1-параграф. Денсаулық сақтау саласындағы лицензиялау 17-бап. Денсаулық сақтау саласындағы қызметті лицензиялау 1. Денсаулық сақтау саласында қызметтің мынадай түрлерін лицензиялау жүзеге асырылады: 1) медициналық қызмет; 2) фармацевтикалық қызмет; 3) денсаулық сақтау саласындағы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымымен байланысты қызмет; 4) адамның ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), қан мен оның компоненттерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкету. 2. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны және лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқасын беру және қайта ресімдеу, рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру, медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуға арналған лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданысын тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату тәртібі мен шарттары «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді. 18-бап. Адамның ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), қан мен оның компоненттерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуді лицензиялау 1. Адамның ағзалары (ағзасының бөлігі) және (немесе) тіндері (тінінің бөлігі), қан мен оның компоненттері экспорттың немесе ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған жағдайда оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкету «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен берілетін лицензия негізінде жүзеге асырылады. 2. Уәкілетті орган адамның тіндерін (тінінің бөлігін), қан мен оның компоненттерін әкелуге, әкетуге лицензия беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді үш жұмыс күні ішінде, ал адамның ағзаларын (ағзасының бөлігін) әкелуге, әкетуге - бір жұмыс күні ішінде қабылдайды. 2-параграф. Денсаулық сақтау саласындағы рұқсат беру рәсімдері мен хабарлама жасау тәртібі