28-1-бап. Ұлттық денсаулық сақтау шоттары
1. Аурулардың алдын алу мен халықты емдеуге бағытталған шаралар арасында денсаулық сақтау ресурстарын тең және тиімді бөлу мақсатында олардың бөлінуін бағалау үшін пайдаланылатын, елдің денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржылық ағындарды ұдайы, жан-жақты және дәйекті мониторингілеу жүйесі ұлттық денсаулық сақтау шоттары болып табылады.
2. Ұлттық денсаулық сақтау шоттары:
мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның статистикалық бюллетеньдері;
бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның деректері;
бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың медициналық ұйымдар бойынша деректері;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми интернет-ресурстарында жарияланған статистикалық деректер пайдаланыла отырып, халықаралық әдіснама негізінде жыл сайын қалыптастырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген деректер негізінде уәкілетті орган көрсетілетін қызметтер мен медициналық көрсетілетін қызметтерді берушілер бойынша шығыстар сипатталған талдамалық есепті, сондай-ақ оларды қаржыландыру көздері туралы ақпаратты қалыптастырады.
3. Ұлттық денсаулық сақтау шоттарының деректерін қалыптастыру және пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Ескерту. 7-тарау 28-1-баппен толықтырылды - ҚР 28.12.2018 № 208-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
8-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
29-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтары мен бағыттары
1. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтары:
1) Қазақстан Республикасының және оның азаматтарының денсаулық сақтау саласындағы мүдделерін қорғау;
2) Қазақстан Республикасының эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді мемлекетаралық деңгейде шешу үшін халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттарын қолдану;
4) саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыру болып табылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың бағыттары:
1) денсаулық сақтау саласындағы халықаралық бастамаларға қатысу;
2) денсаулық сақтау саласындағы техникалық көмекті мемлекетаралық деңгейде тарту және көрсету;
3) Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емделуге жіберу және шетелдік азаматтарға медициналық көмек көрсету;
4) халықаралық инновациялық технологияларды енгізу және денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту;
5) әлемдік медицина ғылымына интеграциялану;
6) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің ақпараттық және зияткерлік ресурстарға қол жеткізуін қамтамасыз ету;
7) денсаулық сақтау саласындағы кадрларды даярлау, олардың бiлiктiлiгiн арттыру және оларды қайта даярлау саласындағы мемлекетаралық өзара iс-қимыл;
8) төтенше жағдайлар туындаған кезде денсаулық сақтау саласында халықаралық көмек көрсету;
9) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында ақпарат, технологиялар алмасу және фармацевтикалық және медициналық өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптарды үйлестіру;
10) шекараларды санитариялық қорғау, әкелінетін өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Ескерту. 29-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 211-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |