30-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық және құқықтық негіздері 1. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық негізін: 1) халықаралық ұйымдарға берілетін міндетті және ерікті жарналар; 2) халықаралық жобалар мен іс-шараларды қаржыландыруға қатысу; 3) гранттарды тарту мен пайдалану; 4) жасалған халықаралық шарттарға сәйкес қаржыландыру құрайды. 2. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық негізі халықаралық шарттар мен келісімдер болып табылады. ЕРЕКШЕ БӨЛІМ 2-БӨЛІМ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ 9-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ 31-бап. Денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы 1. Денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторларынан тұрады. 2. Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардан, мемлекеттік меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан тұрады. 3. Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторы жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, сондай-ақ жекеше медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалардан тұрады. Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторында емдеуге тыйым салынатын аурулар тізбесін уәкілетті орган айқындайды. 32-бап. Денсаулық сақтау субъектілері 1. Денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жекеше медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар денсаулық сақтау субъектілері болып табылады. 2. Денсаулық сақтау жүйесінде мынадай денсаулық сақтау ұйымдары: 1) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдар; 2) стационарлық көмек көрсететін ұйымдар; 3) жедел медициналық көмек және санитариялық авиация ұйымдары; 4) апаттар медицинасы ұйымдары; 5) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту ұйымдары; 6) паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсететін ұйымдар; 7) қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар; 8) сот медицинасы және патологиялық анатомия саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар; 9) фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары; 10) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары; 11) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар; 12) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары; 13) саламатты өмір салтын, дұрыс тамақтануды қалыптастыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары; 14) АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары; 14-1) алып тасталды - ҚР 03.07.2014 N 229-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
15) ұлттық холдингтер;
16) денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіби даярлығын бағалауды және біліктілігінің сәйкестігін растауды жүзеге асыратын ұйымдар; 17) туғаннан бастап үш жасқа дейiнгi жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, туғаннан бастап төрт жасқа дейiнгi, психикасының және дене бiтiмiнiң дамуында кемiстiгi бар балаларға арналған, баладан бас тарту қаупі бар отбасыларды психологиялық-педагогикалық қолдауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс істейді. 3. Уәкілетті орган: 1) денсаулық сақтау ұйымдарының номенклатурасын және олардың қызметі туралы ережелерді; 2) денсаулық сақтау қызметкерлерінің медициналық және фармацевтикалық мамандықтары мен лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын; 3) өңірлердің медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілу нормативтерін; 4) денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимыл тәртібін әзірлейді және бекітеді. 4. Жеке тұлғалардың осы мамандық бойынша маман сертификаты, кемінде бес жыл жұмыс стажы және тиісті лицензиясы болған ретте жекеше медициналық практикамен айналысуға құқығы бар. Ескерту. 32-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 N 229-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 208-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.