112-бап. АИТВ инфекциясының профилактикасы, диагностикасы және оны емдеу мәселелеріндегі мемлекет кепілдіктері Мемлекет АИТВ жұқтырған Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға: 1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде медициналық көмекке және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге; 2) динамикалық байқауды қамтамасыз етуге, психологиялық-әлеуметтік, заңдық және медициналық консультациялар беруге; 3) әлеуметтік және құқықтық қорғауға; 4) аурудың сипатына байланысты қандай да бір кемсітушілік нысандарына жол бермеуге; 5) АИТВ инфекциясының анадан шаранаға және балаға берілу тәуекелін төмендету жөніндегі профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға кепілдік береді. Ескерту. 112-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.12.2018 № 208-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
113-бап. АИТВ жұқтырған адамдарды әлеуметтік қорғау 1. АИТВ жұқтырған адамдардың білім беру ұйымдарында оқуы қамтамасыз етіледі. 2. АИТВ жұқтырған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге, сол сияқты олардың жақын туыстарының тұрғын үй және өзге де құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіруге жол берілмейді. АИТВ жұқтырған, тері қабаттарының немесе сілемейдің бүтіндігінің бұзылуымен байланысты медициналық манипуляция жасайтын медицина қызметкерлері тері қабаттарының немесе сілемейдің бүтіндігінің бұзылуымен байланысты емес басқа жұмысқа ауыстырылуға жатады. 3. Жұқтыру медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан болған, АИТВ жұқтырған адамдардың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтетуге құқығы бар. Ескерту. 113-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.12.2018 № 208-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).