24-бап. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін денсаулық сақтау субъектілерін қаржыландыру нысандары
Ескерту. 24-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2015 № 299-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін денсаулық сақтау субъектілерін қаржыландыру:
1) мемлекеттік медициналық мекемелер үшін - жеке-дара қаржыландыру жоспары бойынша;
2) мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, денсаулық сақтау субъектілері үшін – бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен және (немесе) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт негізінде жүзеге асырылады.
Ескерту. 24-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 406-V (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
25-бап. Денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамтамасыз ету көздерін пайдалану
1. Денсаулық сақтау жүйесінің қаржы қаражаттары:
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге;
1-1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге;
2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жағынан жарақтандыруға;
4) дәрілік заттарды, орфандық (сирек кездесетін) дәрілік препараттарды, қан мен оның компоненттерін, вакциналарды және басқа да иммунологиялық дәрілік препараттарды (иммундық-биологиялық дәрілік препараттарды), сондай-ақ медициналық бұйымдарды сатып алуға;
5) инфекциялық аурулардың көріністері мен эпидемияларын жоюға;
6) денсаулық сақтау саласындағы кадрларды даярлауға, олардың бiлiктiлiгiн арттыруға және оларды қайта даярлауға;
7) медицина ғылымының жетістіктерін дамытуға және енгізуге;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де шығыстарға бағытталады.
2. Алып тастау көзделген - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
3. Денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі бойынша шарттық міндеттемелер мониторингінің нәтижелері ескеріле отырып, уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
4. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерге фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің құнын төлеуді бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері немесе әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
Ескерту. 25-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2017 № 80-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 28.12.2018 № 211-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
7-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ АҚПАРАТТАНДЫРУ
Достарыңызбен бөлісу: |