146-бап. Адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімді мемлекеттік тіркеу 1. Адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнім тізбеге сәйкес және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органда мемлекеттік тіркелуге жатады. 2. Өнімді мемлекеттік тіркеу: 1) халық пен мекендеу ортасына ықпалын сараптамалық бағалау; 2) заттар, өнімнің жекелеген компоненттері құрамының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге және гигиеналық нормативтерге сәйкестігі нысанасына санитариялық-эпидемиологиялық сараптама; 3) арнаулы шараларды, оның ішінде заттарды және өнімдердің жекелеген түрлерін кәдеге жарату мен жою шарттарын, олардың халық пен мекендеу ортасына зиянды әсерін болдырмау жөніндегі арнаулы шараларды әзірлеу негізінде жүргізіледі. 3. Мемлекеттік тіркелуге жататын өнімге санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және ғылыми негіздеме жүргізумен байланысты шығыстарды өтініш берушілер көтереді. 4. Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның интернет-ресурсына орналастырылуға жатады. 5. Адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімді мемлекеттік тіркеу және мемлекеттік тіркеу туралы шешімді кері қайтарып алу тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді. Ескерту. 146-бап жаңа редакцияда - ҚР 06.04.2015 № 299-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
147-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг 1. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг халықтың денсаулығы мен мекендеу ортасының жай-күйіне, оларды талдауға, бағалау мен болжауға, сондай-ақ халықтың денсаулығының жай-күйі мен мекендеу ортасы факторларының әсері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды айқындауға байқау жүргізудің мемлекеттік жүйесі болып табылады. 2. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдары жүзеге асырады. Ескерту. 147-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2015 № 299-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).