118-бап. Психиатриялық көмек көрсетілетін азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау 1. Азамат өзіне психиатриялық көмек көрсетілген кезде өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін өз таңдауымен өкілді шақыруға құқылы. Өкілдікті ресімдеу Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде және Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі. 2. Кәмелетке толмаған адамның немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамның психиатриялық көмек көрсетілген кездегі заңды мүдделерін қорғауды олардың заңды өкілдері жүзеге асырады. 3. Азаматқа психиатриялық көмек көрсетілген кезде оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды адвокат немесе заңды өкіл жүзеге асырады. Психиатриялық көмек көрсететін ұйымның әкімшілігі осы Кодекстің 97-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде және 123-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, адвокат шақыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. 119-бап. Психиканың бұзылуының (ауруының) диагностикасы және оны емдеу 1. Психиатр-дәрігер психиатриялық көмек көрсетеді. 2. Психиканың бұзылуы (ауруы) диагнозын клиникалық көріністерге, зертханалық деректерге, объективті мәліметтерге сәйкес психиатр-дәрігер қояды. Мәжбүрлі тәртіппен ауруханаға жатқызылған адамға диагнозды психиатр дәрігерлер комиссиясы қояды. Диагнозды азаматтың қоғамда қабылданған моральдық, мәдени, саяси және діни құндылықтармен келіспеуіне не оның психикалық денсаулық жағдайына тікелей байланысы жоқ өзге де себептерге негіздеуге болмайды. 3. Психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші адамға диагноз қою және оны емдеу үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасымен рұқсат етілген медициналық құралдар мен әдістер қолданылады. 4. Медициналық құралдар мен әдістер аурулы ауытқулардың сипатына қарай диагностикалық және емдеу мақсаттарында ғана қолданылады және оларды адамды жазалау түрінде пайдалануға тыйым салынады. 5. Дәрігер психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші адамға, егер ол жазылған ақпараттың мәнісін дұрыс қабылдай алатын болса, немесе оның заңды өкіліне психиканың бұзылуының (ауруының) сипаты, емдеу мақсаттары мен әдістері туралы жазбаша ақпаратты, сондай-ақ ұсынылатын емдеудің ұзақтығы, ықтимал ауруды сезіну, жанама әсерлер туралы және күтілетін нәтижелер туралы деректерді психиатриялық куәландыру жүргізілген кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде береді. Медициналық құжаттамада берілген ақпарат туралы жазба жасалады. Қалған жағдайларда бұл ақпарат осы Кодекстің 95-бабының 4-тармағына сәйкес ұсынылуы мүмкін. 6. Осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші адамды емдеу оның немесе оның заңды өкілдерінің келісімі алынғаннан кейін жүргізіледі. 7. Психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші адамның келісімінсіз немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз емдеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негіздер бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданған кезде ғана, сондай-ақ осы Кодекстің 94-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша ауруханаға мәжбүрлеп жатқызған кезде жүргізілуі мүмкін. Ауруханаға шұғыл жатқызылған реттерді қоспағанда, мұндай жағдайларда емдеу психиатр-дәрігерлер комиссиясының шешімі бойынша жүзеге асырылады. Адамды оның келісімінсіз ауруханаға жатқызу кезінде оны психиатриялық ұйымға орналастырған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде психиатр дәрігерлер комиссиясының емдеу тәртібі туралы шешімді қабылдау қамтамасыз етілуге тиіс. 8. Осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші адамның немесе оның заңды өкілінің ұсынылып отырған емдеуден бас тартуға немесе оны тоқтатуға құқығы бар. 9. Емделуден бас тартқан адамға не оның заңды өкіліне емдеуді тоқтатудың ықтимал зардаптары түсіндірілуге тиіс. Емделуден бас тарту оның ықтимал зардаптары туралы мәліметтер көрсетіле отырып, психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші адамның немесе оның заңды өкілінің және психиатр-дәрігердің қолы қойылып, медициналық құжаттамаға жазбамен ресімделеді. Ескерту. 119-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.