Халел досмұхамедов



бет3/5
Дата23.10.2016
өлшемі0,77 Mb.
#91
1   2   3   4   5

Халел Досмұхамедовпен қатты сөзге келіп қалғандықтан да, жиырма екінші жылдан бастап, жиырма тоғызыншы жылға дейін ешқандай байланыс жасағам жоқ. Тек бір рет Алматыда аңға шыққан кезде кездесіп қалдым. Орынбордағы ұйым туралы ешкім маған ештеңе айтқан жоқ. Сондықтан да менің жолым олармен бөлінген екен деп ойладым. Сондықтан да Халел Досмұхамедовтың көрсетінділері мен үшін жаңалық болып есептеледі.

Халел Досмұхамедовтың қарсы жауабы: Жаһанша Досмұхамедовтың біздің ұйымымызға қандай ықпалы тигенін ашып айта алмаймын. Өйткені екеуміздің қатты сөзге келісіп қалып, жиырма тоғызыншы жылдың аяғына дейін араласпағанымыз рас.



Сұрақ‑жауап алған: Попов».

Бұл беттесудің мазмұнына түсініктеме беріп жатудың пәлендей қажеттігі жоқ сияқты. Бәрі де белгілі жайлар. Тек Жаһанша Досмұхамедовтің қадай сөйлегенінен оның ысылған заңгер екені анық аңғарылады. Айтылған уәждерге екпін түсіре жауап беруі арқылы өзінің ұстанымын Х.Досмұхамедовке аңғартып отырған. Тергеу ісіне 1931 жылы 30 наурызда Уәлитхан Омаров деген азамат та тартылған. Оның бар айыбы – Х.Досмұхамедовтің Ә.Бөкейхановқа жолдаған жеке хатын жолай тапсыруға келісім бергендігі ғана. Әрине, оған астыртын ұйымның байланысшысы ретінде айып тағылғаны өз-өзінен түсінікті.



«Халел Досмұхамедовтың 31 қыркүйек күнгі жауабының хаттамасы:

1922 жылдың көктемінде Омаров Уәлихан Ташкенттен Семейге кетті. Біздің Ташкенттегі ұйымымыздың беделі төмен болғандықтан да, сондай-ақ Әнуар паша мен Заки Валидовпен қандай қарым-қатынас жасауымыз туралы Семейдегі Әлихан Бөкейхановқа Уәлихан арқылы хат жолдадық. Бұл мәселе туралы Байтұрсынов қанағаттанарлық жауап бермегендіктен де, Бөкейхановты сол кезде өтуге тиісті қазақ зиялыларының мәжілісіне шақыруды көздедік. Жиналыс өтпей қалды, сондықтан да Омаров Уәлиханды пайдаланып Бөкейхановқа хат беріп жібердік. Хаттың мазмұны нақты есімде жоқ. Ұзынырғасы: қалыптасқан жағдайды түсіндіре келіп: біз не істейміз, сіз не айтасыз дегенге саяды. Бөкейхановты өзіміздің көсеміміз санағандықтан да, осы хатты жаздық. Біздің ұйымның ішінен тұтқындалғандар туралы мәлімет бердік. Хатқа мен, Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев үшеуміз қол қойдық. Кейін білгеніміздей хат Бөкейхановқа тапсырылмапты. Ол туралы 24 жылы Орынборда кездескенде айтты. Омаров Уәлихан хаттың мазмұнын білмеуі мүмкін. Өйткені оның ұйымға тікелей қатысы жоқ, тек сенімді, көмек көрсете алатын адамның қатарында болды. Бұл арада басты жауапкершілік Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев үшеумізде. Жаһаншаның жауапкершілігі Тынышбаев пен менен кем болған жоқ. Қожамқұловты Әділевтің сырттай таныстыруы арқылы білемін. Омаров Уәлихан біздің ұйымға мүше болған жоқ. Ол біздің үйірмені жолбике деп қарады. Менің алдыңғы көрсетіндіме бар қосарым осы (Халел Досмұхамедовтің қолы қойылған)».

Тергеу ісінде тыңшылар қағазға түсірген Иса Қашқынбаев пен Уәлитхан (Уәлихан) Омаровтың екеуара жауаптасуы бар. Зады бұл екі азамат өзара сөйлесіп отырған үшінші бір «үндемес» жазып отырған сияқты. Х.Досмұхамедовтің жоғарыдағы көрсетіндісіне қатысты болғандықтан да осы араға кіріктіріп беріп отырмыз. Ескерте кетеріміз, хаттамада Қашқынбаевтің фамилиясы «Кошкинбаев» деп көрсетілген. Ал мұндай адамның тергеу ісіне тартылмағандығын ескеріп, біз Қашқынбаев деп алдық.

«Қашқынбаев: Уәлихан, 1921 жылы саған Әлихан Бөкейхановқа арналған бағдарламаны бергенде, Уәлихан, сен сақтық жасамаған сияқтысың. Ол ( зады Дінше Әділевтің көрсетіндісін айтып отырса керек –Т.Ж.): сен Әлиханға арнап бір құжаттарды берді деп түсініктеме беріпті. Ең бастысы бердің бе, жоқ па, бізге айтқан жоқсың ғой.

Омаров: Маған ешқандай бағдарлама берілген жоқ. Тынышбаевтің, Досмұхамедовтың қолы қойылған хат болды. Әлиханның ауылдан менен бұрын кетіп қалғанын білген соң хаттың көзін жойдым. Хат туралы Сәтбаевтан басқа ешкімге айтқамын жоқ. Оның мазмұнын Сәтбаев білмейтін. Сен айтып отырған мұндай өсектің тарағаны рас. Менің ойымша мұның бәрін таратып жүрген Әділев немесе Әшімбаев (?–).

Қашқынбаев: Валидовтің үйірмесіне Омаров 1922 жылға дейін мүше болған жоқ. Тек көктемге қарай Тынышбаевқа танысып шығу тапсырылды...».

Бұдан әрі өзара жауаптасуда Қашқынбаев әр нәрсенің басын бір шалып, нақты пікір не уәж айта алмаған. Анау алай деді, мынау былай деді деген сияқты жалтаң да жалпылама сілтемеге көшкен. Оның тергеу барысына пәлендей әсері де жоқ әрі «тыңшы» түсініксіздеу етіп қағазға түсіргендіктен де, кім не туралы, кім туралы айтып отырғаны, қандай айып тағылғаны нақты ажыратылмайды. Тек олардың өздеріне ғана мазмұны анық болса керек. Сондықтан да анық ойды бұлдыратпас үшін біз де пайдаланудан саналы түрде бас тарттық.



Айыптау қорытындысы Х.Досмұхамедовке 1931 жылдың 25 қазаны күні ғана мәлім етілген. Ескерте кететініміз, ендігі жауаптардың мазмұны мүлдем басқа арнада өтеді. Түрмедегі өткен бір жылда тергеудің аңысын аңдып, өздері де ойларын тиянақтап алған сияқты. Оған жарыса жазылған мына өтініш пен мәлімдеме дәлел. Әуелі айыптау қорытындысына өтініш есебінде қарсылық білдірген. Содан кейін тергеу ісіндегі жалған хаттамалар жөнінде ашық мәлімдеме жасаған:
«СССР ОГПУ-і коллегиясының тергеу жөніндегі ерекше өкілі Поповқа тұтқын Халел Досмұхамедовтен өтініш

Осы жылдың 25 қазаны күні маған: кеңес өкіметіне қарсы жасаған әр түрлі қылмыстары үшін деген желеумен 58 баптың 7, 10, 11 тармақтары және 59 баптың 3 тармағы бойынша айып тағылды. Маған тағылан осы айыптардың ішінде мен төменде көрсетілген жайларды ғана мойындаймын: 1) 1922 жылы кеңес өкіметіне қарсы құпия ұйымға қатысып, жұмыс істедім. 2) Сол 22 жылы Ташкент қаласына жасырын келген Заки Валидовпен кездестім, содан бастап 24-жылдың ортасына дейін пікір алысып тұрдым. Өзімнің қызмет барысымда буржуазиялық ұлтшыл демократиялық идеологияны басшылыққа алдым. Маған тағылған қалған айыптарды мен мойындамаймын. 24-жылдан кейін мен кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да құпия немесе ашық ұйымға, үйірмеге, тағы да басқадай алқаға қатысқамын жоқ. Өзімнің буржуазиядық идеологиямды кеңестік талаптарға саналы түрде бағындырдым. Бар білгенімді және өзімнің барлық іс-әрекетім бұрынғы тергеуге берген жауаптарымда, соның ішінде 31-жылдың 14 қыркүйегінде берген жауабымда толық қамтылған.

Соны тағы да қайталаймын: 1) «Алаштықтармен» 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық байланысымды үздім және олардың Қазақстандағы қылмысты әрекетеріне ешқандайда қатысым жоқ. 2) «Алқаға» қатысқамын жоқ. Білетінімнің барлығын тергеу кезінде хабарлағамын. 3) Мен Қазақстанда 28-жылдың күзінен бастап тұрамын. Тек 26-жылдың жазында ғана Қызылорда қаласында 2,5 ай тұрдым. Негізінен 28-жылға дейін Ташкентте болдым. Қазақстан үкіметінің жүргізген шараларына кедергі келтірген емеспін. Қазақстан үкіметінің шараларын бұзатындай ешқандай қастандыққа ешқашанда барған емеспін. 4) Мен жер жөніндегі мәселелерден мүлдем мақұрыммын. Бұрынғы «алашордашылар» да бұл жөнінде менімен ақылдаспайтын. Олардың бұл мәселе туралы менімен санаспауының өзі де тегін емес. 5) Байларды тәргілеуге қарсы еш жерде ешқандай үгіт жүргізген емеспін. Жер және тәргілеу туралы пікірімді 14 қыркүйек күнгі көрсетінімде жазғанмын. Ташкентте де, Алматыда да оқушылар мен оқытушылардың арасында бұл бағытта ешқандай үгіт жүргізбедім. Бір сөзбен айтқанда 24-жылдан бастап тұтқындалғанға дейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да қылмысты әрекетке қатысқан емеспін.

Ал жала жапқандармен бетпе-бет кездестіру ұйымдастыруыңызды өтінемін. Олардың өтіріктерін әшкерелеп бере аламын. Тынышбаевтің ісіне қатысты тергеу кезіндегі беттесу соны растайды. Тынышбаев менің үстімнен ешқандай көрсетінді жасамағанын айтты. Поповтың қолымен жазылған қоғамдық актілерді (тергеудің сұрақ-жауаптары болуы керек – Т.Ж.) маған көрсеткен жоқ. Тынышбаев та 1922-1930 жылдардың аралығында қандайда бір ұйым болған-мыс деген пікірден бас тартты. Ұйым мүшелерінің тізімі мен оның құрылымы сызылған кестеге байланысты мұның жалған екендігін қатаң түрде талап ете мәлімдеймін. Тынышбаев сызды-мыс делінетін кесте қиялдың ғана жемісі (Айта кетейік, бұл кестені сызған Дінмұхамед Әділев болатын. Бұл - алаштың екі көсемін бір-біріне қарсы қою үшін тергеуші Поповтың қолымен жасалып отырған, жоғарыда аталып өткен қитұрқы арандату «актісі» болса керек – Т.Ж.). Олардың арасында ешқашанда ешқандай ұлтшылдыққа қатысы болмаған адамдар жүр. Мысалы, тізімдегі Қасымов деген адамды көрген емеспін. Мұндай адамдар тізімде көп сияқты. Менің көзімше тергеуші Поповтың «Тынышбаев жасады-мыс» деген көрсетіндісі мүлдем өтірік. Демек Тынышбаевтің атынан жасалған өзге көрсетінділер де жалған. Сондықтан да Тынышбаевпен және өзге де адамдармен бетпе-бет кездестіруді талап етемін. Мен олардың көрстінділерінің жалған екендігін әшкерелей аламын...

Мен айыптаушының деректерді қайдан алғанын түсіне алмай тұрмын. Жауап алған кезде тергеу орындарының жаңсақ жазғанына енді еш күмәнім жоқ. Егерде тергеу дұрыс жүргізілсін десеңіздер, онда маған Тынышбаевтің және басқалардың өз қолымен жазған көрсетіндісін оқытыңыздар. 1922-1924 жылдар арасындағы кеңес өкіметіне қарсы бағытталған әрекеттерімді мойындаймын. Ал 24-30 жылдардың арасында кеңеске қарсы белсенді түрде күресті деген өмірде болмаған ұйымның болуға мүмкін емес қылмыстарын мойындамаймын.

Осыған қосымша мынаны мәлімдеймін: мен кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырған астыртын жұмыстарыма қатты өкініш білдіремін. Бұл өкімет бұрын қанауда болған ұлттар үшін бірден-бір лайықты өкімет. Егерде маған мүмкіндік берілсе, онда осы өкіметтің көркеюіне бар кұшімді жұмсаймын. Мен бұл сенімге түрмеде емес, одан көп бұрын келген болатынмын.

Бұған қосымша айтарым: астық жинау, колхоз бен совхоздардың етке мал өткізу науқанына қарсы ешқандай үгіт жұмыстарын жүргізгемін жоқ. Шаруашылықтарды коллективтендіруге теріс қарағаным рас. Қазір бұл шараны еңбекшілерді аштықтан, қорлықтан құтылдыратын ең пәрменді шара ретінде толық қостаймын. Мен бұл пікірімді Әлімхан Ермековке айтқанмын. Мүмкін есіне түсірер.

Досмұхамедовтің қорытынды сөзі дұрыс жазылды. (Қолы). 26 қазан 31 жыл».

Бұл көрсетінді бірінші томның 97-101 беттерін қамтиды. Осында айтылған және Х.Досмұхамедов орынды күдіктенген М.Тынышбаевтің көрсетіндісі, шындығында да, қолдан жазылғаны тергеу барысында анықталады. Астыртын ұйымның кестесін сызып, тізімін жасап, алашордашыларға бейтаныс адамдарды «қатарға қосқан» Дінмұхамед Әділев екенін оның өзі жазып берген қорытындысында анық көрсетілген. Таныс, дастархандас, көршілес адамдарды да «астыртын ұйымның мүшесі ретінде» тіркеген. Ондағы сүйенген қисыны «алашордашылар ұлтшылдардан басқамен араласпайды» деген ойжота жорамал. Бұдан кейін Әлімхан Ермековтің көрсетіндісі тіркелген. Онда жер мәселесіне ұзақ тоқталған. Х.Досмұхамедовтің келесі көрсетінді алдыңғы сұрақ-жауапты қайталайды. Ішінара сөздер мен сөйлемдерге өзгеріс енгізген. Алайда мәтін арасындағы қосымша пайымдаулар мен емеуіріндердің астары тереңдеп, көзқарасы қалыптанып, бұрынғы жауаптарын нақтылай түсетіндіктен де назарға ұсынуды жөн көрдік.



«ОГПУ-дің ерекше өкілі Поповқа тұтқын Досмұхамедов Халелден Мәлімдеме.

Осы жылдың 25 қазан күні маған Қылмысты істер кодексінің 58 бабының 7, 10 және 11, 59 баптың 3 тармақтары бойынша кеңес өкіметіне қарсы бағытталған түрлі қылмыс бойынша айыптар тағылды. Тағылған айыптардың ішінен мен өзімді төмендігі айтылғандарды:

1.1922 жылы өзімнің алдына кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекеттер жасау туралы үйірме құрмақшы болғанымды.

2. Сол 1922 жылы Ташкентке келген Заки Влилдовпен кездесіп, онымен әңгімелескенімді,

3. 24-жылдың ортасына дейін жұмыс барысында өзімнің ұлтшыл-буржуазияшыл идеологияны жүргізгенімді – ғана мойындаймын.

24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай ұйымға, үйірмеге және басқа да шараларға қатысқамын жоқ. Жасырын да, ашық та кеңеске қарсы шыққамын жоқ. Өзімнің ұлтшылдық иедологияммен саналы түрде күрестім. Бұл туралы 31-жылдың 14 қыркүйек күнгі берген түсініктемемде хабарлаған болатынмын. Тағы да қайталап көрсетмін:

1.24-жылдың қыркүйегінен баста барлық алашордалықтармен байланысымды үзгемін, олардың Қазақстандағы әрекеттеріне еш қатысым жоқ.

2. „Алқа” үйірмесіне қатысқамын жоқ. Ол туралы білгендерімді бұрын айтқанмын.

3. Қазақстанда 28-жылдың күзіненбастап. тұрамын. Тек 26-жылдың жазында ғана 2,5 ай ғана Қызылордада болдым. 28-жылға дейін Ташкентте тұрдым.

Қазақстан өкіметінің шараларына араласқан емеспін және оған кедергі келтіретіндей рекет жасаған емеспін.

4. Жер жөніндегі мәселеден түсінігім шамалы. Жер жөнінде және оған қатысты мәселелер туралы алашордашылардың ешқайсысы маған хабарласқан емес.

5. Байларды тәргілеуге қарсы ешқандай рекет жүргізгемін жоқ. Жер және байларды тәргілу туралы көзқарасымды 31 жылға 14 қыркүйектегі түсініктемемде көрсеткемін.Ташкентте де, Алматыда да оқытушылар мен шәкірттердің арасында ондай іс жүргізгемін жоқ. Бір сөзбен айқанда:

24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай рекет жасағамын жоқ. Маған әр қалай жала жаба бермес үшін олармен бетпе-бет кездесу ұйымдастыруды талап етемін. 31-жылдың 25-қазанында беттесуден бас тартқанда және Тынышбаевтің көрсетіндісімен танысқан соң соған көзім жетті. Менің берген жауаптарымды жазып отырған тергеуші Попов мен айтпаған бірнеше оқиғаларды жанынан қосқан. Маған көрсеткен ұйым мүшелерінің тізімі мен сызылған кестеге байланысты еш нәрсе білмейтінімді, 24-жылдан кейін ондайға қатыспағанымды қатаң ескертемін. Тынышбаевтің жасаған кестесі (мұны сызған Тынышбаев емес, Д.Әділев болатын. Оны айыпкердің өз қолымен жазып бергендігі туралы түсініктемесі іске тігілген. Бұл арада тергеуші алаштың екі көсемін бір-біріне қарама-қарсы қойып, арандатуға ұмтылған – Т.Ж.) ертегі сияқты. Мысалы Қасымовтың ұлтшылдарға еш қатысы жоқ. Тізімді толық оқығамын жоқ, бірақ маған көрсетілгендердің көпшілігі қате жазылған. Менің қатысуыммен Попов оқып берген Тынышбаевтің көрсетіндісі жалған. Тынышбаевтің өзге көрсетінділері де өтірік жазылған деп ойлаймын. Сондықтан да олардың жаңылыс жауаптарына орай Тынышбаевпен және өзге де куәлармен бетпе-бет кездестіруді өтінемін. 22-24 жылдар аралығынан басқа 24-жылдан баста 31-жылдың 25 қазанына дейін Тынышбаев көрсеткендей кеңес өкіметіне қарсы ешқандай рекет . істеген емеспін. Ол үшін өзімді-өзім жазғырамын.

Бұл өкіметті бұрынғы қаналған халықтар үшін аса бір қажетті өкіметдеп есептеймін. Мен бұл пікірге дәл қазір түрмеде отырған кезде емес, одан көп бұрын келгенмін. Астық дайындауға, мойынсеріктің малдарын тәргілеуге, коллективтендіру науқандарына кесір келтіруге араласқан жоқпын. Қазіргі көзқарасым өте оңды және жүргізіліп отырған шаралар арамтамақтарды жоюға, жартылай ашаршылықтан, қорлықтан құтқаруға бағытталған деп. есептеймін (Тура осы кезде Қазақстанда жаппай ашаршылық жүріп жатса да осылай „мойындауға” мәжбүр болған – Т.Ж.).Мен өз пікірімді Әлімхан Ермековтің алдында да айтқамын. Егер ұмытып қалмаса. Айтқандарым дұрыс жазылды. (Х.Досмұхамедов). 26 қазан, 31 жыл».

Жалпылай алғанда, Х.Досмұхамедовтің тергеушіге берген негізгі жауаптарының хаттамалары осылар. Бұдан басқа мәдениет майданы қақындағы түсінктемесін және жеке басына қатысты өтініштерді тақырыпқа қатысты тұста пайдаланамыз.

Енді Мұхтар Мұрзинмен жоңаша жауаптасқанда: «Мен болған жайдың бәрін мойындадым»деген Иса Қашқынбаевтің көрсетінділерін назарға ұсынамыз.

Қашқынбаев Иса Таумышұлы, 39 жаста, (анкета 1930 жылы 12 қазанда толтырылған), Ташкент қаласы Обуховенная, 53-үйде тұрады. Орал облысының Тай(пақ) ауданында туған, бөлімше дәрігері болған, ОАМУ-нің медицина факультетінің ассисенті, білімі жоғары, әйелі бар. Әскерге міндетті.

Көрсетінділері машинкаға басылған. Тұтқындардың ішіндегі өзгелерден өзгеше мәтіндер осы Иса Қашқынбаевтікі. Мұнда ұйым туралы ойдан шығарылса да орайластырылған қисын бар. Егерде осының барлығы жалған не жала болған жағдайда да, тергеушілердің қиялы мен қисынына көз қырын салудың реті келіп тұрғанда, пайдаланып қалуды жөн көрдік. Шындық салыстыру барысында екшелетіні анық. Мұнда негізінен 1922-жылғы ұйым туралы айтылған.

«14- жүргізілген тергеудегі айыпталушы Иса Қашқынбаевтің қосымша көрсетіндісі. Жауап алған ОО ПП ОГПУ-дің бастығының көмекшісі Волохов (1 том, 420=422 беттер).

«1). Ұйымның құрылуы. Ұйымды құруға сыртқы интервенциялық күштердің басып кіру қаупінің төніп келе жатуы, сөйтіп Ресейдің аудан-ауданға бөлшектеніп кетуінің мүмкіндігі ықпал жасады. Ресеймен қоса қазақ ұлты да бөлшектеніп кетпеуі үшін және орыстың қанауынан құтылу үшін, Батыс Еуропаның алдында қазақ халқының өкілдігі бар екендігін көрсету үшін ұйым құру қажеттігі туды. Орыстың құлдығынан құтылып, тәуелсіз өмір сүргіміз келді. Біздің бұл тілегіміз интервенттердің де мүддесінен шығады, сөйтіп бізді азат етеді деп үміттендік. Мәжілісті кімнің шақырғаны есімде жоқ. Жаңылысыспасам, бірінші мәжіліс Дулатовтың бөлмесінде өтті. Сонда жиналғандар ұйым құру туралы ұйғарымға келді.

2).Саяси орталығы туралы. Түркістандағы ұйымда саяси және ұйымдастыру құрылымдары болған жоқ. Орталығы Орынбор бола ма, жоқ, Ташкент бола ма, ол мәселе ашық қалды. Ташкенттегі ұйымға: Әділов, Жәленов, Битілеуов, Бірімжанов, Ж.Досмұхамдов, Досмұхамедов Халел, Болғамбаев, Испулов, Кақынбаев, Тынышбаев, Ахмед-сафа (фамилиясы есімде жоқ), Омаров Уәлихан, Омаров Әшім мүше боп кірді. Орынбордағы ұйымның толық құрамын білмеймін, бірақ өзгелерден естуімше Байтұрсынов, Дулатов (қоныс аударған), Сәдуақасов, Омаров Елдес бар көрінеді.

3). Ұйымның құрылымы. Ташкенттегі ұйымның жұмыстары жалпы жиналыста шешілді, онда бөлімдік құрылымдар болған емес.

4) Біздің ұйымның бағдарламасы есімде жоқ, бірақ та негізгі мақсаты мынаған келіп тіреледі: Қазақстан Президент пен парламент билейтін тәуелсіз демократиялық республика болуы тиіс. Өнеркәсіп саласында жеке меншікке жол беріледі. Ал жер мәселесі қалай шешілуіге тиіс болғаны есімде сақталмапты. Тек жер жеке меншікке берілмейтіні анық...»

Бұдан кейін өкімет басына сайлау арқылы келуді ұсынғандары, қарулы көтерілісті қолдамайтындары, өзбектердің діни қайраткері Мінуар-қари Әбдірәшевтің, Заки Валидовтің ұйымдарымен байланыс орнатуға ұмтылғандары баяндалады. Тергеуші сұрақтың өзін бағдарламаның баптарына сәйкестендіріп қойғандықтан да хатқа да солай түскен.

«Біздің ұйымымыздың жұмыс істейтінін Рысқұлов білген сияқты. Ал Қожанов пен Сәдуақасовтың білген-білмегені жөнінде ештеңе айта алмаймын. Ұйымға тарту үшін барған біздің адамымызға Рысқұлов: «Біздің көзқарасымымызбен келісетінін, ұйымды қолдайтынын айтты. Ал Қожанов үзілді-кесілді бас тартып, мұны арандату, саяси екіжүзділік деп бағалады» - дей келіп 1921-1922 жылдардағы саяси оқиғаларға тоқталады.

Иса Қашқынбаевтің көрсетіндісінде өзге тұтқындардың жауаптарындағы пікірлер барынша жинақы берілгендіктен де ішінара толықтай келтіреміз.



«Болашақ үкіметтің құрамы туралы. Бұл мәселе бірде-бір рет талқыланған емес. 1924-жылғы жер межелеу кезінде өзбек ұйымының өкілдері Мінауар қари Әбдірашидовпен, Ғұбайдолла Ходжаевпен және Миржалиловпен бірінші және соңғы рет бас қостық. Мәжіліске Тынышбаев және мен қатыстым. Ол кезде біздің ұйымымыз таралып кеткен, оны мойындауға өзбектердің алдында батылымыз бармады. Мінуар қари бізге Қазақстан туралы мәліметтерді беруді ұсынды, ал олар шетелдіктермен парсы елшілігі арқылы байланыс жасап отыр екен. Біз мағлұматтарды беруге келістік, ал өзбектерге қаржылай көмек көрсетуден бас тарттық, ешқандай қаржымыздың жоқтығын айттық. Әрине, кейін оларға ешқандай мағлұмат берілген жоқ (маған солай сияқты). Аталған үшеуінен басқа өзбек ұйымының мүшелерінің ешқайсысын білмеймін. Біздің ұйымда ешқандай қаражат болған емес. Бірақ Әділев пен Бірімжановтың Бұқара барғандағы жол қаражатынан басқа шығын да болған емес. Бірімжанов арнайы іссапардың қаражатын пайдалануы мүмкін, ал Әділев ешқайда жұмыс істемегендіктен де жолақыны қайдан алғанынан мағлұматым аз.

Біздің отырыстарымызда қандай мәселелердің талқыланғанын еске түсіру қиын. 1921 жылдан бастап 1922 жылдың аяғына дейінгі отырыстар қыста өткізілді. Жазда бәрі жан-жаққа тарқап кететін. Негізгі тақырып: кеңес өкіметі мен ақ эмигранттарға көзқарас, жер реформасы болатын. Алғашқы мәселе жөніндегі бастапқы пікірлеріміз бірдей болатын: кеңес өкіметінің күні санаулы, мәңгілік отырмайды, ерте ме, кеш пе, әйтеуір соғыс басталады, ол СССР-дің жеңілісімен аяқталады дестік. Біздің мақсатымыз – ұлттың негізгі ұйытқысын қырғынға ұшыратпай, аман сақтап қалу. Айтпақшы, төңкеріс бола қалған жағдайда, орыс шовинистері бізді қырып тастамас үшін қырға шығып кету керек дегенге келістік. Кеңес өкіметіне ашық қарсы тұрудан бас тарттық. Бұл шешім жағдайдың өзгеруіне байланысты бірде – алай, бірде – былай ауытқып отырды. Заки Валидов саясат сақнасына шыққанда олармен байланысқа шығып, дипломатиялық амалдау бағыты ұсталды. Ешқандай белсенді әрекетке бармау керектігі айтылды. Заки Валидов оған қанағаттанбай, нақты көмек көрсетуді талап етті. Егерде біздің ұйым оған көмектеспесе, не көмектескісі келмесе, онда қазақ халқына басқаша жол табатынын жариялады. Бұл біздің ұйымның мүшелерінің көпшілігін сескендірді, белсенді түрде араласуға уәде етісті. Бәрі сөз жүзінде қалды. Не қаражат жоқ, не күш жоқ. Валидовті түстікпен қамтамасыз етуге тура келді. Валидовке нақты қолдау көрсетілмеді. Кейіннен бізге, әсіресе, Досмұхамедовке келісімді бұзғаны үшін қатты-қатты сөздер айтты.

Мынадай сөздер: кеңес өкіметі қазақ халқының мәдениетін дамытуды қолға алып жатыр, кеңестік платформаны сөзсіз мойындау қажет, мүмкіндігі барлар партияға өтіп алуы керек деген сөз жиі айтылып жүрді. Бұл мәселе бірнеше рет талқыланды. Кейіннен партияға өтуден бас тартуға ұйғарылды. Тек біздің халқымыздың игілі үшін жасалған шараларды ғана белсенді түрде қолдау міндеттелді.

Кеңес өкіметінің Жетісудағы жер реформасын толықтай қолдады (бұл: ұлтаралық қарым-қатынастың шиеленісуіне алып кетуі мүмкін дегендер де боды). Бұл салада қызмет істегендер қорыққаннан емес, ар-ожданымен жұмыс істеді».

Көрсетіндінің алдын-ала дайындалған мәтін негізінде тасқа басылғаны түсіндірмесіз-ақ аңғарылады. Әр сұрақ пен жауаптың мәтіндері араласа жазылып, оның өзі бағдарламаның баптары мен тараулары сияқты әсер қалдырады. И.Қашқынбаев кеңес өкіметінің жүргізіп отырған шараларын да «ұйымның атына тели» баяндайды. Бұл мысқыл ма, жоқ, шарасыздық па, қалайда жауап беріп құтылудың амалы ма, кім білсін. Әйтеуір бір ризасыздық, ықылассыздық, пейілсіздік бар. 2 томның 377-385 беттеріндегі келесі жауабында да сондай сарын аңғарылады. Біз сәл ширатып тәржімалауға тырыстық.



«8/ -30 жыл. 22-жылы біздің мақсатымызды табыспен жүзеге асыру үшін ұйымға көрнекті коммунистерді тарту керек деп шешілді. Күзге қарай Түркістан республикасы халық комссарлар кеңесінің төрағалығына тағайындалған Рысқұлов Ташкентке келді. Рысқұловпен жолығу үшін Әділев және Әуезов (мүмкін) жіберілді. Әңгімелерінің анық-қанығын білмеймін. Бірақ Рысқұловтың: біздің көзқарасымызды бөлісетінін, қал-қадерінше көмектесетінін, қолдайтынын мәлімдегені шындық. Алайда ол: өзбектермен байланыс жасамауды тапсырыпты, Қожановтың (Хожаевтің болуы да мүмкін Т.Ж.) тар ұлтшылдығы оған жарамайды депті. Қожановқа Испулов және Әділев (мүмкін) жолықты ғой деймін. Соңғы адамға Қожанов: мұнда рысқұловшылдықтың иісі шығып тұр. Мұның барлығы арандату. Кеңес өкіметінің аясында қазақ ұлты өркендей алады. Сондықтан да сендерді қолдай алмаймын депті. Екеуіне бұл мақсаттың нақты орындалуы емес, ұйымды кімдер, қалай құратынын білу керек болды. Рысқұлов кеңес өкіметінің арасында жікке бөліну бар екенін айтыпты. Олардың әр қайсысы біздің топты өзіне тартуға тырысты. Өйткені ұйымның қазақтары өте сауатты еді, сондықтан да пайдаланып қалуға тырысты. Біздің мақсатымыз олардың өздерін пайдалануға тырысу еді. Ол кезде, 22-жылдың соңғы маусымында кеңес өкіметін құлатуды армандау да мүмкін емес болатын. Сондықтан да мәдениет майданын қолға алу, шаруашылықты игеру міндеті қойылды. Қызметке орналастыру үшін біздің топтың тізімі Рысқұловқа берілді. Өкіл ретінде Рысқұловқа Әділев және мен бардым. Берілген тізімнің ішінде менен басқалары оны толық қанағаттандырды. Мені еркімнен тыс оқу-ағарту комиссариятының коллегиясының мүшелігіне ұсынған болатын. Мен Рысқұловқа: бұл қызметтің маған қол емес екенін, мені медициналық қызметке жіберуін өтіндім. Ол ашық бас тартқан жоқ...».

Біздің пайымдауымызша, Тынышбаев пен Дулатов және аталары аттас Досмұхамедовтер саяси жұмыста ысылмаған Әділевті кадр мәселесін шешуге жұмсай қоймаса керек-ті. Әділевтің көрсетіндісі бойынша, ол өзіне қызмет сұрап барған. Бірақ та бұл «өзінің шындығына» тергеушінің көзін жеткізу үшін қажетті жауаптар. Осы көрсетіндіде И.Қашқынбаев мына бір мәселеге барынша тоқталған, тергеушілердің де қадалып сұрап отырғаны сол сияқты:



«22-жылдың күзінде Рысқұлов үкімет басына қайтып келгенде, Қожанов екеуінің арасындағы араздық біздің ісімізге кедергі келтіруі мүмкін екенін ескеріп, екеуін татуластыру керек деп шештік. Олар менің пәтерімде кездесті. Олар көп ешкімнің болмауын тапсырды. Сондықтан да оған Х.Досмұхамедов және мен ғана қатыстым. Рысқұлов пен Қожанов ұзақ уақыт өзара айтысып, бірін-бірі: ұлт мүддесін сатқаны және жалған солшылдығы үшін айыптады. Рысқұлов ұлт дегенді бүкіл шығыс жұртына қарата қолданды, ал Қожанов: оның қате екенін, қазақ пен өзбектің арасындағы қарама-қайшылық қоныс аударған орыстар мен қазақтардың арасыдағы қарама-қайшылықтан кем емес екенін дәлелдеді. Біз оларға: «Сендердің көзқарастарыңның айырмашылығы неде?» - деп сұрағанымызда, олар нақты жауап бере алмады. Рысқұлов: «Жер реформасымен Қожанов келіспейді, ал мен оның қан төгісіне қарсымын» деді. Ал Қожанов: «Мен ешкімді атқамын жоқ» деп еді Рысқлов оған: «Мен өз қолыңмен өлтірдің деп отырғамын жоқ» деді. Сөйтіп олардың көзқарастарының арасында айырмашылық жоқ болып шықты. Татуласу мынадай негізде жүзеге асты:

Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет