Заңды Жауапкершілік – заңды тұлғаны немесе жеке тұлғаны кейбір әрекеттерді орындауға немесе оларды орындаудан қалыс қалуға заңмен мәжбүрлеу шарасы.
Заңды жауапкершілік бірнеше түрге бөлінеді:
Тәртіптік жауапкершілік – еңбек тәртібін бұзушыларға ықпал жасау нысаны‚ ол бойынша қызметкер жұмыс істейтін фирма әкімшілігі оған еңбек тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік жаза (ескерту‚ сөгіс‚ қызметтен төмендету‚ жұмыстан босату‚ тағы басқалар) қолдануға құқылы;
Әкімшілік жаза – азаматтар мен лауазымды адамдардың қызмет бабында әкімшілік құқық бұзғаны үшін оларға ықпал жасау нысаны‚ ол бойынша ескерту жасау‚ айыппұл төлету‚ тәркілеу, кейбір құқықтарынан (басқару‚ аң аулау‚ тағы басқалар) айыру‚ еңбекпен түзеу жұмысына жіберу‚ әкімшілік қамауға алу‚ шетелдік азаматты әкімшілік жолмен елден қуу, тағы басқалар шаралар қолданылады;
Азаматтық құқықтық жаза – экономикалық шарттарды‚ мәмілелерді‚ тағы басқалар бұзғаны‚ экономика жағынан тиімсіз мүліктік сипаттағы зардаптарға апарып соқтыратын басқа да жолсыздықтар жасағаны үшін азаматтар мен заңды тұлғаларға ықпал ету нысаны, ол бойынша залалдардың‚ алынбаған табыстың орнын толтыру‚ айыппұл төлету‚ тұрақсыздық айыбын төлету‚ тағы басқалар шаралар қолданылады;
Қылмыстық жаза – қылмыс жасағаны үшін‚ кәмелетке толмағандарды қылмысқа баулығаны үшін‚ басқа жеке тұлғаларға‚ заңды тұлғаларға‚ конституциялық құқықтар мен бостандықтарға‚ мемлекетке қастандық жасағаны және қастандық жасауға ортақтасқаны‚ тағы басқалар үшін азаматтарға ықпал жасау нысаны‚ ол бойынша айыппұл төлету‚ лауазымды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айыру‚ қоғамдық жұмыстарға тарту‚ еңбекпен түзеу жұмыстарына жіберу‚ бас бостандығын шектеу‚ қамауға алу‚ бас бостандығынан айыру‚ өлім жазасы, тағы басқалар қолданылады.