Халел досмұхамедов



бет4/5
Дата23.10.2016
өлшемі0,77 Mb.
#91
1   2   3   4   5

Қазақтың мүддесі мен қазақ аудандарына қатысты мәселелерді, қазақ қызметкерлерін тағайындауға байланысты шараларды Рысқұлов Қожановтың келісімінсіз шешпеуге, ал жалпы мәселеде – Қожанов Рысқұловты қолдап отыруға, орынсыз сынап-мінемеуге келісті. Бұл келісім шілде айына дейін, яғни Москвадағы кеңесте Сұлтанғалиевтің мәселесі талқыланғанша күшін сақтады. Осы кеңестен кейін Қожанов Рықұловтың беделі әлсірей бастағанын сезіп, шабуылға көшті. Айтпақшы Рысқұлов маған: «Сталин жолдас маған телефон шалып: Сұлтанғалиевтен хат алғаның рас па? деп сұрады. Мен бір рет хат алғанымды айттым. Сталин жолдас қатты тойтарыс беріп тастады. Содан кейін оның маған деген қатынасы суый бастады» деген болатын.

Бірде 20-жылы Рысқұлов мені өзіне шақырды (менің қасымда тағы біреу болды), істің жағдайынан мағлұмдар етіп, қандай саясат қолдану керектігін сұрады. Оның бұл сөзінің астары мынадай: Орта Азия халықтары бірігуі керек...Жеке-жеке күйінде олар өмір сүре алмайды. Өзінің стратегиялық орналасуы жағынан Қырғызстанға қиынға соғады, сондықтан бұған ерекше назар аудару қажет. Ұсақ ұлтшылдықты доғару қажет. Бұл халықтардың өркендеуі тек кеңес өкіметі жағдайында ғана мүмкін. Кеңес өкіметінен бөлініп кетуді немесе оны құлатуды көз алдына елестете да алмаймын. Менің жақтастарым отаршылдықпен күресетін болады, шет жұрттың мүддесін Москва үнемі ескере бермейді. Кейде керісінше түсініп қалады. Сондықтан да Москваның назарын аудару үшін халықтың қарсылық қозғалысы аса қажет. Бұл бағытта «Алашорда» тобы белсенді түрде іске кірісуі тиіс» деді. Мен бұл мәселені Жаһанша Досмұхамедовке айтып едім, ол: «Пысық бала екен, біреудің қолымен от көсемек. Бұдан мансаптың иісі шығып тұр» деді. Бұл мәселе жөнінде екеуара әңгіме қайталанған жоқ. Сөз арасында Рысқұлов маған: Менің мақұлдауыммен Жанұзақов басмашыларға қосылып кетті. Ол өте жігерлі адам екен, қырғыздар мен өзбектерді татуластырды, Әндіжан өлкесіндегі басмашылардың басын қосты деді.

1923 жылдың ақпан айында қатты ауырдым. Сәуірдің аяғына дейін ес-түссіз жаттым. Жазға қарай бетім бері қарады да 15 қыркүйекте қызметке шықтым. Бұл аралықта не істелгенін білмеймін. Сол жылы күздегі кеңестердің құрылтайында Рысқұлов қызметтен кетті. Біздің топ бұған қатты өкініп, Қожановты кінәлады. Құрылтайдан кейін Рысқұлов Москваға кетті, естуімше ол «Алашордалықтарды» сыбап жүрген көрінеді. Қожанов мәлімдеме жазыпты деп естідік. Сенбедік. Жылдың соңында мынадай жағдай болды.



Рысқұлов бір жас жігіттен беріп жіберген бе, жоқ, почтамен жолдаған ба, әйтеуір Сарымолдаевқа хат жіберіпті. Ол хат Жаһанша Досмұхамедовтің үйіне келеді (Жаһанша Досмұхамедов пен Рысқұлов бажа болатын). Жаһанша Досмұхамедов хатты ашып оқиды. Онда ол өзінің жақтастарына: «Алашордашылармен» ауыз жаласудың қажеті шамалы, қайта олардың үстінен айғақтар жиып, ГПУ-ға хабарлау керек. Қожановты ұлтшыл деп әшкерелеуге тырысыңдар деп жазыпты (Өз басым ол хатты оқығамын жоқ). Жаһанша Досмұхамедов хатты Халел Досмұхамедовке көрсетіпті. Соңғысы хатты Тынышбаевқа оқыту үшін өзімен бірге алып кетіпті. Сол кезде Әділев те қайтып оралды. Үшеуі ақылдаса келіп хатты Қожановқа көрсетіпті. Соңғысы хатты өзімен алып кететіндігін және Жаһанша Досмұхамедовтің үйіне тінту жүргізетінін, оны оған хабарламауын тапсырыпты. Халел Досмұхамедов мұны Жаһанша Досмұхамедовке айтыпты. Жаһанша Досмұхамедов пен Қожанов Халел Досмұхамедовтің үйінде кездесіпті. Қожанов қасарысып көнбепті. Келесі күні тінту жүргізіп, хатты ГПУ-шілер алыпты. Сол кезден бастап бөліну басталды: бізбенен Рысқұловтың арасында, Халел Досмұхамедов, М.Тынышбаев пен Жаһанша Досмұхамедовтің арасында жік пайда болды. Біздің ұйым мүшелерінің аты аталғандардан басқа сол кезде Ташкентте тұрғандар: мен, Исполов, Әділев. Мен және Испулов екеуміз Жаһанша Досмұхамедовті жақтадық, Әділев өзін қорланған адамдай сезінді. Х.Досмұхамедов пен Тынышбаев: Рысқұловшылардың тыңшылық әрекетінен ертерек сақтандырайық деп ойладық. Сондықтан да Қожановты қостық деп өздерін ақтауға тырысты. Жаһанша Досмұхамедов: жеке бас пайдасы үшін және Қожановқа жағыну үшін Халел Досмұхамедов мені пайдаланды деп кінә тақты.

Бір сөзбен айтқанда, осы оқиға Ташкенттегі ұйымның тарқап кетуіне себепкер болды. Алайда оған дейін де ұйымның аты өшіп тынған болатын. Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедов екеуі 25-жылы қараша айында менің әйелім қайтыс болғанда көңіл айтуға келгенде татуласты.

...Қожанов пен біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы болды (біздің арамыздағы Жаһанша Досмұхамедовті жақтырмады, сондай-ақ Әділевті үнемі мазақтап отыратын), алайда одан: бізді сатып кетеді деп емес, бізді өзінің мүддесі үшін пайдалануы мүмкін немесе әр қайсымызды әр жаққа қызметке бөліп жіберуі мүмкін деп сескенетінбіз. Бір мысал келтірейін: 22- не 23- жылы ма, әйтеуір С.Өтегенов маған және бірнеше адамға келіп, қоныс аударушыларға қарсы күресу үшін құмның ішінде қарақшылық топ құрайық деп ұсыныс айтты. Біз үзілді-кесілді бас тарттық, бізді Қожанов айдап салып отыр деп түсіндік...».

Көрсетіндінің бұдан арғы мазмұны өзгелердің жауаптарында қамтылған жайларды қайталайды. Сарымолдаевқа жолданған Рысқұловтың хатын оқығанын Жаһанша мен Халел Досмұхамедов те, Тынышбаев та мойындайды. Рысқұловтың «Алашордашылардың» үстінен жазған мағлұмдамасы (Сталинге арналған) «Ақ жол» газетінің жабылуы мен «Алаш ісінің» басталуына ықпалын тигізген. Кейін өзі де ақталып айғақ жазды.

Халел Досмұхамедовпен бір күні 1930 жылдың 14 қыркүйегі күні қамаққа алынған Мұхтар Мурзиннің қысқа әрі сирек жауаптары бізді таң қалдырды. Тергеуге түскендердің ішінде тек осы Мұхтар Мурзин ғана барлық сұрақтарға: «Білмеймін. Ешқандай партияға мүше болған емеспін»» деп қысқа жауап беріп отырыпты. Қайсарлығы да, азаматтығы да сүйіндіреді. Тек Иса Қашқынбаевпен арадағы сөздері ғана тіркеліпті. И.Қашқынбаев пен М. Мурзиннің арасындағы екеу ара әңгімені камераның есігінің сыртына арнайы қойылған тыңшы хатқа түсірген сияқты. Өйткені, өзара әңгіме еркін өткен. Тергеу барысының психологиясынан хабар беретін болғандықтан да жауаптасудың кейбір тұстарын ғана келтіреміз.

«Мурзин М.: Менің ойымша сені босатып, мені түрмеде қалдыратын шығар.

Қашқынбаев И.: Неге олай деп ойлайсың?

Мурзин М.:Орынборда Сұмағұл Садвақасовтың ұйымдастыруымен Коммунис қазақтардың жиналысы болды. Партияда жоқтардан мен ғана қатыстым. Бұл туралы елдің бәрі біледі. Әсіресе, Байділдиннің баяғыда-ақ айтып қойғанына сенімдімін. Енді менің де сол оқиғаны баяндап беруімді талап етіп отыр. Ол мақсаттарына ешқашанда жете алмайды. …(Досмұхамедов немесе Байділдин ?) аса күдікшіл. Жұрттың бәрін ГПУ-дің тыңшысы деп есептейді. Өткен жылы өзінің соңында тыңшының жүргені туралы әркімге айтқан. Бұл мәселеге ерікті немесе еріксіз түрде болса да Смағұловтың, Қозыбековтың, Байғариннің, К.Тоқтабаевтың, Е.Үрдебаевтың қатысы бар. Жер жөніндегі комисариаттың машинасымен соңына ілесіп отырыпты. Кожевников пен Нұрмақовқа Қадырбаев Сеидазымды іссапарға жұмсаған сияқты. Бұл туралы ГПУ-дің қызметкерлеріне хабарланыпты. Мұндай орынсыз тіміскілеу менің жүйкемді жұқартып, жындандырып жібере жаздады. Бұл тыңшылық маған сабақ болды. Кейін соңыма кімді салып қойғанын айна қатесіз білетін болдым. Олардың жұмыс жүйесі мен қисынын талдай келіп, қалай жұмыс істейтіндерін білдім. Олар әр адамның ақылы мен мінезіне қарай бағалап, жеке-жеке зерттеп, жасырын түрде тапсырма береді.

Қашқынбаев И.: Мен болған жайдың бәрін мойындадым. Ол менің бауырым болғандықтан да не істерімді білмеймін.

Мурзин М.: Мынадай тәртіпті ұстану керек. Ешқашанда, ешнәрсені мойындамау керек. Егер де жан-жағыңнан қысымға алса, онда үндеме, әйтеуір мойындай көрме. Сіздің тәжірибеңіз аз адам екенсіз. Ешқашанда тергеушілірдің сөзіне сенбеңіз. Егер де олар нақты айғақ бар десе, онда құжатты көрсетуін талап етіңіз. Алайда тергеушілер көрсеткен айғаққа сенбеңіз. Бұл олардың тақыстанған тәсілі. Бетпе-бет мойындасуға шақырса да бәрі бір мойындамаңыз. Мен өзім бетпе-бет мойындасу кезіндегі барлық айғақтарды жоққа шығардым.

Қашқынбаев И.: Нақты айғақты мойындамауға (Қашқынбаев) қарсы шықты. Бұл ГПУ-дің сенің сөзіңе сенімсіздік тудыруы мүмкін деді (бұл арада тыңшы Қашқынбаевтың сөзін мазмұндап беріп отыр).

Мурзин М.: Ер жігітке сай мінезді сенімен жігітше сөйлескенде ғана көрсету керек. Адамның жеке басон қорлап, қысым көрсетіп отырған қазіргі жағдайда парасатты көріну нағыз ДонКихоттық, ақымақтық. Жалпы кез келген қысымға шыдай білу керек және өзгеге кінә артпауға тырысу қажет. Ең бастысы, ешкімді шырғалаңға тартпаған жөн. Менің негізгі ұстанған тәртібім – үшінші бір адамның атын атамаймын, тіпті достарыммен отырғандағы әңгімеге де ешкімді араластырмаймын.

Тағыда Мурзиннің айтқаны (Тыңшының жазғаны – Т.Ж.): Сіздердің ұйымдарыңыз бар екенін баяғыда-ақ білген, бірақ та ол кезде қозғамаған. Әуелі бірінші топты, содан кейін екінші топты іріктеп тұтқындаған. Енді үшінші топтың да тізімін жасауы мүмкін. Мұның барлығы сыртқы дүниеге (немқұрайлы адамдарға) қыр көрсетіп: ГПУ тергеушілері тергеу барысында жаңа астыртын ұйымды әшкереледі дегенге сендіру үшін жасалып отыр. Ал тұтқындалғандардың барлығын айыпты етіп, мәселесі шешіліп қойған. Олар тергеуді тұтқындағаннан кейін емес, тұтқындағанға дейін жүргізеді. Сіздер астыртын ұйым құрды дегені жай сылтау ғана, мәселе басқада. Орталық комитеттің былтырғы қаулысында ұлттық интеллигенциямен күресу туралы шешім қабылданған болатын. Бұған не себе болды, мен білмеймін. Бірақ та біздің тұтқындалуымыз сол қаулыны жүзеге асырудың нәтижесі екені анық».

Шірікін, жігітім-ақ екен! Әр сөзі шындық. Көзімен көріп, жүрегімен сезіп, ақылымен біліп отыр. Әттең, осындай жігіттердің кәдімгі өмірде аяғына оратылған шырмауықтардың кездесетіні өкінішті. Мұны айтып отырған себебіміз: «Әй, ант атқан, ант атқан, осал жерін жігіттің, қалай дәл тапқан!» – деп Қадыр ақын айтқандай, сұғанақ тергеушілер Мұхтар Мұрзиннің де осал жерін дәл тауыпты. Осы істің Бұл І томның 638-бетінде «Власова Алисаның 1931 жылғы 5 қыркүйек күні берген жауабының хаттамасы» тіркелген. Бұл тосын хаттаманы тағдырдың мазағы десе де болады. Мұхтар Мұрзиннің інісі, айыпталушы Әзиз Мурзиннің орыс әйелі Алиса өзінің күйеуінің және қайынағасының үстінен арыз жазған екен. «Қатын өсекті» сөз арасына іліктіріп отырғанымыздың себебі, қалайда қаралау үшін некелі әйелін күйеуіне қарсы арандатқан тергеу жүйесінің аярлығына мысал келтіре кету.



Алиса Власова: «Әзиз Мурзинді мен 1920 жылдан білемін. Сонымен қатар оның туған ағасы Мұхтар Мурзинді және оның жақын таныстары Сәдуақасов Смағұлды, Бөкейханов Әлиханды, Байтасов Абдолланы, Сұлтанбеков Жағыпарды, Досмұхамедов Жаһаншаны, Шылалов Мыңайдарды, Басалов Айдарбекті, Телхожин Зейнолланы, Ермеков Әлімханды жақсы білемін. Бұл адамдардың барлығы менің күйеуім Мурзинмен жақсы қарым-қатынаста болды. Ол бұлардың үй іштерін де жақсы көретін. Сондай-ақ Әзиз Мурзиннің болашақ әйелі Жантөрина Зайрамен де таныспын. Жоғарыда айтылған таныстары мен достары, оның отбасымен үнемі араласып тұратын.

1922 жылы Смағұл Сәдуақасов Қостанайға келіп Әзиз Мурзинді өз жағына тартты. Ол кезде Мурзин Қостанай губерниялық атқару комитетінің төрағасы болатын. Олар байлармен ауыз жаласып, оларға көмектесті. Қазақ қызметкерлері Мурзинің маған, яғни орыс әйеліне үйленгеніне қарсы болды. Сондай-ақ Сәдуақасов Смағұл мен Мурзин Мұхтар да жақтырмайтын. Қазақтың таза қаны орыспен араласқаннан кейін дүбара тұқым туады дейтін. Олардың дегеніне көнген Мурзин мені тастап кетті де Балғымбаевтің қызына үйленді. 1927 жылы маған Мурзин былай деп айтты: 1922 жылы Смағұл Сәдуақасовтың Орынбордағы пәтеріне оның сыбайлас достары жиналды, ағайынды Мурзиндер де соның ішінде болды. Кеңес өкіметіне қарсы күресеміз, бір-бірімізге адал боламыз деп ант сөзін жазыпты. Бұл антты бәрі түрегеп тұрып тыңдап, төс қағыстырыпты. Ол мәжілістің мазмұнын білмеймін. Алай да Әзиз Мурзин маған: мұны өкімет мекемелері біліп қойса, біздің көрешегімізді көрсетеді – деді.

Мурзин Әзиз 1923 жылы Сәдуақасовпен және «ұлштшылдармен) байланысы үшін Компартия қатарынан шығарылды... Шәкеннің .... көмегімен Моквадағы құрылыс жөніндегі қазақ өкілі болып қызметке орналасты. Москвада ол Бөкейханов пен Мұңайтпасовты төңіректеп жүрді. Сол кезде маған Әзиз Мурзин: 1920-жылдардың басында Ташкентте Совет өкіметін құлату үшін қазақтардың жасырын ұйымы құрылды деп айтты. Сол ұйымның мүшесі ретінде Мұңайтпасовқа қару беріп, Қожановты өзінің пәтерінде атып өлтіруді тапсырды. Мұңайтпасов Қожановтың әйелінің бауыры болатын. Қарындасы мен жиендерінен айырылып қалмас үшін ол бұл тапсырманы орындамады. Тіпті бұл туралы Қожановтың өзіне де айтып қойыпты. Бұл оның алдындағы өзінің кінәсін жуғысы келгені болса керек. Мұңайтпасов бас тартқан бұл жұмыс ұйымның басқа мүшесіне тапсырылыпты. Оның аты-жөні есімде қалмапты.

Москвада тұрғанда Мурзин Бөкейхановты үйге жиі шақырды. Сәдуақасов үшеуі мені бөлмеден шығарып жіберіп, оңаша әңгімелесетін. Олардың қандай да бір өзара құпия әңгімесі болатын. Кей кезде Мурзин Әзиз ісспармен келген ағасы Мұхтар Мурзинге жолығу үшін қонақ үйге кетіп қалатын да, оңаша әңгімелесетін. Менің сұрақтарыма әдеттегідей жалтара жауап беретін. Әзиз Мурзин Әлихан Бөкейхановпен кездескен кезде есі шығып кететін, мұндай жақындық еркектердің арасында өте сирек кездеседі. Ал Бөкейханов маған: Мурзинді туған ұлымдай жақсы көремін – дейтін. 1929 жылы Мурзин Моквадан кетерде Бөкейханов онымен қимай қоштасты, көзіне жас алды. Онымен қоймай олар әлде не туралы қазақша сыбырласып сөйлесті. Ол кезде Москвада Байтұрсыновтың және басқа да адамдардың тұтқындалғаны туралы хабар белгілі болатын. Бөкейханов пен Мурзин, Мурзин мен Мұңайтпасовтар ол жөнінде жиі әңгімелесетін. Мен Москвадан кеткен кезімде Бөкейханов түрмеде жатқан Дулатовқа көмек ретінде оның әйелі Дулатоваға тапсыру үшін 4 мың теңге берді. Бұл ақшаны маған өте құпия түрде тапсырды, әрі өте сақ болуымды өтінді, почта арқылы хат жазбауымды ескертті. Дулатовқа тапсырылған ақша мен хатты Қызылорда қаласында Дулатоваға бердім. Тұтқындағылардың отбасына ақшалай көмек үнемі көрсетіліп тұрды. Ақшалай қаржыны ең соңғы рет Бірімжанов Алматыдан Москваға өзінің қазақ өкілеттілігінде істейтін қарындасы арқылы беріп жіберді.

1928 жылы Бірімжанов шетелден Москваға келді. Шетелде Мұңайтпасовпен кездескен. Бірімжанов Жантөринаға үйленеген болатын. Москваға келген соң Бірімжанов тұтқынға алынды. Бөкейханов пен Мурзиннің кеңесі бойынша Жантөрина онымен ресми ажырасты. Ал шындығында, ол өзінің күйеуіне үнемі қаржылай көмектесіп отырды. Бірімжановтан ажырасуының себебі өзіне тергеушілердің назарын аудармаудан туған. Өйткені Жантөрина помещиктің от басынан шыққан. Әкесі мемлекеттік думаның мүшесі болды. Патша сарайында жиі болып тұрған. Ол әйел Москва мемлекеттік университетінде шет тілі факультетінде оқыған. Германияға өзінің неміс тілін жетілдіру үшін іссапармен жіберілген. Қаражаты жоқ болғандықтан да басында барғысы келмеп еді, бірақ кейін ақша оның қолына жаңбырдай жауды да, шетелге кетті. Оған Мурзин 400, Бөкейханов 600, Сейдалин  200 сом берді. Сейітқали Меңдешев те көмектесті. Оның өз сөзіне қарағанда 4 мың сом жиналған. Әрине бұл оның кемітіп айтқаны. Ол бүкіл Еуропаны аралады, Берлинде, Парижде тұрды, Түркия арқылы қайтып оралды. Онда оның үй, қора-жайы бар ағасы тұратын. Ол Парижде Шоқаевпен кездесті. Әзиз Мурзинмен екеуара әңгімелескенде Шоқаевтің есімі жиі аталатын. Жантөринаның Москвадағы жоғары оқу орнына түсу себебі туралы мынаны айта аламын: Жантөриндердің үй-іші Колчактің штабымен бірге көшіп жүрді. Оның әкесі сол сапарда қайтыс болды. Әкесі өлген соң, сіңілісі екеуі Москвағв оқуға келді. Мұндағы қазақтармен танысып, жөн сұрасады. Құрлыс жөніндегі қазақ өкілеттігінде істейтін Әзиз Мурзинге жолығады. Ол: бұлар менің жерлесім, Сырдария аулынан шыққан деген сенім қағаз береді. Сол құжат бойынша Жантөрина оқуға түсті.

Москвада Әзиз Мурзиннің жақын араласқан адамы Кәрменов Қайролла. Ол бұлардың барлық қылмысын білетін. Мурзиннің, Мұңайтпасовтың, Бекентаевтің тобына Кәрменов қамқорлық жасайтын. Кәрменов шетелден келгенде, олардың бәрінің үй-ішіне өз есебінен сыйлықтар әкелді. 1929 жылы Алматыға келген соң ғана Кәрменовтің, Бекентаевтің, Досмұхамедов Жаһаншаның тобымен қоштасты. Жаһанша Досмұхамедовпен көбінесе саясатқа қатысты әңгімелесетін. Қызып алған кезде ол компартия мен кеңес өкіметін балағаттайтын, мазақтайтын. Әзиз Мурзин қарқылдап күліп, оны қоштап қоятын. Қазақтар Мұхтар Мурзиннің үйінде де бас қосатын. Әдетте ағайынды Мурзиндер, Қадырбаев Сейідазым, Нұрымов, Ғаббасов, Сұлтанбеков жиналатын. Олар тек қана саяси тақырыпта сөйлесетін. Әңгімелерінің мазмұнын мен білмеймін. Алайда бір рет олардың үрейін ұшырып: Сендердің сөздеріңді өкіметке жеткізіп, әшкерелеу ғана қалды – дедім. Бұдан кейін Мурзин менен сақтанып жүретін болды.

Тынышбаев, Ермеков және басқалары тұтқындалғаннан кейін Әзиз Мурзин өте сақтық жасап Мұхтар Мурзинмен, Кәрменовпен, Бекентаевпен, Мұңайтпасовпен, Мұратбековпен жазысқан хаттарын өртеді. Хаттарды мен жақтым. Ал ол іші қағазға толған үлкен папканы өртеді. Сөйтіп ол тінту кезінде айғақ қалтырмауға тырысты. Сақтық шарасын қолданған себебі: менің артымнан тыңшы еріп жүр, үйді күдікті адамдар аңдып жүр деп жиі айтатын. Әзиз Мурзин Мұхтар Мурзин мен Қадырбаевтің әйелдерімен сөйлескеннен кейін: Ғаббасовқа, Нұрымовқа, Тынышпаевқа сенуге болмайды, олар ГПУ-дің шпиондары дейтін. Халком кеңесінің төрағасы Исаевпен жақсы болатын. Онымен төрт рет кездесіп Мұхтар Мурзиннің неге сотталғанын білгісі келді. Алайда ол әрекетінен ештеңе шыққан жоқ. Сондай мәліметті білмек боп Масановқа да барды. Исаев пен Масанов Мұхтар Мурзинмен байланысы бар деген сөзге қалмас үшін мұның тілегін орындаудан бас тартты.

Мурзинмен ажырасқаннан кейін мен Төреқожиннің пәтеріне ауыстым. Сонда байқағаным Төреқожиннің үйіне Сұлтанбеков жиі келеді екен. 1931 жылы 19 немесе 20 тамызда Сұлтанбеков пен Төреқожин арасында таңғы сағат 4-ке дейін созылған әңгіме болды. Олардың сөзіне құлақ салған тыңшы болмаса да, ешкім естімейтіндей оңаша жерде сөйлесті. Олардың қазақша сөздерінің арасынан Голощекин мен Криштоның фамилиясын естіп қалдым. Ермеков біздің үйде болған емес. Алайда Әзиз Мурзин: Ермековті қонақ ету керек еді деп жүретін. Менің оған мұршам жетпеді.

Қолымды қоямын... (Власова).Тергеудің жауабын алған Попов».

Бұл көрсетінді туралы не айтуға болады? Бір-ақ нәрсе анық. Бұдан ағайынды Мурзиндердің ер жүрек азамат екендіктері анық байқалады. Ажырасқан күйеуінен осылай кек қайыру, ол жылдары, ұлттық намыстың «үлгісі» болатын. Мұндай басыну мен кек қайыруды кейін де талай дегдарлар «тағдырдың қарғыс таңбасы» ретінде басынан кешірді. Шет жағасын да көрдік. Мурзиндердің тағдыры туралы Міржақып Дулатовтың қызы – Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова «Шындық шынары» атты әсерлі естелік кітабында:



Г.Дулатова: «Мұхтар ақ сары жүзді, қыр мұрынды, көзіне пенсіне салатын, ұзын бойлы, келбетті кісі болатын. Мұхтар жоғары мәдениетті, жан-жақты білімді, адамгершілігі өзге жұрттан бөлек биік тұратын, мінезі тік, турашыл-тын. Мұхтар айтқан сөзінен таймайтын, ұстанған пікірінен қайтпайтын. Қайсар. Біреуді күндеп, не зәбір көрсетуден бойын аулақ ұстайтын. Барынша адал, шыныдай кіршіксіз таза, жолдастарына айнымас дос, әділеттік туын жоғары ұстаған - принципті кісі болатын. Ол өзіне биік талап қойып, міндетті түрде білімін толықтыруға күш салатын, көп оқитын, екі тілді бірдей меңгерген, аудармамен де айналысатын өнері барын білеміз. Мұхтардың бір бойына дарыған осынша жақсы қасиеттерді бағалап, әкем қатты сыйлап өткенін айтып отыратын.Менің шешем Мурзиндермен 1923 жылдан бастап Орынборда, одан 1929 жылға дейін Қызылордада, астана Алматыға ауысқанша араласып тұрды. Сол заманнан бері Мурзиндердің семьясы бізге ыстық, туыстан жақын болып кетті.

1930 жылы көптеген (32 қазақ) оқыған қазақ интеллигенттерін жаппай тұтқынға алғаны бәрімізге мәлім. Сол бір ауыр да қасіретті жылдар Мұхтарды да құр қалдырмады, Алматыда Намкомземде экономист болып жұмыс істеп жүргенінде тұтқынға алынды. Соттың үкімімен Воронежге айдалды. Өзімен бірге сотталып барғандар: Сейдазым Қадырбаев әйелі Жаңыл (Тәпіл дейтін), қызы Гулямен, Әбдіхамит Ақбаев әйелі Зүфүнүнмен, Мұстафа Бұралқиев, Әбдірахман Мұңайтпасов Сарасымен, балаларымен (сонда болды). 1934 жылы араларына Кәрім Тоқтабаев қосылған, орыс әйелі Мария Петровна, қызы Естаймен келеді. Мұхтар үй-ішін алдырған соң, жоғарыда айтылып отырған кісілермен араласып, бір-біріне жәрдем беріп тұрған. Берген бес жылын өтеп 1936 жылы Шымкентке келіп сельхозбанкте жоспарлау бөлімінде меңгеруші болып істеп жүргенінде.1937 жылы 1227.қайтадан ұсталды. Мұхтар 1957 жылы ақталды.

Мұхтардың інісі – Ғазиз Бабақайұлы Мурзин 1925 жылдары Қызылордалда, одан Алматыда жұмыс істеді. Ғазиздің бірінші әйелі Рахила Ғабдоллаақызы (Гүләйімнің немере сіңілісі) еді, бұл семьяда екі ұл – Назар мен Дос дүниеге келді. Бірақ Рахиланың мінезі ұнамсыз, шатақ болғандықтан, бұл кісілер ұзақ отаса алмады, ажырасты ертеде. 1928 жылы Ғазиз Москвада постпредствода жұмыс істеген, екінші рет Алматыда Ада Павловнаға (Алиса Власова осы әйелі болуы әбден мүмкін– Т.Ж.) үйленгенін Сара Садыққызы Өтегенова-Мұңайтпасовадан естігенім бар. Ада Павловна өте мәдениетті, адамгершілігі жоғары, сыйласа білетін кісі еді дейтін. Москвада араласып тұрған екен. Ада Павловна мен Ғазиз көп жылдар өмір сүрген, кейін Москвадан соң ажырасып, Нина Морозоваға үйленген. Ғазиз Риддерде алтын кенін шығаратын приискіде жұмыс істеп жүргенінде 1936 жылы іш сүзегін жұқтырып алып, қайтыс болыпты».

Ада мен Алисаның аттарының өзгешелігі болмаса, Әзиз (Ғазиз) Мұрзиннің үстінен арыз жазған Власованың өзі сияқты. Иә, «мәдениетт әйел», бірақ, сыйласымы жоқ, «шыдайсың риза болып жар ісіне, қорлық пен мазағына табылса да» деп Абай айтқан «табашыл жар» болған сияқты. Мүмкін оның осы жымсымасын сезіп қалып Ғазиз Мұрзин ажырасқан шығар.

Бәрі де мүмкін. Бәрі мүмкін.

Семейдегі Бөкейхановқа берілген хатты тапсыра алмаған, Х.Досмұхамедовтің ісінде алғашқы жауабы тіркелген Уәлихан Омаровтың көрсетіндісі:

«Берілген сұраққа жауабым мынау: Қазақ ұлтшылдарының ешқандай ұйымына, оның ішінде Орынбордағы бөлімшесіне де мүше болған емеспін. 20-жылдары қандай да бір ұйымға мүше болды деген сөз шындыққа жатпайды. Ешқандай да ұйымды білмеймін. Валидов пен Байтұрсыновтың арасындағы хат туралы да мағлұматым жоқ. Байтұрсыновты естуім бар, бірақ таныс емеспін. Әділев пен Сәдуақасовтың кеңес құрылысына қатысты блоктары жөнінде де хабарым жоқ. Сәдуақасовпен бірге қожановшыларға (колчаковшыларға да болуы мүмкін, нақты танылмады Т.Ж.) қарсы күреске қатысқаным рас. Оның өзінде де азаматтық блок емес, кейбір мәселелер жөнінде келіспегеніміз шындық. Кеңес өкіметіне қарсы ешқендай іс-әрекетке қатысым жоқ. Бөкейханов Уәлиханмен Жер жөніндегі комиссариятта бірге істедім, білімді, іскер, коммунисшіл. Әрине ешқандай ұйымның құрылғанынан бейхабармын. Ташкентте құрылған ұйымды естіген емеспін. Кулаков пен Ермековтің арасындағы байланыстан хабарсызбын. Олардың әр нәрсені менімен ақылдасты дегені шындыққа жатпайды, тек шарушылық мәселелері ғана тапсырылды.

22- 24- жылдар арасында жазылған «Табалдырық» платформасын білмеймін және «Алқа» үйірмесіне менің қатысым жоқ. Мен ол кезде Ташкентте емес, Петропвловскіде болатынмын. Сәдуақасовпен, Бөкейхановпен, Мұрзинмен, Омаровпен және Байтұрсыновпен қосылып қандай қағазға қол қойғаным есімде жоқ. Егерде қазақ әліппесі туралы болса, онда менің бұған тікелей қатысым шамалы, өйткені мен әріп түзумен айналыспаймын, оған икемім де жоқ. Бұл қол менің қолтаңбама ұқсамайды (қазақ әліпбиі туралы халыққа жолданған үндеу хат Т.Ж.).


Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет