жойды» дегенге тоқтадық. Мен туралы өсек таратқандары жаныма батқандығын айттым. Тынышбаев мені тыныштыққа шақырды. Сонымен әңгіме аяқталды (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевқа сұрақ: Бұл араздықтың негізгі себебін сіз қалай түсіндіресіз?

Жауап: Екеуінің қасында тұрмағандықтан да Досмұхамедов пен Ермековтің арасындағы айтыстың неден туындағанын мен нақты білмеймін. Соған дейін де және одан кейін де Байтұрсыновтардың тұтқындалғанына Досмұхамедов орынборлықтарды, ал Ермеков пен семейліктер ташкенттіктерді кінәлі санады. Мен екеуін де сабырға шақырдым. Бұдан кейінгі Досмұхамедов пен Ермековтің арасындағы қарым-қатынастың қалай қалыптасқанын мен білмеймін. Досмұхамедовті ГПУ-дің тыңшысы десіп жүрді жұрт. Бірақ екеуінің ауызынан мұндай сөзді естігемін жоқ (Тынышбаевтің қолы).

Досмұхамедовтің Тынышбаевқа сұрағы: Мені мен Ермековтің арасындағы айтыс қай уақытта болды деп есептейсің?

Жауап: Оны Ермеков қана нақты көрсете алады. Менің ойымша 1929 жылдың басында, қаңтар не ақпан айында өткен шығар деп ойлаймын.

Досмұхамедовтің түсініктемесі: Тынышбаев айтыстың өткен уақыты мен мен туралы өсектің тараған кезін дәл айта алмай отыр. Екі арадағы сөз қағыстыру 29-жылдың желтоқсан айында өтті, өйткені осыдан кейін Ермеков операция жасатуға кетті де, 1930-жылдың қаңтар айында, мен Москваға емделуге жүрердің алдына қайтып келді. Мен Москвадан 30-жылдың сәуір айының басында қайттым. Тынышбаевті мен қаңтар, ақпан айларында емес, маусымның соңында бір-ақ рет көргенім есімде. Содан кейін көріп отырғаным осы. Мәскеуден оралғаннан кейін тұтқындалғандар туралы әңгімелескен емеспін. Өйткені Байтұрсынов 29-жылдың мамыр айында тұтқындалды. Демек одан ерте бұл тақырыпта сөз болуы мүмкін емес. Тынышбаев уақытын шатастырып отыр. Ермековпен 29-жылдың тамыз, қыркүйек айында кездестік. Байтұрсыновтың тұтқындалуының себептері жөніндегі болжамдарымызды айттық. Мен: Дулатов, Байтұрсынов және басқа да адамдар ұйымдастырған орынборлық топты ГПУ әшкерелепті – дедім. Ермеков: Ташкентте болған кезінде тұтқындалғандардың тізімін көргендігін айтты. Ал Байтұрсынов 24-жылы ғана Ташкентте болған еді. Орынборда да ешқандай құпия ұйым болған емес. Айналып келгенде, Байтұрсыновты университеттің ашылған кезінде сөйлеген сөзі үшін жауапқа тартқан шығар дестік. Тынышбаев осыны жаңылыстырып отыр (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевтің сөзі: Досмұхамедов пен Ермековтің арасында болған жайдың мерзімі жөнінде жаңылысып айтқанымды, оның Байтұрсыновты тұтқындаудан бұрын өткенін ескерте кетемін. Оқиға жыл аяғында өткен. Әйтеуір қыс кезінде өткені есімде қалыпты (Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолы қойылған).

Досмұхамедов пен Тынышбаевқа сұрақ: Орынбор мен Ташкентте астыртын ұйымның болғандығын Ермеков білді ме?

Досмұхамедовтің жауабы: Ташкенттегі ұйым туралы Ермеков соңғы уақытта, Қызылордадан Ташкенттке ауысқан кезінде ғана, шамамен 25-26 жылдары ғана білген сияқты. Ұзынқұлақтан естіп, білді ме, одан хабарсызбын, менен ол туралы айтып беруді сұрағанда, қашан естігені туралы айтқан жоқ. Орынбордағы ұйым туралы білді ме, жоқ па, ол жөнінде ештеңе дей алмаймын. Менімен сөйлескен кезде ол Орынборда ешқандай ұйым жоқ деп сендіріп отыратын (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевтің жауабы: 29-жылы мен Ташкентте Ермековпен әңгімелескен емеспін (Қолы). 14 қыркүйек 31 жыл».

Бұл беттесуден тергеушілердің қандай қорытынды шығарғаны түсінікті. Ә.Ермеков 10 қазан күні тұтқындалды. Ал Ә.Ермеков пен Досмұхамедовтің арасындағы өкпе қай күні, қандай жағдайда өтті, мұның жеке басылық қана мәні бар еді. Негізгі мақсаты Ә.Ермековтің астыртын ұйымның мүшесі болғаны қақында мәлімет ала алмағаны беттесудің барысында анық көрінеді. Екі дегдар өзара амандасып, дидар көрісіп, алдағы жауаптардың мазмұнын ішкі түйсік арқылы емеуірінмен білдірісіп алған сияқты. Өйткені бұдан кейінгі екеуінің жауаптары бір жерден шығады. Ендігі беттесудің кезегі 1930 жылдың 31 қазаны күні тұтқындалған Жаһанша Досмұхамедовке келеді:

«Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедовтың тергеудегі беттесуі. 1931-жылдың 15-қыркүйегі.

Х. Досмұхамедовке сұрақ: 1921-22 жылдардағы Ташкентте құрылған сіздердің астырттын ұйымдарыңызға Жаһанша Досмұхамедовтің мүше болғандығын растай аласыз ба және ол бұл ұйымда қандай міндет атқарды?

Жауап: Ешкімде қолхат жазып шақырған жоқ. Ол шешімді Мұхамеджан қабылдады. Оған Тынышбаев, Жаһанша Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Мырзағазы Есполов, Кәрім Жәленов қатысты. Олар Түркістандағы және Қазақ өлкесіндегі жағдайларды талқылады, соның ішінде Әнуар пашаның осында келуі мен Бұқарадағы оқиғалар сөз болды. Крондштаттағы көтерліс туралы да хабарланды. Сонымен қатар Орынбордағы Байтұрсынов басқарған ұйым мәселесінен хабарсыз екендігі айтылды. Содан кейін күнделікті тіршіліктің ауыртпашылығына тоқталып, Түркістанда ұйым құру туралы ұсыныс жасалды. Өзара сұрақтар қойып, пікір алыстық. Дінше Әділов: ұлттар туралы Үндеудің (1917 жылғы ма, жоқ 1919 жылғы ма? – Т.Ж.) шартын пайдаланып Тәуелсіз Түркістан Халық Республикасын жариялау туралы ұсыныс айтты. Кеңес соттары жергілікті тұрғындарды барлық жерде қысып жатыр. Сондықтан да жиналыс ашып, еркін-саяси партия құру қажет. Қалалық кеңес үкіметі өзінің саясатын өзгертуге ықпал жасау керек –деді.



Отырыста біз осы мәселелерді талқыладық. Еркін саяси мүмкіндік беретін үйірме құрудың мүмкіндігі туралы алып қашпа сөздер қалада кең таралды. Біз осы мүмкіндікті пайдалануға ұмтылдық және өзара пікір алысатын ұйым құруға уағдаластық. Айтылған мәселелерді Тынышбаев екеумізге қағазға түсіруді ұсынды. Біз оны Жаһанша Досмұхамедовке көрсеттік. Сіздердің бағдарлама деп жүргендеріңіз осы. Бағдарламаның бір данасын Әділевке беріп, пікірін білдіру үшін және өздерінің ұйымдарының мақстын білдіру үшін оны Байтұрсыновқа жіберуді өтіндік. Аз уақыттын кейін: барлық жағдайды Биахмет Сәсеновтен ұғысыңдар – деп Байтұрсынов Әділев арқылы бізге сәлем айтыпты. Сондай-ақ Байтұрсынов: Сендердің ұйымдарыңды және бағдарламаларыңды, сондай-ақ оған қатысқан мүшелеріңді біз мойындамаймыз – деген сәлем айтыпты. Осы жауаптан кейін біз өзіміздің үйірмеміздің жұмысын кейінге қалдырдық. Тек күнделікті оқиғалар туралы пікір алысып жүрдік. Ақпан айында Түркістандағы жағдай туралы толық баяндалған мәліметті Омаров Уәлихан арқылы Орынборға жолдадық. Жағдайдың қиындап кетуіне байланысты ол мәлімет тиісті жерге жетпей қалды.

Біздің барлық мақсатымыз: Кеңес өкіметі еркін партия құруға, жеке бағыт ұстануға мүмкіндік бере ме, жоқ па, ондай болған жағдайда бұқаралықтар Кеңес өкіметі жағына шыға ма деген мәселені білу еді. Сол мақсатпен Бірімжановты жіберуді ұйғардық. Ол бастартқандықтан да бұл мәселе нәтижесіз қалды. Өтегенов Садықты кімнің жібергені белгісіз . Біз оған күдікпен қарадық. Ақылды, беделді болағандықтан да ... баруға үгіттедік. Біздің басты бағытымыз мынау еді: Қазақстан жағырапиялық жағынан біртұтас мемлекет ретінде басқарылуы тиіс. Барлық жоғарғы лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егерде Кеңес өкіметі саяси еркіндік жариялап, еркін партия құруға мүмкіндік берсе, оларға да осы талапты қою керек дестік. Бұл бағдарламаға Тынышбаев екеуміз қандай үлес қоссақ, Жаһанша Досмұхамедов те сондай дәрежеде белсене қатысты. Ұйым құрылымы мен бағытына қарсы болды ма, жоқ па, есімде қалмапты. Алайда өзара пікір таласы болғаны анық. Алайда кеңес үкіметінің халық соттары халық ішінен сайланып қойылуы тиіс дестік. Тәуелсіз халық республикасы жарияланады деген лақап рас болса, бұл әбден мүмкін жайт еді.

Жаһанша Досмұхамедовтің жауабы: Халел Досмұхамедовтың сөзінде жалғыз-ақ шындық бар. Ол жоғарыда айтылған келеңсіз отырыс қана. Бірімжановты Бұқараға жіберу туралы сөз болғанда мен ашулана жауап бердім: Жалғыз башқұрт (Валилов –Т.Ж.) жалпақ Түркістанның халқын бостандыққа жеткізе алмайды. Оның үстіне ешқашанда қолына мылтық ұстап көрмеген, сөз сатқан өзбектердің күшімен Түркістанды жаулап ала алмайды. Ол халықты адастырады. Олардың ісі сөзсіз сәтсіздікке ұшырайды. Тек жазықсыз адамдарды құрбандыққа ұшыратады. Сондықтан да олармен байланыс жасаудың да, сол үшін топ құрудың да қажеті жоқ, тек сіздердікі сияқты төтенше мекемелердің назарын аударады – дедім.



Осыдан кейін Халел: «Егер Жаһанша қарсы болса, онда бұл ұйымды құрылмады деп есептеу керек. Одан да бұрынғы «Алашорда» тұсындағы саясатқа көшейік. Қоқан автономиясы кеңес өкіметі жағына шықсын. Оларға саяси қылмысқа саяси айып тағылмасын. Кешірім жасалсын» - деді. Мен: 17-жылдың ортасында қабылданған ескі бағдарламамызды қайтадан жаңғыртуға түбірімен қарсы болдым. ... Мурзин Әзиз бұған қарсы шығып: Тынышбаев екеуің Орынбордағы қазақ құрылтайы қабылдаған Алаш партиясының бағдарламасын қабылдамадыңдар десті. Мен ондай бағдарламның есімде жоқ екенін және орындаудан бас тартатынымды айттым. Алайда жолдастарымның қысымымен жобаны екі-үш күнде жазып бітіріп, «Ақжолға» (газет –Т.Ж.) бердім. Ол жобаны өзгертті ме, жоқ па, білмеймін. Ол жоба Бұқараға жіберілді ме, жоқ па, одан да хабарсызбын. Жоба Байтұрсыновқа және басқа адамдарға жіберілді ме, одан да хабарсызбын. Ешқандай жауапхат алғаным жоқ, ешқандай мәлімдемеге қол қойғаным жоқ. Заки Валидовтің Ташкентке келгенін білгенім жоқ. Оны менен жасырған болу керек. «Түркістан Халық Республикасы жарияланды» деп түн ортасында мені ұйқыдан тұрғызып айтса да сенбес едім. Бұған кеңес өкіметі де, компартия да келісе қоймайтын. Ташкенттегі қазақ зиялыларының мәжілістеріне қатысқан емеспін. Өйткені мен ол кезде Түркістан атқару комитетінің тапсыруымен Прежевальскіге іссапармен кеткем. Халел Досмұхамедовтің Өтегеновті қалай үгіттеп көндіргені туралы ешқандай мағлұматым жоқ.

Халел Досмұхамедовтің қарсы жауабы: бұл оқиғаның тым ертеректе өтуіне байланысты кейбір жайларды ұмытып, не шатастырып алуым мүмкін. Жаһанша Досмұхамедовтің, жалпы «Алашорданың» батыс бөлімшесінің Заки Валидовке қарсы екені бұрыннан маған мәлім. Мәселен Заки Валидовтің Бұқараға келуіне байланысты емес, Әнуар пашаға қатысты еді. Ол туралы Жаһанша Досмұхамедовке мен ештеңе айтқаным жоқ. Оған Қашқынбаев түсіндірген шығар деп ойладым. Түркістан халық республикасын жариялау туралы Ташкентке келген комиссар Орджоникидзе айтты деген сыбыс бар. Біз халықтық республика жариялаудың алғышарттары пісіп-жетілген жоқ деп есептедік. Көп мәселелер бізде қарапайым жолмен шешілді. Сондықтан да Жаһаншаның біраз мәселеден хабарсыз болуы мүмкін.

Жаһанша Досмұхамедовтың қарсы жауабы: Әділов пен «Ақ жолдың» қасында жолықтым. Мұндай мекемелерге мен жолай бермеймін. Оны Бұқараға жұмсады ма, жоқ па, хабарсызбын. Жалпы қазақ зиялыларымен араласуды жаратпаймын. Олардан ешқандай тапсырма алғаным жоқ, өзім де ешкімге тапсырма бергем жоқ. Мұны Халел Досмұхамедов те растай алады. Осыдан кейін қандай да бір ұйымға мүше болуым мүмкін бе?


Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет