30-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау денсаулық сақтау субъектілерінің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарының алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған.
2. Медициналық қызметтер (көмек) көрсететін жеке және заңды тұлғалар медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілері болып табылады.
3. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау объектілері екі топқа бөлінеді:
1) мәні жоғары объектілер;
2) мәні болмашы объектілер.
Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауға жататын мәні жоғары және болмашы объектілердің тізбесін медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
4. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау объектілеріне қатысты бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
5. Мәні жоғары объектілерге қатысты тексерулер Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тәуекелдерді бағалау жүйесіне негізделген мерзімділікпен ерекше тәртіппен жүзеге асырылады.
Мәні жоғары объектілерді ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулерден босату медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп айқындайтын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Мәні болмашы объектілерге қатысты жоспардан тыс тексерулер және бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы немесе бармай профилактикалық бақылау жүргізіледі.
31-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік медициналық инспекторы және (немесе) оның орынбасары;
2) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның басшысы айқындайтын, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бас мемлекеттік медициналық инспекторлары мен олардың орынбасарлары;
3) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның мамандары медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар болып табылады.
2. Тиісті саладағы жоғары тұрған бас мемлекеттік медициналық инспектор төмен тұрған лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың арызы (шағымы) бойынша шешім шығарылғанға дейін олар қабылдайтын актілердің орындалуын тоқтата тұруға, күшін жоюға не оларды кері қайтарып алуға құқылы.
32-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі лауазымды адамдардың құқықтары
1. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 154-бабының 1-тармағында көзделген құқықтардан бөлек, мыналарға:
1) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тартуға;
2) денсаулық сақтау субъектісінен халыққа медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
3) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында бақылау жүргізуге қажетті құжаттардың көшірмелерін жасауға және денсаулық сақтау субъектісінің медициналық ақпараттық жүйесінен тиісті деректерді (электрондық денсаулық паспорттары, электрондық карталар және оларға енгізілген өзгерістер туралы егжей-тегжейлі есептер) алуға;
4) денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, комиссия құруға бастамашылық жасауға құқығы бар.
2. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі нысанында мемлекеттік бақылауды, жоспардан тыс тексерулерді, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға тексерудің немесе профилактикалық бақылаудың нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтініштермен жүгінуге тыйым салынады.
3. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының анықталған бұзушылықтарына қарай мынадай актілерді шығарады:
1) денсаулық сақтау субъектісін тексеру нәтижелері туралы акт - медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам субъектінің (объектінің) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігін тексеру, оны профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша беретін құжат;
2) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама;
3) бас мемлекеттік медициналық инспекторлардың:
төмен тұрған лауазымды адамдар қабылдаған актілердің орындалуын тоқтата тұру немесе күшін жою не оларды кері қайтарып алу;
медицина қызметкерлерін жұмыстан уақытша шеттету;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін немесе жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру туралы қаулылары.
4. Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік медициналық инспекторы және (немесе) оның орынбасары тексеру нәтижесі негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органының басшысына нұсқама шығаруға құқылы.
33-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі
Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі босандыру қызметін көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты қолданылады және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
34-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау
1. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау ақпараттық жүйелерден алынған деректерді, сондай-ақ бақылау субъектісінің (объектісінің) қызметі туралы басқа да мәліметтерді талдау және салыстыру арқылы камералдық бақылау түрінде жүргізіледі.
2. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары бұзушылықтарды уақтылы анықтау, олардың жолын кесу және оларға жол бермеу, денсаулық сақтау субъектілеріне (объектілеріне) бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган анықтаған бұзушылықтарды дербес өзі жою құқығын беру және оларға әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады.
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау тоқсанына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.
4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным ресімделеді. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның нысанын медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
5. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бұзушылықтар анықталған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бақылау субъектісіне (объектісіне) мынадай тәсілдердің бірімен:
1) хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі;
2) оның өкіліне және (немесе) бақылау субъектісінің (объектісінің) лауазымды адамына қол қойғызып табыс етіледі;
3) «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне электрондық тәсілмен жіберіледі.
6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген, анықталған бұзушылықтарды ұсыным табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде тиісінше жою бақылау субъектісінің (объектісінің) ұсынымды орындауы болып танылады.
7. Бақылау субъектісі (объектісі) ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсыным табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға қарсылық жіберуге құқылы.
8. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісін (объектісін) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау үшін іріктеп алуға негіз болып табылады.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның және оның аумақтық бөлімшелерінің бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды арнайы тіркеу журналында есепке алуына жатады, ол нөмірленген, тігілген және медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің мөрімен бекемделген болуға тиіс.
35-бап. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама
1. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама - жеке және заңды тұлғалар ұсынатын медициналық көрсетілетін қызметтер сапасының деңгейі бойынша қорытынды шығару үшін медициналық көрсетілетін қызметтердің тиімділігі, толықтылығы және стандарттарға сәйкестігі көрсеткішін көрсететін индикаторлар пайдаланыла отырып жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралардың жиынтығы.
2. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама ішкі және сыртқы сараптама болып бөлінеді.
3. Ішкі сараптаманы жүргізу үшін медициналық ұйымда пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметі құрылады.
Пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметі медициналық ұйымның медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруына, клиникалық қызметіне ағымдағы талдауды, медициналық көмек көрсету тәртібі мен стандарттарды бұзу, медициналық оқыс оқиғалар фактілерін анықтауды, сондай-ақ пациенттердің жолданымдарын күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде қарауды жүргізеді.
Сараптама нәтижелері бойынша медициналық ұйымның басшысына көрсетілетін медициналық кызметтер сапасының төмендеуінің анықталған себептері мен жағдайларын жою жөнінде ұсыныстар енгізіледі.
4. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сыртқы сараптаманы:
1) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган, оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып;
2) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерді орындау мониторингі шеңберінде жүргізеді.
Денсаулық сақтау субъектісі медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелер мониторингінің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, мониторинг нәтижелеріне медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға шағым жасалуы мүмкін;
3) денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшылар өздерін жеке немесе заңды тұлғалар шарт негізінде тартқан кезде;
4) Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының ведомствосы ведомстволық бағынысты ұйымдарға қатысты жүргізеді.
Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүргізген медициналық қызметтер (көмек) сапасына сыртқы сараптама нәтижелері бойынша медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган медициналық қызметтер (көмек) көрсетуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау үшін талдау жүргізеді.
5. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2-параграф. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау
Достарыңызбен бөлісу: |