1-параграф. Туберкулезбен ауыратын адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету 157-бап. Туберкулезбен ауыратын адамдарға медициналық көмек көрсету 1. Мемлекет туберкулезбен ауыратын адамдарға: 1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмекке және дәрілік қамтамасыз етуге; 2) әлеуметтік және құқықтық қорғауға; 3) ауруының сипатына байланысты қандай да бір кемсітушілік нысандарына жол бермеуге; 4) балалар арасында туберкулездің ауыр, жіті өршитін түрлерімен ауруды төмендету жөніндегі профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға кепілдік береді. 2. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдар міндетті емдеуге жатқызуға, емделуге және оңалтылуға жатады. 3. Адамды туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану зертханалық зерттеулердің нәтижелері ескеріле отырып, денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. 4. Адамды туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану мақсатында медициналық зерттеп-қарауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды. 5. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп танылған адам денсаулық сақтау ұйымының шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасай алады. 158-бап. Туберкулезбен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеуге жiберу негiзi мен тәртiбi 1. Туберкулезбен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеу пациенттерді фтизиопульмонологиялық ұйымдарда оқшаулаумен бірге туберкулезге қарсы және симптоматикалық емдеуді қамтиды және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. 2. Туберкулезбен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеуге мыналар негіздер болып табылады: 1) пациенттің медициналық құжаттамасында тіркеп-белгіленген, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастың емделуден бас тартуы; 2) пациенттің медициналық құжаттамасында тіркеп-белгіленген, өз бетінше кетуі және күнтізбелік бір ай ішінде туберкулезге қарсы препараттардың жеті тәуліктік дозасын қабылдауды себепсіз өткізу түрінде емдеу режимін бұзуы. 3. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуде болған адамдар фтизиопульмонологиялық ұйымдардан шығарылғаннан кейін тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға есепке тұруға міндетті. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген адамдарға медициналық көмек көрсету қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді. 4. Туберкулезбен ауыратын және емделуден жалтарып жүрген адамдарды мәжбүрлеп емдеу туралы шешімді сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарының арызы бойынша қабылдайды. 5. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуде жүрген адамдар Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтарын фтизиопульмонологиялық ұйымдарда болу режимін сақтау қажеттігіне байланысты шектеулермен пайдаланады. 6. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген адамның жұмыс орны сақталады. Мәжбүрлеп емдеуде болу уақытында еңбек өтілі үзілмейді және жалпы еңбек өтіліне есепке жазылады. 7. Фтизиопульмонологиялық ұйымға мәжбүрлеп емдеуге жіберу сотталғандыққа алып келмейді. 8. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген, мемлекеттік тұрғын үй қорының тұрғынжайында тұратын адамның емдеуде болған бүкіл уақытында тұрғын үйі сақталады. 159-бап. Туберкулезбен ауыратын немесе бұрын ауырған адамдарды әлеуметтік және құқықтық қорғау 1. Жергілікті атқарушы органдар: 1) туберкулезбен ауыратын, амбулаториялық емдеуде жүрген адамдарға әлеуметтік қолдау; 2) туберкулезбен бұрын ауырған адамдарға жұмысқа орналасуына және тұрмыста жайласуына жәрдем көрсетеді. 2. Туберкулезбен ауыратын балалардың фтизиопульмонологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының орталық-дәрігерлік консультациялық комиссиясының шешімі бойынша жалпы негіздерде мектепте және басқа оқу орындарында оқуына жол беріледі. 3. Туберкулезбен ауыратын немесе бұрын ауырған адамдардың әскери қызметке, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметке, фельдъегерлік қызметке кіру, өткеру және одан босату ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады. 4. Туберкулезбен ауырған және бұрын ауырған адамдар туралы мәліметтерді жария еткен адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.