1-параграф. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсету 163-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдардың құқықтары 1. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдар азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Кодексте көзделген барлық құқықтары мен бостандықтарына ие болады. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарына (ауруларына) байланысты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруды шектеуге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ғана жол беріледі. 2. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсетілген кезде олардың: 1) тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ қажет болған жағдайда тұрған жері бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек алуға; 2) емдеудің кез келген сатысында медициналық құралдар мен әдістерді пайдаланудан, ғылыми зерттеулерден немесе оқу процесінен, фото-, бейне- немесе кинотүсірілімдерден бас тартуға; 3) дәрігерлік комиссияда жұмыс істеу үшін психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсетуге қатысатын маманды (соңғысының келісімімен) шақыруға; 4) егер пациент он сегіз жасқа толмаған болса, жалпы білім беретін мектептің немесе интеллектуалдық дамуы бұзылған балаларға арналған арнаулы мектептің бағдарламасы бойынша білім алуға; 5) хат-хабар алысуға, жіберілімдер, бандерольдер, ақша, пошта аударымдарын алуға және жіберуге, телефон пайдалануға, келушілерді қабылдауға, мерзімді баспа басылымдарына жазылуға; 6) бірінші кезектегі қажетті заттарды иеленуге және сатып алуға, өз киімін пайдалануға; 7) күнделікті серуендеуге құқығы бар. 3. Қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық ұйымдарда өздеріне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылатын, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдардың осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құқықтардан басқа: 1) қосымша тамақ сатып алуға; 2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс медициналық көрсетілетін қызметтер алуға; 3) жеңіл керек-жарақтар, киімдер, аяқ киімдер сатып алуға; 4) қалааралық телефон байланысын пайдалануға; 5) қолма-қол ақшаны бақылау шотын пайдалануға құқығы бар. Көрсетілген құқықтарды іске асыру осылар берілетін адамның қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 164-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау 1. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдар өздеріне психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсетілген кезде өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін өз таңдауымен өкіл шақыруға құқылы. Өкілдікті ресімдеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүргізіледі. 2. Кәмелетке толмаған адамның немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды оның заңды өкілі жүзеге асырады. 3. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды олардың заңды өкілдері жүзеге асырады. 4. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін медициналық ұйым, осы Кодекстің 166-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, адвокатты немесе заңды өкілді шақыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. 165-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмекті ұйымдастыру 1. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмекті ұйымдастыру мақсатында мемлекет: 1) еңбек терапиясына, жаңа кәсіптерге оқытуға арналған емдік- өндірістік объектілер мен құрылымдық бөлімшелер, сондай-ақ мүгедектерді қоса алғанда, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды осы ұйымдарда жұмысқа орналастыру үшін еңбек жағдайлары жеңілдетілген арнайы өндірістер, цехтар немесе учаскелер құрады; 2) психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға медициналық-әлеуметтік оңалтуды тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ қажет болған жағдайда тұрған жері бойынша ұйымдастыруды және жүргізуді қамтамасыз етеді, пациенттің қалауы бойынша анонимді түрде жүзеге асырылуы мүмкін. 2. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар кәмелетке толмаған адамдарға, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға медициналық-әлеуметтік оңалту олардың заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі. 166-бап. Психиатриялық куәландыру 1. Психиатриялық куәландыру зерттеп-қаралатын адамның психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарын (ауруларын) анықтау, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсету қажеттігін айқындау мақсатында, сондай-ақ қорғаншылық, еңбекке уақытша жарамсыздықты айқындау, кәсіптік жарамдылығы сараптамасы туралы, оның ішінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу кезіндегі мәселелерді шешу үшін жүргізіледі. 2. Психиатриялық куәландыруды, сондай-ақ профилактикалық қарап-тексеруді: 1) куәландыру себептерін көрсете отырып, зерттеп-қаралатын адамның жазбаша келісімімен немесе оның заңды өкілдерінің жазбаша өтініші бойынша; 2) кәмелетке толмаған адамға немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамға қатысты оның заңды өкілінің жазбаша келісімімен; 3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу кезінде психиатр-дәрігер жүргізеді. Зерттеп-қаралатын адамның психиатриялық куәландыру деректері мен психикалық денсаулығының жай-күйі туралы қорытындысы медициналық құжаттамада тіркеп-белгіленеді, онда психиатр-дәрігерге жүгіну себептері мен медициналық ұсынымдар да көрсетіледі. 3. Зерттеп-қаралатын адам немесе кәмелетке толмаған адамның заңды өкілі қарсылық білдірген немесе келісімін бермеген жағдайда, куәландыру қорғаншылық және қамқоршылық органының шешімі бойынша жүргізіледі, оған сотқа шағым жасалуы мүмкін. 4. Осы баптың 5-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, психиатриялық куәландыру жүргізетін дәрігер зерттеп-қаралатын адамға және оның заңды өкіліне өзін психиатр ретінде таныстыруға міндетті. 5. Зерттеп-қаралатын адам өзінде психикалық бұзылушылықтың (аурудың) ауыр түрі бар деп ұйғаруға негіз болатын әрекеттер жасаған жағдайда, бұл: 1) оның өзіне және айналадағыларға тікелей қауіп төндіруіне; 2) оның дәрменсіздігіне, яғни тиісінше күтім болмаған кезде негізгі тіршілік қажеттігін өз бетінше қанағаттандыруға қабілетсіздігіне; 3) егер адам психикалық денсаулық саласындағы медициналық көмексіз қалатын болса, психикалық жай-күйінің нашарлауы салдарынан денсаулығына елеулі зиян келуіне байланысты жағдайда, адамды психиатриялық куәландыру өзінің келісімінсіз немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізілуі мүмкін. 6. Егер зерттеп-қаралатын адам осы Кодекстің 176-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен динамикалық байқауда болса, адамды психиатриялық куәландыру оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізілуі мүмкін. 7. Адамға психиатриялық сараптама және психиатриялық куәландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі. 8. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларда психиатриялық куәландыру туралы шешімді психиатр-дәрігерлер комиссиясы адамның заңды өкілін хабардар ете отырып, қабылдайды. 9. Осы баптың 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, адамды өзінің келісімінсіз немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз психиатриялық куәландыру туралы шешімді психиатр-дәрігер осы баптың 5-тармағында санамаланған мұндай куәландыру негіздерінің бар екендігі туралы мәліметтер қамтылған өтініш бойынша қабылдайды. 10. Психиатриялық куәландыру туралы өтініш жазбаша түрде болуға, мұндай куәландырудың қажеттігін негіздейтін толық мәліметтерді және адамның (не оның заңды өкілінің) психиатр-дәрігерге жүгінуден бас тартатыны туралы деректерді қамтуға тиіс. Психиатр-дәрігер өтініште осы баптың 5-тармағында көзделген мән-жайлардың жоқ екенін анықтай отырып, шешім қабылдау үшін қажетті қосымша мәліметтер сұратуға немесе психиатриялық куәландырудан жазбаша түрде негіздей отырып бас тартуға құқылы. 11. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымға орналастырылған кәмелетке толмаған адам немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адам осы бапта көзделген тәртіппен психиатр-дәрігерлер комиссиясының міндетті куәландыруына жатады. 12. Алғашқы алты ай ішінде кәмелетке толмаған адам немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адам емдеуге жатқызуды ұзарту туралы мәселені шешу үшін айына бір реттен сиретпей психиатр-дәрігерлер комиссиясының куәландыруына жатады. Емдеуге жатқызуды алты айдан астам мерзімге ұзарту туралы шешім Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен психиатр-дәрігерлер комиссиясының жолданымы негізінде соттың шешімі бойынша жүргізіледі. 13. Психиатр-дәрігерлер комиссиясы немесе психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның әкімшілігі кәмелетке толмаған адамның немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамның заңды өкілдері емдеуге жатқызу кезінде жол берген теріс пайдалануларды анықтаған жағдайда, ұйымның әкімшілігі көрсетілген мән-жайлар анықталған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде бұл жөнінде қамқорлыққа алынған адамның тұрғылықты жері бойынша прокурор мен қорғаншылық және қамқоршылық органына хабарлайды. 167-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға медициналық көмек көрсету 1. Мемлекет: 1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде психикалық денсаулық саласында шұғыл және жоспарлы медициналық көмекке; 2) психиатриялық сараптамаға, еңбекке уақытша жарамсыздықты айқындауға; 3) психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға әлеуметтік-тұрмыстық көмекке және жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге; 4) ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған медициналық бағдарламалар мен шараларды жүзеге асыруға кепілдік береді. 2. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылық (ауру) диагнозын аурулардың халықаралық сыныптамасының өлшемшарттарына сәйкес психиатр-дәрігер анықтайды. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігерінің пациенттің жазбаша келісімімен, уәкілетті орган белгілеген көлемде шекаралық психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтардың диагностикасына және оны емдеуге құқығы бар. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігерінің қорытындысы пациенттің құқықтары мен бостандықтарын шектеуге, сондай-ақ психиатриялық куәландыруға негіз болып табылмайды. 3. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның диагностикасы және оны емдеу үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында рұқсат етілген медициналық құралдар мен әдістер қолданылады. 4. Медициналық құралдар мен әдістер аурулы бұзылушылықтардың сипатына сәйкес диагностикалық және емдік мақсаттарда ғана қолданылады және оларды адамды жазалау түрінде пайдалануға тыйым салынады. 5. Дәрігер психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамға, егер ол жазылған ақпараттың мәнін дұрыс қабылдай алатын болса, немесе оның заңды өкіліне психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтың (аурудың) сипаты, емдеу мақсаттары мен әдістері туралы жазбаша ақпаратты, сондай-ақ ұсынылатын емдеудің ұзақтығы, ықтимал ауырсынуды сезіну, жанама әсерлері туралы және күтілетін нәтижелер туралы деректерді психиатриялық куәландыру жүргізілген кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде береді. Берілген ақпарат туралы медициналық құжаттамада жазба жасалады. Қалған жағдайларда бұл ақпарат осы Кодекстің 273-бабының 4-тармағына сәйкес берілуі мүмкін. 6. Осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды емдеу өзінің немесе оның заңды өкілінің келісімі алынғаннан кейін жүргізіледі. 7. Емдеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған кезде, сондай-ақ осы Кодекстің 137-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша мәжбүрлеп емдеуге жатқызылған кезде ғана психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізілуі мүмкін. Шұғыл емдеуге жатқызуды қоспағанда, мұндай жағдайларда емдеу психиатр-дәрігерлер комиссиясының шешімі бойынша жүзеге асырылады. Адамды оның келісімінсіз емдеуге жатқызған кезде психиатр-дәрігерлер комиссиясының емдеу тәртібі туралы шешімді қабылдауы ол емдеуге жатқызылған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде қамтамасыз етілуге тиіс. 8. Осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның немесе оның заңды өкілінің ұсынылып отырған емдеуден бас тартуға немесе оны тоқтатуға құқығы бар. 9. Емделуден бас тартқан адамға не оның заңды өкіліне емдеуді тоқтатудың ықтимал салдарлары түсіндірілуге тиіс. Емделуден бас тарту ықтимал салдарлары туралы мәліметтер көрсетіле отырып, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның немесе оның заңды өкілінің және психиатр-дәрігердің қолтаңбасы қойылып, медициналық құжаттамада жазбамен ресімделеді. 168-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарына емдеуге жатқызу 1. Адамның психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығының (ауруының) болуы және психиатр-дәрігердің зерттеп-қарау жүргізу немесе стационар жағдайында емдеу қажеттігі туралы шешімі стационарға емдеуге жатқызуға негіздер болып табылады. 2. Осы Кодекстің 137-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, адамды стационарға емдеуге жатқызу оның өтініші бойынша немесе оның жазбаша келісімімен ерікті түрде жүзеге асырылады. 3. Кәмелетке толмаған адам стационарға оның заңды өкілінің жазбаша келісімімен емдеуге жатқызылады. 4. Заңды өкіл қарсылық білдірген немесе болмаған жағдайда, кәмелетке толмаған адамды стационарға емдеуге жатқызу қорғаншылық және қамқоршылық органының шешімі бойынша жүргізіледі, бұған емдеуге жатқызу туралы шешім қабылданған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде прокурорды жазбаша хабардар ете отырып, сотқа шағым жасалуы мүмкін. 5. Адамнан емдеуге жатқызуға алынған келісім адамның немесе оның заңды өкілінің және психиатр-дәрігердің қолтаңбасы қойылып, медициналық құжаттамада жазбамен ресімделеді. 6. Стационарға мәжбүрлеп емдеуге жатқызуға соттың шешімі негізінде жол беріледі. Сот шешім шығарғанға дейін адамды стационарға мәжбүрлеп емдеуге жатқызуға осы Кодекстің 137-бабы 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда ғана жол беріледі. Сот шешімінсіз мәжбүрлеп емдеуге жатқызудың әрбір жағдайы бойынша психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның әкімшілігі адам стационарға орналастырылған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес прокурорға жазбаша хабарлама жібереді, сондай-ақ жұбайы (зайыбы), жақын туыстары және (немесе) заңды өкілдері туралы мәліметтер болған кезде оларға ақпарат береді. 7. Адамның стационарда мәжбүрлеу тәртібімен болуы емдеуге жатқызу жүргізілген негіздер сақталатын уақыт ішінде ғана жалғастырылады. 8. Стационарға мәжбүрлеу тәртібімен емдеуге жатқызылған адам емдеуге жатқызуды ұзарту туралы мәселені шешу үшін алғашқы алты ай ішінде айына бір реттен сиретпей психиатр-дәрігерлер комиссиясының куәландыруына жатады. Емдеуге жатқызуды алты айдан астам мерзімге ұзарту психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның мәжбүрлеп емдеуге жатқызу және емдеу мерзімін ұзарту қажеттігі туралы арызы негізінде сот шешімі бойынша жүргізіледі, оған психиатр-дәрігерлер комиссиясының қорытындысы қоса беріледі. 9. Мәжбүрлеу тәртібімен емдеуге жатқызылған адамды кезектен тыс куәландыру пациенттің өзінің немесе оның заңды өкілінің қалауы бойынша жүргізілуі мүмкін. Осы Кодекстің 137-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша стационарға емдеуге жатқызылған адам емдеуге жатқызылған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде психиатр-дәрігерлер комиссиясының міндетті куәландыруына жатады, ол емдеуге жатқызудың негізділігі туралы шешім қабылдайды. Емдеуге жатқызу негізсіз деп танылған және емдеуге жатқызылған адам стационарда қалуға ниет білдірмеген жағдайларда, ол дереу шығарылуға жатады. 10. Мәжбүрлеп емдеуге жатқызумен келіспеген жағдайда, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам немесе оның заңды өкілі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы. 169-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарынан шығару 1. Стационардан шығару адам сауыққан немесе оның психикалық жай-күйі одан әрі стационарлық емдеуді қажет етпейтіндей жақсарғаннан кейін, сондай-ақ стационарға орналастыруға негіз болған зерттеп-қарау немесе сараптама аяқталғаннан кейін жүргізіледі. 2. Стационарда өз еркімен жатқан адамды шығару өзінің жеке өтініші, оның заңды өкілінің өтініші бойынша немесе оны емдеуші дәрігердің шешімі бойынша жүргізіледі. 3. Стационарға мәжбүрлеу тәртібімен емдеуге жатқызылған адамды шығару психиатр-дәрігерлер комиссиясының қорытындысы, сот шешімі не прокурордың қаулысы бойынша жүргізіледі. 4. Соттың ұйғарымымен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамды шығару сот ұйғарымы бойынша ғана жүргізіледі. 5. Стационарға өз еркімен орналастырылған адамға, егер психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның психиатр-дәрігерлер комиссиясы мәжбүрлеу тәртібімен емдеуге жатқызу үшін осы Кодекстің 137-бабының 1-тармағында көзделген негіздерді анықтайтын болса, шығарудан бас тартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның стационарда болуы, емдеуге жатқызуды ұзарту және стационардан шығару туралы мәселелер осы Кодекстің 168-бабының 7 - 9-тармақтары мен осы баптың 3-тармағында белгіленген тәртіппен шешіледі. 170-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары 1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар, қоғамға қауіпті іс-әрекеттер жасаған адамға қатысты сот шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен қолданылады. 2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда: 1) амбулаториялық жағдайларда психиатрдың мәжбүрлеп байқауы және емдеуі; 2) жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу; 3) мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу; 4) қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түрінде жүзеге асырылады. 3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін стационарға орналастырылған адам стационарда болған бүкіл кезеңінде еңбекке жарамсыз деп танылады. 4. Мәжбүрлеп емдеуде жатқан психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдардың пайдалануы үшін қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі мемлекеттік психиатриялық ұйымның қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке жатқызылатын, жеке және заңды тұлғалардан түсетін ақшалай қаражатты, оның ішінде зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды пайдалану қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді. 5. Қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі мемлекеттік психиатриялық ұйымның қолма-қол ақшаны бақылау шотының қаражатын пайдалану жөніндегі есепке алу мен есептілік, сондай-ақ олардың пайдаланылуын бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 6. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудан туындаған психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды мәжбүрлеп емдеу түрінде психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымды күзету осы ұйымның әкімшілігіне жүктеледі және Қазақстан Республикасының күзет қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 7. Қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі мемлекеттік психиатриялық ұйымды күзету уәкілетті органмен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі айқындаған тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады. 8. Қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі мемлекеттік психиатриялық ұйымды күзетудің инженерлік-техникалық құралдарымен жабдықтауды уәкілетті органмен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі айқындаған тәртіпке сәйкес уәкілетті орган жүзеге асырады. 171-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары 1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар, емделуге мұқтаж деп танылған адамға қатысты, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасаған және өз еркімен емделуден жалтарып жүрген адамға қатысты сот шешімі бойынша қолданылады. 2. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарға мәжбүрлеп емдеуге жіберу сотталғандыққа алып келмейді. Мәжбүрлеп емдеуде болу уақытында еңбек өтілі үзілмейді және жалпы еңбек өтіліне есепке жазылады. 3. Мәжбүрлеп емдеуге жіберілген, мемлекеттік тұрғын үй қорының тұрғынжайында тұратын адамның емдеуде болған бүкіл уақытында тұрғын үйі сақталады. 4. Мәжбүрлеп емдеуде жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның: 1) мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымдардың ішкі тәртіптеме қағидаларымен және осы ұйымда болу тәртібін регламенттейтін өзге құжаттармен танысуға; 2) хат-хабар алысуға, жіберілімдер, бандерольдар, ақша, пошта аударымдарын алуға және жіберуге, телефон пайдалануға, келушілерді қабылдауға, мерзімді баспа басылымдарына жазылуға; 3) тамақ, материалдық-тұрмыстық және медициналық қызмет алуға; 4) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмысқа орналасуға; 5) дербес жеке шотындағы қаражат есебінен тамақ өнімдерін және бірінші кезекте қажетті заттарды, сондай-ақ мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымның аумағында сақтауға және пайдалануға тыйым салынбаған өзге де заттарды сатып алуға; 6) ішкі тәртіптеме қағидаларында айқындалған тәртіппен жақын туыстарымен кездесуге; 7) шектеусіз хат-хабар алысуға; 8) ішкі тәртіптеме қағидаларында айқындалған тәртіппен сәлемдеме алуға, жіберілімдер жіберуге және алуға; 9) өзінің жеке шотына есепке жатқызылатын ақша аударымдарын алуға; 10) күнделікті серуендеуге; 11) ұйым қызметкерлерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға, прокуратура органдарына, сотқа шағым беруге құқығы бар. 5. Ұйымда мәжбүрлеп емдеуде жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам: 1) белгіленген ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауға; 2) мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйым әкімшілігінің және медицина персоналының заңды талаптарын орындауға; 3) тағайындалған емді қабылдауға; 4) ұйымның мүлкіне ұқыпты қарауға; 5) мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымда тазалық пен тәртіпті ұстануға, сондай-ақ оның аумағында аптасына екі сағаттан аспайтын жинастыруды жүзеге асыруға; 6) жеке гигиенаны сақтауға міндетті. 172-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды мәжбүрлеп емдеуге ресімдеу 1. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығына (ауруына) орай мәжбүрлеп емдеуге рәсімделетін адамға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның медициналық куәландыру күні мен орны туралы хабарланады. Хабархат табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен, жеделхатпен жіберіледі. 2. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйым медициналық куәландыру күні мен орны туралы тиісті түрде (дәлелді себептердің болуын қоспағанда) хабардар еткен және медициналық куәландырудан жалтарып жүрген адамға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның уәжді қорытындысы негізінде мәжбүрлеп зерттеп-қарау үшін ішкі істер органдары әкелуді қолданады. 3. Әкелу медициналық куәландырудан жалтарып жүрген адамды мәжбүрлеп зерттеп-қарау жүргізілетін орынға тек жұмыс күндері сағат тоғыздан он сегізге дейін үш сағаттан аспайтын мерзімге мәжбүрлеп жіберу жолымен жүзеге асырылады. 4. Адамның келу мүмкіндігінен айыратын ауру, жақын туыстарының қайтыс болуы, дүлей зілзала, белгіленген мерзімде келу мүмкіндігінен айыратын өзге де себептер оның медициналық куәландыруға келмеуінің дәлелді себептері деп танылады. Жіберілетін адам белгіленген мерзімде шақырту бойынша келуге кедергі келтіретін дәлелді себептерінің бар екендігі туралы мәжбүрлеп әкелудің бастамашысын хабардар етуге міндетті. 5. Әкелу туралы қорытынды әкелінетін адамға оны орындау алдында хабарланады, бұл қорытындыдағы оның қолтаңбасымен куәландырылады. Жіберілетін адам қолтаңба қоюдан бас тартқан жағдайда, бұл жөнінде қорытындыда белгі жасалады. 173-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды мәжбүрлеп емдеуді ұйымдастыру 1. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емдеуде жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген барлық құқықтары мен бостандықтарына ие болады. 2. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емдеуде жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруды шектеуге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ғана жол беріледі. 3. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емдеуде жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам өзінің қалауы бойынша жұмыспен қамтамасыз етіледі, оған Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының күші қолданылады. 4. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емделу кезеңінде зерттеп-қарау үшін мәжбүрлеп емдеуге жатқызу уақыты есепке жазылады. 5. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды мәжбүрлеп емдеу үшін психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда ұстау шарттары уәкілетті орган бекітетін ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленеді. 6. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емдеуде жатқан, ішкі тәртіптеме қағидаларын бұзатын немесе емделуден жалтарып жүрген, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам, егер оның әрекеттері айналадағылардың өмірі мен денсаулығына немесе тікелей өзіне қатер төндірсе, арнайы палатаға орналастырылады. Арнайы палатаға орналастыру адамды орналастырған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде прокурорды хабардар ете отырып, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйым басшысының жазбаша өкімі бойынша он тәулікке дейінгі мерзімге жүргізіледі. Басшы жұмыс орнында болмаған жағдайда, арнайы палатаға орналастыру туралы шешімді психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның лауазымы бойынша аға қызметкері қабылдап, кейіннен басшыға хабарлайды, ол арнайы палатада ұстау мерзімдерін жазбаша өкіммен айқындайды. 7. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан өз бетінше кетуі, сол сияқты ұйымға белгіленген мерзімде келмеуі емдеуден жалтару болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді. Оны мәжбүрлеп емдеуге жеткізуді Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары сот қаулысы негізінде жүзеге асырады. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда өз бетінше болмаған кезеңі емдеу мерзіміне есепке жазылмайды. 8. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емдеуде жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам құқық бұзушылықтар жасағаны және (немесе) материалдық залал келтіргені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады. 174-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан шығару 1. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам: 1) сот айқындаған мәжбүрлеп емдеу мерзімі өткеннен кейін; 2) мәжбүрлеп емдеу жүргізуге кедергі келтіретін ілеспе ауыр аурулардың анықталуына байланысты сот қаулысымен; 3) сәтті жазылуына байланысты мерзімінен бұрын, бірақ кемінде алты ай өткен соң сот қаулысымен мәжбүрлеп емдеуді тоқтатады және психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан шығарылады. 2. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам емдеуден жалтарған жағдайда, болу мерзімі психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйым әкімшілігінің медициналық қорытындыға негізделген жолданымы негізінде сот шешімімен, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Бұл ретте психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда болу уақыты екі жылдан аспауға тиіс. 3. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан шығарылған адамға алып қойылған және ұйымның сақтау камерасында сақталған құжаттары, ақшасы мен заттары қайтарылады. 4. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамдардың еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында айқындалады. 5. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан босатылатын адамдар туралы психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйым әкімшілігі тұрмыста жайласуына және жұмысқа орналасуына жәрдем көрсету үшін тұрғылықты жеріндегі жергілікті атқарушы органға және байқауды қамтамасыз ету үшін тұрғылықты жеріндегі денсаулық сақтау ұйымына хабарлайды. 6. Мерзімінен бұрын жазылып шыққан ретінде сот қаулысымен шығарылғандардан басқа, мәжбүрлеп емдеуде болған адамдар психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан шығарылғаннан кейін тұрғылықты жері бойынша психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда есепке тұруға және уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен оларда демеп емдеуден өтуге міндетті. Есепке қоюдан және демеп емдеуден өтуден жалтарған жағдайда адамды ішкі істер органдары мәжбүрлеп әкелуі мүмкін. 7. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан шығарылған адамды жұмысқа орналастыру және тұрмыста жайластыру тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылады және жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. 175-бап. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсету кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары 1. Стационарлық жағдайларда психикалық денсаулық саласындағы медициналық көмек емдеуге жатқызылған адам мен басқа да адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің неғұрлым аз шектеулі жағдайларында, медицина персоналы оның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып жүзеге асырылады. 2. Стационарға мәжбүрлеп емдеуге жатқызылған және онда болған кезде күш қолданып қысым жасау және оқшаулау шаралары, психиатр-дәрігердің пікірінше, емдеуге жатқызылған адамның өзіне немесе басқа адамдарға тікелей қауіп төндіретін әрекетіне өзге әдістермен жол бермеу мүмкін болмаған жағдайларда, нысандарда және сол уақыт кезеңіне ғана қолданылады және ол медицина персоналының тұрақты бақылауымен жүзеге асырылады. Күш қолданып қысым жасау немесе оқшаулау шараларының нысандары мен қолданылу уақыты туралы оның заңды өкілі хабардар етіле отырып, медициналық құжаттамада жазба жасалады. 3. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мәжбүрлеп куәландыруды, мәжбүрлеп емдеуге жатқызуды жүзеге асыру кезінде медицина қызметкерлеріне жәрдем көрсетуге, емдеуге жатқызылатын адамды қарап-тексеру мақсатында оған бару үшін, сондай-ақ емдеуге жатқызылған адам (емдеуге жатқызылуға жататын адам) тарапынан айналадағылардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдайларда қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті. 176-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау 1. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның немесе оның заңды өкілінің келісіміне қарамастан белгіленуі мүмкін және психиатр-дәрігердің тұрақты қарап-тексеруі арқылы адамның психикалық денсаулығының жай-күйін байқауды және оған қажетті медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді. 2. Динамикалық байқау ауыр, өзгермейтін сипат алған, асқынған ауру белгілері жиі болатын созылмалы немесе ұзаққа созылған бұзылушылықтан зардап шегетін адамға белгіленуі мүмкін. 3. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау, сондай-ақ динамикалық байқауды тоқтату қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді. 4. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адам психикалық жай-күйі өзгерген кезде осы Кодекстің 166-бабының 5-тармағында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен өзінің келісімінсіз немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз куәландырылуы мүмкін. Мұндай жағдайларда психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау психиатр-дәрігерлер комиссиясының шешімі бойынша қайта басталуы мүмкін. 2-параграф. Орфандық аурулар кезінде медициналық көмек көрсету