96-бап. Азаматтардың ұрпақты болу құқықтарын қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері 1. Азаматтардың: 1) ұрпақты болуды еркін таңдауға; 2) ұрпақты болу денсаулығын сақтау және отбасын жоспарлау жөнінде көрсетілетін қызметтерді алуға; 3) өзінің ұрпақты болу денсаулығының жай-күйі туралы дәйекті және толық ақпарат алуға; 4) бедеуліктен емделуге, оның ішінде Қазақстан Республикасында рұқсат етілген, ұрпақты болудың қазіргі заманғы қосалқы әдістері мен технологияларын қолдана отырып емделуге; 5) жыныстық жасушалардың, ұрпақты болу ағзаларының тінінің донорлығына; 6) контрацепция әдістерін пайдалануға және еркін таңдауға; 7) хирургиялық стерилизациялануға; 8) жүктілікті жасанды түрде үзуге; 9) өзінің ұрпақты болу құқықтарын қорғауға; 10) балалардың санына және олардың некеде немесе некесіз тууының уақытына, туу аралығындағы ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін қажетті аралық жиілікке қатысты шешімді ерікті түрде қабылдауға; 11) жыныстық жасушаларды, ұрпақты болу ағзаларының тінін, эмбриондарды сақтауға құқығы бар. 2. Кәмелетке толмаған адамдардың ұрпақты болу денсаулығын сақтауға, сондай-ақ имандылық-жыныстық тәрбие алуға құқығы бар. 3. Азаматтар өздерінің ұрпақты болу құқықтарын жүзеге асыру кезінде басқа азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға міндетті. Ескерту. 96-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2015 № 299-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
97-бап. Әйелдердің жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңінде денсаулығын сақтау 1. Әйелдің жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін, оның ішінде шарананы тірі туудың және өлі туудың халықаралық критерийлерімен айқындалатын мерзімінен бұрын босанғаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген әдістерді қолдана отырып, денсаулығын сақтауға және көмек алуға құқығы бар. 2. Жүкті, босанатын және босанған әйелдерге денсаулық сақтау субъектілерінде медициналық, консультациялық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде беріледі. 3. Жүктілік кезеңінде зерттеп-қарау, емдеу және медициналық араласу әйелдің немесе оның заңды өкілінің келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Зерттеп-қарауды, емдеуді және медициналық араласуды кешеуілдету әйелдің және баланың (шарананың) өміріне қауіп төндіретін жағдайларда зерттеп-қарауды, емдеуді және медициналық араласуды жүзеге асыру туралы шешімді дәрігер немесе дәрігерлік комиссия қабылдайды. Ескерту. 97-өзгеріс енгізілді - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).