28-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы жалпы ережелер 1. Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуы мен орындалуын тексеруге, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған шаралар кешені денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру деп танылады. 2. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау: 1) медициналық қызметтер (көмек) көрсету; 2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы; 3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларында жүзеге асырылады. 3. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк бақылау мен қадағалау тексеру және профилактикалық бақылау мен қадағалау нысанында жүзеге асырылады. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру және профилактикалық бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау осы Кодекске және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. 29-бап. Апелляциялық комиссияның шағымды қарау тәртібі 1. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар шығарған тексеру нәтижелері туралы актілерге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға жоғары тұрған органға шағым жасалуы мүмкін. 2. Тексеру нәтижелері туралы актіге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға шағым жоғары тұрған мемлекеттік орган басшысының атына беріледі. 3. Тексеру нәтижелері туралы актіге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға шағымдарды қарау үшін жоғары тұрған мемлекеттік орган апелляциялық комиссия құрады, оның құрамына медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларындағы мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері кіреді. Апелляциялық комиссиялардың регламенттерін, ережелері мен құрамдарын тиісінше медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларындағы мемлекеттік органдар айқындайды. 4. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларындағы мемлекеттік органдардың тексеру нәтижелері туралы актісіне және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамасына шағымды апелляциялық комиссия шағым жасалатын мәселелер шегінде қарайды. 5. Тексеру нәтижелері туралы актіге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға шағым тексеру нәтижелері туралы актіге қол қойылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде беріледі. 6. Апелляциялық комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады және жоғары тұрған мемлекеттік орган басшысының атына шығарылады. Апелляциялық комиссия шешімінің нәтижелері бойынша басшы тексеру нәтижелері туралы актіні, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау қорытындысын және заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 156-бабына сәйкес жарамсыз деп тану және олардың күшін жою туралы шешім қабылдауға құқылы. 7. Апелляциялық комиссия жыл сайын тексеру нәтижелері туралы актілерге және бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларға шағымдарды қарау нәтижелеріне қорыту жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдарды тұжырымдайды. 8. Жоғары тұрған орган шағымды қанағаттандырмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіге және заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға сотқа шағым жасалуы мүмкін. 9. Коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер, сондай-ақ құпия ақпарат тиісінше медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларындағы мемлекеттік органдар әзірлейтін және бекітетін қағидаларға сәйкес, тексеру нәтижелері туралы актіге және заңдылықты бұзушылықтар жою туралы нұсқамаға шағымды қарау кезінде шағымды берген адамның жазбаша рұқсаты алынбастан, апелляциялық комиссиялардың мүшелеріне беріледі. 1-параграф. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау